ДомойМедиасынҒашық имам, жемқорлық және мектеп бітіру кеші. Мамырдың төртінші аптасына твшолу

Ғашық имам, жемқорлық және мектеп бітіру кеші. Мамырдың төртінші аптасына твшолу

Ғашық имам, жемқорлық және мектеп бітіру кеші. Мамырдың төртінші аптасына твшолу

Өткен аптаның, яғни 20-26 мамырдың бас тақырыбы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемқорлықпен күрес мәлімдемесі болды. Президент парамен ұсталған шенеуніктердің басшысы қызметтен кетуін қалайтынын айтты. Апталық қорытынды бағдарламалар бұл тақырыпты әрқалай көрсетті. Ппрезидент алға шығарғаны, жемқорлыққа баса мән бергені де болды. Әдебінен таймайтын «Хабар» телеарнасынан басқа телеарналалардың көтерген тақырыптарының алуандығы тағы да қуантты. Әрқайсысы түрлі эксклюзив ұсынды. «Жаңа репортер» редакциясының 20-26 мамырдағы мониторингіне «Хабар», «Бірінші арна Еуразия», КТК және ASTANA TV телеарналары қамтыдық.

«Избранное за неделю», ASTANA TV

Бағдарлама авторлары эфирді аптаның бас жаңалығы – Тоқаевтың жемқорлыққа қатысты мәлімдемелесінен бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен жүйелі күресуді айтты. Ол бағыныштысы пара алған басшыларды да қызметінен қууды ұсынды.

Қазақстанда мұндай бұған дейін болған. Бірақ ASTANA TV телеарнасының журналистері мұны білмесе керек не еске түсіруді құп көрмепті.

Материал сюжетке тартпағанымен де саясаттанушы Досым Сатпаевтың пікірін қосыпты. Ол мемлекеттік қызметтің касталық элитаға айналмай, мемлекеттік қызметкер сол қызметінде мемлекет оған пара алғанынан да көп нәрсе беріп жатқанын түсінуі міндетті, деп есептейді. Ал Константин Авершин («Я алматинец» ҚБ) жемқорлыққа қоғамдық бақылау жасау идеясын қолдайды. Оның айтуынша, адам өлтіргенді кешіруге болады, бірақ парақорды кешіруге мүлдем болмайды. Себебі жемқорлық мемлекетті әсте-әсте өлтіреді. Адамдарда жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру қажет.

Polygon International LLP компаниясының директоры Бижан Фарамарцидің сайлауға қатысы жоқ сюжетте президентке кандидат Тоқаевтың қандай жақсы кандидат екенін айтып, мақтағаны тосын шықты. Оның сөзінше, Тоқаев қандай қызметте отырмасын, ешқашан жемқорлық істерге қатысты айыпталмаған. Әлемдегі беделі өте жоғары екен.

Әрмен қарай бағдарлама жүргізушісі студияда ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскембаевтан сұқбат алды. Олар баспана тақырыбын кеңінен талқылады. Мәселен, көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтерді кімдер және қалай алатынын әңгімеледі.

Баспана тақырыбы алматылық отбасының апатты ескі үйдегі пәтерінен басқа пәтерге көшуге бас тартатын сюжетпен жалғасты. Олардың бас тартуына екі бөлмелі пәтер орнына бір бөлмелі пәтер берілуі себеп екен. Жүргізуші студияда тұрып: «Әйткенмен бір бөлмелі пәтердің ауданы сол екі бөлмелі пәтерден үлкен» деді. Студияда ескі үйдің макеті пайда болып, жүргізуші: «Бір отбасынан себебінен 40 нысанның құрылысын тоқтатуға тура келді» дейді.

Сюжетте тараптардың бәріне сөз берілгенімен, автордың қала билігі мен құрылыс компанияларының жағына ойысуы байқалады.

Келесі материал – қазақстандық өнеркәсіп турасында, дәлірегі елдегі машина жасау компанияларының қаржылық мәселелеріне арналды. Петропавлдегі теміржол вагондарын құрастыру зауытының жұмысшылары бірнеше айдан бері айлық алмапты. Олар ереуіл ұйымдастырды. Зауыт басшылығы жаңа тапсырыстың жоғын, (бұған дейін вагондарға ҚТЖ тапсырыс беріп келген) , Ресейден шикізат жеткізудің тоқтағанын айтады. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында бронотехника шығаратын «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауытының да банкротқа ұшырағалы отырғанын баяндайды. Мемлекет қару-жарақ шығару саласын субсидияламайды. Сондықтан да жеңілдікпен берілетін несие жоқ. Зауыттың жоғары пайызбен несие алуына тура келіп, бұл тауар бағасының өсуіне әкеп соғады.

Тағы бір сюжет қазақстандықтардың өз өмірін сақтандыруға көбірек ден қоя бастағанына арналады. Мамандар баспананы да, әсіресе су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды баспанасын сақтандыруды ұсынады. Журналистер сақтандыру компанияларының көмегімен зейнетке қалайша ертерек шығуға болатынын түсіндірді.

Соңғы блок сайлау тақырыбына арналды. Кандидаттарды 29 маусымда теледебат күтіп тұрғанын айтып, әрбір кандидаттың сайлау штабы қандай жұмыстар атқарғанына тоқталды.

Бағдарламаның бір кемшілігі – редакторлар, тіпті авторлардың жаппай орфографиялық қате жіберуі. Титрлердегі қателерге келсек, бағдарламада мұндай қате өріп жүр: бос орын мен үтір жоқ (г.Алматы, кв.м, тг), нүкте қажет емес тұстарға нүкте қояды (млрд.) және бас әріптермен жазу қажетсіз тұстарда бас әріппен жазады (кандидат в Президенты) және қалалар мен фамилияларды бұрыс септейді (Садыбека Тугел вместо Садыбека Тугела). Бағдарлама авторлары мұның барлығы да «эфирді ластайтынын» білмейді не осындай «ластанған эфирде» өздерін жайлы сезінеді. Бір жағынан бағдарламаны 2019 жылы емес, 2003 жылы түсіргендей әсер қалдырады. Креатив жасау, заманауи технологияларды қолдану мүлдем жоқ (студиядағы ескі үйді есептемегенде), есесіне драматургиялық тұрғыдан нық әрі баланс сақталып, шайнап бергендей шыққан.

«Большие новости», КТК

«Большие новости» бағдарламасы да эфирді Тоқаевтың жемқорлықпен барынша күресіп, пара алған шенеуніктердің басшыларын жұмыстан қуу туралы ұсынысымен бастады. Жүргізуші «Онда барлығын да қызметінен қууға тура келмей ме» деп мысқылдап, осы аптада кімдер парамен ұсталғанына шағын шолу жасайды. Тұңғыш президент сонау 2000 жылы-ақ қол астындағы қызметкері парамен ұсталған шенеуніктің жауапкершілігін басшысына жүктеуді жарлық еткенін еске салады.

Бірақ, бұл жарлық үш жыл бұрын күшін жойды. Сонымен «жап-жатық пара алулар» туралы сюжеттің кіріспесінен кейін, КТК телеарнасы президент қызметіне шолу жасаумен шектелмей, тақырыпты дамытты. Материалда айтылған бір дерек: орташа есеппен елімізде күніне төрт жемқор ұсталады екен. Олардың басшыларын да есепке алса, онда ҚР-да күніне сегіз мемлекеттік қызметкерді қызметінен қууға тура келеді.

Сондай-ақ, сюжетте

  • Саясаттанушы Рүстем Бурнашевтың пікірі;
  • бағынышты қызметкерінің кінәсі дәлелденсе қызметінен кетуге уәде етіп, бірақ қызметінде қалған министрлер;
  • Басқа елдерде жемқор-ұрыларымен қалай күресетіні (мәселен, Қытайда ату жазасына кеседі не қолын кеседі);
  • Грузияда жемқорлықты қалай жеңгені туралы да баяндады.

«Күннің төтенше оқиғалары» шолуынан кейін Көкшетаудағы қайғылы оқиғаға өтті. Көкшетауда эстафетада көз жұмған жасөспірімге қатысты жаңа деректер шықты. Біріншіден, іс-шарада кезекші жедел жәрдемшілер болмғандықтан, баланы ауруханаға таксимен жеткізген. Екіншіден, жасөспірім бұл жарысқа қатыспауы тиіс екен. Оны Бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі жіберіпті. Жалпы мектепке Бастапқы әскери дайындық пәні қажет пе? Бағдарлама авторлары осы сауалды ортаға тастайды. Қазақстандағы Бастапқы әскери дайындық туралы үлкен сюжетте осы сұраққа жауап беруге тырысады. Саясаттанушы Айдос Сарым Бастапқы әскери дайындықты «кеңес уақытының кекірігі» деп атайды. Бірақ, материал тепе-теңдікті сақтапты. «Бастапқы әскери дайындық – жаман» деген біржақтылық жоқ. Журналист Тараздағы көпсалалық гимназияның мысалында мұндай дайындық бірқатар балаға қажет екенін, оларға ұнайтынын көрсетті.

Дәріханалар сюжеті. Бұл сюжетке Атыраудағы дәріханаларды белсендірілген көмірді дәрігердің рұқсатынсыз сатуға тыйым салу себеп болыпты. Ал басқа қалаларда тіпті психотропты дәрілерді дәрігердің рұқсатынсыз алуға болады. Атыраудағы тілші мәселенің мән-жайын анықтайды. Шенеуніктер барлық жағдайға «сауатсыз провизорларды» айыптапты. Қарағандыда түсірім тобы смартфонмен түсірім жасады. Олар дәрігердің рұқсатынсыз сатуға тыйым салынған психотропты және гормоналды дәрілерді, антибиотиктерді қаладағы дәріханалардан дәрігердің рұқсатынсыз алуға бола ма, жоқ па екенін тексереді. Болады, бірақ барлығында бірдей бола бермейді. 

Дәріханадан мәйітханаға. Қазақстандағы мәйітханаларға қаржыландыру жетіспейді. Шенеуніктер мәйітхана жұмысына 22 млрд теңгені қайдан алатындарын білмейді. Басқа да мәселелер жетерлік. Судмедэксперт қызметіне жастар бармайды. Аз төлейтін, беделі жоқ мамандық саналады. Ал мамандарға қойылар талап жоғары. Аймақтардағы судмедэксперттер сондай қиын жұмысынан қарамастан 48 мың теңге айлық алатынын айтады. Айлық өскеннен кейінгі шама осы 48 мың теңге екен. Ал елдегі мәйітханалар ғимаратының тозғаны сондай, жүйкесі нашар адамдар бұл сюжетті көрмегені жөн.

Жарнамадан кейін оқу жылының аяқталуымен қатар келетін құбылыс– түлектердің шетелдік оқу орындарына кетуіне қатысты аңдатпа шықты. Сосын экономикалық шолуға өтті. Аталған тақырып экономикалық шолумен астасып кеткендей әсер қалдырды. Бұл тұтас айдар емес, тек түрлі экономикалық жаңалықтар мен сандарды сайрататын кадр сыртындағы мәтін. Инфографикасы бар.

Содан кейін түлектердің шетел асуына қайта оралды. Бағдарлама тікелей эфирде болғандықтан сюжет уақытылы дайын болмауы да мүмкін. Бірақ, көрермендерге мұны айтпады. Біртүрлі көрінеді.

Бағдарлама «Голос. Дети» шоуының арнайы шығарылымы туралы шағын материалмен аяқталды. Бәрі жеңіске жетті. Біздің Ержан Максим бәрібір де бірінші.

Basty Bagdarlama, «Бірінші арна Еуразия»

«Бірінші арна Еуразияның» қазақ тіліндегі қорытынды бағдарламасы эксклюзивпен басталды. Журналистер Алматы облысының Қайнарлы ауылындағы сұмдық оқиғаны әңгімеледі. Ауыл тұрғыны — үш баланың анасы өз-өзіне қол салыпты. Оның күйеуі әйелінің өліміне ауыл имамын кінәлап, видеомәлімдеме жасайды. Күйеуінің айтуынша, имам оның әйелінің соңына түсіп, өз сезімін білдіріп, өзімен бірге болуын талап еткен. Келіншек бұған шыдамай, өзін өзі өлімге қиған. Имам да өзінің сол келіншекті сүйіп қалғанын мойындайды. Бірақ, ҚМДБ бұл оқиғаға қатысты пікір бермейді. Имамды ауыл тұрғындары таңдаған. Діни басқарманың тізімінде жоқ екен. Тілшінің өте креативті стендапы сюжеттің сәнін кіргізді.

Basty Bagdarlama авторлары Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне және оның жемқорлықпен күресіне назар аудармастан, басқа да қызық тақырыптарды қозғайды. Келесі материал оқу жылының аяқталуы мен мектеп бітіру кештеріне арналыпты. Сюжет авторы «сөйлейтін винетканың» ішінен стендап жасап, министрлер мен депутаттар мектепті қалай бітіргенін еске түсіреді. Бұл туралы өздері де сыныптастары да айтады.

Үшінші материал қазақ аудиториясына аса маңызды мәселе: прокаттағы фильмдердің қазақша субтитріндегі тұнған қателерге арналады. Бір фильмді сол үшін де ҚР аумағындағы прокаттан алып тастапты. Сюжет авторы жасырын камерамен кинозалдағы қазақша субтитрлерді түсіріп, кинотеатр иелерінен, көрермендерден және дубляж режиссерлерінен пікір алады.

Бағдарламаның соңғы материалы ҚР журналистер одағына өмірі туралы болды. Одақ 85-жылдығын тойлатуға дайындалып жатыр. Алматы бюросында одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулетпен сұқбат өрбіді. Журналист одақ басшысынан жазушылардың сайлау кезінде неліктен үнсіз жатқанын сұрады. Одақ басшысы өз ішінен кандидат ұсынуды жоспарлағандарын, бірақ лайық үміткер табылмағандықтан, бұл ойдан бас тартқандарын айтты.

«Жеті күн», «Хабар»

«Хабар» телеарнасының «Жеті күн» қазақша қорытынды жаңалықтары да орысшасынан еш айырмасы қалмапты. Қазақстанда өткен аптадан не болғанын емес, қос президенттің өмірінде не болып жатқанын көрсетеді. Осылайша, «Жеті күн» елдегі оқиғалардың емес, екі президент өмірінің күнделігіне айналыпты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған бағдарламада мемлекет басшыларынан басқа ешбір тақырыпқа орын табылмады.

Бағдарлама жемқорлықпен күреске емес, сайлаудан басталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың президентке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабымен кездесуіне 10 минут сюжет арнады. Жүргізуші Ринат Думанұлы кіріспесінде «Жаһандық бәсекеде жампоз шықсақ деп жанталасып жатырмыз ғой. Солүшін алдымен ішкі бәсекені арттырып алуымыз керегі анық. Тұрақтылығымызға кепіл болар президент сайлауына 7 үміткердің қатысуы – елімізде саяси бәсекенің барына айғақ. Елбасы осылай баяндады. Осы аптада Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясынан ұсынылған үміткердің республикалық қоғамдық штабына барған» деді. Сосын сюжетте Елбасы билік транзитіне Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынып, дұрыс таңдау жасағанын тағы да қайталайды. Сюжетте Тоқаевтың қызметтегі жүріп өткен жолын кеңінен айтып, оның қандай мықты маман екенін баяндайды. Сюжетте тұңғыш президенттің «қазақстандықтарды дұрыс таңдау жасауға, халықтың болашағы үшін сабақтастық таңдауын жасауға шақырғанын» да көрсетті. Осылайша, «Жеті күн» бағдарламасының бірінші сюжеті президентке кандидат Тоқаевты насихаттауға арналғандай әсер қалдырды.

1 президент бөлімінде оның түрлі кездесулерін (министр Б. Сапарбаевпен, «Самұрық-Қазына» әл-ауқан қоры басшылығымен, Түркияның сыртқы істер министрімен, депутат Гүлжан Қарағұсовамен, Назарбаев университетінің президентімен және жас композитор Рахат-Би Абдысагинмен) шолып шықты.

Бұрын Елбасыға арналған бөлім Тоқаев бөлімінен сәл-сәл ұзағырақ болса, қазір Тоқаевқа көбірек уақыт бере бастапты. Оның тек президент қана емес, кандидат екенін де ескерсе керек. Уақытымен есептегенде, «Хабар» телеарнасы біріншіге, яғни Назарбаевқа 29 минут, ал екіншіге, яғни Тоқаевқа 34 минут арнайды.

Тоқаев бөлімі оның түрлі тұлғалармен, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енчамен, ЕҚЫҰ-ының бақылаушылар сессиясының жетекшісі Урсула Гацекпен, Түркия сырқы істер министрі Мевлют Чавушоглумен, ҚР Сыртқы істер министрі Б. Атамқұловпен және тағы басқаларымен кездесуін баяндаудан басталды. Тоқаевтың бизнесмендермен кездесуіне бөлек сюжет арналды. Осында екінші президенттің жемқорлықпен күрес туралы мәлімдемесін кіріктіріпті. Тоқаев бөліміндегі басқа тақырыптар қатарында:

  • Тоқаев Қорғаныс министрлігінің алқа отырысына қатысты;
  • Тоқаев Қазақстан-Ресей волонтерлері форумына қатысты;
  • Тоқаевтың аймақтарғы турнесі кірді.

Президентке үміткер басқа кандидаттар туралы ешқандай ақпарат шықпады. 1 сағаттық эфирде президентке үміткер Тоқаевтан басқа тағы алты кандидаттың ешбірінің есімі аталмады. Бұл жүргізушінің бағдарлама басында «Қазақстанда саяси бәсекелестік бар екенін» айтқан сөзіне лайық көрініс екен. Басқаша қалай болсын?!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР