2017 жылғы 2 ақпанда, сағат 16-00 журналист, редактор, жазушы Талғат Сүйінбайдың «Сұхбат: әдіс, тәсіл, шеберлік» тақырыбындағы вебинары өтеді.
Вебинарда сұхбат алушы журналистің әзірлігі, сұхбатқа дайындалу жолдары, сұхбат берушіні сөйлету, сұхбатты басылымға дайындау және тағы да басқа, журналист шеберлігіне қатысты мәселелер сөз болады.
Талғат Сүйінбай — «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы қаласындағы тілшілер қосынының меңгерушісі, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров туралы «Тұңғыш» кітабының авторы. Бірнеше жыл «Сайгез» атты бағдарламаның жетекшісі болған, сол бағдарлама негізінде «100 тұлға — 100 пікір» атты кітап шығарған.
Вебинарға қатысу үшін мына техникалық талаптарды орындаңыз:
1. Компьютеріңізге Google Chrome, FireFox, Safari немесе Opera браузерлерінің бірінің соңғы нұсқасын орнатыңыз. Браузерде Adobe Flash Player соңғы нұсқасы тұруы тиіс. Google Chrome браузерінде Flash Player өздігінен орнатылған.
2. Интернет байланысыңыздың жылдамдығы жеткілікті болуын қадағалаңыз. Вебинарға қосылу үшін қажет ең аз жылдамдық — 1Mb. Ыңғайлы жұмыс істеу үшін ұсынылатын жылдамдық — 2Mb бастап (жылдамдық төмен болса, вебинар жүргізуші видеороликтер, графикасы көп презентациялар, жұмыс столының бетін және басқа да вижуал материалдарды көрсеткенде дыбыс және видео кідірістері болуы мүмкін). Интернет жылдамдығын мына парақтан тексеруге болады: http://www.speedtest.net/.
3. Интернетке корпоратив желіден шығып отырған болсаңыз, желі администраторына жүгініп, 1935, 80, 443 портын ашқызып алыңыз.
4. Вебинарға өту үшін осы беттегі сілтемемен өтіп, «Войти в вебинар» батырмасын басып, деректеріңізді көрсетіп, қолданушы келісімі тұсында белгі қою керек.
5. Вебинарға планшеттен кіретін болсаңыз, Google Chrome немесе Puffin Browse браузерлерін қолданған жөн болады.
«Сұхбат» тақырыбындағы қазақ тіліндегі вебинарды Internews Network өкілдігі ақпаратқа қол жеткізуді қолдау жобасы аясында, АҚШ халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) көмегімен ұйымдастырды.