Әлемдегі ең жылдам киноөндіріс ошағы саналатын Болливуд соңғы бірнеше онжылдықта ұлттық эпикалық дастандары «Махабхарата» мен «Рамаяна» шығармаларында кездесетін оқиғаларды сюжеттік желі ретінде жаппай қолданып келеді. Әсіресе мифологиялық жындар тақырыбы діншіл, ерекше ырымшыл халыққа аса өтімді болды. Дәл осы «Абысындар» телесериалында кездесетін «Жын әмірлігімен» күресу желісі – көгілдір экран алдында бала-шағасымен отырған қазақ отбасына қандай тәрбиелік маңызы барын түсіндіру – тіпті сандырақ. Болмашы ашу-ызадан бір-біріне пышақ ала жүгіретін отбасы мүшелерінің бітпейтін қастық жоспарлары біздің көрермендерге қаншалықты жақсы жағынан ықпал етіп отыр?! Соншама сындарға қарамастан аталған сериалдың қазақ көрермендерінің көзайымына айналуының сыры неде? Осындай өнімдермен қандай қоғам жасауды мақсат етеміз?
Аты аңызға айналған «Абысындар»
Өздерінің өлімін көрсететін сиқырлы қорапша, әулетке ұдайы оралатын жын, аяқ астынан кейіпкері Шиваға яғни Құдайға айналатын Бхарадвадждар әулетінің оқиғалары: Бхайравидың келесі жоспары не, Симар отбасын қалай сақтап қалады, Пюшь пен Анджалиге енді не болады? Міне, осы тақырып пен сауалдар тойда не көшеде кездесе қалған жұрттың аман-саулықтан кейін өрбитін әңгімесінің өзегіне айналған. Мұның барлығы да бірнеше жыл ASTANA TV телеарнасында үздіксіз көрсетіліп келе жатқан «Абысындар» үнді телесериалының жеңісі болып отыр.
“Big Star Entertainment Award”, “Indian Telly Award”, “Indian Television Academy Award” сияқты біраз жүлдені қанжығасына байлаған сериал алғаш рет 2011 жылы Colors TV арнасында көрсетілді. Кейін алыс-жақын шет елдерде, атап айтқанда, Пәкістан, Болгария, Тайланд, Сербия, Вьетнамда көрермендерін тапты.
Белгілі үнді режиссері Паван Кумар Марюттың (Pawan Kumar Marut) әрқайсысы 20 минуттық 2063 эпизодтан тұратын бұл телесериалы – үнді кино тарихындағы ең ұзақ ТВ сериалдар қатарына енеді.
Сериал жанры — голливудтық интрига емес, жалғасын болжауға қиын түсетін шытырман оқиғалы сабын операсына (soap opera) жатады. Сериалдағы басты рөлдердің бірін қазақстандық көрермендерге «Келін» телесериалымен танылған Авика Гор ойнайды. ASTANA TV телеарнасын осы актрисаның танымал болуы қызықтырды ма, әлде дүниетанымымызға қонымсыз сюжеттік желісі еліктірді ме? Әйтеуір қандай мақсатпен көрерменге ұсынып отырғаны түсініксіз.
Экрандағы жасырын ойлар
Бұл сериалдың тез танымал болуына қоғамдық қалыптасқан психология тұрғысынан қарауға болады. Үнділік мелодрамалардың басты тақырыбы – отбасы және дәстүрлі қоғамдағы «келін» мәселесі. Үнді қоғамы әлі күнге дейін иерархиялық Каста жүйесімен өмір сүретін ел, яғни қоғамның кез келген мүшесі өзінің шығу тегімен және қоғамдық дәрежесімен бағаланады. Сонымен қатар, Үнді елі бүгінгі таңда жыныстық дискриминациядан қатты зардап шегіп отырған мемлекеттер қатарына кіреді. Дәстүрлі феодалдық қоғам тәртіптермен өмір сүріп келе жатқан елдің отбасылық құндылықтары, қарым- қатынас қайшылықтарының бәрі қандай да бір дәрежеде қазіргі қазақ қоғамымен ұқсастығы байқалады.
«Абысындар» телехикаясының негізгі оқиғасы бір отбасына келін болып түскен апалы-сіңілі қыздардың отбасылы өмірлерін баяндайды. Олар отбасының береке-бірлігін сақтаушы және сол үшін бәрін, тіпті өз өмірлерін құрбан ететін «берілгендер». Бұл қасиет сол қоғамда өте жоғары бағаланады. Ал үнді сериалдарының басым бөлігіндегі антагонист болып шығатын оқыған, өз өмірі мен мақсатын алдыға қоятын кейіпкерлер қашанда экранда отбасын құртушы, азғырушы кейпінде көрінеді.
Бұл туралы британ психологтары Nicholas Deakin мен Dinesh Bhugra «Болливуд фильмдеріндегі отбасы тақырыбы: өзгерістер мен контекст» атты зерттеу жұмысында; «Фильмдердегі отбасылық тартыстар негізінен екі жақтың қоғамдық статусының әртүрлі болуынан басталады. Әрқашан да батыстық құндылықтардың репрезентациясын жасап отырған жақ немесе кейіпкер отбасын құртушы, азғырушы сипатында көрсетіледі» деп жазады. Дәл осы жерде үнді қоғамының адамды таңдау еркіндігі, индивидуализм, толеранттылық сияқты жалпыадамзаттық өркениет құндылықтарына, модернизациялық құндылықтарға батыстық идея ретінде қандай да бір фобия көзқараспен қарайтыны байқалады. Сондықтан да бұл сериалдардағы дәстүрлі қоғам принциптері, тұлғаның қоғамдық мәртебесіне стереотип көзқарастар ешқандайда заманауи өркениеттік даму категориясына сәйкес келмейді. Мұндай өнімдерді халыққа ұсыну – онсыз да өзіміз бетпе-бет келе алмай отырған қоғамдық жараларымызды асқындырып, демократиялық, азаматтық, зайырлы қоғам құру жолындағы қозғалысымызды тежейді.
«Абысындардың» қазақша нұсқасы не дейді?
Осы тұста салыстырмалы түрде аттас қазақстандық сериалды алуға болады. 10 эпизодтан тұратын «Абысындар» комедиясы QAZAQSTAN ұлттық телеарнасында көрсетілді. Оқиғасы әдеттегідей жас келіннің жаңа ортаға бейімделуі жайында өрбиді. Үнді сериалдары өздерінің ұлттық салт -дәстүрлерін қазақ көрермендеріне жақсылап тұрып оқытса, бұл қазақ сериалы да қазақи дәстүрлерді көрсетуге тырысып бақты. Әйткенмен дәл осы қазақ сериалында да жоғарыда атап өткен фобия көрініс табады.
Бұл кеше ғана Америкадан оқудан келген кенже қыздың сахнасында анық көрінеді. «Ойбай, бетіңді жуу!» -дейді ұзақ уақыттан кейін оралған қызына анасы. Яғни бояну батыстан жетті және бұл – нашар деген ой айтқысы келеді. Бірақ меніңше, режиссер бұл жерде өте ескі көзқараспен қарап отыр. Себебі бүгінгі таңда керісінше бізде әсіре бояну, әсіре жылтырға деген құштарлық бар да, ал батыс әлдеқашан қарапайымдылықты ту еткен прагматизм философиясымен өмір сүріп келеді.
Егер сен дәстүрлі отбасылық тәртіпті құрметтесең, бұл – өте жақсы, ал егер бөтен қылық көрсетсең, бұл – өте жаман. Міне, осындай өте қарапайым ақ-қараның түсінігіне құрылған шағын сериалда модернизацияланған қоғамның келбеті тұрмақ, көлеңкесі де көрінбейді (фильмдергі заманауи құралдар, соңғы үлгідегі киімдер модернизация ұғымына толық жауап бере алмайды).
Әрине, мемлекеттің тұрақты дамуында отбасылық құндылықтардың сақталуы, беріктігі маңызды екендігі даусыз. Бірақ ол заманауи өркениет құндылықтарымен келісімге келе алмаса, қоғамның модернизациялануы үрдісінде адами капиталдың дамуын басты орынға қоя алмаса оның құнының өзінен -өзі жоғалатындығы белгілі. Халыққа мәдени өнім ұсынып отырмыз дейтін телеарналардың қоғамды модернизациялау, постиндустриалды қоғам құру сияқты тақырыптардағы жарқылдаған репортаждарынан кейін «Абысындармен» жұмыс күнін аяқтайтыны біразға дейін жұмбақ күйінде қалары анық.
Қазақстандық «модернизация»
Сонымен, халыққа ұсынып отырған мұндай өнімдермен қандай қоғам құруға талпынып отырмыз?! Шынымен де модернизацияланған кемел мемлекет пе? Дәл қазіргі Қазақстандағы модернизациялану тақырыбына байланысты жүргізілген төмендегі бірнеше зерттеудің қорытындысына қарасақ, өте қызық қайшылықтар табамыз.
«Модернизация және ұлттық даму жолы: тарихтан сабақ және болашаққа бағдар» атты тақырыпта белгілі саясаткерлер мен әлеуметтанушылар профессор Роберт Инглхартың теориясына сәйкес жүргізген зерттеу нәтижесінде төмендегідей құндылықтардың қазақстандықтар үшін басымдылығын анықтайды.
Олар: денсаулық, бала, қауіпсіздік, әл-ауқат, махаббат. Мұны психолог Абрахман Маслоу «аман қалу құндылықтары» деп атайды, бірақ модернизацияның ең негізгі қозғаушы күші бола алатын өзін-өзі жүзеге асыру, өзін-өзі дамыту құндылықтары ең төменгі орындарды алған.
Сонымен қатар «Қазақстандық қоғамның модернизациялануы және оның бұқаралық санадағы көрінісі» деп аталатын келесі бір зерттеу жұмысында қазіргі қазақстандықтар үшін ең басты басымдыққа ие либералды- демократиялық құндылықтар ретін төмендегідей көрсеткіштер бойынша орналастырады.
- Әділет – 44,31%
- Еркіндік – 35,29%
- Абырой – 28,29%
- Суверенитет – 24,16%
- Демократия – 24,91%
- Теңдік – 22,65%
- Жеке мүлік – 12,64%
- Индивидуализм – 8,01%
- Сауда – 7,76%
- Реформа – 5,38%
Әділетті, еркін, суверенитет, демократиялық қоғамды құрайтын негізгі құндылықтардың бірі — индивидуализмның басымдылығы соңғы орындарда тұр. Бұл көрсеткіштер «Қазақстан қоғамында әлі модернизация құндылықтары қалыптасып үлгірмеді» деген қорытындыға әкеледі.
Мәдени өзгеріссіз модернизация
Осы тұста үлкен заңды сұрақ туындайды: дәстүрлі қоғамнан модернизацияланған жүйеге өту үшін бізге қандай алғышарттар керек? Ең маңызды фактор: ол — мәдени трансформация. Мәдени модернизация ғана қоғамдағы саяси және әлеуметтік модернизациялау процессін жылдамдатады. Ең қызығы, мемлекет «Рухани жаңғыру» сияқты бірқатар бағдарламалар арқылы мәдени модернизация саясатын жүргізіп отырмыз» дегендерімен, қазірде халықтың мәдени құндылықтарын қалыптастырып отырған телеарналардың концептуальды ұстанымдары мұны жоққа шығарып отырғандай. Қазір де суперхитке айналып, ең жоғарғы рейтингты алып отырған үнді сериялдарының тоқтаусыз аударылуы және осы жердегі телеарналар саясатының қай бағытта жұмыс істейтіні мүлде түсініксіз күйінде қалып отыр.
Бір нәрсе даусыз: ашық ақпараттанған қоғам бәрібір де өнімнің сапасына деген сұранысты тудырады. Міне, дәл сол уақытта телеарналардың аудиторияның қажеттілігіне қарай жұмыс жасаудың маңыздылығы алға шығады. Бұл қажеттілік, сөз жоқ, отандық фильмдер мен сериалдардың еншісіне қалатыны анық.