ДомойМедиасынАтауы - өткір, айтары - жалпақ. “Неге?” ток-шоуына не жетіспейді?

Атауы — өткір, айтары — жалпақ. “Неге?” ток-шоуына не жетіспейді?

Атауы — өткір, айтары — жалпақ. “Неге?” ток-шоуына не жетіспейді?

Қазақстан медиасында, соның ішінде телевизияда өткір саяси-ток шоулар азайып кеткен еді. Сондықтан болар, 31 арнада жарқ етіп шыққан «Неге?» әлеуметтік-саяси ток-шоуы бірден назар аудартты. Бүгінгі дейін ток-шоудың алты шығарылымы эфирден көрсетілді. Медиасыншымыз Бэлла Орынбетова соның барлығын көріп, тақырыпты ашу, мықты спикерлер шақыру, өткір сюжеттер беру тұрғысынан бағамдады.

«Неге?» ток-шоуы — 31 телеарнаның жаңа жобасы. Синопсисінде айтылғандай, бағдарламада елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелері талқыланады. Ток-шоу қатысушылары — республиканың танымал азаматтары, өз саласының мамандары және қарапайым қазақстандықтар. Мақсаты — билік пен халық арасында диалог орнату.

Талқылау емес, мақұлдау көбейді

Әуелі спикерлеріне тоқталайық. Гендерлік теңсіздік бірден көзге ұрады. Бағдарламаның алты шығарылымына бас-аяғы 24 спикер шақырылса, олардың тек 4-і әйел. Әлеуметтік-саяси мәселелер еркектердің еншісінде ме әлде әлеуметтік-саяси жағдайдан хабардар әйелдер аз болғаны ма, деген сауал туындауы заңды.

Бастапқыда бағдарламаның жүгін көтерген, нық позициясы бар спикерлер: Дина Елгезек, Рысбек Сәрсенбай, Қасым Аманжол шықты. Кейінгі шығарылымдарда спикерлер сұйылды. Бағдарлама Алматыда түсірілетіні себепті шақырылатын қонақтар аясы да тар. Айтар ойын қазақша жатық жеткізер спикерлер тапшылығы да байқалады.

Өз саласында эксперт ретінде мойындала қоймаған мамандарды шақыру бағдарлама салмағын төмендетпей ме? Әлде ток-шоуға саясаттанушы ретінде шақырылған Расул Жұмалы, Әзімбай Ғали сияқты тұлғалар көрермендерге эксперт ретінде әдейі таңылып жатыр ма?

Ток-шоудың «Үкімет пен әкімдер президенттің айтқанын орындай алды ма?» деп аталатын алтыншы шығарылымында басты оппонент тек жүргізуші-журналистің өзі болғандай әсер қалдырды

Жүргізуші Ерқанат Көпжасар ҚР Денсаулық министрі А. Цойдың “Әлеуметтік желідегі негатив 10 пайыз аспасын” деген нұсқауына қатысты пікір білдірді. Оған саясаттанушы Әзімбай Ғали: 

– Сынамаңдар әкімшілік жүйені. Біз демократияға қадам басып жатырмыз бірақ. Әр әкім, қызметтегі адам сынағанда жақсы көрмейді. Сынамаса жұмыс көрінбейді,–

деп жауап берді (спикер сөзі қаз-қалпында берілді — авт.).

Барлық спикер осы ойды бірауыздан қолдады. Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Барыс Жаппаров бас шұлғыды. Дәрігер Қайырғали Көнеев те “Цойдың айтқаны дұрыс” деді. Заңгер Орынбасар Тілепберген:

“Бұл Авиценнанның айтқаны ғой. Тіпті пандемия кезінде рақмет айтатын екі орган бар, ол – денсаулық сақтау министрлігі мен ішкі істер органдары,

деп қостады (спикер сөзі қаз-қалпында берілді — авт.).

Дәрігер Көнеев: 

– Келісемін. Ішкі істер министрлігі эпидемия кезінде ең төмен көрсеткіш. Басқа ведомстволарға қарағанда ең жақсы дайындалған. Сіз сұрадыңыз денсаулық сақтау министрлігіне кімді тағайындау керек деп. Ішкі істер министрін тағайындасақ коррупция да бітеді, профессионалдар да өседі

,-деп қосыла кетеді (спикер сөзі қаз-қалпында берілді — авт.).

Эфирдегі пікірталастың бар мазмұны бір пікірге тоғысты. Бұдан гөрі әлеуметтік желідегі жазбаларды оқу қызығырақ болар еді. 

Youtube каналындағы осы шығарылым видеосына Рауан Әлімбай атты көрермен: “Өңкеи түе құстар мыңғырлап қуды бәрі құмға басын тығып алып» деген коммент қалдырыпты. Ал Бекболат Паруов деген қолданушы: «Ерқанат Көпжасар кімдерді шақырып алғаңсыз бірыңғай жағымпаздар бір дұрыс жауап бере алмады неден қорқады бəрі ауыссын” деп пікір жазған (қолданушылардың жазған комментарийі қаз-қалпында берілді — авт.).

Сюжеттер мақтауға лайық

Бағдарламаны өткір етіп, тұздық ретінде қолданылатын сюжеттер туралы айталық.

Ток-шоу командасындағы журналистер біліктілігі бірден байқалады. Қажет кадрды таба білу, шебер монтаждау, ойын батыл жеткізуі көрермен ғана емес, қонақтардың да көңілінен шығып жатады.

Бағдарламаның ең алғашқы эфирі “Парламентке оппозициялық партия неге керек?”  тақырыбына арналды. Парламент депутаттарының қызметін сынға алған сюжет көрсетілді.

Журналист: «Шетелдік  парламенттерде оппоненттермен келіспесе, жұдырық жұмсауға, өз мандатын қайтарып беруден тайынбайды. Ал қазақстандық парламент депутаттары «өте ұстамды, аса сабырлы» — дей келе ұйықтап отыратын депутаттарды сынға алады. Сюжет соңында Сенат отырысынан үзінді көрсетті: Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев  дауыс беруді қорытындылайды:

«Қатысып отырғандар — 46, жақтағандар — 46, шешім қабылданды».

Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев сюжетті көріп тұрып, жымияды.

— Осының бәрін теріп, құрастырған үлкен еңбек, соған риза болып тұрмын. Қанша дегенмен журналистердің еңбегі ғой,-

дейді.

Ток-шоуда көрсетілетін видеосюжеттер сапалы, діттеген жеріне дөп тиеді. Өкініштісі — соңғы шығарылымдарда видеосюжет мүлдем жоғалып кетті. Әлеуметтік желідегі жазбаларды көрсетіп қана шектеліп жүр.   

Осы айтылған «Парламентке оппозициялық партия неге керек шығарылымында сайлаудан соң наразы болған, митингке шыққан адамдарға, оларға күш көрсеткен полиция қызметкерлерінің әрекетіне ауысады.

Кадрда: бес-алты полиция қызметкері бір ер адамды өңгеріп алып, әкетіп барады, еңіреп полиция қызметкерінің аяғына жығылған әйел. Осы сәтте төрт спикер де экранға қарайды. Билік әрекетін жақтап тұрған спикер Арман Қырықбайдың реакциясы көрерменге қызық болар еді. Оның реакциясы мен эмоциясын ірі планда көрсетуге техникалық мүмкіндік болмаған сияқты. Әйтсе де режиссерлер сол мезетте биліктегі қос партия өкілдерін назардан тыс қалдырмады.

Парламенттегідей пікірталас және биязы жүргізуші

Ток-шоу жүргізушісі Ерқанат Көпжасар — әлеуметтік желіде өткір жазбалар жазып, көзге түсіп жүрген журналист. Алайда бағдарлама жүргізушісі ретінде әлі де ұяң. Сұрақтарын өктем қоя біледі, бірақ ренжіген спикерге комплимент айтып, жұмсарып қалады.

“Қазақ телевизициясы қазақ көрерменіне не ұсынып отыр” деген шығарылымында қазақ журналистикасын талқылады. Студияда журналист Қасым Аманжол енді бір журналист Нұртілеу Иманғалиұлына қатысты өткір сын айтады. Оған ренжіген Нұртілеу Иманғали: “сондай нашар болсам, пікір білдірмей-ақ қояйын” деп қитығады.

Осы сәтте жүргізуші Ерқанат Көпжасар: «Нұреке, біз үшін мықты журналиссіз, біз сізді мойындаймыз» деп көпшігін қоя қойды. Ток-шоу жүргізушісі ғана емес, жалпы журналист жұмыс барысында жеке көзқарастарын ысырып, объективті болуы — журналистиканың негізгі қағидасы емес пе? Ал ток-шоудың ерекшелігі де сол: мұнда экспрессия, қызу пікірталастың, шымбайға батар сөздердің болуы заңды. Жүргізуші қайта мұндай тартысты қыздыра түскені жөн.

Ток-шоудың осы шығарылымында тым батыл пікірлер айтылып қойды ма, кенет титрдан: «Редакция мен спикерлер пікірі сәйкеспеуі мүмкін» деген дисклеймер шығады.

Түрлі тарап өкілдері қатысатын, әртүрлі ой-пікір айтылатын ток-шоуда мұндай ескерту жазып, ат-тонын ала қашудың не қажеті бар еді? Қоғамда болып жатқан күрделі мәселелердің түбіне жетуді көздеп: «Неге?» деген сауал қоятын бағдарламаға мұндай ескертудің де, спикерлер айтқанының тігісін жатқызып маймөңкелеудің де қажеті жоқ. 

Журналист Ерқанат Көпжасардың биязылығын спикерлер де пайдаланып кетеді.

Бұған бір мысал. Бағдарламаның «Үкімет пен әкімдер президенттің айтқанын орындай алды ма?» шығарылымында бірінші сөз алған студия қонағы — дәрігер Қайырғали Көнеев 6 минут 50 секунд сөйледі.

Спикердің қазақшасы жатық болғанда бәлкім ұйып тыңдай берер ме еді, бірақ бірнеше минуттан соң көрермен тұрмақ, студия қонақтары да тыпырши бастады. Қонақ қазақша сөз таппағанда орысша сөз, тіпті сөйлемдер араластырады.

Тізгінді заңгер Орынбасар Тілепберген алып, сөз тартысты бастады. Мұны көрген спикерлер бір-біріне сөз бермей, жағаласып сөйлейді. Бірнеше адамның қатар сөйлегенін түсіну қабілетін дамытқыңыз келсе, отызыншы минуттан бастап көруді ұсынамын.

Журналист эфирде бетегеден биік, жусаннан аласа көрінуіне сырт келбеті де әсер ететінін режиссер қаперіне қаперіне алса екен. Үнемі қара түсті костюм киіп шығатын  Ерқанат Көпжасар студияның қап-қара фонында көрінбей қалады. Бәлкім, пікірталасқа түсетін қонақтар басты назарда болсын, дегені ме? 

Әйтсе де журналистің сенімсіздігін, қорғаныс позициясын оның сүйікті позасы — кеудесіне айқастырған қолы аңғартады.

Елдегі карантин эфирде елеусіз қалды

“Сырт келбеті” демекші, тағы бір мәселеге назар аударайық. Шағын студия. Түсірілімге қатысатын оператор, координатор, режиссерді қоспағанда, аядай ғана студияда 5 адам тұрады.

Талқыланатын тақырыптар да карантин, пандемияға қатысты. Алайда 6 шығарылымның екеуінде ғана медициналық бетперде таққан адам көрдік. 

Қазақ телевизиясына арналған эфирде журналист Қасым Аманжол ғана бетперде тағыпты. Ал журналист Нұртілеу Иманғали жас ерекшелігіне байланысты қатерді қаперіне алмай, тек резеңке қолғап киген.

Ал “COVID-ке тегін тест пен тегін дәріні кімдер ала алады?» деген шығарылымда жүргізуші мен қонақтың барлығы бетперде тағыпты.

“Митинг ел мәселесін шеше ала ма” деген тақырыпқа қатысқан спикерлердің бірі саясаттанушы Расул Жұмалы бетпердесін тағуға батпады ма, әйтеуір қолында шиыршықтап тұрды.

Тіпті жердегі тас та: “қауіпсіздік шараларын күшейтіңдер, бетперде тағыңдар” деп хабарлап жатқанда редакторлар эфир жүргізушісі мен студия қонақтарының қауіпсіздігіне салғырт қарағаны қалай? 

Ақиқат па, көзбояу ма?

Қазір саяси контентке сұраныс өте жоғары. Мұны билік етуге мүдделі топтар да жақсы пайдаланып жүр. Атқарушы билік өкілдерін, шенеунік, министрлерді сынға алып, «құпия» ақпаратты ағызып отыратын түрлі ресурстар, телеграм каналдар, парақшалар көптеп ашылып, кеңінен жарнамаланып жатыр. Арғы жағында биліктің де құлағы көрініп қалады. Билік етуші тұлғалар «конструктивті оппозициялық пікір» айтатын диалог алаңдарын құруға дайын екенін білдіреді.

Тәуелсіз журналистиканың дамуына тосқауыл қойып, мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс арқылы аузын буып отырған билікке мұндай қадамдар неліктен керек болғанын ойлап, мынадай пайымға келдім:

  1. Өз адамдарын оппозиционер тұлға ретінде көрсетіп, олардан тәуелсіз пікір айтатын сарапшы имиджін қалыптастыру. Қажет сәтте олардан «медиакиллер» жасап, қысылтаяң шақта пайдалану. Осылайша жұрт қолдамайтын пікірлерді көпшілікке «өткізу».
  2. Сөз бостандығын бағамдайтын халықаралық рейтингтерде Қазақстан позициясын көтеру. “Қазақстандық телевизияда барлық мәселе талқыланады, сөз бостандығы бар” деген көрініс жасау. Ерқанат Көпжасар ток-шоу аңдатпасында: «Парламент, үкімет, оппозиция, жемқорлық, митинг сияқты ең өткір тақырыптарды ашық талқыға саламыз. Қазақстанда сөз бостандығы. Кейбір жерде аттап бастырмайтын тұлғаларды ойларын ашық айтуы үшін біз эфирге шақырмақпыз деді. «Шекарасыз репортерлер» халықаралық үкіметтік емес ұйымының баспасөз бостандығын бағамдайтын рейтингінде Қазақстан 180 мемлекеттің ішінен 157-орында тұр. Рейтингтегі орнымыз өткен жылмен салыстырғанда 1 позицияға көтерілді. Бірақ елімізде журналистерге қуғын-сүргін, қоқан-лоққы азайды ма, ақпарат алу жеңілдеп, сөз бостандығы дамыды ма? Меніңше, жоқ. Керісінше 1 жыл ішінде тәуелсіз медиа өкілдерін брифинг залынан күштеп шығару, аппаратурасын сындыру оқиғаларын көбірек естідік. Сондықтан “Қазақстанда сөз бостандығы бар” деп сенімді айта алмас едік. 
  1. Қоғамда көп талқыланып, бұрқ-сарқ қайнаған протест көңіл-күйді сыздықтата шығарып отыру. Электр зарядтары жиналып ток соқпауы, тұтанып, от шықпауы үшін жерге тұйықтайды ғой. Дәл сондай эффекті. Жұқалап айтқан сайы кісі де үйрене береді.  

Сонымен “Неге?” ток-шоуы көрермен сұранысын өтей ме әлде тапсырыс орындай ма? Аңдатпада айтқанына лайық бола ма әлде “сөз бостандығының” алдамшы боямасына айнала ма?

Жалпы қазақ көрермені «ащы шындық» айтылғанын жақсы көреді. Айтыста ақындар сөзбен түйреп, мәселені шымбайына батыра айтқанда делебеміз қозады. Міне, сондықтан да саяси ток-шоуда жұртшылық тілі өткір, шешен спикерлерді, көкейіндегі “Неге” сұрағына тайсалмай жауап іздейтін, ток-шоу алаңын нағыз пікірталас майданына айналдыра алатын жүргізушіні көріп, цензурасы жоқ саяси әңгіме естіп, сөз еркіндігін сезінгісі келеді.

Келер күндерде “Неге?” эфирінен саяси ток-шоу элементтерін емес, нағыз саяси ток-шоу көруді жазсын. 

Бэлла Орынбетова
Бэлла Орынбетова
Журналист, медиатренер, подкастингпен әуестенеді. Жаңа медианы оқыту, интернет редакция жұмысын ұйымдастыру жобаларына жетекшілік еткен.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР