ДомойМедиасын"Нұр Отан" съезі және сол күнгі қазақстандық тележаңалықтар

«Нұр Отан» съезі және сол күнгі қазақстандық тележаңалықтар

«Нұр Отан» съезі және сол күнгі қазақстандық тележаңалықтар

Астанада «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналған XVIII съезі өтті. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев съезде жаңа әлеуметтік бастамалар: көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыны көтеру, баспананы несиеге алудағы жеңілдіктер және бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіру туралы тапсырмаларын жариялады.

Съез күні Қазақстанда тағы басқа оқиғалар болып жатты. «Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың кешкі қорытынды жаңалықтарда съез өткен күннің оқиғаларын қалай көрсеткенін сараптады. 31 арна, Еуразия бірінші арнасы, «Астана», КТК, «Хабар», Qazaqstan, “Алматыжәне Atameken business channel телеарналарының қазақ және орыс тілдеріндегі кешкі жаңалықтарын көріп шықтық.

Үш редакция жаңалықтарын партия съезінен емес, Тараздағы қайғылы оқиға – көпқабатты тұрғын үйдегі газ жарылысынан бастады. Үшеуі де қазақ тілінде. Еуразия бірінші арнасы, КТК және Atameken business channel.

Еуразия бірінші арнасының съез туралы сюжеті эфирдегі жаңалықтар лентасында жетінші болып шықты. Оның алдын балабақшада жарақат алған бүлдіршін оқиғасы, Ақтөбеде зейнеткерлерді тонау, Алматы облысындағы жігіт өлімі, дәрігер қателігінен көз жұмған әйел, Үндістаннан Алматыға ұшатын әуе рейстерінің кейінгі шегерілуі, Астанада бөтелкедегі су сататын компаниялардың су құрамынан зиянды заттардың табылуы, қайтыс болған қазақстандықтың қалған несиесін кім өтейтіні және Атырау маңында балалар мінген автобустың апатқа ұшырауы туралы сюжеттер көрсетілді.

Еуразия бірінші арнасының жаңалықтары қалған телеарналардың қорытынды жаңалықтарынан бұрын басталды. Бәлкім, сондықтан да редакция съез туралы материалын уақытында дайындап үлгірмеген де болуы мүмкін. Съез туралы сюжетте көпбалалы отбасының балаларына әлеуметті жәрдемақы, мүгедек бала асыраушыларына берілетін жәрдемақыны өсіру, аз пайызбен несиеге тұрғын үй алу, бюджет қызметкерлерінің айлығын өсіру, әкімдердің халықпен жақын болуы туралы көрсетті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөздерімен берілді.

Еуразия бірінші арнасының орыс тіліндегі қорытынды жаңалықтарындағы съез туралы сюжетте көп балалы отбасына берілетін жәрдемақының өсетіні туралы жаңалыққа мән берген. Жеке блокта президенттің бизнеске қатысты бастамасына қосалқы жүргізуші әрі блогер Денис Кривошеев пікір айтты. Телеарнаның басқа да тақырыптарына Астанадағы су құрамынан табылған лямблии, Екібастұздағы төбелес, су тасқынына дайындық, қайтыс болғандардың несиесін кім төлейтіні және Қостанай облысындағы пантеон құрылысы туралы сюжеттер енген.

Барлық телеарналар Тараздағы газ жарылысынан кейін сонда үкіметтік комиссия және премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек келгенін айтып өткен. Еуразия бірінші арнасы сюжетінде кінәлілер (егер олар анықталса) жазаланатыны туралы цитатаны да берді. Ал басқа телеарналар мемлекет жапа шеккендерге көмектесетіні туралы шенеуніктің айтқанын көрсетті.

«Информбюро» (31 арна) «Нұр Отан» партиясының съезін Оскар жүлдесін тапсыру салтанатымын салыстырды: қызыл кілем де фотосессиялар да болғанын көрсетті. Орыс тіліндегі жаңалықтарында әлеуметтік көмекті ұлғайтумен қатар президенттің кеден жұмысын жақсарту жөніндегі тапсырмасына мән берді. Бұл бастамаға қатысты салалық қауымдастықтың төрағасы – сарапшы пікір айтты.

Қазақша жаңалықтарында Президент съезде көп балалы отбасылардың мәселелеріне назар аударғанын айта келе Астанада өрт шыққан үйде қаза тапқан бес баланың оқиғасынан кейін болған аналар митингісіне де егжей-тегжейлі тоқталды. Бұдан бөлек, Тараздағы жарылыс, Атыраудағы жол көлік апаты, ЖОО-ын сату, Шығыс Қазақстан облысындағы ауа сапасы, Атырауда зейнеткерлердің үйіне ұрлыққа түсіп, ұрып-соғу, Шығыс Қазақстандағы жаңадан салынған үйлердің жарты жыл өтпей сылағы түсіп, қабырғасы көгеріп кеткені, академик Әбдуәлі Хайдардың қайтыс болғаны туралы сюжеттер көрсетілді.

«Информбюро» концепциясы — «тұтынушылық» жаңалықтар. Осы жанрда қазақстандықтардың нені және қалай декларациялайтыны туралы егжей-тегжейлі сюжет шықты. Сюжетте (саясаттанушы Досым Сатпаевтың пікірімен) биліктің халықтан есеп талап ететіні, бірақ өзі есеп бермейтіні айтылған. Журналистер пантеон құрылысы туралы сюжетке интервьюді сыртта жазған. Пікір қарама-қайшылығы сақталған. Қаржыны мұндай құрылысқа текке жұмсауды түсінбейтінін айтатындармен қоса пантеонның келешек ұрпақ үшін маңызы зор екеніне сенімді азаматтардың да пікірлері бар.

КТК телеарнасының орысша жаңалықтары Тараздағы жарылыспен басталып, содан кейінгі алғашқы жеті минут съезге арналды. Партияның презенттері, съезд делегациясының фотосуреттері, жаңа логотип пен партиядағы ауысулар туралы айта келе бюджет қызметкерлері мен көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік бастамалар кеңінен көрсетілді. Телеарна президенттің жол жөндеу және кеден жұмысын реттеуге қатысты тапсырмаларына жеке сюжеттер арнады. Жаңалықтарға Атырау облысындағы апат, Ақтөбеде зейнеткерлерге шабуыл, Алматыдағы кісі өлімі, мемлекеттік ЖОО-ын сатылымға шығару (Қаржы министрлігі өкілінің пікірімен) туралы сюжеттер де алыныпты.

КТК-ның қазақша жаңалықтарында Тараздағы жарылыс туралы көрсетіп, екінші блоктағы жеті минутты съезге арнады. Ақтаудағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне тұрғындарды шақырып, бірақ жәрмеңкені өткізбей қойғаны туралы да айтты. Бұған қоса су тасқыны, Көкшетаудағы қылмыстық оқиға және Алматының клиникалық ауруханаларының бірінде бір күн тегін қызмет көрсету туралы материалдар кірді.

«Хабар» агенттігінің қорытынды жаңалықтары «Нұр Отан» партиясының съезіне және президенттің тапсырмаларына арналды. Депутаттар, партия мүшелері, көп балалы аналар пікір айтты. Сосын президенттің Таразда газ жарылысынан қайтыс болған адамдардың отбасына көңіл айтуы және жарылыс туралы шағын сюжетпен аяқталды. Жаңалықтардан кейін съездің видеожазбасын көрсетуді бастады.

Qazaqstan телеарнасы жаңалықтар эфирінің алғашқы жеті минутын съез залынан әзірленген сюжетпен ашты. Содан кейінгі 15 минутты съезде Назарбаев айтқан тапсырмалар турасындағы сюжеттермен толтырды. Мұнда Қазақстанның әр аймақтарынан көп балалы отбасылар, мүгедек бала асырап отырған отбасылар, бюджет қызметкерлерін сөйлетіп, олар нашар тұрмысын баяндай келе съезде Назарбаев айтқан әлеуметтік бастамалар осы мәселелерді қалай шешетінін сол кейіпкерлердің және президенттің сөзімен берді. Осылайша сюжеттердің барлығы да сол отбасылардың бұған дейінгі тұрмысы қандай нашар болып келсе енді қалай жақсаратынына арналды. Бірақ, көп балалы аналардың әкімдіктерге жиналып, талаптарын қоюы туралы ештеңе айтылмады.

Содан кейінгі 16 минутта «Нұр Отан» партиясының қалыптасуы, дамуы, бүгіні және келешегі туралы сюжеттер сериясын көрсетіп, партияның хатшысын студияға шақырып, тікелей эфирде сұхбаттасты.

Съез тақырыбынан кейін Тараздағы газ жарылысы, Назарбаевтың қаза болғандар отбасына көңіл айтуы, Қазақстан мен Вьетнам арасында құқықтық көмекті парламент ратификациялағаны, академик Әбдуәлі Хайдардың өмірден озғаны, Алматы облысында 6 мыңнан астам жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқаны жөнінде сюжеттер көрсетті. Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс, Вьетнамдағы саммитте АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның кездесуіне де қысқа видео арнады.

«Астана» және «Алматы» телеарналары съез туралы сюжеттерінен басқа телекомпанияға не соның құрылтайшыларына қатысты сюжеттер әзірлепті. «Нұр Медиа» холдингіне кіретін «Астана» телеарнасы ең алдымен Президентке, сосын телекөрермендерге холдингтің жобалары туралы айтып берді.

Ал «Алматы» телеарнасы Алматы қаласы әкімдігінің көп балалы отбасыларды қолдауға арналған бағдарламаларын көрсетті.

«Астана» телеарнасы бұдан бөлек Тараздағы жарылыс, Астанадағы бөтелкедегі судан табылған лямблиилар, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы өзара құқықтық көмек келісімі, Солтүстік Қазақстанда бала өлімінің артуы және су тасқынына дайындық туралы сюжеттер көрсетті.

Ал «Алматы» телеарнасы су тасқынына дайындық, полицейлердің ұрланған зат сатып алатындарды анықтауға арналған рейдтері, жоғалып кеткен жігіттің өлімі тақырыбына эфир арнады.

Екі телеарна акцияларын сатып алуды талап етіп жатқан «Қазақтелеком» миноритарийлерінің сот ісіне назар аударыпты. 31 арна телекоммуникациялық компанияның осы сот процесін БАҚ үшін жабық өткізуге тырысып жатқанына басымдық берсе, «Астана» телеарнасы сот ісінің бейбіт жолмен шешілуі мүмкін екенін айтады (мұнда «Қазақтелекомның» пікіріне сілтейді).

Atameken business channel съез туралы материалдарында бизнесті және ауылдарды дамытуға арналған шараларға көңіл бөлген. Бұл бастамаға қатысты сарапшылар пікір айтты. Телеарна «21 мың теңге бір балаға жете ме» деген сауал төңірегінде жұртшылық арасында сауалнама жүргізген. Жауап бергендердің көбі мұның аз екенін, бірақ бұған дейінгі жәрдемақымен салыстырғанда жоғары екенін айтқан. Ал ендібіреулері сол 21 мың теңгені беретініне сенбейді екен.

Atameken business channel эфирінде және «Информбюро» бағдарламасының қазақшасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың журналистерден қашқан видеосы да көрсетілді. Онда журналистер жаңа министрден 21 мың теңге жәрдемақы қандай отбасыларға берілетінін сұрайды. Министр тұщымды жауап бере алмайды.

Еске салсақ, мұның алдын интернет-сайттарына Бердібек Сапарбаевты Ақтөбе облысынан шығарып салып жатқан видео таралған болатын. Бердібек Сапарбаев бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі болған.

Ал енді осы күні қазақстандықтар қандай жаңалықтарды жиі бөлісіпті. Mediametrics сервисі ұсынған деректерге қарасақ, ең танымал 10 материалдың жартысы Президенттің бастамаларына арналған. Бірінші орынға көпбалалы отбасының әр баласына 21 мың теңгеден жәрдемақы берілетіні туралы жаңалық шығыпты. Бюджет қызметкерлерінің жалақысы өсетіні, Президент тапсырмаларының толық тізімі және Нұрсұлтан Назарбаевтың кеденге қатысты «Әлдебір бастықтар кеденді «ұстап отыр» екен. Ол қандай бастықтар?» деген сөзі бар жаңалықтар танымал болған.

ТОП-10-дықтағы үш тақырып: «Жаңаөзендегі оқиғалардан ақпарат таратпақ болған журналистерді «әлдекімнің» арызы бойынша тұтқындады», «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасарына қол астындағы қызметкерін балағаттағаны үшін айыппұл салынды» және «Таксист жолаушы қызды 23 мың теңгеге Алматы әуежайынан жеткізді» қазақстандық телеарналардың эфиріне шықпады. 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР