ДомойМедиасынКезектен тыс кезекті сайлау. Сәуірдің екінші аптасына тв-шолу

Кезектен тыс кезекті сайлау. Сәуірдің екінші аптасына тв-шолу

Кезектен тыс кезекті сайлау. Сәуірдің екінші аптасына тв-шолу

Кезекті кезектен тыс президент сайлауы және Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі. Қазақстандық телеарналар эфиріндегі 7-14 сәуір күндеріне апталық қорытынды жаңалықтардың басты тақырыптары осы болды. «Жаңа репортер» редакциясы КТК, «Хабар», «Астана» және «Бірінші арна Еуразия» телеарналарының қорытынды жаңалықтарын көріп, сараптап шықты.

«Большие новости», КТК

Соңғы жылдары КТК телеарнасында бірнеше ойын-сауықтық-публицистикалық, соның ішінде «Главная редакция» және «Министерство правды» бағдарламалары жабылды. Бұлардың орнына «Большие новости» қорытынды-сараптамалық бағдарламасы ашылды. Мәжіліс депутаты Артур Платоновтың «Портрет недели» бағдарламасы оның өз монологына айналып кеткенінен кейін, КТК-дағы орыс тілінде шығатын басты сараптамалық бағдарлама да осы «Большие новости» болып қалды.

Бағдарлама авторлары сөздерді шебер ойнатып, контекстерді көп жаңғыртады. Генерал Ғани Қасымовтың президент сайлауына қалай түскенін, КТК эфирінде вазаны сындырғанын, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің қалай жылағанын, экологтардың көшбасшысы Мэлс Елеусізовтың аз дауыс жинаса да президент сайлауына түсуден танбауын баяндайды. Әйткенмен, Ғани Қасымов биылғы сайлауға қатыспайды. Сайлау бюллетеніне кімдердің аты-жөні түсетіні әзірге көпке қызық құпия болып отыр. Қазіргі саяси жағдайға қатысты саясаттанушы Айдос Сарым да пікір айтады. Оның үні өткен айда көбіне-көп естілмеп еді. Айдос Сарым пікірінше, билік партиясынан кім түссе де бәсекеде бәсі жоғары болады.

Скриншот: Бұған дейінгі президент сайлауларынан естеліктер

Апта көлемінде Қазақстан журналистерінің назарына ілінген бір мекен – Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы болды. Сол ауылда Қазақстан-Ресей бірлескен атом электр станциясы салынуы әбден мүмкін екен. Журналист Анна Яломенко («Большие новости» бағдарламасы жүргізушілерінің бірі, және екінші репортер Алексей Рыблов. КТК телеарнасының бір ерекшелігі – тек студияда сөйлейтін кәсіби дикторлар ғана емес, сонымен қатар нақ майданда жұмыс істейтін корреспонденттер де эфир жүргізеді) Үлкен ауылындағы өмірді көрсетеді. Мұнда жұмыс та жақсы дәрігерлер де жоқ екен. Ауыл тұрғындары осында атом электр станциясының салынуына қарсы емес. Өйткені, бұл олар үшін жаңа өмір бастауына жетелейтін үміт. Бірақ, экологтар АЭС салудың қаупі жөнінде дабыл қаға келе Қазақстанда электр қуаты жеткілікті екенін айтады.

КТК-ның екі материалында да журналистік эксперименттер қолданған. Коммунистердің тәулікпен жалдамалы пәтер беруге тыйым салу туралы бастамасы жөнінде сюжет жасаған корреспонденттер өздері де сондай пәтер жалдап, ылғалданған ішкиім мен тоз-тозы шыққан ваннаны көрсетеді.

Түнгі сағат 23:00-ден кейін кафе-мейрамханаларда алкоголді ішімдік сатуға тыйым салу туралы сюжетте дүкендерден түн ішінде спиртті ішімдік сату алу мүмкін бе, жоқ па екенін тексереді. Мүмкін екен.

Айта кетерлігі, КТК-нің барлық материалдары журналистердің сапалы стендаптарымен шығады. Қимыл-қозғалыс үстінде, кейікерлермен сұхбат барысында, тіпті қажет болса (алкоголь сату туралы экспериментте) смартфонмен стендап жасайды.

«Избранное за неделю», «Астана TV»

«Астана» телеарнасы апталық қорытынды жаңалықтарын алда келе жатқан кезектен тыс президент сайлауынан бастайды. Басты элемент – Орталық сайлау комиссиясының өкілдерімен бұл сайлаудың ерекшеліктері жөнінде тыңғылықты сұқбат жасауында болды. Әсерін күшейту үшін корреспондент сол ақпарды кадр сыртынан да тағы қайталайды.


Телеарнаның журналистері де Үлкен ауылына барыпты. КТК-нің сюжетінде ауыл тұрғындарының бірнешеуі АЭС құрылысына қарсы емесін көрсетсе, «Астана» телеарнасы материалында АЭС салу сондағы тұрғындардың арман-тілегіне айналғаны көрсетеді. Шенеуніктер әлі түпкілікті шешім қабылдамаса да халық АЭС салынуын өте қатты қалайтындай көрінеді. Бұған қарсы пікір ретінде – саясаттанушылар Досым Сатпаев пен Расул Рысмамбетовтің АЭС салудың қажеті жоғын айтқан сөздерін береді.

Аптаның тағы бір тақырыбы – экологиямен тікелей байланысты. Алматыда Көкжайлау шатқалына салынатын тау шаңғысы курортының құрылысын кейінге шегерді. Мұндай ұсынысты қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында Алматының әкімі Бауыржан Байбек айтты. Содан кейін Қазақстан президенті осы шешімді Байбекке ұсынғаны туралы ақпар мемлекет басшысының твиттер аккаунтынан мәлім болды. Ал Көкжайлауды сақтап қалуды насихаттайтын қоғамдық қозғалыстың белсенділері курорт құрылысын уақытша тоқтатып қоймай, толықтай бас тартуды талап етеді. Сюжетте құрылысты жақтайтын тарап жоқ.
Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяға ағылған заңсыз көші-қон туралы және Қазақстанның ауыл-аймақтарындағы дәрігер тапшылығы жайында сюжет шықты.

Бағдарлама Nur Otan партиясының әлеуметтік бастамаларына арналған көлемді материалмен аяқталады. Онда көпбалалы отбасыларға көмек, жастардың білім алу мүмкіндігі, отбасылардың баспаналы болуы туралы көрсетеді. Материалда әр аймақтағы алғыс айтқан жандар мен қамқор партиялықтар жинақталыпты. Билік партиясына деген мұндай көңіл бөлудің қайдан шығып жатқаны түсінікті. «Астана» телеарнасы Nur Otan партиясының бастамасымен құрылған Nur Media медиахолдингінің құрамына кіреді. Партия алдағы кезектен тыс президент сайлауына өз үміткерін ұсынбаса да мұндай материалдар сайлауалды науқанға ақпараттық тұрғыдан дайындық сияқты көрінеді.

«7 күн», «Хабар»

«Хабар» телеарнасының басты сараптама бағдарламасы бұрын да президенттің қызметін тізіп шығудан құралатын. Бірақ, соңғы айда Қазақстандағы президент саны екі еселенгендіктен де «7 күннің» эфирінде мемлекет басшыларын көрсетуден басқасына уақыт қалмайтын болыпты.

«Хабар» құрылымын сақтайды. Яғни, алғашқы жарты сағатында көрсететін репортаждарының қаһарманы – Нұрсұлтан Назарбаев. Кейінгі 20 минутта екінші президентті көрсетеді. Сосын барып сарапшылардың түсіндіруі мен халыққа оралады.

Қазақстанның тұңғыш президенті кезектен тыс президент сайлауын өткізуді қолдап, Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, биліктің сабақтастығы жалғасатынын, Қазақстан-2050 жоспарының орындалатынын, дамыған 30 елдің қатарына кіруге бағыт алғанын айтып, Nur Otan партиясына сайлауалды кампанияға дайындалу туралы тапсырма берді. Эфирде Nur Otan партиясының ақпанда өткен съезде бекіткен онжылдыққа арналған 10 мақсаты туралы кеңінен әңгімелейді. Елбасының бастасымен жүзеге асып жатқан әлеуметтік бағдарламалар турасында да көрсетеді.

Тұңғыш президенттің жұмыс кездесулерін көрсетіп болғаннан кейін екінші президенттің кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі мәлімдемесіне ойысады. Ақорда сайтындағы скриншоттар негізінде оның да жұмыс кездесулерін көрсетіп, ары қарай Тоқаевтың Маңғыстау облысына сапары жөнінде көлемді материал береді. Аймақ басшылығы жаңа президентті күтіп алуға дайындық барысында Ақтау көшелерін оның суреттері бейнеленген билбордтармен толтырып тастапты. Мұны көрген Тоқаев билбордтарға өзінің емес, Елбасының суретін ілу керегін ескертіп, мемлекет қаржысының жұмсалуын қадағалау керегін айтты.

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі мәлімдемесінде айтқан бір сөзі әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін.

Мұны естіген қазақстандықтар бір-бірінен «қандай оқиғаларды меңзеп отыр, бізді тұрақтылық екеніне әрдайы сендіріп келіп еді, бұл қалай болғаны» деп сұрап жатты. «Хабар» телеарнасы «7күн» бағдарламасында қазіргі ахуалды: тұрақсыз әлем, терактілер және Ливия деп елестеді. Егер сіз Ливиядағы жағдайдан хабардар болмасаңыз, онда қазір қақтығыс шиеленісіп барады. 2011 жылы Муаммар Каддафиді орнынан алып, өлтіргенннен кейін Ливияда саяси дағдарыс басталды. Қазір Ливияда екі билік бар. Шығысында халық сайлаған парламенті, ал батысында, Триполи астасында Файез Саррадж басшылық ететін ұлттық келісім үкіметі билігін жүргізіп жатыр. Түптеп келгенде, Ливия кадрларын көрсеткеннен кейін Қазақстандағы ахуал бұдан аулақ екенін хабарлайды. Қазақстандық және шетелдік саяси қайраткерлер мықты көшбасшы мен сайлаудың аса қажет екенін түсіндіреді.

Бағдарлама соңы «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамасы туралы сюжетпен бітеді. Бұл бастама туралы эфирдің орта тұсында Нұрсұлтан Назарбаев та айтып өткен болатын. «Хабар» таңдаған қорытынды жаңалықтар құрылымында («Қос президент») барлық оқиғалар туралы бірнеше рет қайталап айтады. Содан көрермен де мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар мен Nur Otan партиясының жобаларынан шатасады. Бәлкім, әуел баста көздегені де осы болса керек-ті.

Қазақ тіліндегі «7 күн» де құрылымы жағынан орысшасын қайталайды, соңын әлеуметтік бағдарлама туралы сюжетпен жабады.

Basty Bagdarlama, «1 арна Еуразия»

«Бірінші арна Еуразия» телеарнасының қазақ тіліндегі апталық қорытынды жаңалықтары кезектен тыс президент сайлауына арналыпты.

Бірінші сюжет «Саяси көктем» атауымен лирикалық мәнерде басталады. Тілші кадр сыртынан Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым бар…» өлеңін «Бір сайлауым болары сөзсіз менің. Бірақ… Дәл қай күні екенін айта алмаймын» деп оқиды. Осылайша, «бір тойым» сөзін «сайлауым» сөзімен алмастырады. Журналистер халықтың сайлауды сағынып қалғанын айта келе ҚКХП (коммунистер партиясы), «Ауыл» және «Ақ жол» партиялары туралы айтады. Nur Otan және екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы қысқа сөзбен қайырады. Тіпті сюжет соңындағы партия көшбасшыларының атқа мінген сайлауалды бәйгесінде Nur Otan өкілі болмай шығады. Ол партия бәйгеге қатыспаған не оза шауып кетіп қалған.

Бағдарламаның екінші материалы «Үмітін үзбейтін үміткерлер» деп аталып,  тәуелсіз Қазақстан тарихындағы президент сайлауларының үміткерлеріне шолуға арналыпты. Басқа телеарналар көрсеткен Ғани Қасымов, Мэлс Елеусізов пен Амантай Қажыдан бөлек, Жамбыл Ахметбековты, Тұрғын Сыздықовты, Уәлихан Қайсаровты (оның қазақ тілінен тест тапсыруы) және сондай тесттен өтуден бас тартқан Мұрат Телібековті те көрсетеді.

Келесі материалдың тақырыбы «Биліктің балалары».

«Биліктен әркімнің бар таласы. Тіпті лауазымды тұлға балаларының да. Әсіресе, бізде осы тенденция қатты байқалады». Диктор сөзі. Оның бұлай айтуына, апта көлемінде әлеуметтік желі қолданушылары Жансұлтан Сапарбаевтың (Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың ұлы) Елордадағы аудандардың біріне әкім орынбасары болып тағайындалуын қызу талқылауы себеп болса керек-ті. Журналистер басқа да шенеуніктердің биліктегі балаларын, Сергей Кулагиннің баласы Павел Кулагин, Президент кеңсесінің меңгерушісі Махмұт Қасымбектің ұлы Жеңіс Қасымбек және тағы басқаларын атап өтеді. Тіпті әке жолымен жүрмей, ауыл шаруашылығы саласында бизнесін дөңгелеткен Максим Божконы да мысалға келтіреді. Материалдың сайлауға қандай да бір қатысы жоқ. Әйткенмен, Қазақстан жұртшылығы Тұңғыш президенттің қызы Дариғаны президенті лауазымына үміткерлердің бірі санайды. Бірақ, журналистер сюжетте оның есімін атамайды.

Телеарнаның Алматыдағы студиясында саясаттанушы Айдос Сарым алдағы кезектен тыс президент сайлауы туралы сұқбат береді. Оның айтуынша, бұл сайлауда кім түссе де оған 95-100 пайыз дауыс жинау қажеті жоқ. Сондықтан да бұл сайлау өзгеше сайлау болғалы тұр.

Партиялар өз кандидаттарын әзірге ұсына қоймаса да астрологтар, нумерологтар мен экстрасенс, бақсы-балгерлер болжам жасап-ақ жатыр. Осы жөнінде «Президент кім болады?» тақырыбымен шыққан сюжет бағдарламаны қорытындылайды. Тіпті сол сюжетті жасаған журналистің эфирдегі фонында Қазақстан саяси қайраткерлерінің, тіпті Дейнерис Таргариен мен Джон Сноудың фотолары көрінеді. Бұл тізімге Айдаһарлардың анасы қалай ілінгені, қай партия атынан сайлауға түсетіні айтылмайды. Бұл шын мәнісінде Қазнеттегі «Президент кім болады?» сауалы төңірегіндегі әзілдерді бейнелейтін жай сурет болатын.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР