ДомойМедиа үніКөп қырлы журналист меңгеруі тиіс 11 машық

Көп қырлы журналист меңгеруі тиіс 11 машық

Көп қырлы журналист меңгеруі тиіс 11 машық

Технологиялық эволюция электронды құрылғыларға қол жеткізе алатын адамдардың медиақажеттіліктерін өзгертіп қана қоймай, сол медианы жасайтын адамдардың да барлығына нарық тарапынан қойылатын талаптарды да күшейтті. Қазіргі заманғы журналист және келешектің журналисі көп қырлы болмасқа амалы жоқ, яғни, ол көптеген салаларда өзін судағы балықтай сезініп, бірнеше дағды мен машықты қатар меңгеруі тиіс. 

Ұялы телефондарда алғашқы фотокамералар мен MP3−плеерлер пайда болған кезде, осыдан 10-ақ жыл бұрын, шолулардың бәрінде мұның бәрі маркетинг қитұрқылары, ал шын мәнінде ол функцияның әрқайсын  — қоңырау шалу, музыка тыңдау, фото түсіру — толыққанда атқаруға жеке-жеке құрылғы керек делінген.

Ал қазір не көріп отырмыз? Әмбебап болмаған телефон қалмады, ал қалғандарының бағасы басқа. Сол сияқты, сіз де, қолыңыздан мәтін жазудан басқа ештеңе келмесе және нарық талаптарының жалақыңызға әсерін әлі сезінбесеңіз, жақын арада сезінесіз.

Журналистика деген шығармашылық па, кәсіп пе деп шексіз дауласуға болады, алайда журналист мамандығында екеуінің де сипаттары бар екенін мойындау керек. Сондай-ақ, шығармашылық айнымас сипат болса, «кәсіптік» қасиеттер тізімі біршама өсті. Сол қандай қасиеттер екен?

1. Интернетке лайықталған мәтін жазу. Интернетке арналған мәтін қағаздағыдан басқаша көрінеді де, басқаша оқылады. Ол құпия емес. Ондай мәтіндер жазу — тұтас өнер. Мақала атауы мен алғашқы сөйлемдердің іздеу жүйелерінде индексацияға ілігетіндей негізгі сөздерге қанық болуын үнемі қадағалап отыруыңыз керек. Тақырыпқа сай келетін алдыңғы материалдардың сілтемесін қойып отыруға тиіссіз. Іші пыса бастаған оқырман мақаланың басында, ортасында және аяғында көңілі бөліну үшін сурет араластыруды білуіңіз қажет. Оңай қабылдануы үшін үлкен мәтінді кішкентай бөліктерге ыдырата білуіңіз (шайнап беру десе де болады) керек.

2. Фактілерді тексеру әдістері немесе фактчекинг. Бұқаралық ақпарат құралдарының блогтар мен азаматтық журналистикадан бір айырмашылығы — жариялайтын фактілер үшін жауапкершілік. Блогер ешкім ештеңе сұрамайды, ал жұрт сыйлайтын БАҚ өтірік жариялап жіберсе — кем дегенде артынан сол өтіріктің өтірік екенін мойындап жазуы керек. Әйтпесе — абыройынан да, аудиториясынан да айрылады.  Ақпарат айдынында күнделікті мыңдаған жалған ақпарат айналып жүрген қазіргі заманда БАҚ осы қызметі бұрынғыдан да маңызды болып отыр және сіз де, журналист ретінде түтін Бағдаттың орталығындағы үйден шығып жатыр ма, әлде арам оймен жасалған жалған сурет пе — соны оңай да жылдам анықтай алуыңыз керек.

3. Тікелей мәтін және видеотрансляция жүргізу. Бес-он жыл бұрын ғана оқырмандар кеше өткен оқиғалар туралы оқығанына риза болатын еді. Екі-үш жыл бұрын жаңа ғана аяқталған шаралар туралы біліп жататын. Ал қазір олар дәл осы сәтте не болып жатқанын біліп отырғысы келеді. Біліп, жанашырлық танытып, қадағалап, ретвит жасап отырғысы келеді. Ал журналист ақпаратты аз-аздан, бірақ шапшаң әрі қызықты етіп жеткізе білуі тиіс. Айтпақшы, бұл тек сайтқа ғана емес, әлеуметтік желілерге де қатысты. Жылдамдық сізге қосымша трафик береді, шынайы ақпарат — абыройыңызды асырады.

4. Видео түсіру, кадрда жұмыс істеу, дыбыстау, монтаж. Қалтаңызда смартфон бар, оның камерасы бар, ал сіз жұрт тек оқып қана қоймай, көргісі де келетін іс-шараның ортасында жүрсіз. Ал қасыңызда серігіңіз бар болса — тіпті жақсы, кадрда өзіңіз де жұмыс істеп, толыққанды сюжет жасауға болады. Содан кейін редакцияға келіп, түсірілген материалды монтажерге лақтыра салмай, өзіңіз отырып видеоны кесіп, кадр сыртындағы дыбысты жазып, дайын ролик жариялай саласыз. Видео дайын болғанға дейін мәтінін де жазып қоясыз. Оңай болады деп кім айтты?

7026619371_ee9ca9bafd_z

5. Фото түсіру, панорамалық және 360 градустық түсірілім. Фотографияның стандарт талаптарынан бөлек, қазіргі заманғы журналист панорамалық, сондай-ақ 360 градустық түсірілімді де меңгеріп алғаны артық болмас еді, оның үстіне, ол үшін көптеген тегін немесе арзан қосымша бағдарламалар бар. Митинг немесе концерттен тінтуірмен айналдырып отырып көруге болатын үлкен сурет түсіріп әкелсеңіз, оқырмандарыңыз сол қызықтырақ болатынына келісетін шығарсыз. .

6. Интерактив контент жасау. Қайталап айтамын: қазіргі кездегі аудитория оқиғаға тілеулестік білдіріп, контент жасауда сізге серік болғысы келеді. Сондықтан, интерактив инфографика, тестілер мен ойындар сайттар үшін сапалы БАҚ жасау жолындағы стандартқа айналғалы қашан. Әрине, интерактив жауһарларын бірнеше адамнан тұратын команда жасайды және ол бірнеше сағатта жасала салмайды, алайда қандай да бір қарапайым нәрселерді — мысалы, dipity.com сервисінде интерактив хронология немесе thinglink.com арқылы интерактив сурет жасау өзіңіздің де қолыңыздан келеді. Және оған аса көп уақыт кетпейді.

7. Ашық деректер базаларымен жұмыс істеу әдістері мен құралдары. Бір күні танысым маған ашық деректер негізінде жазылып, жанжал туғызған газет мақаласы туралы айтып берді. Ол кітапханаға барып, Мәскеу метросындағы эскалаторларды техникалық тексеру журналының мұрағаттарын көтеріп, бекеттердің біріндегі эскалаторларды техникалық тексеру жөніндегі белгі соңғы рет 15 жыл бұрын соғылғанын байқайды. Ал тексеру ең көп дегенде он жыл сайын өткізілуі тиіс. Айналып келгенде, экслатор бүгін-ертең бұзылып, адамдардың өміріне қауіп төндіруі немесе көліктердің тоқтап қалуына себепкер болуы мүмкін еді. Міне, ашық деректер негізіндегі жанжал деген осы. Ал бүгінде ашық деректерге онлайн қол жеткізуге болады — кітапханаға барудың да керегі жоқ. Алайда, олармен дұрыс және жылдам жұмыс істеу, сол сандардың арасынан керегін дәл табу — қазіргі журналистерге жетпей жүрген машықтар.

8. Әлеуметтік желілерде жұмыс істеу. Бір қарағанда, одан оңай не бар дерсің — күлкілі суретпен қосып сайтыңның сілтемесін жариялай саласың да, «лайк» жинай бересің. Аладай, кез келген істегі сияқты, әлеуметтік желілермен жұмыс істеуде де стратегия болуы тиіс — әлеуметтің желілердегі белсенділіктен не күтетіңізді жоспарлап, қатаң ереже жасап, солар бойынша жұмыс істеуіңіз керек. Ал жағымсыз оқиғалардың алдын алу мақсатында оқырмандарымен қарым-қатынас жасау үшін қазіргі журналистерге психология мен қарым-қатынас теориясы жөнінен қысқа курс өтіп алу да артық болмас еді.

9. Бағдарламалау және HTML негіздері. Шошымаңыз. Толыққанды бағдарлама жазып, каскад стильдер кестесін құрастыруды сізден әлі ешкім талап етіп отырған жоқ (бірақ, талап ете бастауы мүмкін). Ал бағдарламалаушы мен беттеушіге тапсырманы түсінікті етіп айтып бере алуды тура қазір үйренуіңіз керек. Яғни, тым болмаса интернеттің қалай жұмыс істейтінінің негізгі принциптері мен юзабилити түсініп, iOS пен Android арасындағы айырмашылықты білуіңіз керек. Бұл тақырыпты неғұрлым жақсырақ білсеңіз, өзіңізге не керек екенін орындаушыларға соғұрлым ұғынықты етіп түсіндіріп бере аласыз, ал олар сізге керек нәрсені жасап береді.

10. Дизайн негіздері. Ал бұл жолы, алдыңғы пункттегідей емес, өзіңізге не керек екенін дизайнерге түсіндіріп беру жеткіліксіз. Дизайн дегенді ауқымды мағынасында алатын болсақ, сіз өнімнің жалпы қалай қабылданатыны жөніндегі жауапкершілікті өз мойныңызға алуыңыз керек. Журналистикадағы ірі дизайнерлік қателердің бірі — үстел басында қол қусырып отырған шенеуніктің суретімен қатар берілген «Қол қусырып қарап отырмаймыз» деген мақала тақырыбы. Немесе, «Огонек» деген журналдың мұқаба бетіндегі алапат өрттің суреті.

11. Маркетинг негіздері. Алдыңғы айтылған машықтардың бәрі сізге өз контентіңіздің аудиторияға «сатуды» үйретсе, маркетинг саласындағы білімдер оны жарнама берушілерге сатуға мүмкіндік береді. Ал жарнама беруші оқырман сияқты назарын ғана емес, ақшасын береді.

Қазіргі бәсекелестікке толы ақпарат заманында ендігі жерде монетизация тек сату бөлімінің ғана емес, әрбір жеке қызметкердің міндеті екенін түсінге, сөйтіп жарнама берушіге ұсыныс пен контент әзірлеуде редакциялық тәсілдер мен әдістерді қолдана білген БАҚ табысқа жете бастады.  Америкалық BuzzFeed порталында редакция бірден демеушіге оның жарнамасын фотосуретпен қоса қызықты мәтін түрінде берудің бірнеше нұсқасын ұсынады, содан кейін олар бірлесіп отырып лайығын таңдап, жетілдіреді.   

Көп қырлылықты меңгергісі келетін журналистер үшін табысқа жету құпиясы қарапайым: сіз бәрін аз-аздан, ал біреуін бәрінен жақсы білуіңіз керек. Әрине, бір жерде «алтын қауырсын» сияқты жазып, Эйзенштейн сияқты видео түсіріп, оған қоса бағдарламалауды да білетін керемет мамандар жүрген шығар, алайда оларды табу қар адамын табудан оңай емес. Ал таба қалсаңыз, олар қызметінің ақысын үш есе артық сұрайтынына сенімді болыңыз, ол ақшаға сол жұмысты үш адамға істеткен оңайырақ. Сондықтан, мамандану да керек шығар. Жай ғана, жұмыс істеуге деген қабілетіңізді жоғалтпай, журналистиканың түрлі салаларын үйрене беріңіз.

Әрине, жақын арада журналистердің бәрі әмбебап маманға айналып кетеді деп күтудің қажеті жоқ. Медиа менеджерлері әлі де түрлі сала мамандарынан құралған командаға арқа сүйеуі керек. Сөйте тұра, көп қырлы журналистердің санын да көбейте берген абзал. Одан жаман болмайды.

Авторы В.Пуля

Материал алғаш рет  «Журналист» журналының №10/2013 санында жарияланған.

Назгүл Қожабекова
Назгүл Қожабекова
Медиатренер, аудармашы, редактор,медиатренер. Сторителлинг мектебі жобасының авторы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР