ДомойМедиасынПалаумен өрілген келіссөздер, телевизияның ақыры. Сәуірдің үшінші аптасына твшолу

Палаумен өрілген келіссөздер, телевизияның ақыры. Сәуірдің үшінші аптасына твшолу

Палаумен өрілген келіссөздер, телевизияның ақыры. Сәуірдің үшінші аптасына твшолу

Президент Тоқаевтың Өзбекстанға сапары, полиция жұмысын сынауы – міне мұның барлығы Қазақстанның республикалық телеарналарының 15-21 сәуірдегі апталық қорытынды жаңалықтарына енген тақырыптар болды. «Жаңа репортер» редакциясы «Хабар», КТК, «1 арна Еуразия» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық эфиріне  шолу жасады.

«7 күн», «Хабар»

«7 күн» бағдарламасында бұл жолы екі президенттің қызметіне шолу жасаудан бөлек, басқа да оқиғаларға уақыт тауыпты. Алдыңғы екі аптада қос президентті көрсетуден аспаған еді. Бұл жолғы бағдарламада Елбасының кездесулеріне 5 минут арнапты. Әрмен қарай диктор Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары туралы егжей-тегжейлі айтады. Екінші президенттің алдыңғы Ресейге сапарында  көрсеткендей, енді саяси және экономикалық саладағы ынтымақтастықтан бөлек, міндетті түрде тұңғыш президентке мадақ айту міндетке айналыпты. Өзбекстаннан түсірілген сюжетте Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзияев Нұрсұлтан Әбішұлына сәлем жолдап, достық қарым-қатынасты нығайтуына алғысын айтады. Саясаткерлердің сапар барысында қол қойған келісімдеріне қатысты сарапшылар пікір білдірген. Негізгі бастамалар ретінде Қорғас сияқты шекарамаңы сауда орталығын ашу мүмкіндігі және туризм саласына қатысты бірлескен жобаларды қолға алу аталды.

Бағдарламаның 10 минутын Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ішкі істер министрлігімен өткен алқа отырысына арнады. Жиын 43 минутқа созылды. Әңгіменің өзегі «Бұл неткен масқара» төңірегінде өрбіді.

Автоұрлық, мал ұрлығы, полицейлердің наркобизнеске қатысы, кісі өлімімен аяқталатын көлік апаттары. Осы мәжілістен сюжетте тек президенттің сөздерін қиып алып қана қоймай, журналист жаяу жүргіншілер өткелінен стендап жасапты.

«7 күн» бағдарламасына тән дәстүр: қайғылы оқиғалар, мәселен Жамбыл облысындағы 11 адамның өмірін алып кеткен көлік апаты туралы хабарды президенттің көңіл айтуымен жеткізеді.

Қазақстанның екінші президенті әлеуметтік желілерде белсенді. Ол 10 сәуір күні Twitter аккаунтынан Ақмола облысының Қосшы ауылындағы су мәселесін шешуге тапсырма берді. Твитіне КТК теленасының сол мәселе туралы сюжетін қосты. Ал осы аптада Тоқаев твит-тапсырмасының қалай орындалып жатқанын тексеру мақсатында сол ауылға келді. Сумен қамтамасыз ету мәселесі бір шешімін тапқанымен, ауылда әлі күнге дейін мектеп тапшы.

Мектеп мәселесі туралы тағы бір үлкен сюжет шықты. Онда Маңғыстау облысының Басқұдық ауылында балалар сыныпқа сыймай, дәлізде оқып жатқанын айтады.

Бағдарламада ҚР президентінің кезектен тыс сайлауына дайындықтың қалай жүріп жатқанын көрсетеді (өкінішке қарай, бірнеше спикерді титрсіз берді) және мемлекет тегін дәрілерді беру жайын қалай бақылайтынын, бұрын дәрі алуға қаржы тұрақты бөлінгенімен науқастардың 50 проценттен астамы дәрі алмағаны туралы материал әзірлепті.

«Большие новости», КТК

Аптаның көп талқыланған тақырыбы Түркістан облысындағы сұмдық оқиғаны атауға болса керек. Түркістан облысының Жетісай ауылында өгей ана апалы-сіңлілі үш қызын ұрып-соғып, әбден зәбір көрсеткен. «Большие новости» апталық қорытынды жаңалықтар бағдарламасында аталған оқиғаның барлық қатысушыларын сөйлетумен қатар қоғам қайраткері Ләззат Рақышевамен де сұқбаттасады. Сұқбатта балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың шығу себептерін түсінуге тырысады.

Мұнда да дәрі-дәрмектің қымбаттау себебіне зерттеу жүргізіпті. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров дәрі бағасының өсуі азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын барлық тауар бағасының өсімінен жоғары екенін мәлімдеді. Мемлекет осы процесті бақылауы қажет-ақ. Таяуда заңнамада бұған мүмкіндік беретін түзетулер де енгізілді. Журналистер өндіруші-компания өкілдерімен сұқбаттасу арқылы дәрілік препараттардың бағасы неден тұратынын түсіндіруге тырысады. Бірақ, қазақстандық медианың тақырыпты ашуына кедергі келтіретін нәрсе: телеарналар әдетте потенциалды жарнама берушісіне айналатын компаниялардың атауын атамайды. Міне, сондықтан да Қазақстанда фармацевтикалық саланың дамуы хақында талайдан бері айтылғанымен де неліктен әлі күнге дейін ел ішін арзан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қауқары жетпейтінін түсіну қиынға соғады.

Аудитория тарапынан кең талқыланған және бір жаңалық – мектептен қалып қоятын балалардың ата-анасына айыппұл салу жайы. «Большие новости» жауапкершілікке тартылуы мүмкін (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің баптарына сәйкес) үш отбасының оқиғасын әңгімелейді. Бір отбасындағы балалар үйде оқиды, бұл олардың жан-жақты дамуына жол ашады екен. Ендігі екі отбасында ата-аналар балаларын мектепке қуана-қуана жіберер еді, бірақ мектепке жетуі қиын. Жолсызбен бірнеше шақырым жүруге тура келеді не қайықпен жүзіп жетуге мәжбүр.

«Большие новости» басқа апталық қорытынды бағдарламалармен салыстырғанда эфирге сенбі күні шығады. Өткен сенбі, яғни 20 сәуірде ел үшін аса қайғылы оқиға болды. Жамбыл облысында көлік апатынан 10 адам көз жұмды. Бағдарламада оқиға орнынан хабар таратып, дәрігер мен куәгерлердің сөзін береді.

Бағдарлама өнер жұлдыздарының әуе компанияларымен ұрыс-керісі туралы үлкен сюжетпен аяқталады. Өткен аптада мұндай екі оқиға елді шулатты. Біріншісінде, аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының солисті Мұрат Құсайыновты «Эйр Астана» қызметкерін ұрып-соқты, деп айыптады. Ал актер әрі продюсер Нұртас Адамбайды бизнес-классқа кіргізбеді. КТК-лықтар тағы басқа да шулы оқиғаларды жинақтапты.

Эфир жүргізушілері өзара диалогтарында аптаның басқа да оқиғаларын сапалы ұсынады. Тоқаевтың полицейлермен алқа отырысы, теңге бағамын тұрақтандыру шаралары сынды тақырыптар бағдарламаға екпін қосып, апта сипатын толықтыра түседі.

«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»

«Бірінші арна Еуразия» телеарнасының «Аналитика» бағдарламасы әп сәтте елді елең еткізген оқиғадан басталады. Алдымен Түркістан облысында апалы-сіңлілерге зәбір көрсету, Жамбыл облысындағы жол апаты. Ал Қазақстан президентінің жұмыс кестесін оның Instagram және Twitter парақшаларынан көрсетеді: Тоқаевтың Өзбекстанға сапары барысында Димаш Құдайбергенмен түскен фотосуреті ең көп лайк жинағанын айтады.

Қазақстан президентінің Өзбекстанға сапары туралы сюжеті де ресми оқиғаны баяндаудың қалыптасып қалған форматынан тосын басталады: қазан басында палау пісіріп жатқан палаушыны көрсетеді. «Өзбек палауын неліктен ер адамдар дайындайды?»,-деп сұрайды тілші. «Өйткені, жігіттер дәмді пісіреді» деп жауап бергеніннен кейін, президент-жігіттердің кездесуіне ойысады.
Ал палаушыға сюжет барысында ұдайы оралып отырады. Дұрыс келіссөздерді дұрыс палаумен, саясаттың егжей-тегжейін дәмдеуіштермен салыстырады.

«Бірінші арна Еуразия» тілшілері креативтерімен және жақсы анимациялы инфографикаларымен қуантты. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек туралы сюжеттің бір бөлігі инфографикадан тұрады. Журналистер оның қалай есептелетінін, нені назарға алатынын егжей-тегжейлі әңгімелейді. Сюжеттің айтпақ ойы: әлеуметтік көмек – бәрінен құтқаратын ем-дом емес, керісінше қиындықты еңсеріп, қайта жұмыс істеуге берілетін мүмкіндік.

Бағдарлама адамдардың өмірін қалай өзгерткені: бағдарламашының зергерге, сатушының барберге, дәрігердің шиномонтаждаушыға, сәулетшінің музыкантқа, ал даяшының аспаз-суретшіге қалай айналғаны туралы сюжетпен аяқталады. Олардың хикаясы атаулы әлеуметтік көмек туралы сюжеттегі тезистерді толықтырады. Соны бөлек материал қылып жасағаны ұтымды шығыпты. Шабыттандырады. Ал сюжет авторы креативке барып, «Мәскеу көз жасыңа сенбейді» фильміндегі («Москва слезам не верит») Александрдың кейпінде киінеді (фильмде Гошамен өз жұмысын шексіз сүйетін абсолют бақытты адам диалогы).

Олег Журкевичтің («Аналитика» бағдарламасының шеф-редакторы) «Не до шуток» айдарында кафе-ресторандардағы түнде алкоголь сатуға тыйым салу мүмкін екені туралы әңгімелейді. Бұл тақырып Қазақстанда екінші апта қатарынан талқыланып жатыр. Мұндай тыйымға түбегейлі қарсы бизнесмендер: «Адамдар алкоголды өздерімен бірге әкеліп, ішеді, ал біз оларға рұқсат етеміз» деп айтады.

Бағдарламада тұңғыш және екінші президенттердің кездесуі, сайлауға дайындық және аптаның төтенше оқиғасы: Каспийдегі шаяндардың және Шымкентте балықтардың қырылуы да қамтылыпты.

APTA, QAZAQSTAN

QAZAQSTAN арнасының апталық қорытынды жаңалықтар бағдарламасы Қазақстан және Өзбекстанның екінші президенттерінің бірінші кездесуінен басталады. Диктор сюжетке алғысөзінде марқұм Ислам Каримовты еске алып, оның түрлі достастықтарға салқын қарағанын айта келе, қазір ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын айтып өтеді. Тоқаевтың Өзбекстанға сапары туралы бес минуттық сюжетімен басталған бағдарлама президенттің ІІМ қызметкерлерімен алқа отырысындағы сынаған сөздерімен жалғасады.

APTA (бұл сөзлер латын әрпімен жазылған, «апта» деп оқылады) студиядағы графикамен тәжірибесін жалғастырады. Тоқаевтың Қосшы ауылына барғаны туралы сюжеттің хабарламасында студияға су таситын машина кіріп келеді (еске салсақ, мұндай көлік бұған дейін су тасқыны туралы сюжетте де кіріп келген еді). 

Сондай-ақ, студияда «Сергек» камералары пайда болады. Сюжеттен мәлім болғандай, о камералар қажет кезде жұмыс істемейді екен.

APTA бағдарламасының арнайы айдары Онлайн – елдегі оқиғаларға әлеуметтік желі қолданушыларының реакциясына шолу жасайды. Бұл жолы Астанадағы LRT құрылысының тоқтауы, Нотр-Дамды қалпына келтіруге қазақстандықтардың ақша жіберуі, тойға несиелер, әкімдердің әлеуметтік желідегі аккаунттары және Тоқаевтың Facebookтағы аккаунты фейк болып шыққаны жөніндегі хабарға қатысты жазылған пікірлер мен посттарды шолыпты.

QAZAQSTAN телеарнасы осы медиашолуда қамтылған телеарналар ішінде 21 сәуірде Украинада өткен президент сайлауы туралы үлкен сюжет жасаған жалғыз телеарна. Сюжет авторлары елдің қазіргі президенті Порошенконы «комедиялық актер» Зеленский жеңгенін ерекшелейді. Киев тұрғындары телеарнаға сұқбатында бұл сайлаудан ештеңе күтпейтіндерін, Порошенконың жұмысына разы еместерін айтады. Бұл пікірлерге қарсы журналистер қазіргі президенттің Еуроодақпен визасыз режимге қол жеткізгенін, православ шіркеуіне тәуелсіздік әпергенін және украин тілінің беделін көтергенін әңгімелейді. Зеленскийге жүктелген тапсырма – экономиканы көтеріп, соғысты тоқтату екенін қосады.

Бағдарламадағы басқа да тақырыптар қатарында онлайн-сауданың дамуы, мектеп бітіру кештеріне шығындалу және кепілсіз займдар мен соған қатысты мәселелер қамтылыпты.

Basty Bagdarlama, «Бірінші арна Еуразия»

«Бірінші арна Еуразияның» қазақ тілінде шығатын апталық қорытынды жаңалықтар бағдарламасында бірнеше жаңа тақырып бар екен. Журналистер қазақстандық кафелерде ит етін жеуге болатыны рас-өтірігін, бұл еттің қайдан келгенін, расымен де пайдалы ма екеніне зерттеу жүргізеді. Сюжетте сойылған иттің адам шошытарлық кадрлары бар. Бірақ, о бұл кадрлар интернеттен алынған ба әлде түсірілген видео ма, егер түсірілген видео болса, қайда түсірілген, мұның ешқайсысына түсінік бермейді. Ал ит етінің емдік қасиетіне қатысты дәрігер-мамандардың жауабы бар (емдік қасиеті дәлелденбеген). Кафедегі ит етінің қайдан келгеніне сол күйі жауап бермейді.

Бағдарламаның тағы бір үлкен тақырыбы – телевизияның өлуі. Бұл тақырыпты қозғауға қазақстандық журналист Аман Тасығанның Instagram посты себеп түрткі болған. Сюжетте журналист көрнекілік үшін теледидарға қабір қазады. Спикерлер телевизияны цензура өлтіретінін, интернет қарқынды дамып, аудиторияның сонда кетіп жатқанын айтады. Сосын журналист Серік Жанболат бағдарламаның Алматы студиясына сұқбат береді. Оның айтуынша, Қазақстан қоғамы қандай болса, журналистер де сондай екен. Қоғам топтарға бөлініп кеткен, журналистер де бөлінген. Қызығы сол, «Бірінші арна Еуразияның» апталық қорытынды жаңалықтар бағдарламасынан кейін «телевизияны жерлеген» пост авторы Аман Тасыған жүргізетін «Кешкі кездесу» бағдарламасы шығады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР