Мамырдың екінші жетісі мерекесі көп, жұмысы аз апта болды. Әйтсе де елді елеңдетер оқиғаларға толы аптаға айналды. Бірақ, бар оқиғаны барлық қазақстандық телеарналар бірдей көрсете қоймады. Кейбір телеарнада апталық қорытынды бағдарлама мүлдем шықпаса, ендібіреуі әдеттегіден қысқа бағдарлама жасады. Сәйкесінше, біздің шолуымыздың мәтіні де әдепкіден қысқа жазылды. Айта кетер бір жайт, біз шолу жасаған телеарналардың барлығында дерлік салыстыра қарағанда президенттерді салыстыра қарағанда аз көрсетіп, басқа тақырыптарға көбірек уақыт берді. «Жаңа репортер» редакциясы «Бірінші арна Еуразия», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын шолып шықты.
«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»
Бағдарлама авторы алыстан орағытпастан, бағдарламаны екі мерекеден және екі президенттен бастады. 7 мамыр және 9 мамыр құрметіне Қасым-Жомарт Тоқаев медалдар мен ордендер табыстап, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойса, Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудегі мерекелік әскери шеруге қатысты. Елбасы мен РФ президенті В. Путин екеуі соғыс ардагерлерімен әңгімелесті.
Өткен соғыстан қазіргі соғысқа, дәлірегі Сирия жерінен қазақстандықтарды елге қайтару операциясының екінші кезеңі, яғни «Жусан-2» операциясына ойысты. Барлығы 232 адам құтқарылыпты. «Жусан-2» операциясы туралы сюжетте құтқарылған әйелдің сұқбаты бар. Ол әйелдің үш баласы болған. Соның тек кенжесі, жаңа туған сәбиі ғана аман қалыпты. Екеуі жарылыста қаза тапқан. Журналистердің сюжетте балалардың бетін бұлыңғыр етіп, жасырып жабуды ұмытпағаны қуантты. Бұл норманы бәрі бірдей сақтай бермейтіні бар. Осы сюжетке президент те еніпті. Материал авторлары Тоқаевтың қазақстандықтар Сирияға неліктен кететіні, оларды неліктен елге қайтарып жатқаны туралы айтқанынан мәтін үзінді қосыпты.
Содан кейін көршілес Ресей еліндегі басты оқиғалардың бірі – Шереметьево әуежайындағы ұшақ апатына тақырып арнайды. Бағдарлама жүргізушісі «қазақстандық компаниялар штаттан тыс жағдайларға дайын ба?» деген сауал тастайды.
Бұл сұрақтың жауабын сюжетте беруге тырысады. Сюжет авторы Қазақстанда болған әуе апаттарын мұқият талдап, сараптайды. Соңғы рет қашан әуе апаты болғанын еске түсіреді (мұнда алты жыл бұрын болғанын айтады, яғни көп жолаушы мінген ұшақ апаттарына қатысты алса керек, өйткені шағын авиацияға қатысты төтенше жағдайлар елімізде жиі-жиі тіркеледі). 40 жылдық жұмыс тәжірибесі бар ұшқыш Шмидт Сабиров Шереметьево әуежайындағы апатты сараптайды. Оны ұшқыштардың жанармай толы бакпен қонуға шешім қабылдағаны таңғалдырды. Әйткенмен, ол ұшқыштардың да адам екенін, абдырап қалатынын айтады.
Әуедегі төтенше жағдайдан жердегі жағдайға оралайық. «Осторожно, взрослые!» атауымен шыққан сюжетте ересектер мұқият әрі жауапты болғанда алдын алуға болатын балаларға қатысты қайғылы оқиғалар туралы көрсетеді. Сюжет авторы жеті минутта барлық мүмкін қауіптер, яғни істемейтін әткеншектен бала қолы жететін тұстағы таблеткаларға дейін тізіп шығады. Стендапында балаларды қауіпсіздік ережелеріне қалай дұрыс үйрету керегін айтады.
Адамдарға өтетін екі тақырып болса, бұл – ауа райы мен денсаулық. «Аналитика» авторлары денсаулық туралы жоғарыда айтқандықтан, келесіде ауа райына тақырып арнапты. Жеті минуттық сюжетте мамырдың күн райын Петропавловсктен Бангладешке дейін тізбелейді.
«Мелочей не бывает» айдарында көрермен бағдарлама авторларының тағы не көрсететінін, қандай принципке сүйенетінін түсіне алмайды. Бұл жолы аталған айдарға Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жол қозғалысы апаттары, өрттер, тонаулар еніпті. Қисынға келеді. Бірақ, сосын көпбалалы отбасыларды қандай себеппен баспанасынан айыратынын, Түркиядағы демалыс құны (биыл тур бағасы 10-15 пайызға қымбаттайды), Конор Макгрегордың жүрісін қайталаған қазақстандық бала туралы көрсетіп, қойыртпақ жасайды.
Бағдарламаны Жеңіс күніне арналған сюжетпен жапты. Мұнда соғыстағы бақытты махаббат оқиғаларын көрсетті. Жан тебірентер сюжет болыпты. Эмоция сыйлап, тіпті көзді жасқа шылайды. Бұл «Аналитика» редакциясының бағдарламаны аяқтайтын сюжеттерді жасауға келгенде мықты екенін тағы дәлелдейді.
Basty bagdarlama, «Бірінші арна Еуразия»
«Бірінші арна Еуразияның» қазақша қорытынды бағдарламасы жып-жинақы шығып, небәрі 30 минуттан асты. Есесіне осы шығарылымның басында президенттердің 7 және 9 мамырды қалай тойлағанын емес, «Мәңгілік даңқ» шеруінің қалай өткенін көрсетті. Сюжетте шеруге қатысушылардың арасында кімнің портретін ұстап келе жатқандарын білмейтіндер де барына назар аударды.
Тілші сюжетте Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын айтарлықтай атап өтпейтінін айтады. Есесіне, соңғы кездері дауы молайған Жеңіс күнін дүрілдетіп мерекелейді.
Әрмен қарай бағдарламада мерекеге еш қатыссыз тақырыптар көтерілді. Ішімдікке салынған әйелдер туралы сюжетінде тілші бейтаныс ішкіштер клубына барыпты.
Ал педофилдер туралы сюжетте абайлау керегін, көктемде осы бір психикалық ауруға шалдыққан адамдардың қозатынын ескертеді.
Әлеуметтік желілердегі Ораза туралы сюжет ұғынықсыз жасалған. Біріншіден, бұл тақырыптың неден пайда болғанын түсіну қиын. Тіпті сюжет авторы да оразаға қатысты посттар жариялау керек пе, жоқ па, бұл сауалға соңына дейін жауап таппайды. Егер жариялауға болмаса, неліктен екенін де жете түсіндірмейді. Әйткенмен, бізде батысқа еліктеу басым, деген қорытындыға келеді.
Бағдарлама сайлау кампаниясы туралы сюжетпен аяқталды. Сайлаудың ең шулы тұсы — «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен ұсынылған кандидат Жұматай Әлиевтің тіл емтиханынан құлауы болғанын айтады. Ол 19 қате жіберіп, тіркеуден өтпей, тіл комиссиясының шешіміне қатысты аппеляцияға шағым түсірді.
«7 күн», «Хабар»
Мерекелік апта орыс тіліндегі «7 күн» бағдарламасының контентіне айтарлықтай ықпал етіпті. Әдетте бұл бағдарлама бастан аяқ президенттердің қызметіне арналатын. Бірақ, бұл аптада Тұңғыш және Екінші президенттердің қызметі қауырт болмады.
Міне, осы себепті де
а) бағдарламада мемлекет басшыларының жұмысын көрсету бұрынғыларынан аз болды,
б) кенеттен журналистерде басқа да тақырыптар төңірегінде айтуға мүмкіндік болса да, бағдарлама уақыты әдепкіден 5 минутқа қысқарыпты.
«Президенттердің қызметі» бағдарламаның 17-минутында аяқталды. Осы аралықта:
- Назарбаевтың Мәскеудегі мерекелік шерудің құрметті қонағы болғанын, Путинмен бірге соғыс ардагерлерімен сәлемдескенін;
- Назарбаевтың Путинге Шереметьево әуежайындағы апатқа қатысты телеграмма жолдағанын;
- Тоқаевтың да көңіл айтқанын;
- Назарбаевтың Алишер Усмановты Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін марапаттағанын;
- қос президенттің тағы кімдерді марапаттағанын;
- Тоқаевтың Сириядан қайтарылған қазақстандықтар туралы айтқанын;
- Тоқаевтың қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен және Жеңіс күнімен құттықтағанын
көрдік.
Жеңіс күніне бөлек көлемді сюжет әзірлепті. Мұнда да президент бар. Әйтсе де басты назар соғыс ардагерлеріне арналыпты.
9 мамыр туралы тағы бір сюжет – тарихшылар және дерек іздеушілер туралы екен. Тілші мұндағы стендапында креативке барыпты. Мәтін соңында атылған мылтық дауысы естіледі, журналист құлайды.
Сайлауалды кампанияның басталғаны туралы материал тоғыз минутқа созылды. «Хабар» журналистерінің заңды сақтап, барлық кандидатқа бірдей эфир уақытын бөлуге тырысатыны байқалды. Заңды аттамады. Бес кандидат туралы да бірдей көрсетті.
- Тоқаев өз сайлау штабының белсенділерімен кездесті;
- Түгел ар-ождан полициясын құрып, түнгі клубтарды жабуды ұсынды;
- Таспиховты мәдениет және спорт саласындағы жұмысшылардың, әсіресе ауылда қызмет ететіндердің айлық жалақысы толғандырады екен;
- Еспаева өндірушілерге салынатын қосымша құн салығын төмендетуді және несие құнын арзандатуды ұсынады;
- Рахымбеков әлеуметтік желілерден келіп жатқан хабарламалар негізінде бағдарламасын құрып жатыр;
- Ахметбеков батыс стандарттарына және жалған құндылықтарға қарсы күрескісі келеді;
- Қосановтың бағдарламасы Қазақстанның барлық аймақтарын тең дәрежеде дамытуға арналған;
«Хабардың» қорытынды бағдарламасының соңғы екі материалы
а) Тұңғыш президенттің жаңа әлеуметтік саясатының жемісті нәтижесіне; б) қазақстан экономикасының табысына арналыпты.
Сандар мен деректерге қарасақ, елдегі жағдай өте жақсы сияқты. Таяуда тіпті жақсара түседі екен.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасын көріп бастағаннан-ақ бұл жолы студияға тағы не кіріп келетінін тағатсыздана күттік. Кішігірім спойлер: барлығы біздің күткенімізден де асып түсті.
Бағдарлама 30 жылдардағы аштықта 4 млн қазақтың қырылғанынан, 1,5 млн қазақ шетел асқанынан басталып, қалған 2,5 млн қазақтың соғыспен тұспа-тұс келгенін, президенттің бірқатар азаматты марапаттағанын баяндаумен өрбіді.
«Хабар» сияқты QAZAQSTAN сайлауалды додаға 10 минут эфир бөліпті. Студияға ҚР президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин келіп, сұхбат берді. Ол Жамбыл Ахметбековтен басқа үміткерлердің бәрі де алғаш рет президент сайлауына түсіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл жаңа саяси класстың, жаңа тұлғалардың шығуын білдіреді. Демек, сайлаушыларда таңдау болады.
Ерлан Қаринмен сұқбаттан алдын сол үміткерлер туралы үлкен сюжет шығуы тиіс еді. Бірақ, сол сәтке сюжет дайын болмағандықтан да оны кейін, бағдарлама соңына таман көрсетті. «Хабар» сияқты мұнда да барлық үміткерлерге бірдей уақыт бөліпті.
Жеңіс күні туралы сюжеттің кіріспесінде бәріміз әуел бастан күткен элемент қосылды. Студияға бомбалаушы ұшақтар «кіріп келіп», снаряд тастады.
Ал сюжетте тілші Ұлы Отан соғысы кезінде Батыс Қазақстан облысының қай бөлігі бомбаланғанын көрсетті. Содан кейін Бауыржан Момышұлының өз дауысы жазылған жазбасын естіртті. Ол жазба 1965 жылы жазылған екен. Батыр соғыс туралы әңгімелейді.
Айтпақшы, мұндай шолулар сайтымызда тұрақты шығады. Міне, осы себепті де әр апта соңындағы қорытынды жаңалықтар бағдарламасын асыға күтеміз.