«Жеті күн», Хабар

«Жеті күннің» басты тақырыбы Тоқаевтың Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық форумға қатысуы, сонда жасаған мәлімдемелері болды. Сюжетте ұйым аясында шешілмеген мәселелер бар екені айтылды, Қазақстанның өкілі Бақытжан Сағынтаев пікір білдірді. Автор бұл ұйымға мүше кей мемлекеттердің айта алмағанын Тоқаев жария еткеніне тоқталды. Сонымен қатар, санкциялар құрсауында отырған Мәскеуден ұйымның штаб-пәтерін көшіру мәселесінің өзекті екеніне тоқталып, оған қатысты сарапшы пікірі берілді. Жалпы қоғамда ұйымнан шығу туралы да ұсыныс тасталып, талқыланатыны айтылды. Негізінен президенттің мәлімдемелеріне басымдық беріп, сюжет әзірлейтін бағдарлама үшін мұның жаңашыл қадам екенін атап өткен жөн. Сюжет әдеттегідей ұзақ болды.

Келесі тақырып – Түркиядағы Президент сайлауы. Өткен жексенбіде сайлаудың екінші туры өтті. Сюжетте саяси доданың барысы, Түркияның экономикалық жағдайы, кандидаттар жайлы көп ақпарат бар. Сарапшылар Ердоғанның саяси салмағы туралы пікір білдірді. «Жеті күннің» шет елде болып жатқан оқиғаларға бұлайшы кең тоқталуы сирек еді.

Осы сюжеттен кейін бағдарлама жүргізушісі қоғамдағы әйелдердің дәстүрге сай емес «жабық» киіне бастағанына қатысты ұзақ толғанды. Айта кету керек, соңғы аптада бұл тақырып әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Ислам мемлекеттеріндегі киіну үлгісінің қазақ қоғамына жат екенін айта келе, әңгіменің соңы әйелдердің отбасындағы рөлі, тіпті отбасының қаржылық жағдайына тірелді. Осылайша, жүргізуші жеке тұлғаның банкроттықты рәсімдеуі туралы шаралардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы сюжетке кезек берді. Тәжірибелі журналистті сөгу ойымызда жоқ. Дегенмен тақырыптарды ауыстырғанда «хабарымызды жалғастырамыз» немесе «өзге тақырыптарға ойыссақ» секілді көрермен назарын бұра алатын тіркестерді пайдалануға болады емес пе? Қазақ әйелінің киінуі мен отбасының борыш жүктемесін байланыстыру қисынсыз.

Ал Индира Жылқайдарова әзірлеген сюжетте «Банкроттық туралы» қабылданған заңның шикі тұстары бар екені, банкроттыққа берілген өтініштің басым көпшілігі мақұлданбағаны және заң қолданысқа енген бірнеше айдан бері банкрот деп танылғандар жоқтың қасы екені айтылды. Заңгерлер, құзырлы орган өкілдері және қарапайым азаматтар сөйлеген толымды сюжет.

Ауылшаруашылығы саласын субсидиялау туралы сюжетте қаражат ала алмай жүрген шаруалардың мұңы айтылды. Субсидия беру тәртібіне көңілі толмайтын тараптың уәжі мен Ауылшаруашылығы министрлігінің түсініктемесі бар.

Соңғы сюжетті Қостанайдағы Kazlit.kz зауытының жұмысы туралы PR материал деп ұқтық.

Бағдарлама соңында жүргізушісі Махат Садық тағы да қазақ қыздары туралы бір-екі ауыз айтып, Астанадағы музыкалық жас көрермендер театры қойған «Гауһартас» қойылымына барғанын айтты. Осылайша, ақпараттық-сараптамалық бағдарламаның бұл саны аталған мюзиклде шырқалған әндердің бірінен үзінді берумен аяқталды.

Sarap Тimes, Astana TV

«Қазақстан ешбір одаққа қосылмайды». Тоқаевтың осы мәлімдемесі «Хабар» және AstanaTVдағы сараптамалық бағдарлама жүргізушілері сүйіншілей айтқан алғысөзі болды. Дастан Сейілханұлы хабарды Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық форум жұмысына қатысқаны, онда Қазақстан тек экономикалық интеграцияға ұмтылатыны туралы мәлімдемесін айтудан бастады. Алайда жиыннан сюжет әзірленбеді. Кадрдан тыс мәтін және синхрон арқылы қысқа қайырды.

Қазақстанда заңдар қазақ тілінде әзірленетін болады. Бұл мәселені Мәжілістен депутат Үнзила Шапақ көтеріп, депутаттық сауал тастаған. Сюжетте заңдардың қазақша нұсқасы түсініксіз болатыны айтылып, терминдердің қазақша баламасында бірізділік жоқтығы туралы мәселе көтерілді. Вице-премьер Алтай Көлгіновтің жауабы бар.

Студиядағы сұхбатта Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевпен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының заңнамалық негізі талқыланды.

Мәжіліс депутаттары ақылы автотұрақтар проблемасын да көтерген болатын. Sarap Тimes осы жайында да сюжет әзірледі. Мәжілісте бұл мәселені Amanat партиясының мүшесі Самат Нұртаза көтерген. Материалда автотұрақтан түсетін қаражаттың тек 5%  мемлекет қазынасына түсетініне мән берілді.

Павлодар облысындағы Үштерек ауылында қойға қасқыр тектес жабайы иттер шабуыл жасапты. Тұрғындар мұндай жыртқыштар енді адамға шабуы мүмкін деп қауіптенеді. Үкіметтен өтемақы да сұрап отыр. Сюжет проблеманы көтерген, рас. Дегенмен, сараптама жоқ. Күнделікті жаңалықтар форматындағы материал.

Ал Түркістан облысындағы жылыжайлардың проблемасы туралы сюжетті ерекше атап өту керек. Сырттан тасымалданған арзан өнімдердің салдарынан отандық өндірушілер өз өнімдерін лайықты бағаға сата алмай отыр. Оған қатысты шаруалардың да, құзырлы мекеме өкілдерінің де пікірі бар. Мәселеге жан-жақты талдау жасалған сюжет.

Елімізде сарапшылар лудомандарды – құмар ойыншыларды тіркеуге алуды, олардың әлеуметтік портретін жасау үшін зерттеу жүргізуді ұсынып отыр. Бағдарлама осы жайында да сюжет әзірленіпті. Парламентте ойын бизнесі туралы да заң қаралып жатқаны айтылған. Сарашылар, зерттеу жүргізуге ниеттенген бастамашыл топ өкілдері, психологтар, ҚМА өкілі пікір білдірген. Алайда, тілші тағы бір тарап осы қызметті ұсынатын кәсіпкерлердің пікірін білуге талпынбаған екен. Өйткені, лудомандарды тіркеуге алу олардың қызметтеріне де белгілі бір жауапкершілік артуы мүмкін ғой?

Денсаулық министрлігі жас отбасыларға Денсаулық картасын енгізуді ұсынып отыр. Ондағы мақсат жастардың ең алдымен денсаулығына мән беруі, дүниеге дені сау сәбидің келуіне жауапкершілік алуға ықпал ету болса керек. Бағдарлама әзірлеген сюжет осы турасында. Әзірге бұл жоба, ол әлі қабылданбаған. Оған қатысты депуттардың пікірі бар, қарапайым адамдар да пікір білдіріпті. Дәрігерлер де өз уәждерін айтыпты.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

1-шілдеден бастап платформалық жүйелерде жұмыс істейтін қызметкерлер салық төлейтін болады. Тілші Ақбота Тәңірбергекн осы мәселеге қатысты тараптардың пікірін тыңдап қайтыпты. Жоба қанат қақты болғандықтан, әзірге ешкімді ешкім салық төле деп мәндеттемейтіні айтылған. Дауысына сарказм қосқан тілші бұл жобаға деген қоғамдағы қарсылықты білдіргісі келгендей.

Мейрамханаларда қызмет көрсету ақысы немесе алдын-ала депозит алу – заңға қайшы екен. Әсем Изатқызы тұқтынушылар құқын қорғау саласындағы сарапшымен бірге Астанадағы бірнеше мейрамханаға кіріп, қызметкерлерімен, келушілерімен сөйлесіп, заң талаптарын түсіндіруге талпынып көріпті. Заңгердің, құзырлы орган өкілінің пікірі бар. Журналистік зерттеу бағытында әзірленген материал.

«Айна» бағдарламасы көтерген тағы бір тың тақырып – Алматыда орналасқан бірнеше ғылыми-зерттеу институтттарының материалды-техникалық жағдайы. Қабырғалары қақырап, керегелері сөгіліп тұрған зоология институтының жағдайы тіпті мүшкіл. Онда зерттеу жүргізуге арналған заманауи құралдар да жоқ. Ал, сюжетте баяндалған тағы екі институттың да жағдайы мәз емес. Ол мәселеге қатысты Жоғары білім министрлігінің маманы пікір білдіріп, ақша бөлінгенін жазыпты.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасын жүзеге асыру тітіктерін анықтау бойынша заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. «eGov куәгері» айдарында БЖЗҚ өкілі, Қаржы министрлігі өкілі заңның жүзеге асырылу тетіктерін түсіндіріп беріпті.

Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР