ДомойМедиа үні2016 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық - журналистер үшін жергілікті ақпарат көздері

2016 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық — журналистер үшін жергілікті ақпарат көздері

2016 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық — журналистер үшін жергілікті ақпарат көздері

Kiratiana Freelon

2016 жылғы 5 тамызда Рио-де-Жанейрода басталатын Олимпиада ойындары және бір айдан кейін өтетін Паралимпиада ойындары туралы жаза бастау үшін дүние жүзінің журналистеріне келер жылды күтудің қажеті жоқ.

Қала ойындар астанасы болып 2009 жылы таңдалды. Қазіргі кезде Олимпиада қалашығын салу жөніндегі жұмыстар 86% аяқталып тұр.

Алайда, қалада алдағы іс-шаралар дайындығына ықпалын тигізетін қиындықтар әлі де көп. Мысалы, Associated Press жүргізген зерттеулер көрсеткендей, желкенді қайықтар жарысы өтетін Гуанабара шығанағындағы судың сапасы кәріз суынан еш айырмашылығы жоқ екен; қала басшылығы Олимпиада қалашығына іргелес жатқан Vila Autódromo фавеласының тұрғындарын  мәжбүрлі түрде қоныс аудартып жатқан көрінеді.   Сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздікке байланысты мәселелер де бар:  жақында Amnesty International ұйымы жариялаған деректерге сүйенсек,  Рио-де-Жанейро қаласының әскери полициясы соңғы бес жылда қаланың 1519 тұрғынын өлтіріпті.

Халықаралық жаңалық агенттіктері мұндай ақпаратты бірінші болып жариялай бермейді. Оларды тек жергілікті дерек көздерінен, әсіресе, әлеуметтік медиадан білуге болады.

IJNet Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындықпен байланысты мәселелер жөнінде бірінші болып хабарлайтын жергілікті дерек көздерінің тізімін жасады.

Жалпы бағыттағы сайттар

Rioonwatch.org сайты Олимпиада және Паралимпиада ойындарына әзірлік барысы соңғы бес жылда Рио-де-Жанейро фавелаларына қалай әсер етіп жатқаны туралы айтады.

Catalytic Communities ұйымдастырған сайтта осы аудандардағы митингтер мен басқа да оқиғаларға қатысқан ондаған журналистің репортаждарын табуға болады. Сайт архиві – фавелаларда тұратын адамдарды күштеп көшіру оқиғалары, қоршаған орта жағдайы және фавелаларды элит аудандарға айналдыру жөніндегі ақпараттың қайнар көзі. Сонымен қатар, Rioonwatch.org жақында іске қосқан RioONWire жаңалық сервисінде фавелаларға байланысты жаңалықтар мен анықтамалық ақпарат ұсынылады.

Riorealblog.com продюсері Джулия Майклс өз жобасын Рио-де-Жанейрода болып жатқан өзгерістерге сыни көзқарас» деп сипаттайды.  Майклс – Бразилияда отыз жылдан бері тұрып келе жатқан америкалық жазушы, ол өз блогын 2010 жылы ашты.

Блогта тек автор өзі жазған материалдар жарияланады, алайда,  блогтың Facebook-тағы парақшасында Рио-де-Жанейро туралы өзге медиа құралдары жазған ең маңызды деген жаңалық мақалаларына сілтемелер беріледі.

Фавелалар тұрғындарын күштеп көшіру және осы аудандармен байланысты жаңалықтар 

Vila Autódromo фавеласы тура Олимпиада қалашығына іргелес, бір кездері Формула 1 трассасы өткен Джакарепагуа (Jacarepaguá) ауданында орналасқан. Адамдар онда 30 жылдан бері тұрып келеді.

2009 жылы Рио-де-Жанейро 2016 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының астанасы болып таңдала салысымен, қала мэрі Эдуардо Паес фавелалардан құтылғысы келетінін бірден жария етті. Бұл аудандардың тұрғындары осы алты жыл бойы өз үйлерінде тұру құқығы үшін күресіп келеді, алайда, қаланың күші басым сияқты: қазір фавелаларда тұратындардың он пайызы ғана сол аудандардың байырғы тұрғындары.

Сонда да, жұртты күшпен көшіруге қарсылық кампаниясы да күш алып келеді. Facebook-тағы Viva Vila Autódromo парақшасы кім де кімді күштеп көшіргенінен бастап, үкімет өкілдерінің келіп-кеткеніне дейінгі жергілікті жаңалықтардың барлығын жариялап отырады.

Рио-де-Жанейро халқының бестен бірінен көбі фавелаларда тұрады, сондықтан да журналистер осы аудандармен байланысты негізгі жаңалықтарды қадағалап отыруы тиіс.  Brazil247.com сайтында фавелалардағы жағдай жөнінде жаңалықтарды әрдайым табуға болады.

Coletivo Papo Reto қауымдастығы және Рауль Сантьяго туралы The New York Times баяндағаннан кейін ол Рионың фавелаларында тұратын адамдардың үніне айналды. Оның командасы Рио-де-Жанейроның ең ірі фавеласы – Complexo do Alemão жаңалықтарын қалт жібермей бақылап отырады. Сантьяго осы қауымдастық туралы жаңалықтар мен ақпаратты ұйымның  Facebook-тағы парақшасында  жиі жариялап отырады. Complexo do Alemão фавеласынан жаңалықтар жеткізетін тағы бір сайт – Voz das Comunidades, оның да Facebook-та парақшасы бар.

Гуанабара шығанағындағы судың сапасы

Рио-де-Жанейро Олимпиада комитетіне 2016 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізу жөнінде өтініш берген кезде ел үкіметі Гуанабара шығанағының ластанып кеткен суын тазартуға уәде еткен еді. Алайда, жақында  Associated Press жүргізген зерттеулер ол уәде орындалмағанын көрсетті.

Белсенді-эколог Марио Москателли соңғы жиырма жылын шығанақты тазартуға қол жеткізуге арнаған. Оның  Facebook-тағы жеке парақшасында ол шығанақты тазарту жолында істеп жүрген жұмыстары жөнінде айтылады, сонымен қатар, соңғы жаңалықтар туралы ақпарат та ұсынылады.

INEA мемлкеттік экологиялық тобы Рио-де-Жанейро жағажайларының қауіпсіздігін үнемі тексеріп отырады.

Гольфқа арналған алаң

Гольф – Олимпиада ойындарына жаңа қосылған ойын түрі. Риодағы гольфқа арналған олимпиадалық алаң құрылысы төңірегінде дау көп, өйткені ол үшін табиғи парктің бір бөлігі пайдаланылмақ.

Рио-де-Жанейроның белсенді экологтары Facebook-та бірнеше парақша жүргізеді, онда осы тақырыпқа байланысты соңғы жаңалықтарды табуға болады. Golfe Para Quem және Ocupa Golfe – осы екі парақшада журналистер осы саладағы соңғы жаңалықтарды қадағалап отыруына  болады.

Қоғамдық қауіпсіздік

Қаланың орталығындағы қылмыс деңгейінің жоғары екендігі сондай, Рио-де-Жанейрода тұратын адамдар үнемі соны ойлап жүруге мәжбүр. Рио-де-Жанейродағы Институт де Segurança Pública қаладағы қылмыстар туралы ақпаратты қадағалап отырады.

Назгүл Қожабекова
Назгүл Қожабекова
Медиатренер, аудармашы, редактор,медиатренер. Сторителлинг мектебі жобасының авторы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР