ДомойМедиасынТөрт әлде бес бағыты бар цифрлы әлде цифрлық Қазақстан

Төрт әлде бес бағыты бар цифрлы әлде цифрлық Қазақстан

Төрт әлде бес бағыты бар цифрлы әлде цифрлық Қазақстан

Үкіметтің 2017 жылдың 12 желтоқсанындағы қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Сосын басталды. Әдеттегі, мемтапсырыс бойынша жазылған мақалалар легі.

Медиасын жазуға тек редакциясы, журналисі бар басылымдардағы жазбалар мен арналардың видеолары алынып жүр. Олардың басым бөлігі билікке мемтапсырыс арқылы бағынышты болғандықтан, сынның көбі билікке байланысты болуы орынды. Ештеңеге жауап бермейтін, кликбейт арқылы баннердің қаралу санынан нәпақа тауып отырған саржағал сайттардың контентіне сын жазу күлкілі болар еді.

«Цифрлық Қазақстанның» негізгі мақсаты – өмір сапасын жақсарту» дейді автор Әсем Әлмұханбет. Мемлекеттік бағдарламаның рерайты деп ұқтым. Ондай жиі болады. Мазмұнын емес, заңға сәйкестігін микроскоппен қарайтын тапсырыс берушілерге мақалада басты фразалар болса жеткілікті. Мысалы, «Назарбаев», «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы» деген сияқты. Айта кетейін, мұндай мақала сапасының журналистің талантына еш қатысы жоқ.

«Ұлт» порталының белгісіз авторы «Цифрлық Қазақстан бағдарламасы неше бағыт бойынша жүзеге асады?» деп сұрап, оған жауап бермек болады. Қызығы, ол сұраққа жауап беру үшін журналистік зерттеудің қажеті шамалы. Жазбада сол кездегі ақпарат министрі Абаев айтқан бес бағыт келтіріледі. Бітті, жазба өз мақсатына жетті ме? Жоқ, мұнда мысалы бір оқығаннан ұғу қиын «Ашық дерек көздеріне сүйене отырып, қарапайым тілмен жеткізер болсақ, бұл бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттырып, ұлттық экономиканы цифрландыру» деген жол бар. Мен білсем, ашық дерек көздердегі ақпарат қарапайым тілмен жазатындай, қиын тілмен жазылмаған. Бағдарламаның өзінде-ақ мақсат – өмір сапасын арттыру екені баттиып тұр.

Автор Салтанат Сүгірдің «Цифрлы Қазақстан. Ол қандай болады? Біз дайынбыз ба?» деген мақаласы өзі жарияланған мезеттегі мәселелерді жақсы қамтыған. Мемлекеттік бағдарламаның қарадүрсін мазмұндамасы емес, фактілер мен сала мамандары пікірінің жиынтығы. Әсіресе, отандық IT, оның ішінде софт девелопменттің ахуалын маман пікірімен сәтті берген. Проблема да, жетістік те айтылған бейтарап мақала.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жандандыру» деген жазбада автор Томирис Есқали де бағдарламадағы 4 бағытты атап өткен (оқып отырсаңыз, алдыңғы жазбада министр 5 бағытты атаған). Осы жазбаның мысалында, кең тараған журналистік келер шақ клишесін көрсеткім келеді. Автор: «Ақпараттық технологиялар экономикаға көп жаңашылдық әкеледі. Біріншіден, бизнесті жүргізу жеңілдей түседі. Олар халықаралық келіссөздердегі  шығын көлемін азайтады» дейді. Жазба жарияланған уақыт (2017 жылдың 19 қазаны) рас болса, әлдеқашан болып қойған оқиғаларды футуристік сарында, келер шақта айтудың жөні жоқ. Бәлкім, 1998-2000 жылдар аралығында жарияланса, болжам сипатта жазу орынды болар ма еді.

Бағдарламаның, дегенмен 5 бағыттан тұратыны белгілі болатын «Цифрлық Қазақстан: Не? Қашан? Қалай?» деген жазбада (автор – Теңге Бекмұрзаева) нақтылық басым. Автор өзіне басты сұрақтарды қоя білген. Ресмиет аясында да журналистика талабының минимумын орындауға болатынының айғағы.

Бұлар шолу жасауға лайықты деп тапқан жазбалар легі. Бәріне дерлік ортақ көрініс – жобаның мақсаты ретінде «бар жақсыны» көрсету. Мемлекеттік қай бағдарлама да жеме-жемге келгенде өмір сапасын жақсартуға бағытталатыны ең болмаса гуманистік принцип тұрғысынан түсінікті. Әрине, жобаның мақсаты ретінде нақты индикаторлар емес, бұлыңғыр анықтама жазатын үкіметте де «ес жоқ» немесе тым ақылды. Алайда журналист қауымында билік қалыптастырған риторика жетегінде кетпей, әдетте, мемлекеттік бағдарлама мәтінінің орта тұсында келетін нақты көрсеткіштерді мақсат ретінде көрсетуге болар еді ойлаймын.

P.S. Айтпақшы, қазақша БАҚ-қа шолу жасау кезінде бұл бағдарламаның атауы бірде «цифрлы», енді бір жерде «цифрлық» деп жазылатынын көзіміз шалды. Енді оқырманға сұрақ: сонымен «цифрлЫ» ма, «цифрлыҚ» па?

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР