ДомойМедиасынШығармашылығы ізденіске толы қазақстандық 7 жас режиссер

Шығармашылығы ізденіске толы қазақстандық 7 жас режиссер

Шығармашылығы ізденіске толы қазақстандық 7 жас режиссер

Соңғы жылдары қазақ киносы халықаралық сахналарда ерекше назарға ілініп келеді. Көшпелі өркениеттің бүгінгі өкілі бойындағы жүріп жатқан таңғаларлық трансформацияны экраннан көру басқалар үшін аса маңызды. Тіпті кейде өзі туралы қалыптасып қалған түсініктерден шығып кеткен кейіпкерді көргенде, батыс көрермені мұны «батылдық» демеді, «бұл — уақыт пен кеңістік тудырған мәжбүрлік» деді. Осыдан келіп қазақ киносында жаңа бейне қалыптасты. Бұған Эмир Байғазин, Әділхан Ержанов, Жанна Исабаева, Сергей Дворцевойдің фильмдері де негіз. Дәл сол бейнелер киноға енді аяқ басқан жас буынның да негізгі нысанасына айналған. Сонымен, қазіргі қазақ киносындағы жастар кім және олар немен айналысып жүр? Осы сауалға жауап іздеген тізімімізге жеті режиссер еніп отыр. Тізімді жасауда тек отыз жасқа дейінгі және туындылары халықаралық деңгейдегі аудиторияларда талқыланып, өз көрермендерін тапқан кинорежиссерлер таңдалды. Біз олардың есімін білуге тиіспіз, себебі олар — музыкалық бейнеклиптерімен миллиондаған көрерменін тауып, әлемдік деңгейге көтерілген клипмейкерлер. Олар — әлеуметтік өмірді боямасыз беретін документалистер және тек кино тілінде сөйлейтін артхаус туындының авторлары. Олар — киноның әртүрлі жанрында, әртүрлі бағытта жұмыс істеп жүргендер. Әйтсе де әрқайсысының экранда жасаған кейіпкерлері үндес. Олар — қоғамнан күмәнданатындар, олар — қоғамнан жылу күткендер, солай бола тұра олар — қатігездер, олар — өз-өзінен бас тартқандар және өзін-өзі іздегендер.

Айсұлтан Сейтов

«Менің ойымша, әлемдік киноматографияда алдағы жақын жылдарда үлкен өзгеріс болады. Егер тарихқа қарасақ, өткен ғасырдың 60-жылдары Голливуд — «Спартак» сияқты қаһармандарға арналған үлкен масштабтағы фильмдерге толып кетті. Экран үлкен кадрларға, өте ауқымды массовкалы сахналарға арналды. Дәл сол кезде адамдар мұндай киноларға барудан жалықты. Кино өндірісінде үлкен шығындар боп жатты. Бірақ Фрэнсис Форд Коппола сияқты режиссерлердің киноға келуі Голливудың даму тарихын толықтай басқа арнаға бұрды. О режиссерлердің бәрі дерлік сол уақытта Годар бастаған француз жаңа толқынының ықпалына ұшырады. Яғни кинода жеке адамның тұлғалық мәселелеріне, қарапайым ішкі арпалыстарына көп көңіл бөле бастады. Сөйтіп жаңа Голливуд дәуірі туды. Меніңше, осы тарих қайталанатын сияқты. Алдағы мүмкін бес жылдан кейін бе, қазіргі Голливудта үлкен болмаса да, қандай да бір революция болатыны анық».

Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ-түрік лицейінің түлегі Айсұлтан Сейтов New York Film Academy кино мектебінде «Режиссура» мамандығына оқып, білім алған. Оқып жүріп түсірген «Шакал» фильмі 2016 жылы Нью-Йоркте өткен «Hollywood Boulevard» кинофестивалінде «Үздік режиссура» номинациясы бойынша марапатталған. Айсұлтанның клипмейкер ретіндегі ең алғашқы жұмысы «Джая Миядзаки» тобының «По ветру» әніне түсірген клипі болатын. Бастапқыда қазақстандық Ғалымжан Молданазар, Ninety One сияқты топтармен шығармашылық байланыста болған ол кейін Скриптонит, Иван Дрон, T-fest, L’One, Баста, Елена Темникова, MiyaGi&Эндшпиль сияқты посткеңестік мемлекеттер арасында мейлінше танымал әншілермен жұмыс істей бастады. 2018 жылы Jah Khalib-тың «Медина» әніне түсірілген клипі Қазақстан кинотарихындағы ең қымбат клипке айналды. Қазір Айсұлтанның портфолиосында 20-ға жуық музыкалық клип бар. Ол қазір АҚШ-тағы әлемдік әншілермен жұмыс істейді. МTV музыкалық телеарнасының 1984 жылдан бері өткізіп келе жатқан «MTV Video Music Award» сыйлығын биыл 21 Savage ft. J.Cole орындауындағы «A lot» клипі алды. Бұл клипті осы қазақстандық жас клипмейкер Айсұлтан Сейтов түсірген.
Режиссердің шығармашылығымен Vimeoдағы каналында танысуға болады.

 

Медет Шаяхметов

«Мен киномен айналысамын, себебі менің сұрақтарым бар», «Менің фильмім көрерменде қандай да бір эмоция тудырғанын, рухани және ментальды фидбэк арқылы қандай да бір ой әкелгенін қалаймын».

Кинорежиссер, клипмейкер, продюсер Медет Шаяхметов 2011 жылы Астанадан Алматыға келіп, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Монтаж режиссері» мамандығына оқуға түседі. Бір жылдан кейін мұндағы оқуын тастап, АҚШ-қа аттанады. Сол жақта «New York Film Academy» кино мектебінде One Year Filmmaking (2013-2014); BFA Filmmaking (бакалавр, 2014-2016) курстарын аяқтайды. Лос- Анджелесте оқып жүріп, қазақстандық Жетінші арнаның тапсырысымен «Q -Елі» атты 10 бөлімнен тұратын сериал түсіреді. Оқуын аяқтап, Алматыға оралғанынан кейін музыкалық клиптер түсірумен айналысады.

Медеттің “Escape” (2014), “Brothers” (2016) қысқаметрлі көркем фильмдері бар. Соңғы жылдары түсіген клиптеріне «Не уходи»-Zolotо, «Uyat Emes»-Truwer, «Suzuki»-Элджей, «До солнца»-Loc-Dog feat, «По волнам» 2019, «More Love» Feduk , «Sayonara Детка» Элджей, Era Istrefi жұмыстарын жатқызамыз.
Режиссердің шығармашылығымен төмендегі ойнату тізімінен таныа аласыз.

Қанат Бейсекеев

«Егер сен қазақша сөйлесен және «Қазақстан» деп айқайласа, сені көбі «патриот» деп атайды. Егер патриотизмді шынымен осылай түсіну керек болса, онда мен олардың қатарынан емеспін»

Фотожурналист, режиссер, сценарист Қанат Бейсекеев Алматыдағы UIB университетінің түлегі. Журналистика факультетін тәмамдаған соң, Лос-Анджелестегі «New York Film Academy» кино мектебінде «Digital art and photography» мамандығы бойынша оқиды. Киноның деректі фильм жанрында жұмыс істейтін режиссер «BALA», «Нью-Йорктегі қазақ полицей», «Билегім келеді», «Көршілер» сияқты туындыларымен танылып, көрермендерін тапты. Режиссердің негізгі қозғайтын тақырыптарының бірі — әртүрлі жағдайларға байланысты шет елде тұрып жатқан қазақтар өмірі. Соның ішінде «Америкадағы қазақстандықтар» жобасы АҚШ-тағы қазақтар туралы біраз деректі фильм түсірді. Әсіресе америкалық отбасылар асырап алған қазақстандық балалардың өмірі туралы «BALA» фильмін көпшілік өте жылы қабылданды.
Режиссердің шығармашылығымен мұнда өтіп, танысуға болады:

Камилла Абдельдинова

Режиссер Камилла Абдельдинованың «Қазақстандағы түркі халықтары» цикліның аясында түсірген «Вкус цвета» фильмі 2019 жылдың жазында Үндістанда өткен «Kolkata Shorts International Film Festival» кинофестивалінде «Ең үздік деректі фильм» номинациясын жеңіп алды. Режиссер бұл фильмінде жеке адамның оқиғалары арқылы тұтас бір этнос тарихын көрсетеді. Басты кейіпкер — ұйғыр халықының суретшісі, этно-авангард бағыттағы дизайнері Венера Важитова.
Камилла Абдельдинова Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі және «New York Film Academy» кино мектебінде білім алған. Оның «Don’t bite yоur lips» атты қысқаметрлі фильмі «Бастау» кинофестивалінде «Кинодағы жаңа дауыс» атты ерекше номинациямен марапатталған. Сонымен қатар, «Ertis cinema» халықаралық кинофестивалінде «Потому что люблю» атты деректі фильмі үшін «Көрермен көзайымы» жүлдесіне ие болды.

Берік Жаханов

«Мен барлық кино шеберлерінің туындыларына жеке-жеке тоқталамын да әрқайсысынан өзіндік «фишкаларын» аламын. Бұрын мені Тарковский и Робер Брессон сияқты режиссерлердің шығармашылығы қызықтыратын. Ал қазір көбіне эксперименттік жұмыстарға көңіл бөлемін, сол арқылы өз стилімді іздеп жүрмін. Барлық режиссер әрдайым ізденісте болып, әр фильмде жаңа бір өзгерістерге, жаңалықтарға тырысып көруі керек, тек солай ғана өз кинотіліңді табуға болады»

Өзінің ерекше режиссерлік стилімен қазақ кино өнерінде енді-енді аты аталып жүрген режиссерлердің бірі — Берік Жаханов. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы түлегінің «Тополек мой в красной косынке» атты фильмі Лондондағы Кэмбридж универсиетінде көрсетілді. Биылдың 6-20 қазан күндері аралығында АҚШ- тың «Dickinson college» колледжінде жеке шеберлік сағатын өткізіп, студенттерімен «Асан», «Наследие предков» жұмыстарын талқылады. Берік Жахановтың «Еркек» фильмі «Кино-клик» фестивальінде Гран-при алып, Қырғызстанда өткен «Қысқаметрлі фильмдер» кинофестивалінде «Үздік режиссура» және Алматыда өткен «Байқоңыр-2016» кинофестивалінде «Үздік актер» номинацияларымен марапатталған. Режиссердің «Асан» фильмі Румынияда өткен Short to the Point кинофестивалінде «Ең үздік актер», «Ең үздік операторлық жұмыс» деген екі бірдей номинацияны жеңіп алды. Сонымен қатар, бұл фильмі «Құлагер» сыйлығының  «Ең үздік қысқаметрлі фильм» номинациясын алып, 2018 жылы Канн кинофестивалінде әлемдік қысқаметрлі фильмдер конкурсы аясында көрсетілді.

Режиссердің шығармашылығымен мұнда өтіп, танысасыз.

Дархан Төлегенов

«Маған айналамды бақылаған көбірек ұнайды. Бұл — менің әдісім. Бақылау арқылы кейіпкерлерімнің образын жасаймын. Мысалы, өзіме бейтаныс адаммен кездесу, онымен жақын сөйлескен, оның іс-әрекетін, өзін қалай ұстайтынын, қалай сөйлейтінін, бәрін сырттай бақылаған ұнайды. Бұл кейіпкер типін анықтауда көп көмектеседі. Осы ақпараттарды алғаннан оқиғаны әрі қарай өзім жалғастырамын»

Бүгінгі таңда қазақстандық жас кинорежиссерлердің ішінде өзіндік қолтаңбасын айқындаған Дархан Төлегенов 9-ға жуық қысқаметражды көркем фильм түсірді. Ол Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі және «New York Film Academy» кино мектебінде, сонымен қатар, 2017 жылы Тегеран қаласында өткен «Фаджр» халықаралық кинофестивалі аясында «Talent campus» бағдарламасы бойынша оқу тәжірибесінен өткен. Оның «Луч утренней зари», «Маршрут», «Три дня отверженных» фильмдері Қазақстан, Қырғыстан және Ресейде өткен халықаралық фестивальдерде «Ең үздік қысқаметрлі фильм» деп танылды. Осы жылы режиссердың «Дала қырандары», «Оралу» атты көркем сериалдары жарыққа шықты.
Режиссердің шығармашылығымен Youtube-каналында танысуға болады.

Диас Құлмақов

«Ұлым, әрқашан есіңде сақта, мен сені жақсы көремін. Бұл өмірде махаббатсыз ешнәрседе мән жоқ…»

«Letter» фильмінен үзінді.
Режиссер Диас Құлмақовтың «Letter» туындысы 2016 жылы Таиландта өткен «Amazing Thailand Film Challenge» конкурсында «Оңтүстік-шығыс аймақтың ең үздік фильмі» атанды. Фильмде әкесінің соңғы өтінішін орындау үшін мәйітін туған жері Таиландқа әкеліп жерлеген жас жігіттің оқиғасы баяндалады. Фильм поэтикалық стильде түсірілген және қазақтың классикалық туындысы «Атамекен» фильмінің бүгінгі репрезентациясы сияқты қабылдауға болады.
Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі Диас Құлмақовтың «Аялдама» фильмі «Байқоңыр» кинофестивалінде «Үздік операторлық жұмысы» үшін марапатталып, кейін бұл фильмі Францияда өткен «Poitiers Film Festival» фестивалінде көрсетілді. Таяуда Жетінші арнада Диастың «Туған елім» атты бағдарламасы жарыққа шықты.
Режиссердің шығармашылығымен Youtube-каналында таныса аласыз.

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР