Қазіргі Интернет-медиа ақпаратты оқырманға жеткізудің түрлі форматтарын ұсынады: мәтін, видер, фото, аудио. Ұйымның алдында қандай мақсаттар тұрғанына қарай, сіз әлеуметтік желілерде жарияланатын контенттің форматы мен түрін таңдайсыз.
Контенттің қандай түрлері болады?
- Ақпараттық посттар (ұйым жөніндегі, жұмысы, жобалары туралы ақпарат) – 35%;
- Танымдық-үйретуші (қандай да бір мәселеге қатысты пікірлер, инфографика) – 40%,
- Ойын-сауық ( ынталандыратын оқиғалар, вирустық контент) – 15%;
- Интерактив және UGC (ағылш. user-generated content, яғни, «пайдаланушылар жасаған контент») – 10%.
Сапалы контент жазбалар қамтитын аудиторияны арттырып, сізге қажетті әлеуметтік әрекеттер санын көбейтеді.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі белсенділік БАҚ тарапынан сіздің ұйымыңызға деген сенімді арттыра түсетінін де ұмытпаңыз.
Контент-стратегия құрастыру үшін алдымен айдарлар тізімін жасап, жазбаларды жариялау жиілігін таңдау керек.
Жазба жариялайтын уақытты қалай таңдаймыз?
Әр аудитория үшін жазба жариялауға лайықты «өз уақыты» болады. Барлық әлеуметтік желілердегі ең қолайлы уақыт — жұрттың бәрін жұмыстан үйге келіп отыратын кешкі 19 бен 22 сағаттың арасы саналады. Дүйсенбі, сейсенбі күндеоі пайдаланушылар аса белсенді емес, сондықтан бұл күндері ақпараттық жазбалар жариялаған жөн. Байқаулар немесе өзге де белсенді шаралар үшін сәрсенбі мен бейсенбіні таңдау керек. Жұма — жеңіл-желпі, көңіл көтеруге арналған жазбалар күні.
Пікірталас жүргізу үшін Facebook дұрыс, ал , ВКонтакте аудиториясына жүрекке тиер оқиғалар жақсы әсер етеді.
Жазбаларды жариялаудың түрлі уақыттарын байқап көріңіз, ал аудиторияңызды мезі етпеу үшін, жарияланымдар арасына кем дегенде екі сағат уақыт салып отырыңыз. Пайдаланушылардың таспасын шулата бергеннен, сирек те болса сапалы материалдар жасаған артық.
Әлеуметтік желілерде жұмыс істеу үшін пайдалы құралдар
Facebook желісінде «Қызығушылықтар» деген құрал бар, оның арқасында өзіңізге қызықты парақшалардан жеке бір жаңалықтар таспасын құра аласыз.
Ақпарат жинап, жазбаларды сақтауға арналған танымал сервистердің бірі Evernote деп аталады. Оны жеке бағдарлама ретінде де, мобильдік қосымша ретінде де (барлық құрылғылармен синхрондалады) қолдануға болады.
Яндекстің «Яндекс.Новости» деген жаңалықтар агрегаторы бар. Сайтыңыз WordPress- жасалған болса, ондағы материалдар Яндекс.Новости-да автоматты түрде жарияланып отыруы үшін Yandex.News Feed плагинін орнатып қойыңыз.
Контентпен жұмыс істеу үшін ұсынылатын сервистер
Жазбаны кейінге қалдырып жариялауды NovaPress Publisher (ақылы), Time2Post және FeedMan сервистері ұсынады.
Amplifr сервисі аудиторияның өсуі, белсенділігі, үздік тайминг пен жазбалар бойынша қарапайым сараптама жасайды (ақылы).
Сондай-ақ, әлеуметтік медиадағы белсенділікті сараптауға арналған Feedspy деген тегін және Popsters деген ақылы сервис бар.
SMM жүргізудегі негізгі қателіктер
Сөз соңында әлеуметтік желілерде жұмыс істеу кезінде жол берілетін басты қателерге тоқталайық:
- «Өлі жандар» сатып алу. «Қауымдастықты аптасына 10 000 пайдаланушыға дейін айналдырып жіберу» қызметін сатып алғаннан, қауымдастық не парақшаның органикалық жолмен өскені дұрыс. Аздаған қаражатыңыз болса, жақсы жазба жариялап, оны ақылы жарнама арқылы ілгерілетіп жіберуге болады.
- Жазылушылар тартудың тегін әдістерін (виджеттер, e-mail таратылымдар, офлайн іс-шаралар өткізу, өзге ұйымдармен серіктестік, өзара пиар) пайдаланбау.
- Аудиториясын танып білмеу немесе әлеуметтік желіні дұрыс таңдамау салдарынан жұртты қызықтырмайтын контент жариялау.
- Аудиториямен қатынас болмауы (елемеу, пікірлерді өшіру).