Домой Блог Страница 37

Президент жолдауы, зейнетақы жинағы және ЭКО. 31 тамыз — 6 қыркүйек апталық бағдарламаларға шолу

Жолдаудан басталып, жолдауға жалғасты. Қазақстандық телеарналардың кешегі аптаны түйіндейтін бағдарламаларын бір сөйлеммен осылай атауға болатындай. “7 күн” бағдарламасы президент Тоқаевтың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауын түсіндірсе, Basty bagdarlama да аптаның басты тақырыбы — жолдау екенін көрсетті. Apta эфиріндегі өзгешелік — бағдарлама коронавирустан басталып, жолдауға жалғасып, бұдан бөлек тағы бірнеше тақырып айтылды.
Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

«7 күн» эфирі президент Тоқаевтың жолдауынан басталып, алғашқы сюжеті 10 минутқа созылды. Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Жолдаудан үзінді беріп, мемлекеттік қызмет құрылымына өзгеріс, қысқарту, жер, дәрі-дәрмек, медицина және тағы басқа салаларға қатысты мәлімдемелерді тізіп шықты. Президент ұсынысының тиімділігі немесе орындалу мүмкіндігіне қатысты сарапшылар бағасын, көрермен пікірін ести алмадық.

Жолдаудан кейін іле-шала мемлекет басшысының апта ішіндегі кездесулері мен қатысқан отырыстарына кезек берді. Бұл тақырыптағы сюжет оқиғаны таразылаудан гөрі мазмұндаудан аспады. Президент кіммен кездесіп, не дегенін, қандай тапсырма бергенін айтып қана шықты.

«Өрлеу траекториясы сызылған» жолдау. Президенттің жұмыс аптасынан кейін жолдау тақырыбы қайта басталды. Ауыл әкімдерін сайлау туралы айта келе, Алматы іргесіндегі Бесағаш ауылының мысалында, барлық ауылға тән проблеманы жеткізуі елең еткізді.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың Алматыдағы зиялы қауым өкілдерімен кездесуіне жеке сюжет арналды. Сюжетте тараптардың ұсыныс-тілектерін баяндап, бұл жиын қоғамға қандай пайдасы барын түсіндірмеді.

Президент жолдауында зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу туралы тапсырма берген. Тілші Ақбөпе Тәңірберген: «Зейнетақы қорындағы ақшаның азаматтардың пайдасына жаратудың тиімді тұстары көп. Оның бастысы медицина мен баспанаға қатысты мәселелер азайып, халықтың өмір сапасы жақсарады» деп ұйғарым жасайды. Осылайша ел аузындағы тақырыпта тілшінің сарапшыға айналуына куә болдық. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы президент тапсырмасының іске асырылу шарттарындағы жеткілікті шек мөлшерін қайта қарау керегін айтты. Президент бастамасына қатысты айтылған тың пікір де осы.

Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаевтың пікірі “зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу — баспанаға мұқтаж адамдардың баспаналы болу мүмкіндігін арттырады” дегенге саяды. Сюжетте БЖЗҚ шотынан 720 мың қазақстандық ақшасын алуына болатыны, 20 жастағы азамат зейнетақы жинағының бір бөлігін алуы үшін шотында кемі 1 млн 700 мың теңге болуы керек екені де айтылды. Елімізде зейнетақы шотына мұндай сома жинаған 7 адам ғана бар екен. Осы тұста тілші сюжетінде зейнетақы жинағының бір бөлігі кімнің қажетін өтей аларын, кімдердің мүмкіндігін арттырарын бағамдауды жөн санамаған сыңайлы.

“7 күн” авторлары президент жолдауында айтылған “Аңсаған сәби” жобасын назардан тыс қалдырмапты. Репродуктолог-маман Салтанат Байқошқарова орыс тілінде сұхбат берген. Ол ЭКО-ға берілер квотаның жай-жапсарын айтып өтті. Квота аз екені, оны әйелдер 4-5 жыл күтіп, уақыт жоғалтып алатыны да сөз болды. Алайда сәби сүюді аңсаған отбасылар саны мен ұсынылатын 7 мың квота жетер-жетпесіне жауап болмады.

Бағдарламаның соңғы сюжеті кәсіпкерлерді қолдау шараларына арналыпты. Мұнда да Президент шағын және орта бизнесті қолдауға байланысты қандай тапсырма бергенін баяндады.

Basty bagdarlama, “Еуразия бірінші арнасы”

Президент жолдауы Basty bagdarlama эфирінің басты әрі жалғыз тақырыбына айналып, жолдауда айтылған мәселелерге арналды.

Бағдарлама авторлары: «Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алу — бұқараның бұйымтайы еді, Президент оған құлақ асты» дей келе, «БЖЗҚ-дан ақша алу шарттарына екінің бірі сәйкес келе ала ма» деп сауал тастайды. Сол сауалға жауап іздейді. Сарапшылар пікіріне сүйене отырып, мәселеге әділ баға беруге талпынады. Бұл талпыныс сәтті шыққан.

Ресми статистикаға сенсек, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы перзент сүйе алмайды. Шын көрсеткіш бұдан біршама жоғары болуы мүмкін екен. Basty bagdarlama тілшілері жолдауда айтылған ЭКО квотасы – «Аңсаған сәби» жобасына да тоқталады. Сюжетте квота мәселені тиянақты шеше ала ма, квота бойынша жасалған ЭКО сәтсіз болса, екінші рет пайдалануға мүмкіндік беріле ме, деген сұрақтар жауапсыз қалды.

Жолдауда мұғалімдер мен дәрігерлер еңбекақысын көтеру туралы да айтылған. Basty bagdarlama авторлары бұл тақырыпқа тереңдемей, қысқа қайырды. Әлеуметтік маңызы жоғары сала қызметкерлерінің еңбекақысын көтерудің астарында – қызмет сапасын жақсарту, білікті маман даярлау мәселесі бар еді. Тілшілер бұған терең тоқталуды құп көрмепті.

«Онлайн петиция – еліміздегі проблемалардың шынайы масштабы мен тереңдігін бағалауға мүмкіндік бермек». Бұл — Президент жолдауында айтылған тағы бір бастама. Тілші бұған дейін бұқараның Міндетті вакцинацияға қарсылық петициясын мысалға алып, фактчекер пікірімен негіздеп, петиция халықтың эмоциясына бейімделетін манипуляция құралына айналмай ма, деген сұрақты талдайды.

«Енді әнші, биші, споршыларды парламенттен көре қоймайтын шығармыз, сірә». Basty bagdarlama жүргізушісі праймериз тақырыбының әлқиссасын осылай бастады. «Нұротандықтар нұрлана берудің қызығы таусылды деп түсінсе керек …» дейтін сюжет праймеризді түсіндіруге арналыпты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасының жаңа телемаусымдағы алғашқы эфирі 2020 жылдың 13 наурызы мен 6 қыркүйегі аралығындағы елімізде қанша адам ковид жұқтырғанын, көз жұмғанын санамалаудан басталды. 1 тамыздан 5 қыркүйекке дейін неше адам коронавирусты пневмониямен ауырғанын да айтты. Жүргізуші Жайна Сламбек статистиканы хабарлап шықты. Инфографикасыз, сандардан құралған сөйлемдерт легі болды.

Жүргізуші ресми коронавирус статистикасынан айтып болып, «Әрине, ресми тіркелмеген, осы вирусты жұқтырғаны ресми хатталмаған адамдар бар екені рас. Ал ауылда не болғанын сол ауылдағылар ғана біледі» дейді. Мұндай сөйлемнен кейін ауруханаға бармай, үйінде жатып, емделген адамдар туралы сюжет көрсетсе, қисынды болар еді.

Сюжет орнына 1 қыркүйекке ауысты. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылынан бөлек, жаңа саяси маусым да басталады. Бұл президент жолдауы алғысөз екен.

Жүргізуші президент жолдауына 4 минут арнады. Жолдаудың басты тезистерін айтып, сәйкесінше сюжетке кезек берді. Әдепкі сюжет президент мәлімдемесінен, министр, экономист, сарапшылар синхронынан құралыпты.

Келесі сюжет те жолдаудан алыстамай, экстракорпоральді ұрықтандыру, құқық қорғау органдарын реформалауға арналды.

Үшінші тақырып та жолдауға жалғасып, денсаулық сақтау мен білім саласына қатысты айтылғанды талқылады. Дәлірегі, жүргізуші астаналық дәрігер мен мұғалімнен сұхбат алды.

Жаңа оқу жылының бірінші аптасы да өтті. Қашықтан оқыту қалай жүріп жатыр? Сюжетте интернет байланыс іздеп, тау-қыр асқан оқушылар мен ата-аналарды сөйлетіп, кезекші сыныптарды да, WhatsApp мессенджерінде сабақ оқудың қиындығын да айтып өтті. Мектеп оқитын баласы бар үйлердің барлығына дерлік ортақ проблемаларды көрсете білді.

Қазақстандықтардың экологиялық санасы қай шамада екенін биылғы жазда Көбейтұз оқиғасы дәлелдеді. Жүргізуші Жайна Сламбек Көбейтұзда қоқыс тастап, балшығын алып, көлігімен басып кіргендер туралы айтқаны — экологиялық тақырыптағы сюжет алғысөзіне ұқсады.

Алайда экология тақырыбы ауыл шаруашылығына ауысып, Қызылордадағы қауын өсіретін дихандар проблемасын көрсетер сюжетке ұласты.
Қауынқұрттан зәрезап болған дихандар үкіметтен көмек сұрайды. Бірақ не жергілікті атқарушы органнан да, не министрліктен де комментарий болмады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қазақ тіліндегі қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

«Кел, татуласайық!» реалити-шоуы: зорлаушымен қалай татуласпақ?

«31 арнада» күн сайын «Кел, татуласайық!» реалити-шоуын көрсетіп жатыр. Басталғанына бірнеше ай болды. Атауы айтқандай, жобаның негізгі мақсаты да ренжіскен адамдарды татуластыру. «Жаңа репортер» медиасыншысы Нәзира Дәрімбет «Кел, татуласайық!» реалити-шоуы кімдерді қалай достастырып жатқанына шолу жасады.

Телеарнаның ресми сайтында: «Кел, татуласайық!» – жаңа реалити-шоу, тікелей эфирде жүргізуші мен көрермендер жүз шайысып, ренжіскен адамдарды татуластыруға тырысады. Әрбір оқиғаны тарқатқан сайын, студияға ойдан шығарылмаған, шынайы кейіпкерлер шақырылады. Бұл ата-аналар мен балалардың, бір туған бауырлардың, ғашықтардың немесе достардың бұрыннан келе жатқан тартысы болуы мүмкін. Өмір адамдарды ажыратып тастады, ал біздің жобамыз тағдырдың қиын-қыстау кезеңінде бір-бірінен қол үзіп қалған адамдардың түсінісіп, ымыраға келуіне ықпал етеді. Шоудың мақсаты – адамдарға бір-бірін кешіре білуді үйрету, өмірді өкпе-реніш пен дау-дамайға жұмсамай, жарастыру» деп жазылған.

Татуласу, араздықты жою өте жақсы дүние екенін бәріміз де білеміз. Міне, дәл сондай оймен «Кел,татуласайық!» реалити-шоуын көріп бастадым. Қатысушылар оқиғасы бағдарламаның алғашқы эфирінен басталып, әлі созылып келе жатыр. Кейіпкерлер — түрлі тағдыр иесі, әралуан отбасынан шыққан. Алайда кейде олардың татуласу мәселесі шет қалып, тағы бірде кейіпкерлер мақсаты өзгеріп жатады. Кейде тіпті татуласу ақылға сыймайтынын аңғарасыз.

Мәселен, бағдарлама студиясына келген 18 жасар Қызғалдақ Талғатқызы өзін 14 жасында үш жігіт зорлағанын айтады. Жігіттерді соттаған, бірақ түрмеге жаппаған, бостандықта жүр. Басынан өткен арсыз әрекет салдарынан Қызғалдақ жүкті болып, ұл туған. Ұлы екі жастан асыпты. Бағдарлама басында Қызғалдақ пен ұлдың әкесі делінетін жігітті өзара татуластыру мақсат етілгені, тіпті татуласу мүмкін болмаса, баланың әкесі екенін анықтап, алимент төлеуге міндеттеу айтылды.

Кейіпкер де, жүргізуші мен қатысушылар да: «Бала өз әкесімен аралассын, ұлға ер азаматтың тәрбиесі керек»,-дейді.

Бағдарламаның келесі шығарылымында ұлдың әкесі (зорлаушының бірі) тікелей эфирде байланысқа шығып, 14 жасында зорланған қыздың өзіне бар кінәні аударып, қыз ауылға көп қыдырып келетінін алға тартып, Қызғалдақты зорлаған жігіттер саны үшеуден де көп екенін айтады.

Тағы бір шығарылымында қыздың туысы студияға хабарласады. Жүргізуші Тахир Сұлтанов оған телеарна редакциясы бұл істің қайта қаралуына күш салатынын айтып: «Біз бұл істі ақырына дейін жеткіземіз!»,-дейді.

Бірнеше шығарылымнан кейін Қызғалдақтың әкесі кәмелет жасына толмаған қызын зорлағандарды кешіріп, өзара келісімге келгені, екі жақтың келісімімен іс жабылғаны анықталады. Міне, осы кезде жоба авторларының кімді қалай татуластырмақ болғаны айқындала бастайды. Зорлаушы мен жәбірленушіні татуластыру мүмкін бе?!

Түсірім тобы мақсатына жету үшін Дидардың (баланың әкесі) үйіне де барады. Алайда Дидар кездесуге шықпайды. Сол сәтте кадрден тыс: «Қызғалдақ осы кездесу үшін жасанып киініп, барынша дайындалғаны сондай, бұрынғысынан да әдемілене түсіпті» деген сөздер айтылады. Өзін зорлаған адамға ұнау ғана қалып еді…?!

Кейде студия қонақтары мен қатысушылардың сөзі ақылға сыймайтыны соншалық, тіпті қабылдауға келмейді. Мысалы, қыз барған ауылдың имамы келіп: «Жігіттердің де тағдырын ойлау керек қой, бірі үйленді, енді бірі бір үйдің жалғыз баласы дегендей. Ал қыз болса, бүкіл ауылды ұятқа қалдырды. Сондықтан бұл мәселені сотсыз-ақ ауылдың ақсақалдарымен шешейік», — дейді. Студияға хабарласқан көрермен де: «Сен кешірмеймін, жазалаймын, түрмеге қаматам дейсің. Балаңның тағдыры қалай болмақ, соны ойландың ба? Балаң өскенде әкесінің түрмеде отырғанын білсе оңай болмайды ғой» — деп имам сөзін қоштайды.

… Бала өзі зорлау нәтижесінде дүниеге келгенін білгенде қандай күйде болар екен?!

Осы тұста кейіпкер: «Баламның әкесі аяғыма жығылып, кешірім сұраған. «Қызғалдақ, кешірші, мен баласыз қалдым, әйелім бала көтере алмайды, біз қайтадан қосылайық» деп жалынды. Бірақ мен соңына дейін барам, бәрін де соттатамын!», — дейді.

Сол кезде экранда бала мен әкесінің бірге түскен суреті көрсетіледі. Олар кездескені анықталады. Фотосуретте кәдімгі әке мен бала бейнесі. Суретті көрген жүргізуші: «Дидардың көздерінде бір жылулық бар сияқты»,-дейді.

«Қайтадан қосылайық» дегенін түсінбедік. Олар қайта қосылатындай бұрын бір отбасы болып, бір шанырақ астында өмір сүрген жоқ қой?!

Бағдарламада мұндай қарама-қайшылықтар жиі кездеседі. Мәселен, ұлты қазақ, бірақ Өзбекстан азаматшасы Айгүлдің зорланған оқиғасын алайық. Үш жігіт кейіпкерді «жұмыс береміз» деп алдап, фазендаға апарып, арам ойларын іске асырады. Қызды үш күн зорлап, қорлаған. Киімін тартып алып, «көшеге жалаңаш шығарамыз» деп қорқытып, аузына бензин құйған. Сондай азапты көрген кейіпкер орайы келгенде қаскөйлердің қолынан қашып құтылыпты. Кейіпкермен әңгіме бастаған жүргізуші: «Біздің барлық кейіпкерлеріміздің тағдыры қиын, ауыр жағдайларды бастан кешірген, алайда бәрі бір Алланың қолында…» дей келе, өз мақтауын асыра: «Маған «әр жағдайды жүрегіңе жақын қабылдама» дейді. Бірақ бұл оқиғаларды басқаша қабылдау мүмкін емес»,-деді.

Жоба авторлары бірде: «Істі соңына дейін жеткіземіз, кінәлілер жазасын тартады» десе, тағы бірде: зорлық құрбаны болған адамға «кінәлілер еліңізге қайтуыңызға көмек беруі үшін» татуласуды ұсынады.

Азап шеккен жәбірленуші кейіпкер Айгүл: «туыстары жалынып тұрған соң, зорлықшылардың ата-анасы, баласы үшін» кешіргенін, осы іске қатысы бар екі азамат  қамауда отырғанын айтады. Соған қарамастан, жүргізуші: «біз істі соңына дейін жеткіземіз, тиісті органға хабарлаймыз» деп бірнеше рет қайталайды. Жүргізушінің бұл сөзі қаншама рет айтылды, бірақ іске асты ма, нәтиже бар ма, бұл жағы белгісіз.

Екі оқиғаға пікір білдірген кейбір қатысушылар, студияға хабарласқандар да екі кейіпкерді, яғни Қызғалдақты, Айгүлді кінәлайды. Бар кінәні екі жәбірленуші қызға артады. Жүргізуші мұны тоқтатуға талпынбайды да…

Әйел зорлауға қатысты тағы бір шығарылым басқа ракурста көрсетілді. Мұнда екі баласы адам зорлау бабымен түрмеде отырған кейіпкер Хадиша ұлдарының жазықсыз қамалғанын айтады. Кейіпкердің сөзінше, «зорландым» деген қыз «жаман отбасынан» шыққан. Үш жігітке өзі келіп, 2 мың теңге берсе, бір түн өткізуге келіскен…

Сонда қызды зорлау керек па?! Бұл оқиғаның мән-жайына терең бойлап, айту артық. Адам зорлап түрмеге түскендердің туған-туысы жақыны сондай жамандыққа баратынына сенбейтіні белгілі.

Кейіпкер араздасқан ата-анасымен, түрмедегі ұлын тастап кеткен келіні және құдаларымен қайта татуласқысы келеді. Үш сағаттық эфирдің жарты сағатында кейіпкер отбасындағы трагедия мен зорлыққа ұшыраған қыз, әділетсіз шыққан сот шешімі туралы айтылды. Алайда кейіпкер неліктен ата-анасымен, бауырларымен араздасып қалғаны айтылмайды.

Осы шығарылымда жүргізуші жолынан «жаңылып», жоба мақсаты — араздасқан жұртты татуластыруды шет қалдырды. Есесіне «әділет орнататынын» қайта-қайта алға тартады. Бірақ әділетті қалай орнатпақ? Кейіпкердің ұлдары кінәсі толық дәлелденіп, алты жылдан бері жазасын өтеп, түрмеде жатыр ғой.

Осы оқиғаға байланысты келесі түсірілімде қатысушылардың бірі: «Сізді осылай жылатқан әлгі «зорландым» деген қыз өмірінде бақытты болмайды» десе, жүргізуші оны қолдап: «Өте дұрыс айтасыз, біреуді жылатып, бақыт таппайсың»,-дейді.

Тағы бір қатысушы: «жапа шеккен қыздың орнында өзіңіз болсаңыз, сіз де соттатар едіңіз» дегенде, жүргізуші оған: «Не болса соны айтасың, мына жерге жедел жәрдем шақырғанымызды қалап отырсың ба, қазір мына кісіге бұл сөз ауыр тисе, қайтесің» деп дүрсе қояды. Артынша кейіпкерге қарап: «Ешкімді қолдамаймын, ешкімді кінәламаймын, Ержанмен (қатысушы) өзім жақсылап сөйлестім, енді қайталамайды»,-дейді.

Тағы бір оқиғадағы кейіпкер әйелдің ұлы «туған ағасының 11 жасар қызын зорлады» деген айыппен сотталған. Жүргізуші кейіпкердің ұлы еш кінәсіз екеніне шүбәсіз сенетінін байқау қиын емес. «Зорлады» деп кінә таққан қыз бала мұны шешесімен бірге болу мақсатында айтқан»,-дейді әжесі. Қыздың әкесі қайтыс болып, шешесі екінші рет тұрмысқа шыққан. Сондықтан қызын әкесінің туыстарына жиі жіберіп тұрған. Әжесінің айтуынша, бұрынғы келіні қайнысына ғашық екен. Ал «зорлық көрдім» деген қыз жұрт назарын өзіне аударғысы келген.

Жүргізуші және жоба авторлары, оқиғаның мән-жайын ашып айтпағандықтан, көп нәрсе түсініксіз болып жатады. Есесіне олар бұл оқиғаны да жоба мақсатына қарай ыңғайластырғысы келеді. Басты миссияларын ұмытып, істі соңына дейін жеткізу үшін, қайта қаратып, әділдік орнатуға кірісетінін мәлімдейді. Мысалы, кейіпкер не себепті бұрынғы келінімен татуласқысы келетінін сұраудың орнына, бұл іс бойынша неліктен адвокаттар жиі ауысқанына қызығады.

Реалити-шоудың алғашқы шығарылымынан бастап «қазақ әйелі еркектен бір саты төмен тұрады» деген түсінік жиі айтылады. Көп әйел алу тақырыбы да қозғалады.

Мәселен, егде жастағы әйел күйеуімен, балаларымен түсінісе алмай, қарттар үйіне кеткен кейіпкер хикаясына тоқталайық. Жүргізуші студияға хабарласқан көрермен сөзін қолдап, кейіпкерге «шалынызға тоқал әперсеңіз, үйіңізде бақ-береке орнайтынын» айтты.

Ал Дина мен Ғалымжан деген кейіпкерлерлің оқиғасы қисынға келмейді, кейде тіпті күлкілі көрінеді. Кейіпкер қыз кезінде мерекелік іс-шарада бірге жұмыс істеген жігітті іздеп келіпті. Студияда сол жігітке сезімін сырттай білдіреді. Ал іздеген адамы студияға келгенде, басқаша сөйлеп, тіпті жігітке деген ешқандай сезімі жоқ екенін айтады.

Ештеңе түсінбеген кейіпкер жігіт: «Сонда сіздер осы жерден мені мына қызбен татуласпайынша, шығармайсыздар ма? Негізі біздің арамызда араздық жоқ. Әлде мені осы қызға үйлендірмексіздер ме? Біз бар болғаны жай ғана таныс адамдармыз ғой?!»,-дейді. Ал бірде студияға хабарласқан көрермен Динаны әйел етіп алуға дайын екенін айтып, халықты бір күлдіреді.

«Кел, татуласайық!» реалити-шоуының кейбір тұсы ресейлік «Давай, поженимся» немесе «Жди меня» бағдарламаларына ұқсап кетеді. Бәлкім, бұл жоба авторларының әдейі жасағаны шығар. Алайда студияда сөз болған түрлі оқиға, дау-дамай астарында «зорлық көрген әйелді қалай да сол азаптаған адаммен татуластыру» деген абсурд идея жатыр. Бұл — өте қорқынышты.

Конституция күні, несие, педофилия және пирамидалар. 24-30 тамыз апталық бағдарламаларға шолу

Қазақстандық телеарналар апталық бағдарламасында биылғы жаздың соңғы жетісін әрқалай қорытындылады. Мәселен “7 күн” бағдарламасы коронавирус тақырыбын елеусіз қалдырса, Basty bagdarlama пандемия кезінде жасырын той өткізуді де, коронавирустан қалқан болар пирамидаларды да көрсетті.
Жазғы демалыс аяқталып, апталық қорытынды бағдарламаларға шолуымыз жаңа телемаусымда қайта оралды. Бүгінгі дәстүрлі мониторингімізде «Хабар» және “Еуразия бірінші арнасының» апталық бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

“7 күн” бағдарламасы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтан басталды. Бағдарлама авторлары тұңғыш президент 1991 жылы 29 тамызда «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы” Жарлыққа қол қойғанын — «Адамзат үшін аса маңызды қадам жасаған…» деп атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев осы ісі үшін БҰҰ-нан «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесін алғанын айтты. Авторлар тап осы тұста БҰҰ мәлімдемесін ағылшын тілінен тәржімалағанда қателік бар екенін, мәлімдемеде “чемпион” мәртебесін беру туралы айтылмағанын ескерусіз қалдырған сыңайлы.

“7 күн” авторлары Назарбаевтың жаңа мәртебесін айта келе, тақырыптан ұзамай, Nur Otan партиясының саяси бюро отырысына ауысты. Бюро отырысының алдында Елбасы мен Қасымжомарт Тоқаевтың кездескенін де айтып өтті. Жүргізуші Ринат Кертаевтың сөзінше, «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырып жатқан «әлеуметтік лифт» праймеризге «көпшілік тарапынан зор қызығушылық бар екен». Осылайша бағдарлама авторлары отырысқа 5 минут арнайы сюжет арнап, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен үзінділер берді.

Бағдарлама жүргізушісі Ринат Кертаев келесі тақырыпты болжамнан: “Алдағы күз — еліміздің дамуында жаңа бір кезең болар” деп бастады. Осылайша 1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялайтынын хабарлады. Ол Тоқаевтың алғашқы жолдауы да бір жыл бұрын, 2 қыркүйекте жарияланғанын айтып, тұңғыш жолдауына арнайы сюжет арнады. Тілші сондағы айтылған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, “жолдау бойынша атқарылған шаруа көп, нәтиже жетерлік” деп баға берді.

30 тамыз — ҚР Конституциясы күні. “7 күн” авторлары елдің бас құжатына 25 жыл толғанын айтып, сюжетте биылғы Консутитуция күніне республикалық және халықаралық деңгейдегі онлайн конференциялар өткенін алға тартады.

29 тамыз — Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні. Даталы күнге арналған сюжеттің өтімді тұсы — ядролық сынақтан зардап шеккен Арқалық Ағыбаевтың Абыралы ауданынан халық көшірілгені туралы айтқаны болды. Бір ауыз сөз тұтас трагедияның бар ауыртпалығын сездірді. Сондай-ақ, «Полигон» сериалын түсіру үшін материал жинап жүрген Ахат Ибраевтың жарылыс неліктен елдімекендерге жақын жерде жасалу себебін түсіндірген пікірлері сюжет маңызын аша түсті.

“7 күн” авторлары эфирді ресми жаңалықтардан бастайды. Ал ең өтімді де өзекті тақырыптарын бағдарлама соңына ысырады. Бұл жолы да осы қалпынан ауытқымай, жаңа оқу жылының жаңалықтарына бағдарлама ортасында жетті. Сюжетте ауыл-ауылдарға қашан интернет желісі тартыларын, салалық министрлік пен жергілікті әкімдік не шаруа атқарып жатқанын тізіп шықты.

Білім тақырыбын айта келіп, кенеттен балық тақырыбына секіріп, елде балық тапшылығын жою мәселесін көтерді. Сюжет авторларының айтқанындай, мемлекет тарапынан бұл салаға жеткілікті қолдау көрсетілмей келеді екен.

Бағдарламаны Ақмола облысының нашар жол жағдайы түйіндеді. Республикалық телеарнаның облыстық жолдар проблемасына арнаған сюжеті есептік мәліметтен аспады.

Осылайша бағдарламада коронавирус тақырыбы елеусіз қалып, 31 тамыздан карантин шараларын жұмсартудың екінші кезеңі басталарын ғана айтып өтті.

“7 күн” сынды апталық-сараптамалық бағдарламаның коронавирус тақырыбын елеп-ескермегені тосын көрінді. Есесіне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы аптада қандай құзырлы орган басшыларын қабылдағанын ұмытпады.

Basty bagdarlama, “Еуразия бірінші арнасы”

Basty bagdarlama коронавирусқа байланысты енгізілген карантин талаптарын бұзудың басты көрінісі — астыртын өтіп жатқан тойлар туралы сюжеттен басталды. Жүргізуші әрі тілші Әсем Изатқызы Нұр-сұлтан қаласының орталығындағы аудан әкімдігінің жанында орналасқан мейрамханада той өткізіліп жатқанын айтып, бұған әкімдіктен жауап алуға тырысты

Сюжетте асабаның пікірі, мейрамхана әкімшісінің жасырын камераға жазылған сұхбаты да бар. Бір тойдың мысалға алып, карантинде де той өткізу тоқтамағанын жеткізген тілші бұған тыйым салуға әкімдік тарапынан еш шара жасалмағанын да көрсете алды.

Жасырын той өткізу тақырыбы тағы бір бұқаралық проблема — кредит төлеу мәселесіне жалғасты. “Халық кредитте отыр” деген жүргізуші бүгінге дейін бірнеше митинг өтіп, 100 мың адам қолы қойылған петиция Ақордағы тапсырылғанын да айтты. Пандемияда кірісі азайып, табысынан айырылған халықтың несиесін кешіру не кешірмеу жөнінде сарапшыларды сөйлетті. Әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселе тұрғысынан да сараптай білген сюжет түсінікті жасалған. Тілші тақырыпты аша білді.

Бағдарламаның “Ұр тоқпақ” айдары Қазығұрт тауының басына салынған төрт пирамидаға арналады. Бұл пирамидаларды жергілікті тұрғын “коронавирустың бетін қайтарады” деген сенім жетегінде тұрғызыпты. Сарказм тұнған сюжеттің мақсаты — қоғам мәселелерін астарлы әзілмен таразылау десек, бұл мақсаты орындалыпты.

Қазақстанда коронавируспен қатар айтылып, әлі басылмай, үдей түскен тақырыптың бірі — педофилия. Basty bagdarlama осы тақырыпқа жеке сюжет арнады. Жыныстық зорлыққа ұшыраған кейіпкер хикаясынан бастап педофилдерді жазалауға дейін тарқата айтты. Тақырып төңірегінде туындаған проблемаларды мейлінше қамтыды. Ел ішінде педофилияға қарсы қозғалыс күн санап күшейіп бара жатқанын баяндай келе, «педофилияға қарсы күрес қаншалықты тиімді жүріп жатыр», деген сауалға жауап іздеді. Әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпай, кейіпкерлердің бет-жүзін жапты.

Basty bagdarlama да ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған мерекелік сюжетінде “Ата заңды қаншалықты қастерлей алып жүрміз” деген сауалды төтесінен қояды. Көпшілікке «30 тамыз — қандай мереке?» деген сұрақ қойып, бұл күннің мән-маңызын осы сұрақпен анықтауға тырысады.

Қабылданған 25 жыл ішінде 9 бөлім, 98 баптан тұратын Конституцияға бірнеше рет өзгерту енгізілгенін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қалыптасқан ахуалға сай, Конституция мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп тұрады” деп мәлімдегенін де қосты. Халықтың құқықтық сауаты 40%-дан аспайтынын, соған байланысты ел ішінде өз құқын қорғай алмай, ұтылып жататын адамдардың жиі кездесетінін де айтып өтті. Бұл да Конституцияны күнінде орынды айтылған мәселе болды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қазақ тіліндегі қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды. Алдағы күндерде тағы басқа телеарналардың қорытынды бағдарламалары эфирге шығуына қарай, шолуымызда қамтылатын бағдарламалар қатары толығып, жаңарады.

MediaCAMP Award 2020 байқауының финалистері анықталды

Орталық Азияның 60 журналисі мен блогері II аймақтық MediaCAMP Award байқауының финалына 4 номинация бойынша өтті.

Екі кезеңнен тұратын байқаудың бірінші – Ұлттық кезеңінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстаннан ұсынылған жұмыстар ел-ел бойынша жеке-жеке қаралды. Осы бес елдің әрқайсысынан финалға өткендері байқаудың екінші – Аймақтық кезеңінде өзара таласқа түседі. Олардың ұсынған жұмыстарын арнайы құрылған Орталық Азияның әділқазылар алқасы бағалайды. Әділқазылар құрамы БАҚ-та жұмыс істеу тәжірибесі бар, контент өндірісін білетін, кәсіби, тәуелсіз бес медиасарапшыдан тұрады. Әділқазылар төрағасы – Internews өкілі.

Байқау қорытындысы 2020 жылдың 19 қыркүйегінде болатын MediaCAMP Fest 2020 фестивалінде жарияланып, жеңімпаздар марапатталады.

MediaCAMP Award 2020 байқауына Орталық Азия елдерінен 4 номинация бойынша барлығы 282 жұмыс келіп түсті.

• «Билік және қоғам»

• «Жәрдемдесер уақыт»

• «Ерлер ел ішінде»

• «Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты»

Бесінші номинация «Объектив» деп аталады. Бұл – арнайы номинация. «Объектив» номинациясына фотожұмыстар қабылданады. «Объектив» номинациясына қабылданған фотосуреттің барлығы 2020 жылы қыркүйек айының басында MediaCAMP Award Fest 2020 сайтында ашық жарияланады. Бұл номинацияның жеңімпазы интернет-дауыс беру арқылы анықталады. 2020 жылдың 28 тамызына дейін осы номинацияға өтініштер қабылданды.

Ал қалған төрт номинация бойынша материалдарды қабылдау 31 шілдеде аяқталды.

• Қазақстанда – 70
• Қырғызстанда – 61
• Тәжікстанда – 42
• Түркіменстанда – 37
• Өзбекстанда – 72 өтініш келіп түсті.

282 материалдың ішінен 201 жұмыс ұлттық іріктеу комиссиясының қарауына жіберілді. Алдымен байқау ұйымдастырушылары техникалық іріктеу жүргізді. Байқау шарттарына сай келмейтін өтініштер қатысушылар тізімінен алынды:

• Байқауға 2019 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 31 мамыр аралығында жарияланған кез келген формат пен жанрдағы материалдар қабылданады;

• БАҚ немесе автор бірнеше материалын бірнеше номинацияға ұсына алады, алайда бір жұмысты бір номинацияға ғана ұсынуға мүмкіндік бар;

• Байқауға шетелдік БАҚ журналисі, яғни MediaCAMP бағдарламасы бар Орталық Азия аумағынан тыс (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан) және осы аймақтан басқа елде бас офисі орналасқан мемлекеттерде тіркелген БАҚ қатыса алмайды. Сонымен қатар мұндай БАҚ-та жарық көрген материалдар да қабылданбайды.

Егер төмендегі финалистер тізімінен ұсынған жұмысыңызды таппасаңыз, онда байқауға жіберген өтініміңізді тексеріңіз. Бәлкім, сіздің материалыңыз шетелдік БАҚ-та жарияланған немесе басқа да шарттар бойынша сай келмеген болуы мүмкін.

Көрсетілген уақыт шегінен бұрын немесе кейін жарияланғаны себепті қабылданбаған жұмыстарыңызды 2021 жылы өтетін байқауға қайта ұсынуыңызға болады.

Әр елдің ұлттық іріктеу комиссиясы номинанттар материалын 10-14 күн ішінде қарап, әр жұмысқа төрт критерий («Материал сапасы», «Вижуалды және техникалық сипаттамалары», «Кәсіби стандарттарға сай болуы», «Шығармашылық қырлары») бойынша баға берді.

Сосын берілген ұпайларды қосып, ең жоғары ұпай жинаған қатысушылар финалға өтті. Қатысушылар ең жоғары – 100 ұпай, ең төменгі – 20 ұпай жинай алады.
Нәтижесінде бес елдің әрқайсысынан MediaCAMP Award 2020 байқауының финалистері іріктелді.

Қазақстан

«Билік және қоғам» номинациясы

1. Лұқпан Ахмедьяров пен Рауль Упоров, «Уральская неделя» басылымынан «По ту сторону нефти» деректі фильмін ұсынды.
2. Жасын Біркенов, «Шалқарға апарар жол» («Хабар 24»).
3. Алиса Масалёва, тұрмыстағы зорлық-зомбылық проблемаларына арналған мақаласын байқауға ұсынды.

«Жәрдемдесер уақыт» номинациясы

1. Әмиша Нұрбек Шынтемірұлы, видеоматериал ұсынды.
2. Оксана Акулова, “Время” газетінде «…И тогда я заплакала» мақаласын жариялады.
3. Амангүл Ермекқызы, Qazaq radiosy-на жасаған жұмысын ұсынды.

«Ерлер ел ішінде» номинациясы

1. Дия Батенова, «Агент мировых изменений из Казахстана» мақаласын ұсынды.
2. Айжан Мадиходжаева, оқушылар мен студенттер білім беру жобаларын қалайша жасап жатқанын анықтапты.
3. Ақмарал Майкөзова, «Пустите на танцпол!» мақаласын жариялаған.

«Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты» номинациясы

1. Роза Әрен, Informburo.kz сайтында “Секс туралы айтсаң, күле бастайды”. Қазақтілді жасөспірімдердің жыныстық сауаты неге төмен?» атты мақаласы.
2. Айнұр Шошаева, «Жетімдер тағдыры: «Тойымыз өткен соң алып кетеміз…» жұмысын ұсынды.
3. Людмила Калашникова, қазақстандық фермер қарапайым шопандарды жұмыстан шығарып, қалай үнем жасағаны туралы хикая

Қырғызстан

«Билік және қоғам» номинациясы

1. Александра Ли және Метин Джумагулов, «Ағаш орнына зәулім үйлер. Билік Ататүрік саябағының үштен бірін қалайша тып-типыл етті» жұмысы
2. Алексей Журавлев Бішкек тұрғындары жүріп-тұруы үшін неліктен автокөлік таңдауға мәжбүр екенін әңгімелейді.
3. Елена Нечаева YouTube-тағы «Чёрный ящик, белый шум» авторлық каналында шыққан материалын ұсынды.

«Жәрдемдесер уақыт» номинациясы

1. Елена Яковлева, «НТС» ТРК, «Қатерлі ісікті жеңуге болады!»
2. Айжамал Туголбайқызының «ВИЧке байланган балалык-үзүлбөгөн үмүт…» материалы
3. Хаким Юсупов Ыстықкөл көліндегі экологиялық ахуал туралы арнайы репортаж жасаған.

«Ерлер ел ішінде» номинациясы

1. Бекжан Асылбеков және Александра Титова, Қырғызстандағы политех пен медакадемия студенттерінің алғашқы бионикалық протезді қалай жасағанын анықтапты;
2. Элмурат Аширалиев байқауға «КИШИ» авторлық подкастін ұсынған;
3. Айжамал Туголбайқызы «Кызыл өрүктүн София Ротарусу» материалын ұсынды.

«Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты» номинациясы

1. Жайнагул Таласқызының «Сыноого сынбаган “президент кыз”» видеоматериалы;
2. Нұрзада Жоломанова kg сайтына Қырғызстанда дарынды адамдар көп екенін, бірақ оларды ешкім білмейтінін жазды;
3. Болот Сатаркулов Қырғызстанда жетім балалар неліктен мемлекеттік жәрдемақы алмайтынын анықтады.

Тәжікстан

«Билік және қоғам» номинациясы

1. Гульнора Амиршоева бұрын сотты болған әйелдер туралы лонгриді, «Вечёрка» медиакомпаниясы.
2. Ёдгор Исломбеков, Iron King арнасының авторы. Ол Каромат Шариповпен сұхбатын ұсынды.
3. Абдулло Гурбати, «Азия-Плюс» медиатобынан. Ол мүгедектігі бар адамдарға арналған қолжетімді ортаның жоқ екені туралы материал әзірлепті.

«Жәрдемдесер уақыт» номинациясы

1. Анна Мифтахова иесіз үй жануарлары туралы материал ұсынды;
2. Алия Хамидуллина Даун синдромы бар балалар туралы материал;
3. Анушервон Шоймардонов «Көмектесуға көмектес», «Азаматтық бостандықтар офисі» акциялары туралы сюжет жасады;

«Ерлер ел ішінде» номинациясы

1. Уктам Ризоев мүгедектігі бар қыз туралы жобасын ұсынды;
2. Нумон Умаров мүгедектігі бар адамдар туралы сюжетін ұсынды;
3. Мехрангез Турсунзода COVID-19 індетімен күрескен дәрігерлер туралы мақала жазды;

«Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты» номинациясы

1. Манзума Назарбекова мүгедектер арбасында отыратын бишілер туралы материал;
2. Тахмина Саидова, блогер, теңдік туралы материалдар циклін жасаған;
3. Мадина Садоншоева, мүгедектігі бар қыз туралы сюжет;

Өзбекстан

«Билік және қоғам» номинациясы

1. Нодирбек Нортураев, Өзбекстанда сапалы кәріз жүйесі болмауының салдары қандай екені туралы мультимедиаматериал ұсынды;
2. Шухрат Шокиржонов «Kun.uz суриштируви: СамДУдан «йиқилган» қизлар балларни ҳисоблашда кўзбўямачилик бўлганини айтишмоқда» материалын ұсынды;
3. Мусулмонбек Иброхимов «Andijoncha spektakl-2: Viloyat hokimligi yolg‘on va soxta hujjatlar bilan ko‘zbo‘yamachilikni davom ettirmoqda» жұмысы;

«Жәрдемдесер уақыт» номинациясы

1. Отабек Исроилов, Mashal газетіне шыққан мақаласы;
2. Замира Балтаева, үнсіз қалуға болмайтын әйел хикаяларын жинапты;
3. Сайёра Шоева «Сотилган Муҳаббат… қабристонда тунади» материалын ұсынды.

«Ерлер ел ішінде» номинациясы

1. Кобулжон Ахмедов «Зулмат ортида» қысқаметражды фильмін ұсынды;
2. Дилором Каршибоева «YPX xodimlari ayollarni nega to’xtatishdi? | Tilamchi bir kunda qancha» жұмысын ұсынды;
3. Айжамал Жолбасбаеваның «Баҳорни яратган гул» мақаласы

«Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты» номинациясы

1. Константин Башлаев, Өзбекстан ғалымдары гаражда болашақтың технологиясын қалай жасап жатқанын білді;
2. Шухрат Шокиржонов, «Тўғри йўлдаги «самарқандлик Робин Гуд»: у бўлиб ўтган ишлардан таассуфда» атты хикаяны баяндайды;
3. Сайёра Шоева «Нега 220 нафарга мўлжалланган мактаб-интернатда 365 нафар бола таҳсил олмоқда?» материалын ұсынды;

Түркіменстан

«Билік және қоғам» номинациясы

1. Мяхри Халлыева «Достойный вклад предпринимателей в процветание Отечества» атты мақаласы;
2. Инна Бурова «Ұлттық тамақтану бағдарламасы» материалы;
3. Лейли Бегенчева «Кәсіпкерлердің үлкен әлеуеті – халық әл-ауқаты».

«Жәрдемдесер уақыт» номинациясы

1. Ягуда Халилова «Begmyrat kösäniň guýusy» мақаласы;
2. Айджемал Омарова «ұстаз-шәкірт» жолы туралы хикаясымен;
3. Инна Бурова адамның салауатты өмір салтын ұстануына жәрдем беру туралы материалы.

«Ерлер ел ішінде» номинациясы

1. Мадина Мустафина «Әдемілік дегенде — әйелді ойға аламыз!» (Говорим красота, подразумеваем — женщина!») материалы;
2. Александрина Евстигнеева, «пырақ мінген жігіттер» туралы әңгімелейді;
3. Елена Кузоваткина, «Алтын бархандар симфониясы» материалы

«Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты» номинациясы

1. Елена Долгова, «Беседа по душам…» материалын жазған;
2. Сапар Сапаров бағбан кәсібі туралы жазды;
3. Тойджан Борджаков чемпиондар әулеті туралы айтады.

Байқау үйлестірушілері финалистерді құттықтайды. Әр финалистке хабарласып, не боларын хабардар етіп, 2020 жылдың 14-19 қыркүйегінде өтетін MediaCAMP Fest фестиваліне арнайы қатысуға шақырады.

Шорт-тізімге ілінген жұмыстың барлығы аймақтық әділқазылар алқасының қарауына жіберіледі. Ұлт тілдерінде жарияланған материалдар орыс тіліне аударылады.

Internews ұйымы финалға өтпеген қатысушыларға байқауға қызығушылық білдіргені, қатысқаны және журналистиканы жақсартуға деген күш-жігері үшін алғыс айтады.

— Байқауға жіберілген жұмыстардың барлығы дерлік өте мықты. Әрқайсысын марапаттай алмайтынымыз өкінішті. Таңдау қиынға соқты. Кейбір номинанттардың ұпай айырмашылығы небәрі 1 ұпай болды. Олардан да және жаңа авторлардан да келесі жылы байқауға өтініштер күтеміз. Бәріне қызық кейіпкерлер, маңызды тақырыптар, байқаулар мен сайыстарды сәттілік және денсаулық тілейміз,-дейді байқау үйлестірушілері.

Жоба АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асады. Ұйым туралы: әлемдегі Internews, Қазақстандағы Internews, Қырғызстандағы Internews, Тәжікстандағы Internews

Жәнібек Нұрыш

E-mail хабар: контент жоспарлау. «Бумага» интернет-басылымының кеңестері

Медианың жарнамадан түсетін кірісі азайып жатыр. Алдағы уақытта тіпті азаймақ. Натив жарнама да арзандайды. Не істейміз? Қайда қандай бағыт аламыз? Қосымша кіріс көздерін қайдан табамыз?

Санкт-Петербордағы «Бумага» интернет-басылымы келешекте «e-mail хабарлар», яғни эл.пошта арқылы контент тарату – монетизацияның жақсы тәсіліне айналатынына сенеді. Қазір басылым жазылушылары бес ақылы e-mail хабардың (бұдан бөлек екі тегін e-mail хабар таратады) біреуін 150 рублге немесе  үшеуін 300 рублге сатып алады.

Әрбір e-mail хабар – қызығушылығына қарай ерекшеленетін нақты аудиторияға арналған жеке өнім. Жазылушылар аз сома төлеп, соның ақысына: ай сайын төрт e-mail хабар алады, мұрағатқа рұқсат беріледі, жабық чатқа мүше болады, жабық өтетін іс-шараларға қатысып, серіктестердің бірегей шақырту-ұсыныстарын алып отырады.

Мария Рзаева, «E-mail хабарлар» тренингінен

Internews ұйымдастырған «E-mail хабарлар» тренингінің сарапшысы, «Бумага» басылымының арнайы жобалар бойынша директоры Мария Рзаева:
— Адамдар келіп, қарап, ойланып, жай ғана сатып алатындай керемет өнім жасауды ойладық. Бұл өнімді сатып алу — дүкеннен зат сатып алатын сияқты болуына баса мән бердік,-дейді.

Ол тренингте «Бумага» басылымының e-mail хабарлар тарату тәжірибесін әңгімеледі.

Аудитория

«Бумага» басылымының екі негізгі аудиториясы бар. Олар басылымнан әрқалай контент күтеді. Басқа да интернет-басылымдардың аудитория өзегі бір емес бірнеше болса керек. Өніміңізді сізге бейіл аудиторияға сату қажет.

Олар сайтыңызды көп оқымауы да, сайтыңызға көп кірмеуі де мүмкін, сондықтан мұндай адамдарды сайт қолданушыларының ішінен ғана емес, басқа жақтан да іздеңіз.

Олар сайтыңызды күнде оқымайды, бірақ аптасына бір рет хат алғысы келеді.

E-mail хабар тарату жергілікті медианың мүмкіндігін молайтады. Мысалы, «Бумага» редакциясының «Шарап» туралы e-mail хабарын түрлі ел тұрғындары оқиды. Бұл редакцияны жергілікті медиа ауқымынан шығарса да басылым фокусын өзгертпейді. Санкт-Петерборға арналған контентін басты назарда ұстайды.

Қызметтер

Мәселен, мобайл телефон сататын интернет-дүкеніңіз бар. Сатылымды көбейткіңіз келеді. Төлем жасау, жеткізу, тауар сапасына қатысты туындайтын барлық арыз-шағым, талаптарды қарап, қабылдап, түзетесіз. Сонда сізді сүйікті медиа ретінде емес, қызмет көрсетуші ретінде қабылдай бастайды. E-mail хабар бағасын белгілегенде «кибержұма», «қара жұма» сияқты маркетинг тәсілдерін де, тұрақты өткізілетін арнайы тиімді ұсыныстарды есепке алыңыз.

«Бумага» интернет-басылымында e-mail хабар жазылымын сыйлық түрінде беруге  болады: жазылым құнын төлеп, e-mail хабар алушының эл.поштасын енгізесіз, оған құттықтау хаты келеді.

Тегін контент

«Бумага» интернет-басылымының «Демалыс күндерін жоспарлау» туралы тегін e-mail хабарына жазылғандардың біразы басылымның ақылы e-mail хабарына жазылды.
Басылым сайтында «Демалыс күндері аңдатпасы» тақырыбындағы материалдар көп оқылмай, трафик әкелмеген соң, «Демалыс күндерін жоспарлау» туралы тегін e-mail хабар тарата бастады.

Жазылушылар ақылы e-mail хабарды да, тегін e-mail хабарды достарымен бөліседі. Сондықтан e-mail хабар ішіне «Жазылуға үндейтін» блок қосуды ұмытпаңыз.

Мәтін

Хат жазу – жасалатын барлық контенттің аз бөлігі. Аптасына бір рет жолданады. Белгілі бір құрылым бойынша өте түсінікті әрі қарапайым тілде жазылады. Мәтін жазатын нақты адамдар бар. Ең қиыны – чаттағы әңгімеге, іс-шаралар мен промоға арналған контент дайындау.

Егер аудиторияңыздың қалауын жақсы білсеңіз, онда e-mail хабарыңыз не туралы боларын өзіңіз шешесіз. Егер аудиторияңызды әлі жақсы танымасаңыз, онда респонденттер арасында сауалнама жүргізесіз. «Қандай e-mail хабар алғыңыз келеді?» деп сұрасаңыз, жауап бермейді, өйткені оқырмандар – медиа сарапшы емес. Сондықтан сұрақпен қоса таңдау ретінде ұсынар нұсқаларыңыз да болуы керек.

Хаттың тақырыбы – салалық, бірақ жалпыға ортақ мәселе, тәжірибелермен байланысты болуы керек. Сөйте тұру тақырыбы қысқа да нұсқа болуы шарт. Егер тақырыптағы айтар ой күрт үзіліп, тақырып түсініксіз болса, онда мұндай хат оқылмайды.

Хатта автор болуы тиіс. Өз-өзіңді көрсетпеу, объективтілік сияқты журналистика стандарттарынан бас тарту маңызды. Жазылушылармен әзілдесіп, сөйлесіп, әңгімелесуге болады. Міне, сондықтан e-mail хабарды харизмасы бар, ынталы, сауатты сарапшы жүргізгені дұрыс.

Хат мәтіні жеңіл, суреттер аз болуы керек. Демек мультимедиа мүлдем болмайды. Гиперсілтемелер қосыңыз, бұл форматтарды алмастыра алмайды, бірақ хатты ауырлатпай, толымды ете түседі.

Іс-шаралар

Түрлі ивенттер, іс-шаралар ұйымдастырудың қажеті неде?

  • Білім жетілдіру;
  • Қоғамдастыққа қатысты болу сезімі;
  • Жазылушыларға арналған эксклюзив қосымшалар;
  • Жаңа жазылушылар тарту;

Іс-шара форматы e-mail хабар контентіне байланысты болады. E-mail хабарыңызды тағы не толықтыратынын түсіну қажет. Басқа да түрлі нәрселер ойлап табуға болады. Мысалы, ұдайы өтетін кездесулер, челленждер, байқаулар, белсенділіктің басқа да түрлері болуы мүмкін.

Жазылушыларыңыз өздері сезінер басымдықтарға ие болуы қажет. Бұған сөйлеу құқы, ереже бекіту, тегін рұқсат және тағы басқа әрекеттер жатады.

Жабық чаттар

Чаттағы адамдардың ынта-жігері іс-шаралардағы ынтасына өте ұқсас. Оқырман чатта көп адам отырғанын, аралас-құралас, қарым-қатынас бар екенін көргенде, мұның нағыз қауымдастық екенін түсінеді. Оқырман жалпыға ортақ ақыл-ой кеніне қол жеткізеді – сұрақ қоюға, кеңес сұрауға, тәжірибесін бөлісуіне болады.

Ұйымдастырушыларға да чаттың көп пайдасы бар. Ең бастысы – кері байланыс, өйткені жазылушылар не боп жатқанын арнайы үлгіге емес, чатта жазады. Бұл бәріне ыңғайлы, жұмысты тездетеді, мейлінше жылдам техникалық қолдау жасай аласыз.

Промо

Промосыз жоба жасалмайды. Егер қандай да бір e-mail хабарды еш жарнамасыз бастай салсаңыз, оған ешкім жазылмайды, жоба бар екенін білмейді. Промо жасағанда нені ескереміз:

  1. Промоның контентін дайындау жұмысы да e-mail хабар хатын жазудан кем түспейді. Қамтылатын ауқымы есептелген нақты медиажоспар болуы керек;
  2. Промоны түрлі каналдар арқылы жасау да мұқият жоспарлануы керек. «Бумага» басылымы промо жасауға e-mail хабарларын да, әлеуметтік желілерді де, таргетингті де, сайт материалдарын да, чаттарды да, подкастілерді де, блогерлермен әріптестікті де пайдаланады.
  3. Промо сатылымды көздейді, ал сатылымды сараптап отыру қажет. Қиын да күрделі, бірақ өте қажет шаруа. Әйтпесе, еш нәтиже шықпайтын басы артық жұмыс істеп, босқа тер төгесіз.

«E-mail хабарлар» тренингі бойынша барлық материалды мына парақтан табасыз. Бұған дейін E-mail хабар: эл.пошта арқылы контент таратудың озық үлгілерін жаздық.

Жәнібек Нұрыш

E-mail хабар: эл.пошта арқылы контент таратудың озық үлгілері

E-mail хабар, яғни эл.пошта арқылы ақпарат тарату – медиа монетизацияның үздік тәсілі. Небәрі 1000 адам эксклюзив, пайдалы және сапалы контент алуға 10$-дан төлесе, бұл да басылымның айлық бюджетіне әжептәуір қосымша кіріс бола алады.

Internews ұйымдастырған «e-mail хабарлар» («Рассылки») тренингінде аудиторияға электронды пошта арқылы контент жолдау концепциясы, шығыны, дайын өнім жасау айтты. Циклді лекциялардың алғашқысын медиаконсультант, @themedia Telegram-арнасын жүргізуші, «Интернет-журналистика» кітабының авторы Александр Амзин өткізді. Ол әлемдік медиадағы e-mail контент таратудың үздік кейстерін әңгімеледі.

Өнім ретінде «E-mail хабар» дегеніміз не?

e-mail хабар – жүйелі, яғни тұрақты жолданып отыратын, аудитория күтетін форматтағы медиа-өнім. E-mail хабарға «медиа-өнім» деп қарасақ, мынадай қасиеттері болуы шарт:

  • Жүйелілік. Мұндағы «жүйелелік» деп отырғанымыз – уақытылы, тұрақты түрде ақпарат жіберу. Егер ақпарат екі аптада бір реттен аз жіберілсе, онда адамдар e-mail хабарды ұмытады. Материалды күн сайын, аптасына бірнеше рет немесе апта сайын жолдап отыруға болады.
  • Ұмытылған  бас бет. Қазір адамдар сайтқа кіргенде сайттың бас бетін ешқашан ашпайды – әдетте оқырман ішкі беттердегі нақты материалды оқиды, яғни сілтеме арқылы сол белгілі бір материалға келеді. Бұл сайттың бас беті – нашар медиаөнім екенін білдірмейді. Белгілі бір уақыт аралығында басымдыққа ие жаңалықтарды да e-mail хабар ретінде жіберуге болады.
  • e-mail хабар тет-а-тет, яғни бетпе-бет режимде таралады. Қолданушылар достарының қандай да бір контентті лайктаған хабарландыруларын алмайды. Оқырман электронды поштасымен оңаша қалатын жарты сағатында e-mail хабарлар оқиды.

E-mail хабарларға тән басты нәрселер:

  • Көлемін (ұзындығын) шектеу. e-mail хабардың көлемі 12 мың таңбадан асcа, мұндай хаттың еш мәні жоқ. 7000 таңбадан асса да тым артық. Ең оңтайлы e-mail хабар ұзақтығы әдепкі мақала көлемінен аспауы керек.
  • Пішін тұтастығы. Бала үшін мультфильм қандай болса, оқырман үшін e-mail хабар да дәл сондай. Оқырман e-mail хабардан белгілі бір көрсеткіш, форматтар мен нәтиже күтеді.
  • Сеніміне ие болу. Сенім дегеніміз валюта сияқты. Егер e-mail хабарды өз атыңыздан жібермесеңіз, онда ешқашан сенімге ие бола алмайсыз. Жазылушысы көп e-mail хабарлар тәжірибесі көрсеткендей, хат форматы ақылды адаммен әңгімелесуге ұқсаса, онда көптеген адам ақша төлеуге, басқаларға ұсынуға немесе бөлісуге дайын болады екен.

E-mail хабарлардың мүмкін бизнес-моделдері

e-mail хабарлардың бірыңғай бизнес-модель әлі қалыптаспады. Сондықтан бизнес-моделі де түрлі болады.

  • Жарнамасыз тегін e-mail хабар. Бұл жіберушінің жеке брендін қалыптастыру үшін жасалуы мүмкін. Оқырман келген хатты оқығаннан кейін e-mail хабар иесінің басқа қызметтерін пайдаланады.
  • Жарнамасы бар e-mail хабарлар. Әдетте натив жарнама түрінде болады. Бұл медиада ең кең таралған моделге жатады. E-mail хабардағы натив жарнама тиімді саналады, сатылымды арттыруға әсер етеді.
  • Ақылы е-mail жаңалықтар. Қарқынды дамып келе жатқан бизнес-модель түрі. Интернетте түкке тұрғысыз сапасыз контент толы. Жақсы материал аз. Ақылы e-mail хабардың бағасы қанша болуы керек? Оқырманның да, авторлардың да бұл тұрғыда ортақ түсінігі әлі қалыптаспады. 12-15-20 доллар – e-mail хабардың ең жоғары бағасы болатын сияқты. «Бұдан артық төлеуге арзымайды» дейтін «Netflix факторы» да бар.
  • Транзакция хаттары. Үнемі сатып алсаңыз, сізге e-mail хабарлар ұсынады.
  • Сервисті пайдалануды үйрету / аудиторияны ұстап қалу. Аудиторияны ұстап қалу үшін контент ағымын жасап, ақы төлеп отырғандарға күрделі жүйе аясында тағы не істеуге болатынын түсіндіру керек.

Медиадағы e-mail хабарлардың үздік мысалдары

  • theSkimm — 2016 жылы 4 млннан астам адам жазылған e-mail хабар. Жас әрі белсенді әйелдер аудиториясына арналған. Мұнда шынайылық тым шиеленісіп кетуі мүмкін екенін, сол түйіндерді тарқатуға осы e-mail хабар көмектесетінін айтады. Авторлар ақылы жазылымдағы қосымшаны тез дамытып, e-mail хабар тарату ауқымынан шығып, ұйықтар алдында оқитын 5-10 минуттық мәтіндер де ұсынады. Айтпақшы, қосымшадағы осы опцияның жанында унитаз белгісі бар.(медиатұтынудың 37%-ы дәретханада өтеді).
  • Axios — e-mail хабарлар негізінде жұмыс істейтін басылым. Қазір авторлар 360 мыңнан астам жазылушыға түрлі тақырыпта ондаған e-mail хабар ұсынады. Көптеген e-mail хабардың құрылымы бірыңғай жасалған. Бұл да жақсы қасиет, өйткені оқырман сол e-mail хабарға үйреніп, ұнатып қалса, тағы басқа тақырыптардағы e-mail хабарға жазылғанда өзі үйреншікті өнім алатынын біледі. Барлық e-mail хабарды жеке адамдар жүргізеді. Сондықтан бір e-mail хабарды сол жүргізетін нақты адамы үшін де жақсы көреді. Жарнамадан және демеушіліктен пайда табады.
  • NYT’s The morning briefing — жазылушылар шегінің шексіз болуы мүмкін екенін көрсетер e-mail хабар. 17 млн жазылушысы бар. Бұдан асып түсетін e-mail хабар шыға қоймайды-ау. Мұнда біраздан бері жүргізуші пайда болыпты. Бұл оған даралық қасиет береді. Қазір авторлар дербестендіру тәжірибесін енгізіп жатыр. Барлығына бірдей қызық e-mail хабар жасау да мүмкін емес.
  • Stratechery by Ben Thompson — технологиялық талдау жасайтын e-mail хабар. Жазылым бағасы – жылына 120 доллар. Осы бағаға авторлар аптасына төрт рет, яғни үш күнделікті және бір апталық e-mail хабар жібереді. Соңғысы – тегін. Автор гиперсілтемелерді көп қолданады. Оқырманда ерте ме, кеш пе, әйтеуір қандай да бір өте маңызды талдауды өткізіп алатын сезім туады. Ақылы жазылушыларға қосымша ретінде – форумдарға рұқсат, ақылы подкастілер, арнайы RSS және сайтқа кіру беріледі. Бұл e-mail хабардың басты құндылығы – керемет талдау материалдары.
  • Substack — кез келген қолданушы өз e-mail хабарларын жасауына және сол үшін адамдардан ақша алуына мүмкіндік беретін платформа. Бұл платформа қызық тәжірибелер алаңқайына айналды. Мәселен, Substack Everything атты ақылы e-mail хабарларын шығарды. 20$-ға өнімділік, бизнес және экономика туралы бес e-mail хабар таратады.
  • Tim Urban — тегін жазылым, тұрақсыз хат-хабар, тақырыпты қорытындылайтын көлемді посттар. Краудфандинг, электронды коммерция, посттарға демеушілік бизнес-моделіне негізделген. Тағы басқа қандай бизнес-моделдерді енгізуге боларын сараптауға қызық өнім.

E-mail авторына кеңестер:

  • e-mail хабар – нақты позициясы бар өнім. Сіз e-mail хабардың өнім ретінде көптеген қасиетін сипаттауыңыз керек. Кімдерге арналғанын, несімен қызықтыратынын, жіберетін материал таппасаңыз не боларын, қалай ақша табатыныңызды түсінуіңіз керек.
  • Сәтті e-mail хабар басымдыққа ие болып, қандай да бір пайдасын тигізеді. Оқырманның жай бір бөлшегіне айналып қана қоймай, оқырман оны күтуі керек.
  • Қолданушылар пайдалы контентке эмоционалды тұрғыдан байланып қалады, әсіре бағалап жатады. Оқырман эмоция жетегіне еріп, бірден «өте жақсы» деп бағалайды.
  • Тегін e-mail хабар – бұл ұйық. Қандай да бір идеяны, тауарды, қызметті жазылушыларға қайта сату үшін ұстап алатын қақпан. Оларды қалай ұстайтынымызды түсінуіміз керек. Жазылушы санын көбейтудің соңында кетпей, сапаны жақсарту, сапалы ету маңызды.
  • Ақылы e-mail хабар пайдалы екенін сәтінде дәлелдеуі керек. Мұны көрсету үшін түрлі амал-тәсіл қолдануға болады. Тегін нұсқаларын, қосымша өнімдер және тағы басқасын ұсынамыз.

«E-mail хабарлар» тренингі бойынша барлық материалды мына парақтан табасыз.

Жәнібек Нұрыш

Бейбіт жиналыстардағы журналист жұмысы: ережелер, белгілер, баспасөз орталығы

2020 жылдың 14 шілдесінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бейбіт жиналыстарда болатын БАҚ өкілдерінің жұмысын реттейтін жаңа ережелерге қол қойды. Журналистің қандай айқындауыш белгілері болуы керек? Бұл ережеге блогерлер бағына ма? Енді не өзгереді? «Жаңа репортер» сайты жаңа ережелерді сұрақ-жауап форматында түсіндіреді.

1. Бұл ережелер не үшін қажет?Иә, бұл ережелерді қажет етер ерекше себептер жоқ. Журналист жария іс-шараларға барып, қандай да бір қосымша ережелерсіз ақпарат таратуға құқылы. Алайда бұл ережелер медиа ҮЕҰ және БАҚ редакцияларының қарсылығына қарамастан қабылданды.
2. Журналистің жанында қандай құжаттары болуы керек?
Қызмет куәлігі (ережеде «журналист куәлігі» деп жазылған) болуы керек. Ережеге сәйкес, редакция тапсырмасы, аккредитация және тағы басқа келісім, рұқсатнама құжаттары қажет емес. Егер сондай құжаттарды талап етсе, онда бұл журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасау және кәсіби құқықтарын шектеуге жатады.
3. Журналистің қандай айқындауыш белгілері болуы керек?
PRESS деген жазуы бар ашық көк түсті кеудеше (жилет), не қаны сары түсті жеңдегі таңғыш, не көк түсті жапсырма болуы керек. Осы аталған үш айқындауыш белгінің біреуі, ТЕК БІРЕУІ, болса, журналистің айқындауыш белгісі бар болып саналады.
4. Жедел баспасөз орталығы дегеніміз не? Мұндай орталық не үшін қажет?
Жергілікті атқарушы органдар журналистердің кәсіби қызметін қамтамасыз ету үшін сұхбат алу, брифингтер өткізу және т.б. арналған аумақ ұйымдастырады. Бұл аумақ «Жедел баспасөз орталығы» деп аталады.
Жедел баспасөз орталығы мынадай жағдайда ұйымдастырылады:

  • егер бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламада немесе келісім алу туралы өтініште мәлімделген бейбіт жиналысқа қатысушылардың болжамды саны 200 адамнан асса;
  • бұқаралық ақпарат құралдары жергілікті атқарушы органға өтініш жіберсе – мұндай өтінішті бір немесе бірнеше редакция жібере алады;
5. БАҚ редакциялары бейбіт жиналыс кезінде баспасөз орталығын ұйымдастыруға қашан өтініш жіберуі керек?
Бұқаралық ақпарат құралдарының өтініші бейбіт жиналыс өткізілетін күніне дейін бір жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде журналистердің санын көрсете отырып, еркін нысанда жіберіледі.
6. Жедел баспасөз орталығының аумағы қалай белгіленеді?
Жедел баспасөз орталығының аумағы лентамен шектеледі. Фото, бейнетүсірілім жасау және сұхбат алу үшін айналаның барлығы жеткілікті көрінуі қамтамасыз етіледі. Электр қуаты жүргізілуі керек. Ережеде журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жедел ден қоятыны» айтылған.
7. Журналистер Жедел баспасөз орталығы аумағынан шықпауы керек пе?
Жоқ. Журналистер Жедел баспасөз орталығының аумағында да, одан тыс жерлерде де жүріп-тұруына, ақпарат жинауына құқы бар.
8. Бейбіт жиналыс өтетін жерде комментарий, сұхбат беретін жергілікті атқарушы орган өкілдері бола ма?
Иә. Бейбіт жиналыс өтіп жатқанда жергілікті атқарушы орган өкілінің болуы ережеде қарастырылған.
9. Егер бейбіт жиналыстар кезінде журналистің кәсіби құқығы бұзылса, онда не істеу керек?
Ережеде журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіретін адамдар ҚР заңдарында көзделген жауаптылықта болатыны айтылған. Алайда мұны іс жүзінде қалай жасауға болады? Журналистерден ынтымақтастық танытып, бейбіт жиналыстар кезінде басқа журналистердің құқығын бұзу фактілерін тіркеп алуын сұраймыз. Құқық бұзушылықтарға мына әрекеттерді жатқызуға болады: сұхбат алуға, комментарий жазуға тыйым салу немесе кедергі келтіру, фотовидеотүсірім, аудиожазба жасауға тыйым, жазып алған материалды көрсетуді талап ету, журналистің баспасөз орталығынан тыс аумақта емін-еркін жүріп-тұруына тыйым, қорқытып-үркіту, тұтқындау, полицияға апару және т.б. Құқық бұзушылық әрекетті тіркеп алғаннан кейін журналист қызметіне кедергі келтірген адамдардың үстінен арыз-шағым түсіреміз.
10. Бұл ереже блогер, фрилансер және азаматтық журналистерге де қатысты ма?
Ресми түрде бұл ережелер журналис пен БАҚ-тың басқа өкілдеріне – редакцияның штаттағы журналистері мен штаттан тыс журналистеріне арналған. Сонымен қатар олар – журналист куәлігі және PRESS сөзі жазылған үш айқындауыш белгінің БІРЕУІ бар фрилансерлер, азаматтық журналистер болуы мүмкін. Блогерлер де бейбіт жиналыстарда емін-еркін жүріп, фотовидео түсіріп, жазба жасай алады.

Егер сізге PRESS жазуы бар айқындауыш белгілер: кеудеше (жидет), жеңдегі таққыш және жапсырғыш қажет болса, онда мына бетте өтініш қалдыра аласыз.

Жәнібек Нұрыш

«Неке сыры». Отбасы өмірін айқай-шуға айналдырған ток-шоу

Қазақстан телевизиясында да тұрмыстық тақырыпты қаузайтын бағдарламалар көп-ақ. Солардың бірі — “Еуразия бірінші арнасы” телеарнасының “Неке сыры” ток-шоуы. Эфирге шыққанына 2 айдан асқан ток-шоуды Жұлдыз Әбдікәрімова жүргізеді. Жұртшылық оны танымал әнші Қайрат Нұртастың келіншегі ретінде таниды. “Неке сыры” ток-шоуы бірден назарға ілініп, әжептәуір талқыланды. Тіпті кейбір интернет-басылымдар бұл ток-шоудың жабылуын талап ететін ақпараттар да жариялады. Медиасыншымыз Меруерт Хусаинова “Неке сыры” ток-шоуының бірнеше шығарылымын қарап, артық-кем тұстарын талдады. 

“Неке сыры” ток-шоуы “Еуразия бірінші арнасы” эфирінде сенбі-жексенбі күндері сағат 13:00-де басталып, 14:30-да аяқталады. 1,5 сағаттық ток-шоу некелескендеріне 10-20 жыл болған ерлі-зайыптылардың отбасын талқылап, ажырасқалы жүрген жұптарды райынан қайтаруға тырысып, шаңырақтарын сақтап қалуды мақсат етеді. Сарапшылар шақырып, тұрмыстағы түйінді тарқатуға тырысады. 

Ток-шоудың бұған дейінгі шығарылымдарының тақырыптары: «Несие некені шайқалтты», «Күйеуім төсекте қарамай жүргеніне бір жыл болды», «Күйеуім жөргекпұлды да құмар ойынына салып жіберді», «Алимент төлеші, әке» төңірегінде өрбиді. Барлығында да ерлі-зайыптылардың біреуі, көбіне әйелі көмек сұрайды. 

Ток-шоудағы ғадауат тілі

“Неке сыры” ток-шоуының алғашқы шығарылымы “Ішімдік отбасының шырқын бұзды” деп аталады. Тұсаукесер эфирде Меруерт есімді әйел көмек сұрап келеді. Ол күйеуі жиі ішіп, аяусыз ұрып-соғатынын, жарақаттағанын, сонымен қоса енесі мен қайнылары да күн көрсетпейтінін айтады. Студияға Меруерттің әпкесі, енесі және күйеуі де шықты.

Хикая кейіпкерлерінен бөлек сарапшы ретінде қонақтар да шақырылады. Меруерттің оқиғасына психолог, жазушы, журналист, дін адамы, экстрасенс және актер шақырылыпты.

Бағдарлама жанры ток-шоу болса да көбіне көп психолог Гүлжәмила Қадырбекқызы тарапынан кеңес айтылуын күттік. Қай бағдарламада да аудиторияға пайдасы тиер бір мазмұн болуы керек. Алайда ток-шоуда психолог «алқаш күйеуді емдету керек, сіз күйзелістесіз, күйреп кетуіңіз мүмкін» деп ғана шектелді.

Ал журналист Перизат Алпыс жәрдем сұрап келген әйелге кінә артып, күйеуінің ішкілікке салынуына әйелінің де қатысы барын айтты.

Шоу болған соң мұндай қарсы пікір айтылып, қарама-қайшылық туындайтыны анық. Әйтсе де сарапшы-журналистің пікірі отбасындағы бар ұрыс-керіске әйелді кінәлі етіп көрсетуден аспайды. “Бәріне әйел кінәлі” деген түсінігін тықпалайды. “Әйел жақсы болса, күйеуі арақ ішпейді”, “Енеңіздің тілін таба алмағансыз” деп жиі қайталайды. Мұнда виктимблейминг, яғни жәбір көріп, жәрдем сұрағанды айыптау байқалады.

Ал актер Бауыржан Орда «Қатты жөнге салғың келсе, әйелді шапалақпен тартып жібер,орнына түсір, жынын қағып ал, басқаша бір амал жаса» деп, зорлық-зомбылыққа шақырады.

Эфирде мұндай сөздердің айтылуына жол беруге де, зорлық-зомбылықты насихаттауға да болмайды. Ал “Неке сыры” ток-шоуы көрерменіне ғадауат тілін сіңіріп жатыр.

Актер Бауыржан Орданың: “әйелді шапалақпен тартып жібер, жынын қағып ал” деген сөзін үндеуге балап, соған еріп, ұранына айналдырып, өмірде қолданатындар болуы әбден мүмкін. “Неке сыры” ток-шоуы насихаттайтын мұндай “жөнге салу” — зорлық-зомбылық көрсетудің бір түрі.

Ток-шоу ресейлік «Мужское/Женское» бағдарламасының көшірмесіне ұқсайды. Ресейлік бағдарламаның идеясын алса да, барынша жерсіндіруге тырысқаны байқалады.

Әйткенмен кейіпкерлері сендіре алмайды. Жалпы ток-шоуда актер жалдап, рөл сомдату тәжірибесі жиі кездеседі. Әйтсе де “Неке сырында” кейіпкерлердің дауыс ырғағы, өзін-өзі ұстауы, сөз қолданысы, сөйлеу мәнерінен жасандылық анық байқалады. Меруерттің енесі ретінде келген егде әйелдің сөз саптауы ауыл тұрғынына жараспайды.

Ауылда түсірілген бейнежазбада Меруерт бет күтімі жақсы, қасы-көзі боялған әдемі келіншек болып көрінеді. Ал студияда орамалының астынан қалың кекілін шығарып, жапсырылған қасын барынша жапқаны анық байқалды. Бәлкім, осылайша оны күйеуінен көп жәбір көрген әйел ретінде көрсетіп, сендірмек болды ма екен?!

Ток-шоу жүргізушісі Жұлдыз Әбдікәрімованың кәсібилігі де әлі шикі. Түр-тұлғасы келісті-ақ, алайда сұрақ қойғанда жиі тосылады.

«Еркектің ішкілікке салынуы неден?» деген сауалды жазушыдан, қоғам қайраткерінен сұрағаны тосын шықты. Жауабын нарколог, психотерапевт, психолог мамандар айтса, нанымды болар еді. Жазушы да, дін адамы да жөнді жауап бере алмады.

Сондай-ақ, жүргізуші ток-шоу қарқынын сақтамауы, оқырманды экранға телмірте ұстай білмеуі, студиядағы әрбір айтылған сөзді қағып алып, дамытпауынан 1,5 сағаттық бағдарлама тез жалықтырып, зеріктіреді. 

Жанры ток-шоу болса да пайдалы ақпарат айтылса, мән-мағынасы арта түспек.

Әйелін ұрып-соққан еркектің қандай жазаға тартыларын, Меруерт өзі де жұмыс істеп, кәсіп қылуы үшін қандай жәрдем бар екенін, түрлі қолдау бағдарламаларын танытып, үйде отырып та кәсіп ашу жолдарын түсіндіріп, тұрмысын түзетуге жол көрсетсе кейіпкерге де, тағдырлас көрермендерге де бір пайдасы тиер еді. 

Күмәнді хикаяның жасанды кейіпкерлері

“Неке сыры” ток-шоуының тағы бір шығарылымы “Күйеуім төсекте бір жылдан бері қарамайды” деп аталыпты. Тақырыбынан-ақ аудиториясын шулатқан эфир болды. 

Табу тақырып саналар мұндай мәселенің жария айтылуы да жөн-ақ. Әйткенмен кейіпкерлері тағы да жасанды әрі қисынсыз тұстары жетерлік.

Сөзімізге дәлел болсын, күйеуінің айлап-апталап жоламайтынын айтқан келіншек Раузаның қайынәпкесі тақпақ оқыған баладай сөйлейді. Жаттап алған сөзінен жаңылмауға тырысқаны көрініп-ақ тұр.

Екіншіден, кейіпкердің күйеуі табысты бизнесмен екеніне көрерменді сендіру тағы қиын. Алқам-салқам киінген жігіт екі сөздің басын әрең құрайды. 

Үшіншіден, бәлкім, сәйкестік болар, бұл бағдарлама қонақтарының да есімдері Рауза, Шара екен. Ток-шоудың “Ішімдік отбасының шырқын бұзды” атты алғашқы шығарылымындағы оқиға кейіпкерлерінің де есімі Шара (Меруерттің әпкесі), Рауза (Меруерттің енесі) болатын. Тек рөлдері ауысыпты. Бағдарламаны қалт жібермейтін көрермен де мұны байқайды.

Төртіншіден, осы отбасының көршісі ретінде шақырылған әйелдің де сөздері қисынға келмейді. Күйеуіне өкпелі Раузамен күн аралатып сырласып, шай ішіп, араласып жүрген көршісі студияға келіп: «Күйеуіңді бөтен жас қызбен көрдім. Соны саған айта алмай жүргенмін» дейді. 

Мұндай көршісі тап осы жаңалығын телеарна арқылы жұртқа жария етпей, бұған дейін де өзіне айтар еді. 

Бесіншіден, басты кейіпкерлер: әйелі мен күйеуі студияға маска киіп келеді, ал күйеужігіттің әпкесі жүзін жасырмайды. Әпкесін таныған жұрт жігіттің өзін де танитыны ескерілер еді.

Алтыншыдан, күйеудің досы да шақырылған . Ол «Айтпаймын» деп уәде еткен сырын телеарнаға келіп жайып салады. 

Бағдарламаға сарапшы ретінде спортшы, актер, редактор, нумеролог, блогер және уролог шақырылыпты.

Студиядағы сарапшылар, дәлірегі актер: “Тоқал әпер. Кәрі қыздардың сауабын ал” десе, қайынәпкесі Шара: “Қазақстанда еркек жетпей, күйеу таппай отырған қыздар көп” деп айтады. Осылайша кәрі қыз, тоқал тақырыбы телеарна эфирінен насихатталады.

Ал блогер тек бағдарламаның соңында ғана сөйледі. Студияға шақырылған соң, әрбір сарапшының пікірі маңызды және олармен кері байланыс жасау — жүргізушінің міндеті. Осы тұста жүргізушінің тағы да сүрінгені байқалды. 


Бүгінде “теледидардың негізгі көрермені — ауылдағы әйелдер мен зейнеткерлер” деген түсінік дендесе керек, талғамнан ада, жасандылық тұнып тұрған бағдарламалар көбейді. Соның бір мысалы — “Неке сыры” ток-шоуы. Әр шығарылым басында жүргізуші кейіпкерге көмек көрсетуді мақсат ететінін айтады. Әйтсе де бағдарлама біткен соң, кейіпкерге не рухани, не материалдық жағынан, не заңдық тұрғыдан көмек берілмейді. Не шешімі, не нәтижесі жоқ өнім ұсынады. 

Тақырыпқа байланысты сарапшылар дұрыс таңдалмайды. Ішкіш күйеу мен одан зардап шеккен әйелге жазушы не актер емес, нарколог, психолог, заң адамы нақты көмек береді. Ал төсек мәселесінде журнал редакторы немесе актер емес, сексопатолог, психолог сөйлесе, орынды болар еді.

Телеарнаның ұсынары көрерменнің таным-түсінігіне де әсер етеді. Әйелді ұрып-соғуға шақыру, жәрдем сұрағанды жылату, еркек пен әйелдің төсек мәселесін шоуға айналдыру — “Неке сыры” ток-шоуының шикілігіне айналды. Бұл шикілік те талай отбасының ойрандауына жол ашатындай.

Жұбайлардың төсек қатынасына, жалпы жыныстық қатынас тақырыбына жабайы қарайтын уақыт өтті. Десек те, бағдарлама продюсері осы тақырыпты шоуға айналдырмай, мейлінше сауатты талдау жасап, сараптай білетін білікті мамандарды қатыстырғанда қаншама отбасына ой салар еді.

Ток-шоу тақыптары өте өзекті, бірақ тақырып ашылмайды. Ток-шоу жасаушылары студияда айқау-шу, ұрыс-керіс жасауға баса мән беріп, ой салар, түртіп алар байыпты мағынаны ұмыт қалдырады.

Сайып келгенде, “Неке сыры” ток-шоуы танымал әншінің жұбайын жүргізуші етіп, отбасы құпиясын паш етіп, айқай-шуға айналдырып, рейтинг жинауды көздейтіні байқалады. Десе де жүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімованың табиғатына қарай салиқалы әрі салмақты дүниелер таңдалып, көрерменге ұсынғанда болар еді. Өкінішке қарай, бұл ток-шоу мен жүргізушінің арасында үндестік жоқ.

Бәлкім, сол себепті шығар, үлкен пікірталас тудыратын тақырыптар студияда айқай-шу деңгейінен көтеріле алмай, салмағын жоғалтуға айналды.

Бұған бір дәлел — ток-шоудың YouTube желісіндегі алғашқы шығарылымдарын жүздеген мың адам көрсе, соңғы шығарылымдарын ондаған мың адам қарапты. 

MediaCAMP Award 2020 байқауының «Объектив» номинациясына фотосуреттер қабылдау мерзімі ұзартылды

2020 жылдың 16 маусымында II Орталық Азия елдері арасында журналистика бойынша өтетін MediaCAMP Award байқауына өтініш қабылдау басталды. Алғашқыда өтініш қабылдауды 15 шілдеде аяқтау жоспарланды. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты құжат қабылдау мерзімі ұзартылды. Орталық Азия медиасының кез келген формат пен жанрдағы материалдары бес номинация бойынша қабылданды:

  • «Билік және қоғам»
  • «Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты»
  • «Жәрдемдесер уақыт»
  • «Ерлер ел ішінде»
  • «Объектив» (фотобайқау).

Қазір алғашқы төрт номинация бойынша материалдар жинақталды. Орталық Азияның әр елінде іріктеу комиссиясы құрылған. Олар байқауға жіберілген материалдарды бағалауды бастап кетті. Ал «Объектив» номинациясына фотосуреттер қабылдау мерзімі ұзартылды. Бұл номинацияға 2019 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 31 мамыры аралығында жарияланған фотосуреттер алынады.

Қалай қатысуға болады?

  • «Объектив» номинациясына арналған жұмыстарыңызды 2020 жылдың 28 тамызына дейін kz-info@internews.org эл.поштасына жіберіңіз;
  • Хат атауына «Объектив» номинациясына, MediaCAMP Award 2020» деп жазыңыз. Бір өтініш беруші үш суреттен артық жібере алмайды (фотосуреттерді нөмірлеңіз);
  • Фотосуреттерді хатқа тіркеп, хатта әрбір фотоның атауы мен сипаттамасы (бұл фотоны қайда, қашан және неліктен түсіргеніңіз), фотосуретті интернет-дауыс беруде қолдануға және Internews ұйымының коммерциялық емес мақсатта көрсетуіне келісетініңіз жазылған ілеспе мәтінді міндетті түрде жазыңыз.

Мысалы: «Фото №1. «Сайлау күні». Фотосурет … түсірілді. Бұл фотоны … … келісім беремін».

«Объектив» номинациясына қабылданған фотосуреттің барлығы 2020 жылы қыркүйек айының басында MediaCAMP Award Fest 2020 сайтында ашық жарияланады. Бұл номинацияның жеңімпазы MediaCAMP Fest 2020 сайтында интернет-дауыс беру арқылы анықталады. Интернет-дауыс беру фестиваль басталғанға дейін жүргізіледі. Кез келген адам шексіз дауыс бере алады, бірақ бір фотосуретке бір IP-адрестен тәулігіне бір-ақ рет дауыс беруге мүмкіндік бар.

Автор онлайн-дауыс беруде және MediaCAMP Fest байқауының марапаттау рәсімінде елге көрсету үшін суретті пайдалануға құқық береді. MediaCAMP Fest байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 2020 жылдың 14-19 қыркүйегі күндері онлайн-режимде өтеді.

Жоба АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews өкілдігінің «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында жүзеге аспақ.

Жәнібек Нұрыш

Пандемияда сайт аудиториясы өсті. Жаңа қолданушыларды қалай ұстап қаламыз?

COVID-19 пандемиясы көптеген медианың жұмысына кері әсер етіп, кірісін азайтты. Өзекті ақпарат алу тіпті қиындады. Десе де барлық медианың аудиториясы ұлғайды, адамдар жаңа вирус туралы ақпаратқа мұқтаж болды. Қазір редакторлар да, журналистер де жаңа аудиторияны тек пандемияға қатысты ақпараттармен ұстап қалу мүмкін емесін түсінеді. Жаңа қолданушыларды ұстап қалып, оларды қалай тұрақты аудиторияға айналдыруға болатынын Зебо Таджибаева вебинарда айтып берді. Ол Тәжікстандағы Your.tj жобасын басқарады.

Аудитория өзгерді

Барлық медиа аудиториясының артқанына қуанды. Енді сол жаңадан келген қолданушыларды ұстап қалу мәселесі алға шықты. Соңғы жылдардың ең танымал әрі бәрін қамтыған тақырыбы – коронавирус тақырыбына да қызығушылық азайып жатыр. Не істемек керек?

Бұл сұраққа бір сөзбен жауап беру қиын. Жаңа аудиторияны сақтап қалудың бірнеше амал-тәсілі бар. Пандемия кезеңінде аудитория өзгерді, енді оларды зерттеу керек:

  • Талап-тілегіне, сұранысына қараңыз;
  • Қызығушылығын назарда ұстаңыз;
  • Кері байланысты қадағалаңыз;
  • Ұсыныс-пікірлерін жинақтаңыз;
  • Аудиторияңызбен әңгімелесіңіз;

Your.tj сайтымыз жақында ашылса да соңғы айда Google-іздеу жүйесінде әрі жақсы әрі нашар нәтиже көрсетті: «коронавирус», «Тәжікстанда коронавирус», «коронавирус, Тәжікстан, бүгін» сұраныстары бойынша бір ай ішінде 311 мың рет нәтиже шығарып берді. Басқа сұраныс болмады. Демек,  COVID-19 тақырыбына қызығушылық бәсеңдегенде сайтымызды ешкім де іздемейді. Бұл кемшілікті реттеу керек.

Қандай қолданушыларды назарға аламыз?

Сайтымызға алғаш келген қолданушылар тек бір бетті ғана қараса, қайта оралған қолданушылар үш есе көп бет қарайды.

Қайта оралған аудиторияға қандай тақырыптар қызық?

  • Саясат
  • Тамақ
  • Спорт
  • Саяхат
  • Сұлулық

Ел ішіндегі, яғни жергілікті өңір жаңалықтары

Платформаларға жергілікті контент қызық. Google мен Facebook жергілікті БАҚ-тарға контент өндірісі үшін грант беріп жатыр. Яндекс компаниясы Яндекс. Аудан платформасын жасады. Мұнда қарапайым қолданушылар ауданында болып жатқан жаңалықтарды таратады, мұндай жаңалықтар жақсы оқылады, қаралады.

Адамдарға айналасында не болып жатқаны әрдайым қызық.

  • Платформалар жергілікті БАҚ-тарға қолдау көрсетіп жатыр;
  • Платформалар аудандарға арналған ақпарат алаңқайларын жасауда;
  • Плафтормаларға сапалы контент қажет;

Hearst Shkulev Digital Regional Network бірнеше жыл бұрын Ресейдің 40-тан астам қаласында аймақтық интернет-порталдардың федералді желісін ашты. Олардың күнделікті аудитория саны төрт миллион қолданушыдан асып жығылады. Кез келген республикалық БАҚ мұндай көрсеткішке қызыға әрі қызғана қарайды. Тәжікстанда жергілікті ақпаратқа сұранысты қамтамасыз етер ресурстар жоқтың қасы. Мәселен, Хатлон, Соғды облыстарында жергілікті БАҚ ақпараты өте аз. Тіпті Душанбені толық қамтитын ақпарат ресурстары жоқ.

Салалық БАҚ

Адамдар мейлінше сапалы әрі жанына жақын контент оқығысы келеді. Уақыт өте бұл қажеттілік артады.

  • Аудиторияға сарапшы бағалауы ұнайды;
  • Аудитория нақты тақырыптарды жақсы көреді;
  • Пандемия кезеңінде аудитория сапалы мен сапасыз контентті айыруды үйренді;
  • Аудитория жаңалықтар жарысынын шаршады;

Түрлі форматтағы және аудиторияны қатыстыратын контент ұтымды  шығады

Жазылушылар санын емес, аудиторияны қатыстыруды ойлау керек.

  • Solutions journalism (журналистер мәселені ғана емес, сол мәселе қалай шешілетінін де айтады);
  • Әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығу;
  • Тақырыптық подкастілер;
  • Геймификация;
  • Түсіндірмелі журналистика;

Барлық платформада болуды ойлай бермеңіз

Егер ресурсыңыз шектеулі болса, онда бірнеше әлеуметтік желіде ғана жұмыс істеген жөн. Сол әлеуметтік желі ұсынатын барлық мүмкіндікті толық пайдаланыңыз.

  • Әлеуметтік желінің барлық функциясын: сауалнамалар, видео, каруселдер қолданыңыз;
  • Лентадағы белсенділікті арттырыңыз: сұрақ-жауап, квесттер ұйымдастырыңыз, stories-тің геймификациясын қолданыңыз, флешмобтар бастаңыз;
  • Пайдалы ситуативті контент жариялаңыз, тақырыптық топтамалар жасаңыз, тікелей эфирлер өткізіңіз.

Мессенджерлер көш бастап тұр

Орталық Азия мемлекеттерінде де мессенджерлерді көп қолданады. Әсіресе, WhatsApp, Telegram, Viber, Imo қолданушылары көп. Сондықтан журналистер де осы мессенджерлердің мүмкіндігін пайдаланып, аудиторияға жақындауды ойлауы керек. Мессенджерлерде мыңдаған топ бар. Сондағы аудиторияның қалауын дөп басып, тарта біліңіз.

Хат жазыңыз

Қолданушылар әлеуметтік желілерге кірмесе де пошталарын тексереді. Мәселен The Bell желілік басылымы эл.поштаға хат жіберу арқылы аудиториясын 40%-ға арттырды. Your.tj сайты да эл.пошта арқылы хат таратады. Хаттарымыздың көрілімі 70%-ға жетеді.

  • email мүмкіндігі шексіз
  • Жақын қатынас
  • Ең лоялді бейілді аудитория
  • Ең қолжетімді

Подкастілер жасаңыз

Ең лоялді, яғни ең бейілді аудитория – подкаст тыңдайтындар. Адамдар құлаққап тағып, тек 10 минут қана емес, 30-50 минутқа сізбен бірге болады.

  • Өте-мөте бейілді аудитория;
  • Подкастілерді жарнама жеңіл қабылданады;
  • Салауатты өмір салтын ұстану мен подкастілер – егіз ұғымдар

Ұмытылған тақырыптарға оралыңыз

Пандемия кезеңінде адамдар спортты, ойын-сауықты сағынды. Сенбессіз, бірақ шындық: адамдар қайтадан жұлдызнама оқи бастады. Бағдарламашылар жұлдызнама жасайтын қосымшалар шығарып жатыр. Егер медиа көңіл көтерер контент жасайтын болса, онда жұлдызнама жариялайтын уақыт қайта туды.

Жаңа аудитория – зумерлерді тәрбиелеңіз

Бізде 1996 жылдан бастап дүниеге келген адамдар аудиториясына арналған контент өте аз. Бұл буын өте лоялді аудиторияға айнала алады.

  • Зумерлер көбіне көп мәтіндік хат алмасады;
  • Зумерлердің 66%-ы ойынды басты хоббиі санайды;
  • Z ұрпақтың 42%-ы әлеуметтік желілер адамның өзін-өзі бағалауына ықпал етеді. деп біледі.
  • Зумерлер бумерлерді қиын жағдайдағы әлемді мұра етіп қалдырғаны үшін кінәлайды;
  • Зумерлердің 60%-ы әлемді жақсы жағына өзгерткісі келеді;
  • Зумерлердің тең жартысы өзі контент жасайды, оны басқаларға таратады;
  • Олар ақпаратты өз елегінен өткізеді;

Есте сақтаңыз:

  • Медианарық бұрынғыдай болмайды: дәстүрлі медиа жойылуы мүмкін, онлайн БАҚ жаңа өнімдер жасай бастайды. Аудиторияны еліктіріп, қызықтыра алғандар ғана жеңіске жетеді.
  • Пандемия соңында адамдар өздері жақсы көретін басылымдарына адал болып қалады;
  • Коронавирусқа дейін болған контент коронавирустан кейін де бола береді. Фактчекинг «шыңдалуы» мүмкін.

    Жәнібек Нұрыш