ДомойМедиасынСайлау мен тамақ. Мамырдың үшінші аптасына тв-шолу

Сайлау мен тамақ. Мамырдың үшінші аптасына тв-шолу

Сайлау мен тамақ. Мамырдың үшінші аптасына тв-шолу

Қазақстанның мерекелік аптадан кейінгі күндері алуан жаңалыққа толы болды. Біріншіден, Сириядан қайтарылған қазақстандықтардың баспасөз-конференциясына көп адам қатысты. Осылайша, барлық дерлік телеарна «Жусан-2» операциясы тақырыбын эфирге шығарды. Алматыдағы қоқыс полигонында шыққан өрт туралы да көрсетті. Ал ендібірі қоқыс полигонындағы өртпен салыстырғанда «Астана экономикалық форумын маңызды әрі қызықты» деп таныпты. Не дейміз, әркім өз таңдауын жасайды. Әйтсе де Астана экономикалық форумы кезінде Нұр-Сұлтан қаласында бір топ көпбалалы ананың қала әкімдігі ғимараты алдына жиналып, сосын форум өтіп жатқан орынға барып, өздеріне баспана беруін талап еткен наразылықтары, қала әкімі Бақыт Сұлтанов пен министр Бердібек Сапарбаевтың оларды автобусқа мінгізіп, қала әкімдігіне қайта апарып, кездесу өткізгенін телеарналар  эфирден тыс қалдырды. Әділ сайлауға шақырып, жазулы не бос плакат ұстап шыққандардың кейінгі өміріндегі оқиғалар әлеуметтік желілерде қызу талқыланғанымен де отандық телеарналар бұл тақырыптарды апта оқиғаларының қатарына енгізбепті.

Бір таңқалдырғаны, үш телеарнаның апталық қорытынды жаңалықтар бағдарламасында сіз бен біздің не ішіп, не жейтініміз, зияны мен қаупі тақырыбындағы тақырыптар бар. «Жаңа репортер» редакциясы КТК, «Бірінші арна Еуразия», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналары 13-19 мамырды қалай қорытындылағанын көрді.

«Большие новости», КТК

Алдыңғы аптада «Большие новости» бағдарламасының редакциясы демалды. Сондықтан да бұл аптада олар жеті күннің емес, 14 күннің өзекті тақырыптарын жинапты. Осылайша президент болуға үміткерлер, Сириядағы қазақстандықтарды қайтару — «Жусан-2» операциясы ( басқа телеарналар бұл операция туралы алдыңғы аптада көрсетіп қойған еді) және жалған брендтер туралы материалдар эфирге шықты. Айта кетсек, дәл осы жалған брендтер туралы сюжет КТК телеарнасының қазақ тіліндегі «Аптап» бағдарламасында екі апта бұрын көрсетілген еді. Сонымен «Большие новости» бағдарламасының бұл жинағы құрама болғанымен де ескілеу болды. Өзекті тақырыптардан тек Алматы маңындағы қоқыс полигонындағы өртті атай аламыз. Барлығын рет-ретімен баяндайық.

«Большие новости» тікелей эфирде шығатын және тек апталық қорытынды бағдарлама емес, сонымен қатар күнделікті жаңалықтардың кеңейтілген нұсқасын көрсететін бағдарлама болғандықтан, эфирді соңғы жаңалықтардан бастады: Алматыда автобус бағанаға соғылды. Жүргізушісі рулде ұйықтап қалған екен. Бағдарлама барысында эфир жүргізушісі «бүгін не болды» дегенге оқтын-оқтын оралып отырды.

Содан кейінгі жеті күн бұрынғы оқиғаларды қорытындылады. Қазақстан президенті болуға үміткерлер сайлаушыларына не ұсынады? КТК телеарнасы осы тақырыпта сәл де болса кеңірек көсілетіні себепті не көрсететін қарау қызықтырды. Сонымен «Большие новости» журналистері кандидаттарға шолу жасағанда мына қырларына назар аударыпты:

  • Сәдібек Түгел қазақстандықтардың ар-ожданын уайым етеді екен. Ол түнгі клубқа барып, сондағы келушілерді алкоголь ішімдік ішпеуге шақырды. Орнына қымыз ішуді ұсынды. Билер сотын қайта құрып, шенеуніктердің жеңілдіктерін алып тастауды да ұсынып жүр. Ол батыс құндылықтарынан бас тартуды қалайды. Саясаттанушы Марат Шибутов «Түгел елге келетін шетелдіктердің жыныстық бағытын тексергісі келеді. Бірақ, қалай? Оларға сурет көрсете ме» деп сауал тастайды.
  • Амангелді Таспихов жұмысшылардың құқық қорғауға кірісіпті. Бірақ, оның бағдарламасы ең қысқа жазылған. Саясаттанушы Максим Казначеев Таспиховтың сайлауалды бағдарламасы оны президент болуға үміткер емес, Кәсіподақтар федерациясының лоббисі етіп көрсететінін айтыпты.
  • Әміржан Қосанов Еуроодаққа бағыт алыпты. Оның сайлауалды бағдарламасында саясат тым көп. Саясаттанушы Досым Сәтпаев өз пікірінде Әміржан Қосановтың Қазақстанда парламенттік республика құрғысы келетінін айтады.
  • Бизнес-партияның («Ақ жол» — авт.) кандидаты Дания Еспаева кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді құптайды. Айтуынша, кәсіпкерлер – экономиканың негізі. Саясаттанушы Марат Шибутов оның әйелдер құқы туралы айтпайтынын, жай ақжолдық ретінде ғана сөйлейтінін, гендерлік факторды қолданбағанын, қолдана алатынын айтыпты.
  • Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық, әділдік, өрлеуді насихаттайды. Оның бағдарламасы – ең көлемдісі. Саясаттанушы Максим Казначеевтың айтуынша, Тоқаев бағдарламасы көп ретте Nur Otan партиясының бағдарламасын қайталайды.
  • Жамбыл Ахметбеков «барлық қашқын олигархтарды» сотқа тартуды, кедейлікпен және интернет-тәуелділікпен күресуді талап етеді. Саясаттанушы Досым Сәтпаев «талап еткен екенсіз, онда адамдарға соның орнына бірнәрсе ұсыныңыз» дегенді айтады. Ахметбековтың сөзіндегі іліп аларлық бір сәт, «Бізге, кандидаттарға, әрі түрлі әрі тепе-тең мүмкіндіктер берілген» деген сөзі болды. Мұны тек КТК телеарнасы ғана көрсетті.
  • Төлеутай Рахымбеков фермерлерді және ауыл шаруашылығын дамытуды тұтастай қолдайды. Қазақстанның аграрлы державаға айналғанын қалайды. Саясаттанушылар Рахымбековтың бағдарламасына қатысты пікір айтпапты.

Журналистер Сириядан оралған қазақстандықтар туралы материалда адамдардың хикаясына көбірек мән бередіі (Отанына оралған әйел маникюрленген саусақтарын мазасыздана сипалайды, бет-жүзі бұлыңғыр етіп жабылған), жаңа ешнәрсе айтылмады.

Бағдарламаның негізгі сюжеттерінің бірі – Алматы маңындағы қоқыс полигонынан шыққан өрт туралы сюжет. Сәрсенбі басталған өртті сенбі күні кешкісін сөндірді. Сондықтан да бұл сюжет әрі өзекті әрі жаңа ақпаратқа толы.

Бағдарламада көрсетілген басқа да сюжеттер қатарында:

  • Қазақстанда құтыдағы сүтке су қосады екен. Журналистер қай сүт жақсы екенін анықтау үшін мысықтарды пайдаланыпты. Мысықтар да таңдау жасайды;

  • Ұлттық банк сайлаудан кейін теңге бағамын тұрақты ұстауға уәде етеді;

  • Елімізді жалған брендтер жаулап алды. Бұл материалда журналистер смартфонға түсірілген видеоны жиі қолданады. Стендапты да жиі жасайды.

«7 күн», «Хабар»

«7 күн» бағдарламасының бұл шығарылымын «Ақорда апталығы» деп атауға да болатын шығар. 30 минуттық қысқа бағдарламада президентке қатысы жоқ бір де бір материал көрсетілмеді. Бағдарлама Трамптың Назарбаевқа хатын оқудан басталды. Аудиохабарлар «7 күн» бағдарламасында тұрақты жанрға айналған. Мұнда Ақорда сайтының жаңалықтарын, президенттердің хаттары мен телеграммаларын дыбыстайды.

Қазіргі «7 күн» бағдарламасы форматының басты ерекшелігі – ең алдымен тұңғыш президент, сосын екінші президент, кейін қалғанын (ара-тұра басқа тақырыптарға уақыт та қалмайды, бұл жолы солай болды) көрсетеді. Бұл жолы аптаның басты ивенті – Астана экономикалық форумы туралы үш сюжет берді.

Ең алдымен Назарбаевтың форумдағы сөйлеген сөздеріне үлкен сюжет арнады. Кейін Тоқаевтың форумға қатысушылармен кездесуін көрсетті. Соңына тақап, Астана экономикалық форумының нендей іс-шара екенін түсіндірді.

АЭФ туралы үш материал да әралуан. Айгүл Әділова материалында таптаурын сөз тіркестерін жиі қолданыпты. Тоқаевтың форум қатысушыларымен кездесуі – тұңғыш президентке мадақ айтудан тұрады. Ал үшінші материал — тілші Марат Тоқмағанбетовтың стендаптарынан құралған. Форум өтіп жатқан орынның кереметін паш ететін стендаптар. Әуел баста бұл форумның елге келетін инвестицияны дамытудағы маңызы туралы айтуға уәде еткендерімен екіұдай әсерде қалдырды.

АЭФ форумында Назарбаев: «Мен спикерлерге ыңғайсыз жағдай тудырып жатырмын, олардың «тұңғыш президент», «жай президент» деп айтуына тура келеді. Қазақстанда мұндай екілік болмайды, тек жалғыз президент бар» деді. Бірақ, тек форум спикерлері ғана емес, «Хабар» журналистері де, олармен бірге көрермендер де әлдебір екілік жағдайында өмір сүріп жатса керек.

Бағдарлама сайлауалды науқан туралы материалмен аяқталды. Журналистер әрбір кандидат жайында бірдей уақыт шегінде материал жасауға өте қатты тырысыпты. Президент болуға үміткерлер, штаб өкілдері және сайлаушылардың пікір айтуына мүмкіндік бермек болыпты. Материалға әйел-кандидат Дария Еспаева (оның ұстанымын «Ақ жол» партиясының төрағасы және штаб жетекшісі Азат Перуашев баяндайды), оппозиция саясаткері Әміржан Қосанов және қазіргі президенттің сұқбаттары жоқ.

Қазіргі президент бағдарламада онсыз да көп. «7 күн»-де Тоқаевтың Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына жұмыс сапары туралы да көрсетті. Басқа да көрсеткен жаңалықтар арасында Қазақстанның екінші президенті теннис ойнайтын да кадр бар. Қызығы сол, бұл бағдарламада Тоқаевтың синхрондары ағылшын, қазақ, өзбек тілдерінде берілді.

Сонымен қатар бағдарламаға Назарбаевтың Тұңғыш президент қоры жетекшісімен, АХҚО жетекшісімен кездесуі, жасыл технологиялар орталығына баруы, Тоқаевтың қатысуымен әлеуметтік мәселелерге арналған отырысы да еніпті.

«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»

Алдыңғы аптаның қорытынды жаңалықтарында «Жусан-2» операциясы туралы да көрсеткендеріне қарамастан, бұл жолы да адам жанын түршіктірер егжей-тегжейлі мәліметтері қамтылған тағы бір сюжет көрсетті. Айтар ойын — Сириядан оралған әйелдер – құрбан болғандар, алданғандар. Ал ерлердің бәрін болмаса да көбін соттау қажет. Әйелдер Қазақстанға қайтқысы келгені үшін олардың басын алмақ болғаны, кейбір әйелдердің 15-20 рет күйеуге шыққаны, өйткені олардың сойдауыл-күйеулерін тез өлтіретіні, ал жесір қалған әйелдері туған-туыстарына сыйға берілгені жайында әңгімелейді. Бір деталь – Сириядан қайтарылған қазақстандықтардың түстікке сұраған алғашқы тағамы – қарақұмық жармасы болыпты.

Сириядан қайтарылған қазақстандықтар туралы мейлінше қызық сюжеттен кейін Астана экономикалық форумы туралы көлемді бірақ еш ерекшеленбейтін сюжет шықты. «Аналитика» авторлары да зеріктірер тақырып туралы ештеңе көрсетпеуге қуана келіскендерімен бірдеңе кедергі келтіретін сияқты көрінді.

Есесіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс аптасы туралы қысқа жеткізді:

  • Жастармен үстел теннисін ойнады;
  • Мәнерлеп сырғанау шебері Элизабета Тұрсынбаеваға сәттілік тіледі;
  • Параолимпиадалық орталыққа барып, спортшыларға қолдау көрсетуге уәде берді;

Сайлау-2019 туралы сюжет экспрессив стендаптардың есебінен мейлінше креативті көрінді: кадрдағы журналист дауыс берудің барлық процесінен «өтті». Стендап жасауға келмейтін тұста сахналық көріністер түсіріпті. Мәселен, сүп-сүйкімді жас қыз жеке куәліксіз дауыс бергісі келсе, не болады? Театр сахнасынан қойылым көрсетті.

КТК телеарнасының бағдарламасында сүт болса, «Бірінші арна Еуразия» көше тағамдарының қаупіне сюжет арнады.

Мұндағы негізгі ой – шенеуніктер халықты тамақтандырып отырған кәсіпкерлерді еш себепсіз тексере алмайды, сондықтан да ішіп-жегеніңізге өзіңіз мұқият болыңыз, дегенді меңзейді. Есесіне, әрбір тұтынушы қоғамдық тамақтандыру орнындағы сатушыдан медициналық кітапшасын, азық-түлік сапасын растайтын құжаттарын сұрата алады екен.

«Мелочей не бывает» айдарының кезекті қойыртпағы — «Білген жөн» ұранымен шықты. Осы шығарылымда: девальвация болмайды, Талдықорғанда бүлдіршін қыз балабақшаның екінші қабатынан құлап кетті, Атырау облысының полиция департаментінің бөлім бастығына ат мінгізді, оны жұмысынан шығарып жатыр, өз полицей-туысқанын өлтірген полицей Берістемовке үкім шықты, «Қазатомпром» ғалымын кінәсіз деп таныды, Рудныйда шолу доңғалағы тоқтап қалды, мектеп бітірушілер салтанатты мектеп бітіру кештерін өткізуден бас тартып жатыр.

«Аналитика» бағдарламасының дәстүрлі екі «бантик» хабарының бірі, Канн кинофестивалі, екіншісі «Голос.Дети» сайысының ақтық сын нәтижелері жарамсыз деп танылуы, байқау қайта өтетіні, демек біздің Ержан Максим әлі жеңілмегені туралы болды.

«Аптап», КТК

Басқа қорытынды бағдарламалар сияқты «Аптап» та Сириядан қайтарылған қазақстандықтар туралы сюжет жасапты. Сюжет Сирия жерінен оралған әйелдердің хикаясы, олардың көрген азабын көрсетумен өрбіді. Эфир жүргізушісі кіріспесінде әдеттегідей көрнекі зат ұстайды. Бұл жолы ол қолына бір шоғыр жусанды ұстап (Сириядағы қазақстандықтарды елге қайтару операциясы «Жусан» деп аталады), қазақ даласынан жат жерге барып сұлтан болған жігіттің «туған жерімнен жусан әкелші» дейтін аңызын әңгімеледі.

Бағдарламаның екінші сюжеті – Ақтөбеде бір топ тұрғынның «Иегово куәгерлері» ұйымына қарсылығына арналыпты. Мұнда өз пәтерін сектанттарға беріп, бала-шағасын баспанасынан айырған әжені, қызына қан құйдыруға қарсы шыққан ананың хикаясы бар.

Теологтар, шенеуніктер пікір айтқан сюжетте Иегово куәгерлері әдепкідей пікір беруден бас тартады.

Алматы маңындағы қоқыс полигонында шыққан өрт туралы сюжеттің кіріспесінде жүргізуші полиэтилен пакеттегі қоқысқа айналатын пластик заттарды көрсетіп, дамыған елдерде қоқысты да қажетке жаратып, отынға айналдыратынын, ал бізде оның бықсып жанып, өртке айналатынын айтады.

Бағдарламада қамтылған тақырыптар қатарында:

  • Мектеп бітіру кештері (мемлекеттік мектептер бұдан жаппай бас тартып жатыр) туралы сюжеттің кіріспесінде жүргізуші қолына аттестат ұстап, оны лақтырып, сосын ірі ақша ұстап, оны студияда шашып жібереді. Ал «Көлеңкедегі кісі» мектеп бітіру кештерінің үлкен шығын екенін, көптеген ата-ананың қалтасы мұны көтермейтінін айтады.
  • Ақмола облысындағы ауылдардың бірінде жүйке жүйесі ауруханасының директоры елдімекеннің түкпір-түкпіріне бейнебақылау камерасын орнатып тастағаны, ауыл тұрғындарының бұған қарсылығы туралы көрсетеді. Аурухана директоры бұрын түрме бастығы болған екен.
  • Жүргізуші әлеуметтік желі жаңалықтары туралы айдарға өтер алдын балық аулайтын торды көрсетті. Мұны адамдардың әлеуметтік желілерге байланып қалуымен салыстырды. Әлеуметтік желілерді жиі талқыланған тақырыптар ретінде, атқа мінген полицей, Айжан Байзақоваға сырға салуды алыпты.

Бағдарлама соңында жүргізуші бір минут бойына ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерімізге бет бұрудың маңызы туралы әңгімеледі.

Apta, QAZAQSTAN

Күттік, күттік. Apta бағдарламасының студиясына бұл жолы жеңіл де ауыр да автокөлік, ұшақ та кіріп келмеді. Бірақ, бұл журналистердің ешбір «фишкасы» бағдарлама шығарғанын білдірмейді.

Бағдарлама Дональд Трамптың Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған хатынан басталады. Ол хаттың жолдануын жүргізуші «Ақ үйден Ақордаға хат» деп атайды. Әйткенмен, Елбасы қазір Ақордада отырмайды.

Содан кейін Астана экономикалық форумы туралы бес минут сюжет көрсетті. Жаңа ешнәрсесі жоқ, басқа телеарналар көрсетпеген ерекшесі жоқ, кәдуілге сюжет болыпты.

«Президенттік» блокта Тоқаевтың Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына жұмыс сапары, тағы басқа кездесулері туралы және Асқар Маминнің Шымкент пен Түркістанға сапары жайында аз-кем көрсетті. Осы жолы Apta эфирінде ресми хабарға біраз эфир уақытын арнады. Бұл бағдарлама үшін тосын көрінді.

10 минуттай эфир уақыты сайлауалды науқанға арналыпты. Жеті кандидаттың әрқайсысына бірдей эфир уақытын бөліпті. Айта кетерлігі, журналистер үміткерлердің белсендігіне мән берген. Мәселен, Тоқаевтың штабы Павлодарға барып, халықпен кездеседі, Қосановтың штабындағылар оның сайлауалды бағдарламасын жапсырады, Жамбыл Ахметбеков футбол ойнайды, Разымбековтің штабы Қостанайда экология акциясын ұйымдастырады, Еспаеваның еріктілері брошюра таратады, Таспихов Қарағандыда зауыт жұмысшыларымен кездеседі, Түгел Ақмолада шығармашылық кешін өткізеді.

Бұл бағдарламаның сәні – аты-жөнін құжатқа жаздырудағы әралуандыққа арналады. Тілшінің сөйлеген сәтін жеке куәлікке «жапсырыпты».

Apta бағдарламасында әлем жаңалықтарына Jahan-sarap атты жеке айдар арнапты. Бұл айдарда АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысын сараптайды.

Бағдарлама соңында: КТК телеарнасы қазақстандық сүттік құрамына үңілсе, «Бірінші арна Еуразия» көше тағамдарының қаупін анықтайды, ал QAZAQSTAN тілшілері отандық нанның құрамына зерттеу жүргізеді.

Журналистер нанның құрамы неден тұратынын, қандай қоспалар қосатынын, ақ нанның зияны неде екенін, тәулігіне жейтін нанның мөлшері туралы әңгімелейді.

Айта кетсек, «Жаңа репортердің» қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламасына шолуы тұрақты шығады. 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР