Экшн фильмдерден атыс кезінде бас кейіпкер автомобильді қалқалап, аман қалғанын жиі көрсетіп жатады. Шынтуайтына келсек, бұл нағыз қақтығыс кезінде адам өмірін қиюы мүмкін киномифтердің бірі. Мұны Кристофер Бут (Cristopher Booth, Ұлыбритания) айтты.
Крис Бут мультимедиа өндірісі саласында отыз жылға жуық уақыт еңбек еткен. Оның он жылын бұрынғы КСРО аумағында APTN, Sky, NBC, BBC сияқты басылымдарда жұмыс істеп өткізді. Крис BBC-дің Мәскеу бюросына жетекшілік етті, кейін осы қызметін Бағдадта жалғастырды. Сондай-ақ ол BBC-дің Әлем жаңалықтары бөлімінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған.
Ол 1993 жылғы Мәскеудегі конституциялық дағдарысты, Шешенстандағы, Косоводағы, Ауғанстандағы, Ирактағы соғыстарды, Украина мен Грузиядағы төңкерістерді, Бесландағы апатты хабарлады. Крис Бут ЕҚҚДБ-ның (Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі) коммуникация бойынша директор көмекшісі болған, ұйымның видео және фото түсіріліміне жауап берді. Кейін медиа-оқыту мен контент өндіруге маманданған компаниясын құрды. Ол KazMediaNetwork қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған вебинарда қақтығыс кезінде журналистердің аман қалу мүмкіндігін арттырып, жақсы материал жасауына көмектесетін пайдалы кеңестерін бөлісті.
Қаладағы қақтығыс жағдайлары үнемі әралуан, ешқашан екі бірдей қақтығыс болмайды, яғни ақпарат тарату кезінде кездесуі мүмкін қатерді түбегейлі жоюдың да еш жолы жоқ. Бүгінде демонстранттар да, құқық қорғау органы қызметкерлері де журналистерді бейтарап бақылаушы ретінде қарастыра бермейді. Қақтығыс кезінде бәрінің ортақ нысанасына айналатыныңызды біліңіз.
Крис Буттың кеңестері:
Ең нашар жағдайға дайындалыңыз — тікелей эфирдегі атыс, тұтқындау, іс-әрекетін болжау мүмкін емес тобыр, арандатушылар, экстремал ауа райы, ұялы байланыстың жоғалуы, бірнеше сағат емес, күндер бойына жалғасатын демонстрациялар. Үйден немесе жаңалықтар бөлімінен шықпай тұрып, мұның барлығына жүйелі түрде дайындалыңыз. Жағдай кенет ушығып кетсе, күтпеген нәрсенің бәріне әзір болуға уақыт бөлгеніңізге еш өкінбейсіз.
Смартфонға тәуелділік бізді осал етеді. Смартфонның қуаты сарқылуы мүмкін немесе сынып қалуы мүмкін. Билік байланыс желісін өшіріп тастауы мүмкін. Бұған дайын болыңыз:
— жұмыс істеуді жоспарлап отырған аймақ картасын қағазға шығарып алыңыз: мобайл қосымшаларға сеніп қалмаңыз;
— бір-біріңізбен байланыс үзілген жағдайда, командаңыз кездесетін орынды топ мүшелерімен алдын ала анықтаңыз;
— жергілікті таксофон мен интернет-кафелерді тауып қойыңыз — ескі технологиялар сізді құтқаруы мүмкін.
Әлеуметтік желі гигиенасын ойлаңыз. Телефоныңызды билік өкілдері тартып алса, олар сіз жайлы не біле алады? Сіз оларға бейтарап журналист боп көрінесіз бе, әлде белсенді ретінде ме? Мұндай жағдайлар үшін екінші, іші «тап-таза» смартфон сатып алып қойыңыз. Әлеуметтік желіде не жазып жатқаныңызға зер салыңыз — сіз бейтарап журналиссіз бе, әлде оппозициялық белсендісіз бе?
Қаланың көрікті орындарына алдын ала барыңыз — мүмкін болса, қала пейзажымен танысыңыз. Адасып қалсаңыз, әріптестеріңізді қай жерде кездестіресіз? Түнде жол таба аласыз ба? Жүргізуші үшін қауіпсіз тұрақ қайда?
Киім мен аяқ киім жағдайға сәйкес болуы керек. Биік өкшелі туфли немесе синтетика киіммен наразылық акциясына барудың қажеті жоқ. Сынған әйнек, қоқысқа және майға төтеп беретін табаны берік етік сатып алыңыз.
Ешқашан камуфляж немесе әскери формаға ұқсас киім кимеңіз. Ойлап көріңіз, өзіңізді журналист деп көрсету тиімді ме, әлде одан да ауыр тәуекелге барғыңыз келе ме? Десек те тікелей оқ атылуы мүмкін болса, оқ өткізбейтін, дұрыс жабдықталған жилет пен дулыға кию өте маңызды.
«Дабыл чемоданын» немесе ішінде барлық қажетті жабдық бар рюкзак дайындаңыз (оны үйде де, кеңседе де қалдыруға болады). Мұндай сөмкенің ішінде мыналар болуы қажет: алғашқы медициналық көмек қобдишасы мен таңғыштар, қосымша телефоныңыз, батареялар, су және жеңіл тағамдар, жеке басты куәландыратын құжат көшірмелері, көз жасаурататын газ шашуы мүмкін болса — маска, сондай-ақ дәрі-дәрмек, гигиеналық заттар мен ауыстыратын іш киім (қамауға алынған жағдай кезінде қажет).
ОҚИҒАның қайнаған ортасында жүргіңіз КЕЛЕ МЕ? КЕРІСІНШЕ, БАЯУ БОЛЫҢЫЗ
Баяулаңыз — бұл ішіңізде адреналин тасып жатқан сәтте өте маңызды. Қайда екеніңізді және айналаңызда не боп жатқанын саналы түрде бағалауыңыз керек. Көпшілікке немесе журналист әріптестеріңіздің соңынан көзсіз ермеңіз.
Редакторларыңыздың асығыс шешім қабылдау жайлы сөзіне ермеңіз: басты жауапкершілік — өзіңіз бен командаңыздың қауіпсіздігі. Көз алдыңызда не болып жатқанын редакциядағы жаңалықтар бөлімі қызметкерлерінен гөрі сіз жақсырақ білесіз.
Сізге оқиғаның қақ ортасында болу шынымен керек пе? Қапталдан не биіктеу тұстан оқиғаны бақылау нүктесін тауып алу — әлдеқайда қауіпсіз. Көп адамның арасында болсаңыз, арнайы жасақ сізге демонстрант немесе қарсы тараптың өкілі ретінде қарауы мүмкін. Егер екі тараптың ортасында тұрсаңыз, онда олардың тастары, резеңке оқтары мен басқа да нәрселері сізге қарай ұшады.
Командаңызды ойлаңыз. Оператормен бірге репортаж дайындағанда, оның көру аймағы шектеулі екенін есте сақтаңыз. Оның көзі мен құлағы болуыңыз керек, ол түсірілім жасап жүріп сүрініп қалмайтынына көз жеткізіңіз.
Жүргізуші көлікте қалуы керек. Бұл шұғыл кету керек болған жағдайда қажет. Сондай-ақ көлікке айып заттар салынбас үшін қараусыз қалдырмау керек.
Жалдамалы содырлар — «титушкалар» қазіргі кезде кейбір қалалық қақтығыстардың ажырамас бөлігі саналады, олар қарулы да болуы мүмкін. Әдеттегі демонстранттарға ұқсамайтын ер адамдар тобын көрсеңіз, ең нашар жағдайға болжам жасаңыз. Олармен дауласпаңыз, олардан алыстап, тез арада кетіп қалыңыз.
ОҚИҒА ОРНЫНДАҒЫ ІС-ӘРЕКЕТ
Ешқашан демонстранттармен және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен фотоға түспеңіз. Ешқашан қолыңызға қару алмаңыз немесе қарумен суретке түспеңіз.
Тікелей трансляцияны тек қауіпсіз жерде, тобыр мен снарядтардан алыс маңда жүргізіңіз.
Күмәндансаңыз, камераға түсірмес бұрын рұқсат сұраңыз. Сізге түсірмеуді айтса, мұны «жоқ» деген жауап ретінде түсініңіз.
Көз жасаурататын газ — желдің бағытына назар аударыңыз. Газ бұлтына тап болсаңыз, тез қашып бара жатқанда мүмкіндігінше аз тыныстауға тырысыңыз. Қауіпсіз болғанда, көзіңізді сумен шаю — бөтелке алып жүрудің тағы бір себебі. Ешқашан көзден жас ағызатын газ патрондарын ұстамаңыз — гильзалар ыстық болады.
Резеңке және атыс оқтары — резеңке оқтар атылса еңкейіп, арқаңызды оқ атылған жаққа қарай бұрыңыз. Ал атыс оқтары болса, олар машинаның цилиндр блоктарынан басқа кез келген бөлігін тесіп өтеді. Сондықтан дүңгіршектер немесе басқа да жеңіл көше құрылымдары сізді қорғамайтыны сияқты, көлік есігі де сізді қорғамайды. Қақтығыс аймағынан шыға алмасаңыз, қатты кірпіштің немесе бетон қабырғаның артына жасырыныңыз.
Сізді ұрса, қолыңызбен және білегіңізбен бас сүйегіңізді қорғаңыз. Аяқ-қолдың сынуы бас жарақатынан жақсырақ. Қарсылық жасамаңыз.
Тұтқындау — тұтқындаса, қарсылық білдірмеңіз, бірақ командирге жолыққан бойда журналист екеніңізді айтыңыз. Егер сізді тәртіпсіз күштер ұстаған болса, пікірлеріңізді ашық айтудан барынша сақтаныңыз. Өз «құқықтарыңыз» туралы дауласпаңыз және саясатты талқыламаңыз. Бұл екеуі одан әрі зорлық-зомбылыққа әкелуі мүмкін.
«БАЗАҒА» ОРАЛУ
Оқиғаны бүкіл командамен қорытындылаңыз. Тіпті үйге қайтуға немесе мейрамханаға баруға асықсаңыз да. Өткен күннен алған сабақты талқылауды әдетке айналдырыңыз. Оқиғалар жалғасады деп күтілсе, ертең басқаша не істей аласыз?
Жабдықтарды тазалап, қуат көзіне қойыңыз. Қауіпті жағдайларда техниканың еш қиындықсыз жұмыс істегені маңызды.
Дұрыс тамақтаныңыз. Бұл кеңес оғаш көрінуі мүмкін, бірақ қатты күйзеліске ұшыраған кезде тәбетіңіз артады. Өзіңізді құнарлы тамақ жеуге және дұрыс тамақтануға мәжбүрлеңіз. Алкоголь ішпеңіз — тәртіпсіздік кезінде бұл өлімге әкелуі және сіздің мастықпен айтқан пікіріңіз өзіңізге ғана емес, бүкіл команданың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Авторы: Крис Бут
Қазақ тіліне аударған:Оразай Қыдырбай
***
Бұл вебинар Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. «Қазақстандық Медиа Желі/KazMediaNetwork» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID, Америка Құрама Штаттары үкіметі немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін.