ДомойМедиасынКликбейт «құрбандары»: хиджаб мәселесін жарыса жазғаннан не ұтты?

Кликбейт «құрбандары»: хиджаб мәселесін жарыса жазғаннан не ұтты?

Кликбейт «құрбандары»: хиджаб мәселесін жарыса жазғаннан не ұтты?

Өткен аптада Динара Сәтжанның Instagram парақшасындағы жазбасы оқырман ойын екіге бөлді. Журналист орамал тағатын қыз-келіншектерді «әлдекімдерден ақша алады, көлемі де аз емес» деп дәлел-дәйексіз айыптаған еді. Сәтжанның жазбасын сол күйі біраз сайт бөлісті. Орамал тақырыбына тереңдемек болып, көлемдірек материал дайындағандары да бар. «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр осы тақырыпты желеу етіп, журналистиканың этикасын бұзған қазақша материалдарды шолып шықты.

Даудың басы Динара Сәтжанның жазбасынан шықты: «Лично я за наш традиционный казахский Ислам. Шелпеки по пятницам. Құран бейіттің басында. Қырқынан шығару және тұсау кесер. У нас есть своя культура и традиции. Своя история, которую мы должны передать следующим поколениям. А если через несколько десятилетий или даже лет наши казашки будут ходить в черных хиджабах?! Мы этого хотим? Почему я поднимаю этот вопрос. Потому что слышала от блогеров, что им предлагали деньги за покрытие и суммы говорят немаленькие. Вот это меня и пугает».

Сурет Динара Сәтжанның парақшасынан алынды

 

Динара – журналист. Ол әр сөздің астарында дәлел жатуы керегін жақсы білуге тиіс. «Ақша алатындықтан орамал тағады» деп айту үшін кемінде әлдекімнің ақша алып жатқанын көзбен көруі не жасырын камерадан жазбасын қараған болуы керек еді. Ал  «слышала от блогеров» дегені жауапкершіліктен босатпайды. Бұл – бір.

Екіншіден, өкінішке қарай, бұл тақырыпты желеу етіп жазылған материалдар көп болды. Мысалы, Kyn.kz сайтында «Динара Сәтжан Қазақстанда танымал қыздардың ақша үшін орануды насихаттап жүргенін айтты» деген тақырыппен жаңалық шықты. Автор Динараның жазбасын бөлісіп қана қоймай, өзінше пайым жасауға тырысады. Дін тақырыбын жазғанда кей «нәзік» мәселеге аса мән беру керек. Мәселен «орануды насихаттау» деп тақырып қою да, контексте қолдану да қате. Өйткені «орану» сөзі әу бастан негатив мәнде айтылады. Дұрысы «орамал таққан, хиджаб киген» деген нұсқалар.  «Оранып кету» деген тіркес тіптен өрескел. Астарында адамның шешіміне құрметсіздік сезіледі.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Діни сенім бостандығы бар елде адам таңдауына тосқауыл болуға тырысудың өзі жөн емес. Деструктив діни ағымдар, секталар мен тыйым салынған ұйымдар тізімі бар. Одан тыс, заңға қайшы әрекет болмаса, орамал тағатын қыз-келіншектерді күллі қоғамға жеккөрінішті етіп көрсетуге болмайды. Бұл – ҚР азаматы ретіндегі құқығына қайшы. Материалдың жалпы берілу формасын қарайық. Лиді мынадай: «Жаппай Меккеге барып, блогер-қажы атанғандардың бәрінің кемі 500 мың оқырманы бар». Бұл жерде автор журналист ретінде фактчек жасамай, бағамдап тұр. Кіші қажылыққа баратын блогерлер артқаны рас. Оған туристік агенттіктермен келісімшарт жасасып, бартерге келісілген жарнамалар себеп болуы мүмкін. Десе де, материал әзірлеу барысында тілші Қазақстандағы бүкіл блогерді саусақпен санап, олардың оқырман санына анализ жасамағаны анық. Сондықтан қарапайым журналистика стандарты бойынша статистика болмаса, «барлығы», «кемінде 500 мың оқырманы бар» дегендей ақпарат таратуға болмайды.

Материалдың суреттеріне тоқталсақ. Қазақстанда діни сенім бостандығы бар дедік. Демек, әр азаматтың таңдауына құрметпеу қарауға міндеттіміз. Сайттардың көбі әнші, блогерлердің орамал таққанға дейінгі суретін жариялап жатты. Kyn.kz сайтының мысалын қараңыз.

Сурет kyn.kz сайтынан алынды

 

Сайттардың ашық киіммен түскен сурет салудағы мақсаты халық тарапынан негатив туғызу әрекетіне ұқсайды. Мәселен, Kyn.kz сайты осы материалын Instagram парақшасына бөліскен, посттың астына 300-ден астам пікір жазылған. Ішінде айыптау да, жақтау да бар. Кликбейт үшін осындай фото мен тақырып пайдаланылып тұр. Материал соңында мынадай абзац бар: «Шынында, аудиториясы көп блогерлер аяқ астынан хиджаб кие бастады. Мысалы, күні кеше оранып жүру туралы шешім қабылдағанын жарияға жар салған Рамина Таипованың 1 миллионнан астам жазылушысы бар. Осылардың қатарында Айдана Меденова, Камшат Жолдыбаева, Алтынай Жолдыбаева, «Қалаулымдық» Камила, Мөлдір Әуелбекова, «Аяука пош» есімімен танылған бюти-блогер бар. Бұл тізім өте ұзақ. Көпшілікке қызығы бұл үрдісті қаржыландырып отырған кім және мақсаты не?». Журналистің зерттеу жасағысы келіп, бірақ не үшін жасамағанын түсінбедік. «Қаржыландырып отырған кім және мақсаты не?» деген сұрақты лидке қойып, әрмен қарай көлемді сараптама, дәлел-дәйегін ұсынса болар еді, бірақ тереңдемеген.

nege.kz сайтынан скриншот

Келесі материал nege.kz сайтына жарияланған. Тілші Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Ханбибі Есенқарақызымен орамал тақырыбына сұхбаттасқан. Бізге оғаш көрінгені – тақырып – «Ханбибі Есенқарақызы: Оранғандардың көбі – жасырын ЖЕЗӨКШЕЛЕР». Бұл тақырып сұхбат берушінің сөзінен алынған. Десе де, материалды қандай тақырыппен беруді тілші не бас редактор шешеді. Сондықтан интервьюер айтқан сөз екен деп арандататын тақырып қою қаншалықты дұрыс? Әрі бұл жерде ашық айыптау, дәлелсіз сөз бар. Қаласа, сұхбат берген адамды бұл сөзі үшін заң алдында жауапқа алуға да болады. Ал журналист мұндай дүниелерді алдын-ала біліп, арандатуға жол бермеуі керек. Бұл жерде кликбейт бар. Ол мақсат орындалды да, өйткені материал көп пікір жинай алды. Сайттағы қаралым жалпақ жұртқа көрінбейді екен. Сондықтан ауқымын біле алмадық. Белгілі журналист, медиатренер Есенгүл Кәпқызы осы мақалаға қатысты пікірін білдіріп, этика мен журналистика стандарттарын сақтауға шақырған еді.

 

Сондай-ақ «жезөкшелер» сөзінің бас әріптермен берілуі. Редакцияның бұл әрекеті түсініксіз. Бұл сөзді Caps Lock-сыз жазса да назар аударылатыны белгілі. Оған қосымша әсер қосудың қажеті шамалы.

Сұхбаттың өзіне келсек, жоғарыда айтылған «оранған» сөзіне қатысты ескертуді мұнда да айтамыз. Одан соң, орамал таққан блогерлер туралы мәселеге сарапшы ретінде  таңдау неліктен бұл кісіге түскені түсініксіз. Әлбетте, Ханбибі Есенқарақызы – қоғамда салмақты ой айтатын адам. Әйтсе де, дәл осы дін тақырыбы жайлы сұхбатқа қалай сарапшы қылғанын түсінбедік. Әркім ойын, пікірін айтуға құқылы. Дегенмен сұхбат аларда оның бағыты қандай болатыны алдын-ала бағамдалады. Өйткені интервьюерді зерттейсіз, оның ұстанымын білесіз. Сондықтан редакция ақынның орамалға қатысты ойын жақсы біліп, әдейі ұйымдастырғандай көрінеді. Егер расында осы мәселе өзекті болып, түбін қазбалағысы келсе, осы тақырыпты зерттеп жүргендерден не сол орамал таққан, миллионға жуық оқырманы бар блогерден сұхбат алғаны дұрыс еді.

Автор мынадай сұрақ қояды: «Соңғы кезде ақын қыздар, эстрада әншілері де оранып алып жүр. Бірақ былайғы өмірі соған сай еместей көрінеді. Кейбірі бірнеше рет тұрмысқа шыққанын да жасырмайды. Сіз мұны қалай қабылдайсыз?». Алғашқы сөйлеммен келісеміз. Бірақ әрмен қарайғы сөздері журналист этикасына қайшы. «Былайғы өмірі сай еместей көрінеді» деген «сай емес» дегенді білдірмейді деп ақталуға келмейді. Өйткені мұнда баға беру лебі анық сезіледі. Сонда былайғы өмірінің сай болуының стандарты қандай? Ондай стандарт бар ма? Бұл – бөлек сұрақ. Одан соң бірнеше рет тұрмысқа шығуға қатысты сөзінде де осындай өрескел қате бар. Алдымен, отбасын құру не құрмау, бір не бірнеше рет шаңырақ көтеру – әркімнің таңдауы һәм құқығы. Мұны жалпыға ортақ ету, одан қала берді бұл тенденция тек орамалды келіншектерге тән секілді етіп көрсетуге болмайды. Жалпы осы тектес сұрақ қоюдағы мақсаттың өзі сұхбат алушының аузынан кликбейт тақырыпқа қажет сөз алуға ұмтылыс секілді көрінеді. Сондықтан әріптестерді тақырып, сұрақ қойғанда абай болуға шақырамыз.

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР