үйМедиасынКоронавирустың «Дельта» нұсқасы, сапасыз жолдар және «тілшілік тіршілік». 21-27 маусымдағы қорытынды бағдарламаларға...

Коронавирустың «Дельта» нұсқасы, сапасыз жолдар және «тілшілік тіршілік». 21-27 маусымдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

21-27 маусымды қорытындылаған апталық бағдарламалардың негізгі тақырыбы — коронавирустың «Дельта» нұсқасы және ауыл әкімдерін сайлау. «7 күн» тілшілері қой шаруашылығы мен ормандар проблемасына назар аударыпты. Apta бағдарламасы өзекті тақырыптарға толымды сюжеттер әзірлесе, «Басты бағдарлама» редакциясы журналистер күніне салмақты материал көрсетті. Әйтсе де бағдарламаның кейбір сюжеттің мазмұны тақырыбын аша алмады.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Дәстүріне берік бағдарлама әдеттегідей президенттен басталды. Жүргізуші коронавирустың «Дельта» нұсқасы тез таралатынын айта келе президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың вакцинация қарқынын арттыру тапсырмасынан үзінді берді.

Мемлекет басшысы бұл сөзін ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі кеңесте айтқан. Ал сюжет президент бастамаларын баяндап, президентті сөйлетіп, ауыл тұрғындарынан сауалнама алыпты. Тұрғындар әкімдерді сайлаудың маңызы жөнінде пікір айтады. Саясаттанушылар мен саясаткерлер еліміздегі саяси науқанның айтулы оқиғасы — ауыл әкімдерін сайлау жөнінде не ойлайды екен? Сюжеттен мұны ести алмадық.

«Жиыннан соң президент біраз әкімді жеке» қабылдапты. Мұны Ақорда таратқан хаттама ақпаратқа сүйеніп, қаз-қалпында қайталады. 

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Спутник-V вакцинасының бірінші компонентін салдырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару кеңесін өткізіпті. Екі ақпарды да кадр сыртындағы мәтін және синхрон түрінде қысқаша баяндады. 

Мемлекет басшысының апта ішіндегі телефон сөйлесулері мен қабылдауларына шолудан кейін елдегі эпидемиологиялық жағдай қайта нашарлап бара жатқанын баяндайтын сюжетке кезек жетті. Тілші карантин күшейтілгенін айтып, аймақтардағы жағдайға шолу жасапты. Вирусолог коронавирустың жаңа нұсқасынан қандай қауіп бар екенін түсіндірді. 

Президент тапсырмасында айтылғандай, балаларға зорлық-зомбылық жасаған адамдарға тағайындалатын жаза қатаңдатылды. «Қоғам кеселі» деген сюжет былтыр Сәтпаев қаласында болған бала зорлау оқиғасына сот үкімі шыққанын айта келе, мұндай азғын әрекеттің себебін іздейді. «Бостандыққа шыққан педофилдердің қалыпты өмір сүріп кетуі қаншалықты мүмкін?» деген сауалды психолог, заңгер, Жоғарғы сот судьясы және қылмыстық атқару саласы мамандарымен бірге талдайды. Ақпараты мол, толымды сюжет. 

«Орман оталмасын» деген сюжет елімізде орман қорының азайып бара жатқанын зерттейді. Тілші сөз соңында ағаш егудің мән-маңызы жөнінде өз бетінше байлам жасайды. Экологтың елдегі орман қоры жөнінде айтқан салмақты пікірі жетіспеді. Сюжет Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарын құр баяндаудан әрі аспады. 

«Өріс пен өндіріс» деген сюжет еліміздегі қой шаруашылығы және қой еті өндірісінің проблемаларына арналыпты. Сарапшыларды, ғалымдар мен шаруашылық өкілдерін сөйлетіп, тақырыпты жан-жақты талдаған толымды сюжет.

Еліміздің туризм әлеуеті мен проблемалары жайлы Гүлжан Мархабаева сюжет жасапты. Балқаш, Алакөл сияқты демалыс аймақтарына бару үшін басты проблема жол екенін айтып, «Қазақстан темір жолына» қарасты пойыз вагондарының жағдайы да сын көтермейтіні сөз болды. Каспий жағалауында, туристік әлеуеті жоғары аймақта сервис жоқ екені, ал қонақ үйлерді жіктеу проблемасы өз алдына бөлек мәселе екені айтылды. Тұрғындар, кәсіпкерлер, сала мамандары, Мәдениет министрі сөз алған сюжетте туристік саладағы біршама түйткілді мәселе ашық айтылды. 

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» арналған сюжет маусым айында қабылданған маңызды шешімдер жайында болды.  1991 жылғы маусымда Банк жүйесінде жасалған өзгерістерден бастап, 2017 жылғы ЭКСПО көрмесіне дейінгі оқиғалар баяндалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметшілерді және полиция қызметкерлерін, сондай-ақ БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтағаны туралы ақпарат бағдарламаның 50-минутында айтылды. Президент сыйлығы мен гранттары, сондай-ақ, «Хабар» арнасы қызметкерлеріне үй берілгенін де айтып өтті. Сюжет «Тілшілік тіршіліктің қазанында қайнап жүрген телеарна қызметкерлерінің бір күндік жұмысына шолу» жасады. Сәтсіз стэндаптар топтамасынан басталған сюжет, оператор, көлік жүргізушісі, үйлестіруші, монтаждаушы, режиссер сияқты әр сюжеттің артында тұрған шығармашылық топ жұмысының маңызын көрсетуге тырысыпты. Әр маман өз жұмысының ерекшелігі жайлы баяндаған материал шынайы әрі тартымды шыққан. 

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

«Халық үкіметке сене ме?» деген бірінші сюжетті Берік Дүйсенбай әзірлепті. Асқар Маминнің Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы елдің экономикалық көрсеткіштері жайлы сөзінен үзінді беріп, Үкімет басшысының есебіндегі көрсеткіштер қаншалықты шынайы деген сұраққа экономист сарапшымен бірге жауап іздейді. Сонымен қатар, халықтың Үкіметке, Президентке және әкімдерге сенімі қанша пайыз екені туралы Әлеуметтік зерттеулер орталығының өкілі Ернұр Молдашев нақты сандармен дерек келтіреді. Қарапайым тұрғындар қымбатшылық болып, жұмыссыздық көбейгенін айтады.

«Ұр тоқпақ» айдары «Шенділердің сандырағы» деп аталады. Атырау облысының әкімі азық-түліктің бағасын білмейді, өйкені «үйден тамақ ішпейді» екен. Шендінің осы сөзін сынаудан бастаған Айдана Үсенбай, вакцина егу қарқынын арттыру үшін әкімдердің ұтысқа пәтер мен БАӘ-не жолдама ойнатып жатқанын мысқылдапты. Бас санитар-дәрігердің вакцина алудан бас тартқан жағдайда апта сайын ПТР тест тапсыру туралы қаулысын да әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі арқылы сынап, заңгер сөзімен толықтырыпты.

Коронавирустың «Дельта» нұсқасының қаупін вирусолог түсіндіріпті. Алматы қаласының «қызыл» аймаққа өтуі, вакцина алған кейбір адамдардың вирусты қайта жұқтырғанын, Спутник-V вакцинасының бірінші компонентін алған Тұңғыш президент сөзінен үзінді келтірді. 

«Арпа бидай ас екен, алтын-күміс тас екен. Осынау бір халық нақылын әр қазақтың баласы білуі тиіс». Әсем Изатқызы «Алтын белгі» иелері туралы сюжеттің алғысөзін ақыл айтып бастады. Сюжет авторлары мектеп түлектері арасында «Алтын белгі» иелерінің саны артқанын — онлайн оқу және «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің көбеюінен болды деген ойды меңзеп, мұғалім мен әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі арқылы растамақ болады. Министрлік өкілі мұны мектеп түлектері санының артуына байланыстырыпты. Тілші Әсем Изатқызы биылғы ҰБТ талаптарының өзгергенін, мектеп бітірушілер сонда да түрлі қулыққа бармақ болғанын айтады. Сюжет «Саудаға түскен білім» деп аталып, мұндай атауын ақтай алмады. Білімнің саудаға түскенін дәлелдейтін нақты фактілер болмады.

«Басты бағдарлама» авторлары да кәсіби мереке қарсаңында тележурналистердің кадр сыртындағы өмірі жайлы материал әзірлепті. Сюжет «Тілшілік тіршілік» деп аталады Телеарнадағы видеоархив қызметкері, визажист маманнан сұхбат алған тілші Артур Мағзомов телеарнаның кадр сыртындағы өмірінен бөлек, кейде журналистердің де билік өкілдері тарапынан қысым көретінін алға тартып, видеолар көрсетті. Карантин шектеулері журналистер жұмысына кедергі келтіріп, шенділерден еркін пікір сұрау мүмкіндігі азайғанын айтыпты. Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев ішкі цензураға тоқталса, тілші сарапшының сөзін медиасауатпен байланыстыра жалғастырды. «Тілшілік тіршіліктің» ауқымын бағамдаған сюжет «7 күн» бағдарламасындағы әріптестерінің сюжетімен аттас, бірақ салмақтырақ болды. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама коронавирустың «дельта» нұсқасы және вакцинация мәселесінен басталды. Тақырыпты студиядан баяндап, вице-премьер мен президент сөзінен үзінділер берді. 

Өткен аптада президент Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бірінші сюжет осы кеңес туралы айтып, ауыл әкімдерін сайлаудың маңызын талдайды. Саясаттанушылар мен Мәжіліс депутатының пікірлері бар. 

Түркістан облысындағы Төлеби ауданының тұрғындары демалыс аймағына баратын жолды жауып тастады. Демалыс аймақтары өзен суын алып қойып, тұрғындарға су жетпей жатыр екен. Кәріз суларын да өзенге құйып, нәжіс араласады. Бұған наразы тұрғындар жолды жауып, мәселені шешуді талап етті. Тұрғындарды, әкімдік пен коммуналды қызмет мамандарын сөйлеткен сюжет мәселені жан-жақты көрсете білді. Ұзақ сюжетте эколог пікірі болмады. Тау өзендерінің бойына ретсіз құрылыс салудың табиғатқа зияны жөнінде экологтар пікірін сұрағанда болар еді. 

Батыс Қазақстан облысындағы автожолдардың 70%-ы сапасыз. Осы мәселенің мән-жайын зерттеген сюжет нашар жолдар мен батпаққа батып қалған көліктерді көрсетті

Әлемде еңбекке жегілетін балалар саны өсіп жатыр. Сюжет «пайдалы бала еңбегі» мен «бала еңбегін қанау» ұғымдарының ара-жігін ажыратып, түсіндіреді. Балалар, ата-ана, әлеуметтанушы, министрлік өкілдері мен БҰҰ үйлестірушісінің пікірі бар. Жап-жақсы түсіндірмелі материал. Қажет тұсында балалардың бет-жүзін жапқан. 

Қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысына наразы. Үзбей жарна төлеп, бірақ сапалы қызмет ала алмаған кейіпкерлер бар. Олар апталап кезек күтуге мәжбүр. Барлық тараптың пікірі бар. 

«Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» айдары 2003 жылды еске түсірді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі, Грузиядағы революция, Ирактағы соғыс, қазақстандық хакердің Bloomberg агенттігі серверін бұзғаны, Нұрсұлтан Назарбаев ҚР индустриалды-инновациялық даму стратегиясын бекіткені, Жер кодексі қабылданғаны, «Асар» партиясының құрылуы, өлім жазасына мораторий және «Думан» океанариумының ашылғанын жинақтапты. 

Бағдарлама «Қазақ радиосының» 100 жылдық мерейтойы, президенттің Журналистер күнінде БАҚ қызметкерлерін марапаттағаны және футболдан Еуро-2020 чемпионатының аңдатпасымен аяқталды

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Cоңғы жазбалар

ЕЭК отырысы, қымбатшылық және “Кальмар ойыны”. 11-17 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалар ел ішінде жиі талқыланған мәселерге көбірек арналды. «Жеті күн» авторлары президент Қ.Тоқаев қатысқан отырыстарға эфирдің жартысын арнады. Ал «Айна» редакциясы ел назарында болған...

Баспана бағасы, дизель тапшылығы және аңшылық. 4-10 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
«Жеті күн» және «Айна» бағдарламаларына ортақ тақырып — тұрғын үй бағасының қымбаттауы мен дизель тапшылығы. Ал Apta авторлары көмір тапшылығын да, мүгедектігі бар жандар...

Тұран жолбарысы, азып-тозған ауылдар және қымбатшылық. 27 қыркүйек — 3 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған «7 күн» авторлары Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқанына 30 жыл толғанын айтып, президент аптасына ауысса, «Айна» редакциясының негізгі тақырыбы — азық-түлік қымбаттауы....

Алматыдағы атыс, президенттің Маңғыстауға сапары және деменция. 20-26 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалардың барлығына ортақ тақырып — Алматыдағы атыс. «Айна» редакциясы тұтас бағдарламаны осы оқиғаға арнаса, «Жеті күн» және Apta авторлары президент Қ.Тоқаевтың...

Душанбедегі саммит, жылыту маусымы және тағы да қуаңшылық. 13-19 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

0
Апталық сараптамалық бағдарламаларға дәстүрлі шолуымызда «Жеті күн» және «Апта» бағдарламаларын қамтыдық. Екі бағдарламаның бірінші сюжеті президент Қ.Тоқаевтың Душанбедегі қос бірдей отырысқа қатысуына арналыпты. Apta...