ДомойМедиасын«Qalamaimyn» қазақи нақыштағы ток-шоуының түсініксіз мақсаты

«Qalamaimyn» қазақи нақыштағы ток-шоуының түсініксіз мақсаты

«Qalamaimyn» қазақи нақыштағы ток-шоуының түсініксіз мақсаты

«Хабар» телеарнасы «Qalamaimyn» тележобасын көрсетіп жатыр. Телеарна сайтындағы аңдатпаға қарасақ, «Qalamaimyn» — қазақи нақыштағы тұңғыш ток-шоу екен. Медиасыншымыз Меруерт Хусаинова ток-шоуды көріп шығып, бағдарламада ұлттық құндылықтар мен дәстүрді дәріптейтін дүниелер бар-жоғын іздеді. 

Бағдарлама басталар алдын экранда:

Құрметті көрермен! Жобаның мақсаты — Мемлекет басшысының той-думанға қатысты үндеуін халыққа дұрыс жеткізу. Ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, қазақы қуанышты төл дәстүр жолымен өткізу. Дарақылықтан тыю, бұрмаланған салт-сананы түзету. Үлкендер мен жас буынның арасына дәнекер болу»

деген жазу шығады.

Президент Қ.Тоқаев «Пандемия — тойлайтын емес, ойлайтын уақыт» деп те айтқан. «Qalamaimyn» көрерменге қаншалықты ой салады? 

Ток-шоуға қатысатын 12 жұпты арнайы кастингтен өткізіп, таңдап алыпты. Жоба жарнамасында жеңімпаз жұп Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер ұтып алатынын хабарлайды. Пәтер ұтудың шарттары қандай? Қатысушылар қай бағытта басым түсуі керек? Ток-шоу барысында мұны айтпайды.

Алғашқы шығарылымнан-ақ қазақи нақыштағы дүниелерді көру қиын. Жүргізушілері — танымал әртіс Бауыржан Ибрагимов пен «тентектігімен аты шыққан» Ұлдана Ерқасым.

Салт-дәстүрлі дәріптейтін бағдарламаға этнографияны жақсы білетін маман-жүргізушінің жетіспейтіні анық. YouTube платформасында жарияланған видеоларда жүргізуші Ұлдана туралы пікірлер қарша борапты. Пікірлерге қарасақ, бұрын «Еуразия бірінші арнасы» эфиріндегі «Қалаулым» бағдарламасында жағымсыз рөлді сомдаған Ұлдананың салт-дәстүрді дәріптейтін ток-шоу жүргізуі көрермен ренішін тудырған сыңайлы. Ұлдананың киім үлгісінен бастап жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері мен өзін ұстауына дейін сынапты.

Жоба авторлары Ұлдананы байырғы салт-дәстүрге бүгінгі қарсылық сипатында көрсетпек болған сыңайлы.

Сырт көріністен бөлек,ток-шоу жүргізушілері: Бауыржан Ибрагимов пен Ұлдана Ерқасымның арасында қандай да бір түсініспеушілік не ерегістің бар екені байқалады.

Мысалы, жүргізуші Б. Ибрагимов «Ұлт болып қалу үшін не істеуіміз керек» деген сұраққа мейлінше жауап бермек болғанда, Ұлдана: «Аға, соза бермей, тоқетерін айтыңызшы», — деп бірнеше рет сөзін бөледі. Әріптесінің бұл қылығына Бауыржан Ибрагимов: «Сен қазақтың қызысың ба? Мынау не? Қазақтың қызы осылай жүрген бе?» деп айтады. Тағы бір сәтте: «Ойпырмай, сен қашаннан бері қазақтың дәстүрін айтып қалдың?» деп салады. Ал ендігі бір шығарылымда студияға келген қонақ-құдалардың бірі: «Көзіңде әшки, ерніңе қарап бор жеген бе» деп қарап қоямын», — деп Ұлдананы келемеждейді. Әйелді ұлтқа байланыстырып, кемсіту байқалды.

Бірінші шығарылымда әр жұпты жеке-жеке таныстырып, бірақ олардың бұл ток-шоудағы рөлдерін айтпайды. Таныстырудан кейін «Онлайн батамен үйленген» жұпты сөз етеді.

Соған қарап, «үйленген немесе үйленуді жоспарлағандардың ерекше оқиғасы болуы — пәтер ұтудың басты шарты шығар» деп болжадық. Карантинге байланысты тойын өткізе алмаған жұптар телефон арқылы ата-анасының келісімін алыпты. Міне, сол жұптың ата-аналары «Qalamaimyn» ток-шоуының студиясында бір-бірімен танысып, тіпті сол жерде құдалық рәсімін де өткізеді.

Бағдарлама форматы — ток-шоу босла да студияда қызу пікірталас та, дау қуған да ешкім жоқ. Керісінше, мың адамдық тойы іспеттес, ұзын-сонар бітпейтін құр әңгіме көрермен уақытын  алады.

«Дарақылыққа жол бермеуді» мақсат еткен бағдарлама студиясындағы құдалықта екі жақ бір-біріне шапан жауып, алтын тағады. Мұның барлығы қазақ тойларындағы «алыс-беріс» әзірге тоқтамайтынын көрсеткендей.

Студияда мұндай той жасалып жатса, ел ішіндегі тойларда жүздеген адамға аста-төк дастархан жайылатыны сөзсіз. Бағдарлама продюсерлері президент Қ. Тоқаевтың той туралы айтқанын мүлдем басқаша қабылдады ма екен?!

Жүргізуші Ұлдана Ерқасым: «Әкесіз өскен ұл қызтекелеу болады», «Әкеңді ойлап қанша рет жылайсың?» десе, Б. Ибрагимов: «Әкесіз өссе де, мықты жігіт болып өсіпті» деді. Ток-шоу эфирінде мұндай біржақты пайымдар айту да қате. 

Ең сорақысы — қазақи нақыштағы ток-шоуда әйелді кемсіту, әйелді екінші сатыға түсіру, еркекті биіктету мазмұндағы сөздер өте көп. Бағдарламаның мақсаты — екі жастың шаңырақ көтеруіне үлес қосу емес, «әйел не істеу керек», «ал еркектің рөлі қандай» екенін үйрету сияқты.

Мәселен, «Әйел адамның отбасындағы рөлі қандай» деген сұраққа қатысушы жастардың көбі: «Әйел үйде отыруы керек» деп жауап береді.

Ербол деген қатысушы: «Әйел адам «жұмыс істеймін» деп, үйі қараусыз, тамағы жасаусыз, кірі жуусыз қалса, жұмысын қойып, үйде отыруы керек. Даяна (сыңары) басында жұмыс істеген. Қазір оны жұмыстан шеттетіп жатырмын. Өйткені қазір үйде әкем бар, ағам бар. Соларға қарайды. Ер адамда үш хобби болуы керек. Бірінші — ақша табу, екінші — өзін формада сақтау, үшіншісі — өз «удовольствиесі» деді. Оның пікірін қолдағандар жетерлік. Ал Елубай деген қатысушы: «Үйде отырып қалған әйелде даму болмай, ең ақыры тойға барғанда тілек айта алмай қалады» деп еді. Оның сөзін басқалары жарата қоймады. «Әйел жұмыс істесе, ақша тапқанын міндетсінеді. Олай міндетсінгенше, тойда тілек айта алмай тұрғаны жақсы» десті. Қатысушылар имансыз, еркегін сыйламайтын, күйеуі сөйлеп тұрғанда сөзін бөлетін әйелді, ер адаммен өзін тең санайтын әйелді, қысқа көйлек киетін әйелді ұнатпайтындарын да айтты. Осылайша, ток-шоу әйелді кемсіту мен құқығын шектеу мазмұнын насихаттады. 

Қыздар жағы еркектен төмен болуды қаламайтынын айтады. Ток-шоуда трайбализмнің де көлеңкесі көрінетін тұстары бар. Қатысушы қыз «Батыстың жігітіне, Адайдың жігітіне тән мінез» деп жігітін ерекшелесе, студияға жиналған құдалар арасында «Шымкент жақтың адамдары пәлен, Оңтүстіктің адамдары түген» деген сөзді жиі айтады. Мемлекеттік республикалық телеарнадан жершілдік, рушылдық мазмұн айтылуы да орынсыз.

Бағдарламаның нақты бағыты мен мақсаты қандай екенін I маусымның 15-шығарылымына қатысқан өнер адамдары да түсінбепті. Студия қонақтары — әнші Тамара Асар әнші Мейрамбек Беспаевқа: «Бұл той жасайтын бағдарлама екен» деді.

«Qalamaimyn»  — қандай бағдарлама? Жүргізуші Бауыржан Ибрагимов «әр қазақ өз ана тілінде сөйлеуі керек» деген сөзді жиі айтады. Алайда студияға келген құдалар мен қатысушылар, тіпті жүргізушілер де тілді шұбарлап сөйлейді.

Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеудің соңы өрескел қателікке де соқтырады. Мысалы, 49-шығарылымда екі жас Гүлназ бен Айдынның ата-аналары студияда жолығады, танысады. Әңгіме қалыңмалға келіп тіреледі. 

«Қыздың қалыңмалына елу мың теңге» деп жүргізуші қалжыңдаған тұста: «Елу мың-ақ па?» — деп құдағи шошиды. Соңында жігіттің қыз қалыңмалына ата-анасы бір жылқы (бие) беретін болып тоқтайды. Қып-қызыл сауда.

«Бұл — сауда емес, дәстүр. Баяғыдан келе жатқан ырым» деген құдалар айналып келгенде Гүлназдың құнын анықтаған жоқ па?

Бағдарламаға қатысқан жұптарға өте маңызды күн — Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер ұтып алу кезеңіндн жобаға қатысушылар пәтерге қол жеткізу үшін ұялы телефоннан өздері ұнатқан жұпқа дауыс берді. Бітті. 12 жұптың арасынан қоларбада отыратын қызға үйленуді мақсат еткен жігіт астанадан үйлі болды. Жеңімпаздарды таңдағанда қандай критерийлерге мән бергені белгісіз әрі түсініксіз. 

2020 жылғы 23 қарашада «Qalamaimyn» бағдарламасының екінші маусымы басталды. Ұлдана Ерқасымның орнына актриса Дариға Бадықова келді. Дариға эфирде Ұлданаға «Көрермен сіздің жүргізгеніңізді қаламайды» деп, шашын өсіріп, киімін реттеп, үшінші маусымға келуді ұсынып, шығарып салады.

Ұлдана Ерқасым: «Бұл бағдарламаны жүргізетіндей әйел болмадым, бала таппадым» дей келе, «Ең құрығанда, Бауыржанның бабын тапқан Зейнеп ападай болмадым» деп студиядан кетеді.

Сериалдарда келін рөлін сомдап жүрген Дариға көрермен көңілінен шықты ма? Ол жастарға үкі тарататын сәтінде «үкі — антисептик, масканың орнына қолдануға болады екен» деп қарқылдай күлетіні бар. 

«Қазақтың ұлттық келіні болған — Дариғасың», — деп мақтауын асырған Б. Ибрагимов осы шығарылымда 20 минутың бос сөзбен өткізді. Басынан кешкен оқиғаларын, өткен-кеткенді айтып, көрерменді жалықтырып алғанын аңдамады. 

Қазақы ток-шоудың екінші маусымы да «әйел еркектен төмен болуы керек», «мен еркекпін, әйелді қарсы сөйлетпеймін», «оқу оқып, кәрі қыз болып қалу» сияқты теріс ұғымдарға толы.

52-шығарылымда өзара сөз байласқан Иринаны бір жыл елде тастап, өзі шетелге кеткісі келетін Әлішердің әрекеті жөн саналады. Ал 17 жасар Ирина бір жылға Түркияға оқуға барғысы келетінін айтқанда, бәрі дерлік «Қыздың шетелге кетуі дұрыс емес», «Қыздың шетелге оқуға баруына түбегейлі қарсымын», «Әлішер — еркек. Ол бір жылға шетелге кетеді, ал Ирина күтуге міндетті», «Қызға сенім жоқ» деп, Иринаға қарсы шығады. Бұл да еркекті әспеттеп, әйелді кемсіту көрінісіне айналды.

II маусымның 56-шығарылымында «Сүндет тойы жасалмаса, еркек еркек болмайды», «Сен мұсылмансың ба? Исламға сенесің бе?» деген сұрақтар, құдалардың өз хикаясын баяндауы, қазақ қызының шетелдікке күйеуге шығуына қарсылығы, тіпті әскердегі өмірін айтқан ұзақ-сонар әңгімелерінде ұлттық құндылыққа қатысты ештеңе жоқ.

Қорыта айтқанда, «Qalamaimyn» ток-шоуы ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты емес, жершілдікті көбірек уағыздайтын, әйелді еркектен төмен санайтын, мән-мағынасыз құр әңгімеден аспайды. «Қазақи нақыштағы ток-шоу» деген түсініксіз форматтағы мақсатына мазмұны сай келмейді.

Меруерт Хусаинова
Меруерт Хусаинова
Медиасыншы, журналистика саласында 12 жылға жуық уақыт қызмет етіп келеді. Алғашқы журналистикалық тәжірибесі «Apta.kz» газетінде басталып, одан кейін «Діл», «ДАТ» газеттерінде жұмыс істеді. Соңғы жеті жыл бойы Республикалық «Жас Алаш» газетінде саяси, әлеуметтік тақырыптарға қалам тербеген. Сонымен қатар, «Ратель.кз», «Адырна» ұлттық порталдарында журналистік қызмет атқарған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР