ДомойМедиасынХалықаралық әйелдер күні: гүлдер, феминистер, харрасмент. 2-8 наурыз қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Халықаралық әйелдер күні: гүлдер, феминистер, харрасмент. 2-8 наурыз қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Халықаралық әйелдер күні: гүлдер, феминистер, харрасмент. 2-8 наурыз қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Аптаның басты тақырыбы 8 наурыз мерекесі болғаны әмбеге аян. КТК телеарнасының «Большие новости» бағдарламасы 7 наурызда эфирге шықса да әйелдер туралы көп көрсетті. Ал «Хабар» телеарнасының материалы шошытты. Барлық телеарна коронавирус тақырыбында сюжет беріп жатыр. Әрқайсысы өзінше бір ерекшелік табуға тырысады.

Эксклюзив материалдар да көп. КТК телеарнасы Ақтөбедегі санаторий жағдайын көрсетсе, QAZAQSTAN телеарнасы бір емес, бірнеше жарылыс болған Арыс тұрғындарының мәселесіне назар аударды.

Тұрақты шолуымызға КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Интернетте Ақтөбедегі «Чайка» облыстық балалар сүйек туберкулезі санаторийінің тәрбиешісі осындағы 10 жасар баланы ұрып-соққан видео тарады. Аптаның басты әрі эксклюзив (басқа телеарналар көрсетпеді) тақырыбы осы. Журналистер мекеме басшылығымен де, соққыға жығылған баламен де сөйлесіпті. Басшылық та аң-таң. Тәрбиешіні жұмыстан босатып, (осы көріністі сырттай бақылап тұрған, бірақ еш тоқтатпаған қызметкерді де жұмыстан шығарыпты) қылмыстық іс қозғаған. 10 жасар бала әкесінің кім екенін білмейді, ал ішкілікке салынған анасын төрт жыл бұрын ата-ана құқығынан айырған. Десе де тілшілер баланы «тұл жетім» деп атады. Материалда барлық тараптың комментарийі, тіпті «баланың мінезі қиын» деп айтқан қызметкер сөзі де бар. Баланс сақтауға тырысқан. Сюжеттегі эмоциялар ешкімді бей-жай қалдырмайды.

Екінші жаңалық – Семей қалалық сотының Мұхтар Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату шешімі. Судьяның сөзінен кейін қоғам белсенділерінің бұл шешімді қуана қабылдаған сәтін көрсетті. Екі саясаттанушы комментарий беріпті. Досым Сатпаев бұл саяси шешім екенін, кейбіреулер бұдан да бетер ақша жымқырып, бірақ сытылып кетіп жатқанын айтса, Әшімбаев мұнымен келіспей, бұл экономикалық дау екенін, саяси қуғындау белгілері жоғын айтады.

Коронавирус барлық бағдарламаның міндетті бөліміне айналды. КТК телеарнасы да сюжет жасап, әлем және Қазақстан жаңалықтарын жинап берді. Коронавирусқа қарсы екпе дайындау процессінің қалай боп жатқанын да айтып өткенде жөн еді. Айтпады. Әдемі креатив стендап ерекше атап өту әбден лайық.

«Большие новости» бағдарламасы сенбі күні кешкісін эфирге шығады. Бұл жолы 7 наурызға тура келді. Халықаралық әйелдер күні болмағанымен де әйелдер өміріндегі аса қиын тақырып – харрасмент жайында сюжет әзірлепті. «Флирт пен харрасменттің аражігі қайсы?». Журналистер осы сауалды ортаға тастайды.

Бұл сюжетті жасауға қазақстандық әнші DEQUIINE-нің екі рэперді (Кисло-сладкий және Bonah) омырауын сипалап, белінен төмен қол жүгірткені үшін айыптағаны түрткі болған. Рэперлер кешірім сұрады: мас болғанға ұқсайды. «Әрине, бұл олардың әрекетін ақтамайды»-,деді жүргізуші Анна Яломенко. Сюжетте харрасмент тақырыбынан бөлек, елімізде мұны дәлелдеудің қандай қиын екенін де айтады. Барлық тарапты (тіпті еркектерге болысып, әйелдерге: «жағдайды ушықтырмау» керегін айтқан Тәңірберген Бердіоңғаровты да) сөйлеткен. Сюжет авторлары тиісу мен зорлыққа ұшыраған жәбірленушілерді еш табаламайды (болған жайтқа оларды кінәлі етіп көрсетпеді). Әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары сюжет.

«7 күн», «Хабар»

«7 күн» бағдарламасы қыз-келіншектерді мерекесімен құттықтаудан және апта ішіндегі басты тақырыптар аңдатпасынан басталды. Аңдатпаға енген тақырыптардың бірі – қытай коронавирусы әкелген өзгеріс – бұқаралық іс-шараларды тоқтату.

Президенттер туралы дәстүрлі бөлімнен кейін «Цифрландыру» сюжеті шықты. Мұнда тілші «Қазпошта» роботымен сөйлесіп, олардың қалай жұмыс істейтінін әңгімеледі. Контраст ретінде Берёзовка ауылы тұрғындарын көрсетті. Олар байланыс желісін іздеп, ауыл ішін аралап кететіндерін айтады. Ауылдарды интернетке қосу, жалпы байланыс сапасын жақсартуға «Асқар Жұмағалиев басқаратын министрлік» жауап береді. Министр Жұмағалиев барлық ауылды 2020 жылдың соңына дейін интернетке қосуды жоспарлап отыр.

Цифрландыруға қаржы ұдайы бөлінсе де кейбір «жекелей министрліктердің» сатып алатын құрал-жабдығы «түпкі мақсатқа арналмаған» («не работает на общие цели» — түпнұсқа). Қай министрліктер? Қандай құрал-жабдық? Неліктен «түпкі мақсатқа арналмаған», онда неліктен сатып алады? Бұл сұрақтарға жауап жоқ.

Баланс сақтау үшін жетістіктерді: электронды еңбек биржасы, еңбек құжаттарын цифрлау, «Сергек», мектептердегі бейнебақылау камералары, әкім қабылдауына электронды жазылу және тағы басқасын айтып өтті. Сюжетке қазақстандықтардың несие қарызын кешіруді неліктен қосқаны түсініксіз? Мұның барлығы банктердің базаны уақытылы жаңартпауы себебінен туындаса, онда мұны түсіндіру керек. Қаржы тұрғысынан да қандай да бір байланыс жоқ. Осы тұста сарапшының комментарийі қажет-ақ, бірақ сарапшыға сөз бермеді.

Коронавирус туралы дәстүрлі бөлімде: барлық жаңалықты хабарлап, тіпті үкіметтің шектеулерін «жақсы» деп бағалаған адамдарды сөйлетті.

Денсаулық саласын «Вопрос жизней» сюжетінде де талқылады. Трансплантология тақырыбына арналған сюжетте хикаялар да, статистика да бар. Дәрігерді де, дін өкілін де сөйлеткен сюжет тақырып төңірегіндегі қауесет пен үрейді сейілтуге тырысыпты.

Бағдарлама МӘМС тақырыбына жалғасты. Медсақтандыру аясында алғашқы тегін операциялар да жасалыпты. Жақсы сюжет, дәрігерлер де, сарапшылар да, бұқара да бар.

Ал 8 наурызға арналған сюжет еш сын көтермейді. Бағдарлама авторлары әлеуметтік жауапкершіліктен жұрдай, баланс сақталмаған, манипуляция байқалатын сюжет дайындаған. Қазақстанда 8 наурызды атап өтуге қарсы әйелдер барын айтқан жүргізуші де, стендапында:«Еркектердің үйдегі бар шаруаны атқаруды уақытша өз мойнынан алып, сүйіктілеріне сыйлық бергенде тұрған не бар екен, тәйірі? Біз осыны қыз-келіншектер қауымынан сұрап көрдік» деп айтып, сосын «Сіздіңше 8 наурызды тойлау керек пе?» деп сауалнама жасап, манипуляция мәндегі сұрақ қойған тілші де «әйелдер мерекесінің шырқын кейбір әйелдер бұзады» деген ой айтқысы келгендей көрінді.

Бағдарлама әнші Қайрат Нұртастың Алматыдағы Көк базарды әндете аралап, сондағы әйелдерге гүл сыйлаған видеосымен аяқталды. Әйелдер қосыла ән шырқайды.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аналитика» эфирі 8 наурыз мерекесімен құттықтаудан басталды.

Nur Otan партиясының жастар қанаты университеттердегі жемқорлық бойынша жасырын сауалнама жүргізіпті. Сауалнама жауаптары қылмыстық іс қозғауға түрткі бола алмайды. Тек жалпы мәлімет үшін айтылады. Ал жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері және бір істің басын ашыпты. Бұл «Аналитика» бағдарламасының жемқорлық туралы сюжетіне алғысөзі (жалпы соңғы уақытта бағдарламаның әр эфирінде жемқорлық тақырыбы шығып жүр). ҚазАгро топ-менеджерлері шаруаларды қаржыландыруға бөлінген ақшаны жеке депозиттеріне салған. Бағдарлама авторларының жақсы көретін тәсілі – фильмдерден үзінділер қосады. Бұл жолы кеңестік фильмдерден үзінділер алыпты.

Күн дерегі — «әуежай комиссиясының келісімінсіз қорғау аймағында 100 мың құрылыс нысанын тұрғызған». Тақырыптан бейхабар адамға «қорғау аймағы» дегеннің не екені түсіне қоймайды. Келісімді неліктен әуежай комиссиясы береді? Неге әкімдік пен салалық министрліктер бермейді?

Коронавирус туралы сюжетте барлық жаңалықты жинаған. Коронавирус туралы вайндарды қосып, Plague Inc ойынын да айтып өтті. Бұл ойында адамзатты вирус арқылы жояды. Соңғы уақытта тез танылып, сұраныс артқан ойын. Пайдалы мәліметтер де, мәселен 10 күнге арналған азық-түлік себетін жасақтау туралы кеңес бар. Жазға қарай эпидемия тоқтайтыны туралы болжам да келтірді (ал КТК телеарнасында мұның неғайбіл екенін айтқан).

Бағдарлама Мұхтар Жәкішев туралы жаңалықты да айтты. Жалпы Мұхтар Жәкішевтің түрмеден шығатынын тек «Хабар» телеарнасы көрсетпегенге ұқсайды.

Әлем кинематографиясындағы Қазақстан. Осы сюжетте кинотанушылар Олег Борецкий, Карим Кадырбаев және саясаттанушы Расул Жұмалы комментарий берген. Тілші Борат фильмі шыққанға дейін және кейін Лондонға барған сапарларын еске түсірді. Айтуынша, сол фильмнен кейін Қазақстан әлемге танылып, интернеттен Қазақстан туралы мәлемті іздейтіндер көбейген.

Қылмыс хроникасында Алматы облысында үй өртеніп, үш сәбидің көз жұмғанын, Қостанайда еркек пен бірнеше қызды құлдықта ұстаған ер адамға сот үкімі шыққанын, Қостанайда екі адамды бөлшектеп өлтіргенін, Нұр-Сұлтанда ер адам итті жеп қойғанын хабарлады. Итті жеп қойған ер адамның бет-жүзін ашық  көрсетті. Ол өзінің еш өкінбейтінін айтады. Бетін көлегейлеп жаппады. Енді ашулы адамдар ол еркекке қауіп төндіруі мүмкін екені журналистердің қаперіне де кіріп шықпаған сияқты.

8 наурызға арналған сюжетте әйелдер туралы цифрды сөйлетті: 1000 еркекке 1064 әйелден келеді, мектептерде ер мен әйел үлесі тең, колледжерде жігіттер, ал университеттерде қыздар үлесі басым. Ер адамдардың айлығы әйелдердің айлығынан көп. Үкіметтегі қызметкерлердің 40%-ы – әйелдер, алайда еркектердің қызмет лауазымы жоғары.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан қыз-келіншектерін 8 наурыз мерекесімен твит-құттықтауынан басталды. Ізінше жас күнінде қызылша өсірген және 19 жасында механизатор болған екі зейнеткер әже туралы сюжетке жалғасты. Материал авторлары «Хабар» сюжетімен салыстырғанда мерекенің түпкі мағынасын дұрыс түсінген сияқты. «Біздің еңбекқор қыз-келіншектер қандай ғанибет», деген мән жатыр. Ссюжет тым созылыңқы. Ұзақтығы 5 минут сюжетті 3 минутқа сыйдыруға болар еді.

Коронавирус сюжетінде соңғы жаңалықтарды айтып, Ирандағы этникалық қазақтар мен Италиядағы қазақстандықты сөйлетті. Олар сондағы жағдайды баяндады. Сюжетте қолды жиі әрі ұзақ жуу керек екенін еске салды.

Apta авторлары өткен жылы Арыста болған жарылыс салдарына сюжет арнады. Жергілікті ондаған кәсіпкер әлі күнге дейін өтемақыны мүлдем не толық алмағанын айтады. 10 айдан бері бизнесі тоқтап тұр. Көп комментарий бар. Әйтсе де сюжеттен кәсіпкерлердің неліктен өтемақы алмағаны сол күйі түсініксіз боп қалды.

Таразда жиналған ақшаның есебін директордан сұрағаны үшін жұмысынан қуылған ұстаз қызметіне қайта оралды. Ал директорды орнынан алып тастады. Енді ол соттасқалы жатыр. Толымды сюжетте баланс сақталып, түсінікті жасалыпты.

Қазақстандағы мектептердің үштен бірінде спорт залы жоқ. Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл мектебінің негізінде сюжет дайындаған. Сюжет бар мәселені баяндайды, басқа ештеңе айтпайды.

Алғысөзінде «Ішкі істер министрлігін реформалау басталды» дейді. Байқала ма?» деп сауал тастаған сюжетте қызық деректер баршылық. Басты кейіпкер — зейнетке шыққан тергеуші. Ол жұмысында болған оқиғаларды есіне түсіріп, қазіргі ішкі істер органдарының жұмысына неліктен көңілі толмайтынын да айтты.

Apta бағдарламасы да Мұхтар Жәкішевті көрсетті.

Бағдарлама соңында жүргізуші Жайна Сламбек жазушы Ғабит Мүсіреповтың әйелдер туралы айтқан сөздерін оқыды. Әйелдердің әралуан портретін экранға шығарды. Фонда ана туралы ән шырқалды. Осылайша лирикалы мәнде эфирді аяқтады.

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізеді және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР