ДомойОқып-үйренСотқа дейінгі талап. Редакцияларға кеңес

Сотқа дейінгі талап. Редакцияларға кеңес

Сотқа дейінгі талап. Редакцияларға кеңес

Редакциялар сотқа дейінгі талапқа қалай жауап қайтарады? Заңға сәйкес, қандай мерзімде ресми жауап беруі қажет? «Жаңа репортер» редакциялардан келіп түскен сұрақтарға «Правовой медиа-центр» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанованың әзірлеген жауаптарын жариялайды.

1) Редакциямызға сайтта жарияланған материалды өшіруді талап еткен сотқа дейінгі талап келіп түсті. Айтуларынша, сайттағы материалда шындыққа сай келмейтін ақпарат бар екен. Мақала экс-депутатқа арналған. Сотқа дейінгі талапта нақты қандай сөйлемдер ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіретіні көрсетілмеген. Қайткеніміз дұрыс, сотқа дейінгі талапқа жауап берейік пе, жауап бермейік пе?

Расымен де, ҚР Азаматтық кодексінің 143-бабында сотқа дейінгі талап процедурасы қарастырылған, Қазақстан заңнамасында теріске шығаруды жариялауды не жауап беруді талап ету жазылған. Заңдарда ақпаратты өшіруді талап ету қарастырылмаған. Сізге сондықтан да сотқа дейінгі талапқа жауап қайтармауға, не ақпаратты өшіру туралы талап жоғын айтып, жауап бермеуге болады. .

2) Редакцияға сотқа дейінгі талап келіп түсті. Қанша уақыт ішінде жауап беруіміз міндетті?

ҚР Азаматтық кодексінің 143-бабында «Бұқаралық ақпарат құралдарында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған ретте, сотта қаралады» деп жазылған. Мұндай норма «БАҚ туралы» заңда да бар. Демек, бір ай ішінде жауап беруге, теріске шығаруды не жауапты жариялаудан бас тартуға, немесе жауапты жариялауға болады. Алайда сіз жауап жариялайсыз бан, не теріске шығаруды жариялайсыз ба, қалай болғанда да талап етуші сотқа жүгіне алады.

3) Сайтымызда басқа сайттың материалын көшіріп жарияладық. Сілтеме бердік. Біраз уақыттан кейін сотқа дейінгі талап келіп түсті. Материалдағы мәліметтер шындыққа сәйкес келмейтін болып шықса, бізге де жауапкершілік жүктеле ме?

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 26-бабында «таратылуына заңды күшіне енген сот актілерінде немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектеу қойылған ақпаратты таратуды қоспағанда, өз хабарында осы хабарды таратқан бұқаралық ақпарат құралына сілтеме көрсетілген жағдайда, уәкілетті органда есепке қойылған басқа бұқаралық ақпарат құралы таратқан хабарларда, материалдарда немесе олардың фрагменттерінде қамтылса жауапты болмайды» деп жазылған. Екі нәрсеге назар аударыңыз. Сіз материалын көшіріп жариялаған БАҚ Қазақстанда есепке тұруы міндетті. Норма шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратқа ғана қатысты жүреді. Егер бұл таратуға тыйым салынған ақпаратқа қатысты болса, онда сіздің БАҚ-қа жауапкершілік жүктеледі.

4) Редакциямызға сотқа дейінгі талап келді. Талап түсіруші жарияланған материалға ренжіп, теріске шығаруды өтінеді. Алайда нақты қайсы мәліметтер өзін ренжіткенін көрсетпейді. Не істейміз?

Теріске шығару не жауап жариялау туралы сотқа дейінгі талап бергенде талап беруші нақты қай сөйлемдердің шындыққа сәйкес келмейтінін және ар-намысына нұқсан келтіретінін көрсетуі міндетті. Тек нақты бір сөйлемдері және фрагменттері ғана  болмаса, тұтас материал ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіре алмайды.

Редакциялардан медиақұқыққа қатысты келіп түскен түрлі сұрақтардың жауабы «Правовой медиацентр» қоғамдық қоры тарапынан тұрақты негізде АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі Агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР