Аптаның ең басты тақырыбы – президент сайлауының қорытындысы мен президентті ұлықтау рәсімі болды. Апталық қорытынды бағдарламаларының ұлықтау рәсімінен басталды. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы митингтер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жаппай бұғатталуы туралы тек бір телеарна – КТК телеарнасы ғана ашық айтты. Қалғандары митингтің неліктен жаман екенін түсіндірсе, ендібірі бұған ешқандай назар аудармады.
Әйткенмен, аптаның «эксклюзив» тақырыптарын «Бірінші арна Еуразия» телеарнасы ұсынды. QAZAQSTAN телеарнасы да шолуымызға қамтылды.
«Большие новости», КТК
Бұл аптада барлық телеарнаның арасынан КТК-ның «Большие новости» бағдарламасы эфир көркін қыздырды. Бағдарламаның аңдатпасынан-ақ бізге не көрсететіндері, сол көрсететіндерін мейлінше тыңғылықты әрі шынайы жеткізетіндері мәлім болды.
Эфир президент Тоқаевтың Бішкек пен Душанбеге сапары, ШЫҰ және АӨСШК саммитіне қатысқаны туралы хабармен басталды. Содан кейін ізінше Алматы мен елордадағы митингтер видеосын көрсетті. Неден қорқады, бұл видеоны полицейлердің өзі таратқан болса?!
Митинг видеосына «Трансформерлер» фильмінің музыкасы қойылған. Жүргізуші музыканың «It’s our fight», яғни «Бұл біздің күрес» деп аталатынын айтты.
Тұтастай алғанда, журналистер материалда барлығын мейлінше молынан қамтыды:
-
Полицейлердің айтуынша, митингтерді қашқын банкир Мұхтар Аблязовтың Қазақстанда тыйым салынған ҚДТ ұйымы ұйымдастырған.
-
Бірақ, полицейлер митингке шыққандарды ғана емес, сонымен қатар жай көшеде жүрген адамдарды да, мысалы велосипедпен үйіне кетіп бара жатқан жалғызбасты әкені де ұстап әкеткен.
-
Алматыда сайлау қорытындысын жариялағаннан кейін жаппай митингке айтыскер Ринат Заитов бастаған «бақылаушылар» тобы шыққан. Оқиға полиция учаскелерінің бірін басып алумен аяқталуы да мүмкін еді. Бірақ, онда Ринат Заитов болмай шықты. Ол барлығына үйді-үйіне тарауды өтініп, видеомәлімдеме жасады.
- Толқу кезінде көше қиылысындағы жол қозғалысын реттеушіні қағып кетіпті. Ал тәртіп сақшылары Tengrinews журналисін соққыға шыққан. Полицейлер кешірім сұрады, әйткенмен, «біз журналисті митингке шыққандардан айыра алмадық, өйткені айқындайтын белгілері болмады» деп ескертті.
-
Митингтер кезінде барлығы тоғыз журналист тұтқындалды. Оның біреуі шетелдік журналист.
-
Бұл оқиғаға қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев «кейбір азаматтар өздерін лайықсыз ұстады» деп пікір білдірді.
-
Аблязов 12 маусымда адамдарды көшеге шығуға шақырды. Билік интернетті толықтай дерлік бұғаттады, бұл біраз қаңқу сөздің таралуына жол ашты. Адамдарды жұмысынан ерте қайтарды. Қала «өлі күйге» түскендей болды. Ал наразылық акциясы болмады.
-
Нұр-Сұлтанда митинг кезінде кішкентай қыз әскериге біріне бақбақ гүлін сыйлады.
«Большие новости» жүргізушілері күштік құрылымдардың ақпарат күресі бұл күндері жаңа деңгейге шыққанын атап өтті. Олар 102 нөміріне хабарласқандардың аудиожазбаларынан бөлек тәртіп бұзғандардың кінәсін мойындаған видеосын да таратты. Видеодағылар өмірге разы көрінді.
Президентті ұлықтау рәсімі туралы көрсеткенінен кейін сайлау тақырыбымен жалғасты. Мұнда ұлықтау рәсімінің сондай тез өткенін атап өтті, өйткені ұлықтау рәсімі сайлаудан кейін 3 күннен соң болды.
Журналистер сайлау кампаниясы қалай өткенін, қандай дау-дамай болғанын, кімнің қанша дауыс жинағанын еске түсірді. Сайлау қалай өткенін айта келе өрескел заң бұзушылықтарды санамалады.
Саясаттанушылар болған жайтқа қатысты пікір білдірді. Олар өз сөзінде:
-
елде революцияға әлеуметтік база жоқ;
-
бүлік пен наразылық – сөзі тыңдалмағандардың тілі;
-
елде шенеунік емес, азамат бірінші орынға шығатын реформалар қажет.
Тұтастай алғанда, бағдарлама авторларының митинг және соған қатысты пікірлерді көрсетудегі ашықтық деңгейі жоғары болғаны соншалық, тіпті кейбір әлеуметтік желі қолданушылары бұл бағдарламаны КТК телеарнасы желіге жүктемейтінін де айтып жаттыр. Дүйсенбінің кешінде бағдарлама расымен де желіде болмады. Бірақ, арна қызметкерлері мұның барлығы техникалық мәселелерге байланысты екенін айтты.
Қорқатын не бар? Эфир соңында жүргізушілер бағдарламаның жазғы демалысқа кететінін хабарлады. Ал күзге дейін бәрі барлығын ұмытады.
«Аналитика», «Бірінші арна Еуразия»
Әдейі ме әлде кездейсоқ па, «Аналитика» бағдарламасының бұл аптадағы шығарылымында барлық тақырыпты «Дайынсыз ба, дайын емессіз ба?» деген сауал төңірегіне біріктіріпті.
Қазақстанда сайлаудан кейінгі митингілер туралы бірінші материалдан-ақ инстаграм-вайнер Мейіржан Төребаевтың «Біз бейбіт митингілерге дайын емеспіз» деген сөзін келтіреді. «Аналитика» бағдарламасы митингілер туралы қысқа көрсетті. Сайлау түнінде Әміржан Қосановтың әлі шықпаған сайлау қорытындысын мойындап мәлімдеме жасауынан сайлаушылардың көңілі қалғаны, ақын Ринат Заитовтың партия құру және кейінгі тұтқындаулар туралы мәлімдемесі, сайлау кезіндегі заң бұзушылықтар туралы да ештеңе айтпады.
«Аналитика» бағдарламасының басты кейіпкері — «заңсыз митингтердің ұйымдастырушысы» Қазақстанда тыйым салынған ҚДТ ұйымының жетекшісі, шетелде жасырынған Мұхтар Аблязов болды.
Екінші материал Қазақстан президентін ұлықтау рәсіміне арналды. Мұнда журналистер биліктің халықпен диалогқа дайын екенін айтады. Әйткенмен, сюжетте Тоқаевтың баспасөз-конференциясындағы «кез келген сұраққа жауап беремін» деп айтқанын емес, Euronews телеарнасына сұқбатында айтқанын берді.
Ұлықтау рәсімі туралы сюжетте күтпеген шешімдер баршылық. «Іс-шараға Қазақстанның тұңғыш президенті қатысты» деп таптаурынмен айтудың орнына «Бір қонақтың келуі – іс-шараның ерекше көрінісіне айналды» деп, Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрісін көрсетті. Таңғалдырғаны – Елбасы сабақтастығы туралы ешбір сөз айтпады. «Тоқаев саундтрек таңдады» деп, сюжет соңы Назарбаевтың сөзіне жазылған әнді шырқаумен аяқталды.
Бағдарламада интернет-алаяқтар, дәрігерлер күнінен репортаж, тағайындаулар мен түрлі төтенше оқиғаларды да көрсетіп, танылмаған ұшатын объектілер туралы күтпеген сюжетпен қорытындылады.
Біз интернеттің бірнеше сағат бойына қолжетімсіз болуын осымен байланыстыратынын күтіп едік. Бірақ, бұл материалдың ақпараттың түрткісі жоқ екен. Тек кейбіреулер бөгдепланеталықтарды көретінін себеп қылыпты. Сарапшылардың айтуынша, біз бөгдепланеталықтарға әлі дайын емеспіз.
Расымен де олар бізге ұшып келіп жатса, оларға қызықсыз боламыз.
«7 күн», «Хабар»
«7 күн» деректерді салтанатты мәлімдеуден бастады: Қазақстанда алғаш рет президенттің ант беру рәсімін Назарбаев жасамады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміне 20 минут эфир арнады.
Журналистер көркем пафостің ең үздік үлгілерін жинаған екен. Тіпті мұндай маңызды оқиғаны бар жағынан көрсету үшін оркестрмен де күзетпен де әңгімелескен. Осылайша билікке адами келбет беруге тырысады.
Ұлықтау рәсімін көрсеткеннен кейін әлемдік қауымдастықтың «Қазақстандағы билік транзитінің аяқталуына» қатысты пікірін беруге өтті. Бәрі де барлығының бейбіт әрі тыныш және заңды өткеніне мадақ айтып жатты. Тоқаевты дана адам деп сипаттады. Тіпті Зеленский де разы.
Әрмен қарай жаңа президенттің кіммен кездескенін, кімге қандай нұсқау бергенін, 10 басым бағытын әңгімеледі. Мұның арасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісін
-
бәсекелестері мойындағаны;
-
Қырғызстанға барғаны;
-
Тәжікстанға сапарлағаны да бар.
Нұрсұлтан Назарбаев туралы бір ауыз айтпады. «7 күн» бағдарламасына бұдан былай ескі және жаңа президенттің арасында жүгірудің қажеті болмайтын сияқты. Бағдарлама соңында құтқарушылар туралы және медицина қызметкерлері күні туралы екі сюжет шықты.
Apta, QAZAQSTAN
Apta авторлары бағдарламаның алғашқы 10 минутын басқалары сияқты президент ұлықтау рәсіміне арнады. Тілші Тоқаев тұрған мінберден стендап жасады. Қазақ хандарын бұрындары «Ақ киізге отырғызып, хан көтеру» салтымен таққа отырғызғанын айтып өтті.
Жаңа сайланған президенттің отандық және шетелдік БАҚ өкілдерімен баспасөз-конференциясы туралы да егжей-тегжейлі әңгімеледі. 100-ден астам журналист қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 30 шақты сұрақ қойды. Президент-полиглот барлығына жауап берді. Митингтер туралы сұрақты да көрсетті. Тоқаев азаматтардың өз пікірін білдіру құқы бар екенін, бірақ тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіргендер болғанын да айтты. Бәрін де әлеуметтік желі арқылы байланысуға шақырды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы материалда саясаттанушы Айдос Сарым реформа қажет екенін, барлық мәселені диалог пен сенім негізінде шешу керегін айтты.
Бағдарламада
-
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасарымен студияда сұқбат;
-
Нұр-Сұлтанға жаңа әкім — «Болашақ» түлегі Алтай Көлгінов тағайындалғаны;
-
Бішкектегі ШЫҰ саммиті
-
Душанбедегі АӨСШК саммиті;
-
Полиция күніне қазақстандық полицейлер туралы сюжет;
-
Қазақстандық еңбек нарығының мәселелері;
-
Қазақстанда ауылдардың жойылып бара жатқаны туралы (соңғы 28 жылда Қостанай облысында 300-ден астам ауыл жойылған)
тақырыптар енді.
Тұтастай алғанда, Apta авторлары апта бойындағы маңызды тақырыптардың барлығын қамтығанымен, көзге түсер, іліп алар ештеңе байқалмады.
«Басты бағдарлама», «Бірінші арна Еуразия»
«Бірінші арна Еуразия» телеарнасының қорытынды бағдарламасы да президентті ұлықтау рәсімінен басталды. Егжей-тегжейімен көрсетті.
Содан кейін Тоқаевтың тағайындауларын, ауыс-түйістер жайын баяндады.
Ел астанасын басқарған Бақыт Сұлтановтың әкімдік қызметіне бірнеше минут тоқталды. Оның кезінде қандай оқиғалар болғанын (негізінен, қайғылы оқиғалар: кәріз шұңқырына түсіп, көз жұмған балалар, өртеніп кеткен сәбилер) еске түсірді.
Келесі сюжет тіпті тосын болды. Бағдарламаның орысшасындағы танылмаған ұшатын объектілер туралы сюжеттен де тосын шықты. Журналистер Алматының Көк базарында жан-жануарлармен жыныстық қатынастың порнодискілерін сататындар туралы сюжет көрсетті.
Сатушыларды жасырын камерамен түсіріп, қандай жануарлар барын да сұраған. Психологтардың айтуынша, зоофилия – дерт емес, өзіне сенімсіз болудың көрінісі. Полицейлердің мәлімдеуінше, жануарлармен порно да порноөнімге жатады, бұған заңда жаза белгіленген.
Бағдарлама жануарлардан балаларға өтті. Бала еңбегін пайдалану туралы үлкен материал дайындапты. Бір әттеген-айы, сюжет авторлары кадрлардағы бір де бір баланың бетін жаппады.
Бағдарлама филолог Айгүл Смақовамен Алматы студиясына болған сұқбатпен аяқталды. Сұқбатта білім саласының мәселелері туралы талқы болды.
«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына мониторинг жасайды. Шолуымыз барлық бағдарлама жазғы демалысқа кеткенше жалғасады.