1. Word It Out
Ең қарапайым сервистердің бірі. Тіркеуді қажет етпейді. Арнайы терезеге мәтін немесе мақаланың сілтемесін қойсаңыз жеткілікті.
Баптауларында шрифті, сөздердің және артқы фонның түстерін өзгертуге болады. Кездейсоқ баптаулар батырмасы да ыңғайлы, оның көмегімен түрлі нұсқаларын жасауға болады. Сервистің артықшылығы — кирилл әріптері де, қазақ қаріптері де толық көрінеді.
Бұлтты жасап болғаннан кейін оны сурет түрінде көшіріп алуға немесе сілтеме ретінде бөлісуге болады.
Сайт: Word It Out.
2. Tagxedo
Сервис тіркелуді қажет етпейді. Мәтінді немесе сол мәтін орналасқан парақтың сілтемесін қойып, ұсынылған жинақтан қажет нұсқадағы сөздер бұлтын жасап алуға болады.
Баптауларда түстерін, мәтін параметрлерін, сондай-ақ сөздердің орналасуы ретін таңдауға болады.
Бұлтты жасап болғаннан кейін оны компьютеріңізге jpg немесе png форматындағы сурет ретінде сақтап қоюға болады.
Тек, жұмыс бастамас бұрын компьютеріңізге Silverlight орнату керек болады.
Сайт: Tagxedo.
3. Tagul
Бұл сервис те тікелей браузер терезесінде тегтер бұлтын жасап береді, тек алдымен әлеуметтік желілердің біріндегі аккаунтыңыз арқылы жылдам тіркелуді қажет етеді.
Мұнда да мәтінді көшіріп әкеліп қоюға немесе сілтемесін көрсетуге болады. Баптаулар параметрлердің көбін өзгертуге мүмкіндік береді. Ал формалардың көптігі арқасында әр жасаған бұлтыңыз алдыңғысынан ерекше болады. Кирилл және қазақ әріптері дұрыс көріну үшін көк түспен ерекшеленген шрифтердің бірін таңдау керек.
Жасап болғаннан кейін сөздер бұлтын компьютеріңізге png форматында көшіріп ала аласыз, сондай-ақ оны сілтеме түрінде ортаға салуға да болады (сөздің үстінен басқанда ол үлкейеді). Pro-нұсқасында векторлы svg-файл көшіріп алуға мүмкіндік бар.
Сайт: Tagul.
4. Word Cloud
Jason Davies ұсынатын онлайн сервис. Мұнда сөздерді тек тігінен және көлденеңінен ғана емес, қиғаштай орналастыруға да болады.
Сондай-ақ, шрифтін өзгертуге, бұлтта қанша сөз болғанын қалайтыныңызды таңдауға болады, ал нәтижесін png және svg форматында көшіріп ала аласыз.
Сервистің кемшілігі — қазақ қаріптері дұрыс көрінбейді. Мәтінді алдыңғы сервистердегідей, көшіріп қоюға немесе сілтемесін көрсетуге болады.
Сайт: Word Cloud.