Қазақстанда ҚР президентін кезектен тыс сайлауға үміткерлерді ұсыну кезеңі ресми аяқталды. Тізімде тоғыз адам бар. Әйткенмен, бүгін дүйсенбіде олардың саны сегіз боп қалды. Сараптамалық бағдарламалар бұл туралы алдағы сенбі-жексенбіде айтса керек. Ал кешегі қорытынды бағдардамаларында мемлекеттік телеарналар президенттердің қызметін бар сән-салтанатымен көрсетті. Кейбір жекеменшік телеарналар апта көлемінде тағы басқа қандай оқиғалар болғанына уақыт тауыпты. «Жаңа репортер» редакциясы «Бірінші арна Еуразия», КТК, «Хабар», QAZAQSTAN және ASTANA TV телеарналарының апталық қорытынды сараптама бағдарламаларын көріп шықты.
«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»
«Бірінші арна Еуразия» телеарнасының «Аналитика» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының төрттен үші саяси жаңалықтарға, дәлірегі екі президентке арналыпты. Бағдарлама эфирге шығатын күні (жексенбі) президент сайлауына қатысуға үміткерлер ұсыну мерзімі аяқталды. Тележүргізуші тоғыз үміткердің арасында «хайпқуған» адамдардың (резонанс тудыру үшін сайлауға баратындар) жоқ екенін атап өтті. Мұның себебі сайлауға қатысу шарттарының өзгеруімен, яғни үміткерлерді тек партия және қоғамдық бірлестіктер ғана ұсына алатынымен түсіндірді.
Тоқаев туралы егжей-тегжейлі: оны қалай ұсынғанын, Nur Otan партиясының съезінде тұңғыш президенттің көзіне жас алғанын (сол сәтін эфирден көрсетті), екінші президент Конституциялық кеңестен бірнеше жыл шетелде жұмыс істегені сайлауға қатысуына кедергі келтіре ме, жоқ па, соны нақтылап сұрауын әңгімеледі. Конституциялық кеңес: еш кедергі келтірмейді, бұл командировка болатын, бәрі дұрыс, деп жауап беріпті.
Басқа кандидаттар туралы аз-кем ақпарат бар. Тек тұңғыш әйел-кандидат, «Ақжол» партиясы ұсынған Дания Еспаева туралы көбірек көрсетті. Оның съезде айтқан: еркектер «әйел орнын білуі тиіс» дейді, бірақ жемқорлардың дені – еркектер, деген сөзін келтірді. Ду қол шапалақ.
«Ауыл» партиясы ұсынған Төлеутай Рахымбековтан оптимизм еседі. «Сайлауға Елбасы қатысқан кезде онымен бәсекеге түсу – ауланың футбол командасы Бразилия құрамасына қарсы ойнағандай көрінетін еді. Ал енді Елбасы сайлауға қатыспайды, бәрінің де мүмкіндігі жоғарылады!» деп айтып салды.
Тұңғыш президентте не жаңалық екеніне арналған дәстүрлі сюжет те болды. Тілші өз сюжетінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға, яғни Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» форумына сапары туралы егжей-тегжейлі айтты.
Сюжет тақырыбы «Подпоясать материки» деп аталыпты. Журналист Бейжіңде 37 мемлекеттен 360 министр жиналғанын санап шығып, Қытайда ауа райының қолайсыздығына қарсы қандай шара жасағанын да көрсетті. Назарбаев форумда РФ президенті Владимир Путинмен қол ұстасып шықты. Форумның негізгі айтар ойы: қане, бәріміз дос болайық, бұл экономикалық тұрғыдан да тиімді екені төңірегінде өрбіді.
Содан кейін «Аналитика» екінші президентке қайта оралды. Ақордада Венгия мен Оңтүстік Кореяның әнұраны айтылды. Тоқаев алғаш рет жоғары мәртебелі қонақтарды – Оңтүстік Корея президентін және Венгрия премьер-министрін қабылдады. Әрмен қарай Тоқаевтың Twitter және Instagram аккаунттарына шолу жасады. Кімді құттықтағанын (Зеленский), кімді қабылдағанын, кімге қандай тапсырма бергенін шолып шықты. Қазақстандық ТВ-да президент қызметін оның әлеуметтік желілерде жариялаған посттарына қарап әңгімелеу де трендке айналған сияқты. Назарбаевпен бұлай жасау мүмкін болмаған еді, ал Тоқаевпен заманауи әрі қызу өтіп жатыр. Әсіресе, Ақорда туралы емес, екінші президенттің Қазақстан эстрада жұлдыздарымен алғашқы селфиі қызу талқыланады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірінші арна Еуразия» эфиріне шығуы мұнымен тоқтамайды. Мемлекет басшысының аптасы қалай өткенін Instagram шолуына сыймағандықтан болар, аймақтарға сапарын бөлек үлкен сюжетпен берді. Тоқаев Семейге сапарында өзіне мадақ айтпауын өтініп, Абай Құнанбаевтың мерейтойына дайындалуды тапсырды. Қазақстанда АЭС салуға қатысты жұртшылықтың пікірін ескерілетінін нақтылады.
Президенттерге арналған блоктан тыс тақырыптар қатарына жаяулар мен жүргізушілердің қарама-қайшылығы туралы сюжет пен «Мелочей не бывает» айдары енді. Онда көпбалалы отбасыларға арналған жалдамалы пәтер ақысы туралы ақпарат (шаршы метріне 115 тг), Қазақстандағы ауыз су мәселесі, Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияның азаюы, Батыс Қазақстан облысында оқушылар қызғалдаққа бара жатып жол апатына ұшырағаны, таксистердің клиенттерді қалай тонағаны, браконьерлердің инспекторларға шабуылы жиілегені, иттің шұңқырға құлағаны, енді бір иттің сеңде өліп қала жаздағаны туралы тақырыптар қамтылыпты. «Мелочей не бывает» айдарына жаңалықтардың қандай принциппен таңдап алатындарын түсіну мүмкін емес.
«Аналитика» бағдарламасының «бантик» сюжеті тағы да Тоқаевқа арналады. Олег Журкевич сюжетінде Қазақстанның екінші президенті туралы ең қызық деректерді жинапты. Мысалы, оның әкесі Кемел Тоқаев Қазақстанда детектив жанрына алғаш қалам тербеген жазушы болған. Автор стендаптарында барынша креатив жасайды: мейрамханада отырып, кішкентай Тоқаев сүйсініп жеген қуырылған тауық етіне тапсырыс береді, үстел теннисін ойнайды, базар ішімен жәшік алма алып жүреді. Қазақстандық ТВ дәстүрінде бағдарламаны қызықсыз әрі салмақты тақырыптармен бастау дәстүрге айналғаны өкінішті. Бәлкім, бағдарламаның басына осындай «бантик» сюжеттерді шығарып көрсе қайтер екен?! Бұл да президент туралы сюжет, бірақ зеріктірмейді.
«Большие новости», КТК
КТК телеарнасының «Большие новости» хабарында президенттер айтарлықтай аз, ал Қазақстан мен әлемде не болып жатқанына айтарлықтай көп. Бірақ, мұнда да бағдарламаны мемлекет басшысынан бастады. Тоқаевтың Павлодар облысына сапарын, Назарбаев зияткерлік мектебіне барғанын және жергілікті педагогтан өзіне физика туралы авторлық оқулығын сыйлауды сұрағанын қысқа көрсетті.
Алдағы сайлауды қызық деректермен берді. Қасым-Жомарт Тоқаев үміткерлер арасынан алғаш болып қол қою парағын алғанын, үміткер Дания Еспаеваның синхронда «әйел бар жерде тәртіп барын» айтқанын шығарыпты. ЖСДП партиясының сайлауға қатысудан бас тартқанын да көрсетіп, саясаттанушы Марат Шибутовтың «Бұл сайлауда кандидаттар Тоқаевпен емес, тізімді екінші болуға таласады» деген пікірін беріпті.
Бағдарламада президенттер туралы ендігі бір хабарда – Назарбаевтың Бейжіңге сапарын қысқаша берді. Содан кейін Қазақстандағы басқа да адамдардың өмірінде не болып жатқанына арналды. Ақтөбеде мектептегі жаппай улану, таксистердің клиенттерін тонайтыны, Өскеменде автокөлік шұңқырға құлағаны, елдегі өндірілетін сүттің үштен бірі стандартқа сай келмейтіні (демек, оны импортпен алмастыруға тура келіп, бұдан жергілікті фермерлердің зиян шегетіні), әрбір қазақстандық орта есеппен банкке 900 мың теңге қарыз екені туралы көрсетті. Бағдарлама жасыл экономика туралы көлемді сюжетпен (Қазақстанда АЭС салу жоспарының шегінде) аяқталады. Мұнда біздегі біршама жылу электр станцияларының күн батареяларымен жұмыс істейтінін, су электр станциялары экономикалық әрі экологиялық тұрғыдан тиімді екенін, жас қазақстандықтың дірілден энергия өндіретін құрылғы ойлап тапқанын әңгімелейді.
«7 күн», «Хабар»
«Хабар» телеарнасының тілшілері екі президенттің қызметінде не болып жатқанын көп көрсететіні соншалық, басқа тақырыптарға уақыт қалдырмайды. Бағдарлама 1 сағат 13 минутқа созылды. Осы уақыттың әр минуты не Нұрсұлтан Назарбаевқа не Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналған.
Мәселен, «Хабар» телеарнасы Тоқаев ұсынылған Nur Otan съезі туралы басқа арналармен салыстырғанда егжей-тегжейлі көрсетеді. Назарбаевтың сайлау туралы: «Менің саясатымды қазақстандықтардың көбі қолдайды. Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында және жаңа президентті қолдауда қызмет ете беремін» деген сөзін келтіреді.
Назарбаевтың қатысуымен өткен съез туралы 12 минут көрсетіп, тағы 23 минутты тұңғыш президенттің Бейжіңге сапарына арнайды. Назарбаевтың Қытай туралы: «Қытай бар әлеммен жұмыс істейді, «біз сияқты болыңдар» деген шарт қоймайды, міне сондықтан да Қытайдың саясаты бәріне ұнайды» деген сөзін келтіреді.
Келесі алты минутта Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Корея президентімен (Назарбаев Оңтүстік Корея президентіне «мен сізден алдыңғы басшылардың бәрімен жұмыс істедім» деп айтады) және Венгрия премьер-министрімен (Назарбаев Венгрия премьер-министрінің комплиментіне «Тұрақтылықты сақтау оңайға соқпады, бірақ мен елді ойладым» дейді) кездесуіне ойысады.
Оңтүстік Корея президентінің Қазақстанға сапары туралы егжей-тегжейлі оның Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі барысында айтады. Осылайша екінші президенттің де уақыты кеп жетеді. Дәл осындай тыңғылықты сюжет Венгрия премьер-министрінің сапары және Тоқаевтың онымен кездесуі барысында да көрсетіледі.
Екінші президенттің басқа да қызмет аптасы: Ақордадағы кездесулері (Аружан Саимен кездесу жайында ештеңе жоқ), Пасха мейрамымен құттықтауы, аймақтарға сапары және тағы басқасын көрсетеді. Тек соңында ғана кандидаттарды ұсыну кезеңі ресми аяқталғаны жөнінде ақпар қосты.
APTA, QAZAQSTAN
Ұлттық телеарнаның APTA бағдардамасы Назарбаевтың Қытайға сапарынан басталды. Мұнда да тележүргізуші кіріспе сөзінде Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихы туралы ұзағынан әңгімеледі. Содан кейін барып қазіргі жаңғыруына ауысты. Ал сюжетте тілші стендап жасап, өзінің түсірім жасауға тыйым салынған ғимарат ішінде тұрғанын, бірақ сонда да сол тыйымды айналып өтудің жолын тауып, стендаппен шыққанын айтады.
Оңтүстік Корея президентінің сапарын айту барысында да әралуандыққа жүгінеді. Диктор еліміздегі «ақылды үйлерді» корейлердің салып жатқанын айта келе, енді бізде кореялық автокөліктер құрастырылатын хабарлайды. Сол кезде студияға автокөлік кіріп келеді. APTA студиясына автокөлік кіргізу бағдарламаның «фишкасына» айналып барады. Мұның алдыңғысында студияға су тасымалдайтын көлік кіріп кетіп еді.
Президент сайлауы туралы тек 30-шы минуттан кейін айтты. Қызық көрінгені сол, сайлау туралы диктор сөзінде оның фонындағы экраннан Nur Otan логотипі көрініп тұрды. Тағы бір алуандық, бұл материалда ең алдымен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы барлық оқиғаларды еске түсіріп шығып, содан кейін қазіргі оқиғаларға ойысты. Партияның съезі және ұсынған кандидаты туралы 14 минут көрсетті (бұған қоса Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевпен студияда сұқбат қылды). Ал басқа партиялардың съездері мен кандидаттары туралы ақпаратты небәрі 4 минутқа сыйғызды.
ONLINE OISALAR атты тұрақты айдарда (интернетте не болып жатқанына шолу) әлеуметтік желі қолданушыларының полиэтилен пакеттерге тыйым салуға, Алматы-Маңғышлақ пойызындағы бейберекет, Әлидің Мессимен кездесуіне пікірлері жинақталыпты. Бағдарламаны екі әдемі «бантикпен»: қазақ Моцарты және Оралда өткен қызғалдақтар фестивалі туралы сюжетпен аяқтады.
«БІЗДІҢ УАҚЫТ», ASTANA TV
ASTANA TV телеарнасының апталық-сарапталық бағдарламасында «Президентпен бастау» дәстүрі Тоқаевтың атаулы әлеуметтік көмекті уақытылы беру туралы твитімен ашылды. Содан кейін Nur Otan съезіне ойысып, әралуандық үшін Назарбаевтың бұрынғы ұлықтау рәсіміндегі архив кадрларын шығарды. Мұндай кадрлар 30 жылда әжептәуір жиналып қалса керек-ті.
Сюжет соңына қарай әндетті. Партия мүшелері хормен ән шырқайды. Содан кейінгі бөлек блокта президент болудан үміткер басқа кандидаттарды көрсетті.
Кенеттен үш минуттық сюжетті Украина президенті сайлауында жеңіске жеткен Зеленскийге арнады. Басқа бағдарламалар оның жеңісін Тоқаевтың құттықтауымен ғана атап өткен еді.
«БІЗДІҢ УАҚЫТ» бағдарламасы қозғаған тақырыптар қатарына ауыл пошташыларының жұмысы, отандық теңіз флотының тағы бір кемемен толығуы, автокөлік жүргізушілерінің жедел жәрдем жұмысына қалай кедергі келтіретіні, Оспан батырдың 120 жылдығы кіріпті. Диктор сөз соңында Австрияда мигранттарды егеуқұйрыққа теңеген саясаткердің қызметінен кеткені туралы жаңалықпен аяқтады. Неліктен, бұл жаңалықты таңдағаны түсініксіз күйінде қалды. Бәлкім, сондай қызық көрінген болар. Емеурінсіз емеурін болуы да бек мүмкін.