ДомойМедиа үніСайлау туралы жазу жөнінде он кеңес

Сайлау туралы жазу жөнінде он кеңес

Сайлау туралы жазу жөнінде он кеңес

Жақында Янгонда, Мьянма,   ICFJ ұйымдастырған сайлау тақырыбын жария ету жөнінде семинар  болып өтті. Семинарда алуан тақырыптар қозғалды, біз дүние жүзінің бұқаралық ақпарат құралдары үшін пайдалы болуы мүмкін бірнеше кеңесті іріктеп алдық.

Сайлаушыларды ойлаңыз. Сайлау тақырыбын жазу – кандидаттар мен олардың мәселелері туралы жазу деген сөз емес. Сайлаушылардың мәселелері маңыздырақ. Олар үшін не маңызды екенін біліп, сол мәселелерді саяси партияларға жеткізіңіз. Материалдарыңызда кандидаттарға ғана байланысты мәселелер артық болып кетпеуін қадағалаңыз. Азаматтар — сайлау кезіндегі басты күш осы, дауыс беретін де солар.

Сайлау туралы заңмен танысыңыз. Ол заң партиялар қалай қалыптасатынын, сайлауға кім түсе алатынын, сайлау учаскелерінің шектері қандай болуы тиіс және сайлау кезінде заң бұзушылықтар болып жатса, қалай әрекет ету керек екенін анықтайды.

Ақшаны қадағалаңыз. Сайлау қалай қаржыландырылатынына, кандидаттар мен партиялар қолдауды қайдан алатынына және партиялар мен кандидаттарды қаржыландыру сайлау туралы заңға сай келетін-келмейтініне назар аударыңыз.

Сайлаушыларды тіркеу процедурасын зерттеңіз.  Тіркелген сайлаушылар тізімі қалай жасалатынын, тізімге енбеген сайлаушылар қолында сәйкес құжаттары бар болған жағдайда қалай тіркеле алатынын анықтаңыз. Ол процедураларды халықаралық стандарттармен салыстырыңыз. Адамның жынысына, тегіне, дініне қатысты шектеулер бар ма, тіркелу үшін ақы алына ма — осы сұрақтарды анықтаңыз.

Фактілердің бәрін тексеріңіз. Кампаниялар барысында кандидаттар мен партиялар түрлі статистика пайдаланады. Ештеңеге сенбеңіз; әр сөйлемді тексеріп отырыңыз, мысалы: кандидаттар бүгін қандай уәде беріп жатыр, өткен жолы не деп еді. Жұмыс бастамас бұрын халықаралық және отандық эксперттер мен ұйымдардың тізімін жасап қойыңыз — олардың көмегімен кандидаттар мен партиялардың мәлімдемелерін тексеріп отырасыз.

Сауалнама нәтижелерімен жұмыс істегенде абай болыңыз. Қоғамдық пікір сауалнамалары — сайлауалды кампанияны жария етудің негіздерінің бірі, алайда, осы деректерді пайдаланатын журналистер ол зерттеудің ақысын кім төледі, сауалнаманы қай топ жүргізді, ол қашан және қайда жүргізілді, қанша адамға сұрақ қойылды, ол адамдар кімдер, қандай сұрақтар қойылды және қорытындыдағы ауытқу қаншалықты деген сұрақтарға жауап бере алуы тиіс. Сондай-ақ, журналистер ол ақпараттың жаңалықтар үшін қаншалықты маңызды екенін, барлық көзқарас тұрғылары қамтылды ма, және жаңа сауалнама қорытындысы бұрын жүргізілгенінен несімен ерекшеленетінін анықтап алғаны дұрыс.

Дауыс беруге арналған бюллетеньге назар аударыңыз: ол ұғынықты ма?  Дауыс бергісі келетін, бірақ оқи алмайтын адамдар партиялардың логотиптері мен кандидаттардың фотосуреттері салынған бюллетень алуына бола ма? Бюллетеньдерді сайлаушыларға алдын ала, сайлаудан бірнеше күн, тіпті бірнеше апта бұрын көрсетіңіз — құрылымымен таныссын.

Сайлау күні әсіресе мұқият болыңыз: дауыс беруді күтіп тұрған және сайлау учаскелерінен шыққан сайлаушылармен сөйлесіңіз.  Оларды біреу дауысын қалай беру екеніне мәжбүрлеген жоқ па екенін сұраңыз. Учаскеде бюллетень, урна, дауыс беру мен нәтижелерді санау барысын бақылайтын адамдар жеткілікті ме екен — соны біліңіз. Ашық тұрған сайлау урналары, бір-бірінен бөлектенбеген бөлмелер немесе қолында бар құжаттары бола тұра дауыс беруден шеттетілген адамдар бар-жоғын анықтаңыз.  Бюллетеньдер қалай саналып, тасымалданатынын және оны партияда жоқ бақылаушылар қалай қадағалайтынын біліңіз. Сайлау нәтижелеріне болжамдар жасалса, ол болжамдарды кім және қалай жасайтынын анықтаңыз.

Бәрін алдын-ала бастаңыз. Сайлауды жариялау үшін сайлауалды кампанияның басталуын күтіп отырмаңыз. Сайлауалды кампанияның алашапқыны басталғанға дейін де көптеген зерттеулерді жүргізіп,  материалдарды жариялауға болады.  Партиялардың тұғырнамаларын сараптап, салыстырыңыз, кандидаттардың досьелерінен бастаңыз, оқырмандарыңызға негізгі мәселелер туралы айтып беріңіз, сол мәселелер бойынша анкета құрастырып, кандидаттарға ұсыныңыз. Сайлауға арналған жарияланымдар кестесін құрыңыз, оқиғаларды бөлімдер бойынша жіктеп, кім нені жазатынын анықтап қойыңыз.

Сіздің жұмысыңыз маңызды екенін естен шығармаңыз. Бұқаралық ақпарат құралдары сайлау процесінде маңызды роль атқарады. Сайлаушылар кандидаттар, саяси партиялар және сайлау процесі туралы неғұрлым көбірек білсе, сайлау учаскесіндегі дауыс беру бөлмесінде салмақты әрі жауапты шешім қабылдауға соғұрлым әзір болады. Ондай ақпараттың көбін олар сіздерден — журналистерден алады.

Маргерит Салливан – Бұқаралық ақпарат құралдарына халықаралық көмек көрсету орталығының   (Center for International Media Assistance) негізін қалаушы және бұрынғы аға директоры.   ICFJ бағдарламасы аясында 2015 жылғы ақпанда Мьянмада болғалы жатқан сайлауға байланысты журналистерге тренинг өткізген. 

Түпнұсқа мәтін — ijnet.org

Назгүл Қожабекова
Назгүл Қожабекова
Медиатренер, аудармашы, редактор,медиатренер. Сторителлинг мектебі жобасының авторы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР