Авторы: Светлана Познякова
Мұның бәрі Даник Шаффл биін үйреніп жүргені туралы роликті Тиктокқа жариялаған кейін басталды. Қазірдің өзінде ол: «менің биім қалай?», «стильді би ме?» деген сияқты бірнеше видео жүктеген. Достары да лезде лайк басып, «Жарайсың!», «УАУ», «Керемет!» деген пікір жазды. Кенет - «фууу, кетші, менің үлкен әжем сенен жақсы билейді ғой». Бір Бэтмен осылай жазды. Аватарында - маскадағы мультфильм кейіпкері.
«Ұнамаса, көрме», - деп жауап берді Даник. Енді «Бэтмен» мазаламайды деп ойлады, бірақ олай болмады. Ол да Даниктің реакциясын күтіп тұрғандай, зып етіп жылдам жауап жазды.
- Не болды, сайқымазақ, әзілді түсінбейсің бе? Көргім келеді, көремін де!
«Бэтмен» ашулы мүйізді эмодзи жіберіп, жағымсыз пікірді қарша боратты. Мәссаған!! Ол Даниктің басқа да видеоларына неше түрлі пікір жазып үлгеріпті. Бөлмесі туралы жазбаға мысқылдай күліп, одан Даниктің киім киісіне бір тиісіп, тіпті шаш қою үлгісін де сынап тастапты.
Балақай қанша қалжыңға айналдырып, қарсы тұруға тырысса да, түк шықпады. Бэтменді бұл одан сайын қайрай түсті, мазақтай берді, мазақтай берді. Даниктің мазасы қашты. «Бэтмен» неліктен бұлай істеп жатыр?
- Себебі ол - тролль, - деген біреудің дауысы естілді.
Даник қорқып та, таңқалып та үлгермеді, смартфонынан қанаты мен жал-құйрығы аппақ, өзі кішкентай жирен құлын ыршып түсті.
«Ол - тролль», - деп қайталады құлыншақ, «ал мен Интернет-тұлпармын, есімім – Свайп».
Менің ата-бабам - қанатты Пегас, батыр ат Сивка-Бурка және дана тұлпар Шалқұйрық. Менің арғы аталарым аңыздар мен ертегілерде өмір сүрген, ал мен виртуал өмірде жүріп, балаларды қауіптен қорғаймын. Тролльдер – қауіпті, сондықтан мен осындамын.
Құлыншақтың сүп-сүйкімді болғаны соншалық, Даник оған бірден сенді. Үлкендер ғой ол, біразға дейін сенбейді. Біресе көзін ұқалап, біресе бетін шымшып, түсім бе әлде өңім бе деп, ұзақ ойланады. Ал балалар қайсысы жалған, қайсысы шындық екенін бірден түсінеді, кішкентай интернет-тұлпар болса да.