Қазақстанның кешегі аптадағы басты жаңалығы – Қазақстанға қатыссыз жаңалық боп шықты. АҚШ-та афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімі митингілерге, жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Телеарналар бұл оқиғаны қалай көрсеткенін бақылау да қызық. Мәселен, КТК телеарнасы «АҚШ-та жүрген қазақстандықтардың жағдайы қалай» деген сұраққа жауап іздесе, «Хабар» телеарнасы «сұмдық жайттарды» жинапты: о жақтағы жағдай өте нашар, бізде де мұндай болғанын қаламаймыз, деген ойды емеурінмен жеткізді. «Еуразия бірінші арнасы» демократиялық БАҚ қалай жұмыс істеу керек екенін әдейі не кездейсоқ көрсетті.
Бұл аптадағы қорытынды бағдарламалардың эксклюзив тақырыптарын да атап өткен жөн: «Большие новости» бағдарламасының жануарларды азаптау туралы сюжетін жүйкесі әлсіз адамдар көруге болмайды. «Аналитика» бағдарламасы балаларға зорлық-зомбылық жасау тақырыбына сюжет арнады. Ал «7 күн» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласын табиғи газ жылытарына қуанды. Apta бағдарламасы мемлекеттік сатып алулар саласындағы жемқорлық, «откат» тақырыбы мен Байқоңыр ғарыш айлағының 65 жылдығына сюжет арнады.
«Большие новости», КТК
Бағдарлама Алматы мен Нұр-Сұлтанда тез таратылған рұқсат етілмеген митингке шығу әрекеттері туралы қысқа видеохабарламадан басталды.
Ары қарай коронавирус туралы блокқа жалғасты. Мәселен, Қазақстанда 700-ден астам симптомсыз COVID-19 жұқтырғандар анықталыпты. Қалай анықтады? Айтпады. Есесіне республикамызда коронавирустан қаза тапқандар көрсеткіші әлемдегі ең төмені екенін білдік (бізде 0,4%, ал Ұлыбританияда – 14%-дан асады екен).
Интернетте петицияға қол жинау жүріп жатыр: қазақстандықтар жан-жануарды азаптайтындарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп жатыр. Осы тақырыптағы арнайы репортажда адам шошытар, сюжет аяқталғанша көзді жұмып отыруға әсер етер кадрлар бар. Жүргізуші Алексей Рыблов ата-аналарға баланы теледидар экранынан аулақ әкетуді дұрыс ескертеді.
АҚШ-тағы тәртіпсіздіктер мен сондағы қазақстандықтар туралы сюжет. Қазір АҚШ-та жүрген отандастарымыз меншікті тілшілер сияқты сөйледі: өзін камераға түсірді, достарынан өтінді, қай қалада не боп жатқанын баяндады. Кейбіреулері тек тілші ғана емес, сарапшы ретінде де сөйлеп, наразылыққа қатысып жатқандардың бәрі бірдей нәсілдік кемсітушілікке қарсы емес екенін, кейбірі жеке пайдасы үшін «дүкендерді тонап» жатқанын айтты.
Эмигранттардың бірі бұрынғы қазақстандықтардың митингілерге қатысуын «Полицияның бассыздығы барлығына қатысты» деп түсіндірді. Сюжеті қанық, егжей-тегжейлі сюжет.
https://youtu.be/157FQyViJGI
Жаздың алғашқы аптасында «Большие новости» бағдарламасы Қазақстан билігінің ішкі туризмге қалай қолдау көрсетеріне сюжет арнады. Материал авторлары проблеманы жан-жақты айтып, шенеуніктер мен кәсіпкерлерді сөйлетті. Алайда туристерге сөз бермеді. Шекараның жабылуы мен коронавирус пандемиясы – отандық курорттарға қолдау бола алмайды екен. Әзірге жағдай солай боп тұр.
https://youtu.be/P8E7Jzyr6mM
«7 күн», «Хабар»
Осы аптаның бағдарламасы әзірге белгісіз жайттан басталды. Мұның алдын келер аптадан бастап бағдарлама студиядан эфирге шығатынын айтып еді. Әзірге үйден хабар таратып жатыр.
Жүргізуші жеке хикаясы арқылы блокбекеттерді алып тастағанын айтты. Ол ең алдымен ауылдағы енесіне барып, үй тағамдарын – сүт, қаймақ және тағы басқасын әкеліпті.
Бірінші сюжет «Ложка к обеду» деп аталады. Бұл сюжет «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жұмыс қорытындысына арналыпты. Қор құрылуының бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс нәтижесін тексерді. Материал тұңғыш президент пен қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов синхрондарынан құралған. Сюжетте айтылғандай, қордың жағдайы жақсы, табысы артып келеді екен. Менеджерлер жарап тұр, президент жасалатын іс-әрекетті қолдайды. Дағдарыс бәрінен бұрын «Қазмұнайгаз» компаниясына қиын тигенін (осыған дейін бұл туралы КТК телеарнасында жарнамалық стилде сюжет көрсеткен) айтты. Компания қиындықты еңсеріп, жаппай қысқартуға бармай, өзгерістерге дайындалып жатыр екен.
«Сарыарқа» газ құбыры пайдалануға берілмек. Алғысөзінде жүргізуші үйіндегі пешіне қатты отын салып жатыр. Сюжет Иса есімді кейіпкер хикаясынан басталады. Ол Тараздан Нұр-Сұлтанға көшіп келгенде туған қаласында газ бар, ал астанада газ жоқ, адамдар үйін көмір жағып жылытып жатқанын көріп таңданыпты.
Жоба жетекшісінен комментарий алды. Оның айтуынша, жұмыс мерзімінен бұрын жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеменің жетекшісі биыл газ беріле бастайтынын айтады. Минустарды да айтып өтті: енді табиғи газға тек жеке сектор ғана емес, Жылу электр стансасы да көшеді екен. Демек, жылу тарифі өседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да сұхбат берді. Бұл жолы «Комсомольская правда» басылымы сұрақ қойыпты. Бұған да бөлек сюжет арнады. Сұхбатта айтылғанды қысқа қайырсақ: Қазақстанда «Донбасс» болмайды, қос билік жоқ, Қытай экспансиясы да жоқ, «орыс диаспорасы», «ұлттық азшылық» ұғымы да жоқ.
«Хабар» телеарнасы да АҚШ-тағы жағдайға назар аударды (шын мәнінде, бұл таңғалар жайт емес: сонау кеңес заманынан бері ресми БАҚ-тар о жақтағы жағдай қандай қиын, «іріп-шіріген Батыс», бізде бәрі керемет екенін айтып келеді). Сюжет атауы да айтарынан хабар береді.
АҚШ-тағы тәртіпсіздіктер туралы материал қорқынышты. Кадрларда полицияның кәрі адамды итеріп жіберіп, о адам құлап, басын соғып алғанын, полицей Флойдтың мойнына тізесін батырып жатқанын көрсетті. Ал 6 маусым – сенбі күні Қазақстанда адамдар митингке шыққаны туралы ләм-мим демеді.
Карантин жағдайында мектеп бітіру кештері туралы екі минуттық материалда түрлі түлектерді көрсетті. Біреулері оқу аяқталғанына қуанып, алғыс айтып жатса, екіншілері осынау ерекше күнді тағатсыздана күткенін, бірақ мереке еш сезілмейтінін, фотода бетперде тағып, қолғап киіп жүргеніне қапалы. Айтпақшы, осы аптада бірнеше түлек кортеж жасап, жол қозғалысы ережелерін бұзды. Алайда «7 күн» эфирінде мұны айтпады.
Бағдарлама соңында жүргізушінің Марс ныспылы итімен бірге серуенін көрсетті. Бұл ит эфир жұлдызына айналды. Көрермендер келесі шығарылымда итті көрмесе, алаңдай бастады. Александр Трухачев Марстың жағдайы жақсы екенін, ит ыстықтап жүргенін айтып, «суға жүз» деген бұйрық берді. Ит қуанып, суға жүгіреді. Бағдарлама аяқталды.
«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарламасының бірінші материалы «Балаларды қорғау күніне» арналды. Қазақстанда ең алдымен жақындарынан не олардың өмірі үшін жауапты адамдардан балаларды қорғау керек. Материалда Аягөз, Павлодар, Тасарықтағы интернат тәрбиеленушілерінің проблемасын егжей-тегжейлі айтты. Балалардың бетін бұлыңғырлап жапқан. Сюжетте полицейлер, құқық қорғаушылар мен қоғам қайраткерлерінің комментарийлері бар. Журналистер жауапты тұлғалардан комментарий алуға тырысыпты. Алайда бір ретте оларды кіргізбепті. Білім басқармасының басшысы журналистер сұрағына тікелей емес, тек Instagram аккаунтында жауап беріпті. Толымды да баланс сақталған материал.
«Еуразия бірінші арнасы» #явмаске челленджін бастады. Қазақстандықтарға әлеуметтік желіде фотосуретін жариялап, өзін және достарын тегтеуді ұсынады. Блокбекеттерді алып тастап, төтенше жағдай режимін тоқтатқаннан кейін Қазақстанда көптеген адам қауіпсіздік шараларын ұмытты не коронавирус барына сенбеді. Коронавирусты астыртын әрекет деп есептейтін Өскемен тұрғынын, бұған жауап ретінде дәрігерлердің ауруханадағы жағдайды түсірген видеоларын көрсетті. Материалда қандай кәсіп нысандары карантиннен шыққанын (мысалы, фитнес-орталықтар), ал қандай нысандар әлі карантинде екенін (балабақшалар, үйірмелер, секциялар, банкет залдары) айтты. Карантин кезінде митинг өткізу қауіпті екенін де хабарлады. 6 маусымда Қазақстанда өткен наразылық акцияларын көрсетпеді.
АҚШ-та Джордж Флойд өліміне байланысты наразылықтарға «Аналитика» авторлары 10 минуттық материал арнады. Полицейлердің наразылық танытушыларға назданып тұрмайтынын (кешірім сұрағанын материал соңына таяп айтты) атап өтті. Ақпарат агенттіктерінің кадрларынан басқа оқиға куәгерлерінен арнайы алынған сұхбатты, отандық сарапшылар комментарийін қолданды. Журналистер полицей қолынан қаза тапқан афроамерикалықтар туралы тағы басқа оқиғаларды еске түсірді. «Вашингтон пост» басылымы тәртіп сақшылары тарапынан болған кісі өлімі бойынша өз статистикасын жүргізіп жатқанын айтты. Әдейі не абайсызда ма екені белгісіз, осы сәт елдегі жағдайды бүкпесіз айтатын демократиялық басылымның артықшылықтарын көрсетеді.
Бағдарлама орман шаруашылығы және жан-жануарлар әлемінің инспекторы Леонид Сидоренко туралы материалмен аяқталды. Портрет-сюжет– видеоны тыңғылықты түсіріп, монтаждап, сұхбатты әбден ойластыра, динамика сақтауды талап етер күрделі жанр. Журналист Илья Самохвалов кейіпкер өмірінен көптеген хикая мен қызық видеолар жинаса да материал бірсыдырғы шықты. «Қапшағайлық Рембо» образы ашылмады. Бұл материалда драматургияның жоқтығына байланысты болды.
Apta, QAZAQSTAN
Бағдарлама Тоқаев твитінен басталды. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды карантин шараларын сақтауға шақырды. Сондай-ақ, бағдарлама авторлары мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли COVID-19 жұқтырғанын хабарлады.
Келесі сюжет пандемиямен күресіп жатқан дәрігерлерге арналыпты. Мәселен, өзі індет жұқтырған инфекционист дәрігерді көрсетті. Үстемақы алмайтын санитар, жедел жәрдем көлігі жүргізушілерін айтты. Тілшінің айтуынша, жауаптылар мұндай жұмысшылар үстемақы алатын санатқа енбесе де оларға екі еселенген айлық төлеген. Жауаптылар кім екенін сюжет авторы түсіндірмеді.
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры туралы сюжет Елбасының синхрондарынан құралған. Мән-мазмұны да, кадрлары да өте-мөте хаттамалық сюжет.
Apta авторлары Алматыдағы блокбекетте болған жол-көлік апатында қаза тапқан екі полицей оқиғасы туралы екі аптадан кейін айтты. Мұндағы «басты» ақпарат: қалалық полиция департаменті бастығының апатқа кінәлінің жұмыстан шығарылған полицей не жұмыс істеп жүрген полицей екені маңызды емес, деп айтқаны болды. Алматыдағы жол-көлік оқиғасы тек хабарлама түрінде берілді. АҚШ-тағы оқиғаларға тұтас толыққанды материал арнады.
Мемлекеттік тендерлердегі «откат» мәселесіне арналған сюжет – эксклюзив болды. Шығыс Қазақстан облысының бизнесмендері тендер алғанда «откат» беруге тура келетінін айтып, шағымданды. Толымды да баланс сақталған сюжет.
Тағы бір эксклюзив әрі толымды да қызық сюжет Байқоңыр ғарыш айлағының 65 жылдығына арналады. Сюжетке америкалық Crew Dragon ғарыш кемесінің ұшырылуы түрткі болыпты. Материалда бұл оқиға Байқоңыр ғарыш айлағының жұмысына қалай әсер етері, ғарыш айлағы маңындағы қала тұрғындары қалай өмір сүріп жатқанына жауап іздейді.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламасына тұрақты мониторинг жүргізеді, апта сайын жариялайды.