ДомойСторителлингті жасау техникасы мен әдістері2-модуль. 1-сабақ. Тақырыпқа тереңдеу: "On the clock off the clock" әдісі

2-модуль. 1-сабақ. Тақырыпқа тереңдеу: «On the clock off the clock» әдісі

2-модуль. 1-сабақ. Тақырыпқа тереңдеу: «On the clock off the clock» әдісі

Видеода мультимедиа сторителлинг онлайн-мектебінің менторы, журналист Дархан Өмірбек оқырманды жалықтырып алмау әдістері туралы айтады.

Оқуға арналған материал

Оқырман назарын ұстау әдістері. On the clock off the clock ережесі.

Қазақстандық медиада сторителинг форматында зерттеу мақалаларын жазу кеңінен қолданылмайды. Бұл әңгімелеу сипатындағы материалдардың отандық ресурстарда жоқ екенін білдірмейді. Аға буын журналист, жазушылар әңгімелеу форматын көп қолданған. Бірақ олардың жазғаны — очерктік мақалалар. Оқырманға көбіне жолжазба очерктері таныс. Өздерінің естіген, көрген әңгімелерін баяндау сипатында. Сторителинг тұрғысынан бұл өте маңызды. Көргенін әдемілеп әңгімелеу екінің бірінің қолынан келмейді. Дегенмен журналист шеберлігінің шарықтау шыңы — зерттеу материалдары. Өз көзіңізбен көргенді баяндау жақсы. Ал көрмеген, бірақ зерттеген дүниені баяндау одан да зор шеберлікті талап етеді. Кейіпкер өмірін көргендей майын тамызып әңгімелеу, маңызды детальдерге мән беріп, құрылымын жасауды үйрену қажет.

Өзіңізді сол әңгімеге қосасыз ба, жоқ па, мұны өзіңіз шешесіз. Кейде өзіңіздің кейіпкермен танысқаныңызды айтуыңыз мүмкін. Немесе зерттеу процесінде әсеріңіздің өзін әңгімеге арқау етуге болады. Немесе үшінші тараптан, өзіңізді мүлдем қатыстырмай баяндауыңыз мүмкін.

Narrative writing сабағында үйренгеніміз — On the clock off the clock әдісі. Әңгімелеу форматының маңыздылығы: егер сіздің мақалаңыз тек сипаттаудан тұратын болса, онда ол оқырманды жалықтырады. Қазақ әдебиетінде жиі айтылатын сын — сюжеттен гөрі сипаттау көбірек. Бірақ әрекеттен соң әрекет бола берсе де оқырман ақпаратты қорытып үлгермейді. Сондықтан әрекеттен соң сол оқиға алғышарты, сипаттамасына тоқталған жөн. Бұл оқырманның тақырыпты тереңірек түсінуіне жол ашады. On the clock off the clock ережесі дегеніміз осы. The clock ағылшын тілінен сағат деген сөзді білдіреді. Яғни сағат тілінің бойымен, және сағат тілінен тыс баяндалатын дүние. Мәселен сіз бір әңгімені сағат тілінің бойымен айтып келе жатсыз. Кенет сағат тілін тоқтатып, әңгіме желісін ары қарай жалғастырмай, айтқан оқиғаға сипаттама беріп тоқталдыңыз.

Мұндай мысалдар қазақстандық медиада да кездеседі. Мысалы vlast.kz сайтында жарияланған «Анархист, арестант и начальник разведки» деп аталатын фоторепортажы әңгімелеу форматында жақсы жазылған. Журналистер әңгімелеуді экспозициядан бастаған. Азаматтық белсенді Бейбарыс Толымбековтың әскери ант беру рәсіміне өздері де қатысып оқиға ортасында жүріп баяндайды. Әңгіме әскери борышын өтеп жүрген сарбаздың ант қабылдауы, алайда Бейбарыс Толымбековтың кім екеніне тоқталады. Медиада жарияланатын мақалалардың құрылымына, баяндау техникасына назар аударып, қандай әдіс-тәсілдерді қолданғанына назар аударып жүріңіз.

Оқиғаны баяндаудың бірнеше әдісі бар. Солардың бірнешеуіне тоқталайық.

Мономиф немесе Кейіпкер жолы

Бұл баяндаудың ең кең тараған түрі. Бұл концепция кейіпкердің басынан өткен қиындығы, жүріп өткен жолы және соңында бақытқа жетуіне құрылған. Қазақтың халық ертегілерінен бастап соңғы уақытта көп тыңдалатын мотивациялық әңгімелерге дейін осы техникаға құрылған. Бірақ оқырманды жалықтырып алмау үшін драматургия заңдылықтарын есте ұстаңыз.

Тау

Бұл алдында айтылған техникаға өте ұқсас, бірде көл, бірде шөл болатын жағдайды баяндау. Алайда тау асып, қыр кезіп жүргенде оқиғаның соңы тәтті аяқталмауы да әбден мүмкін. Көбіне бизнестегі сәтсіздіктер, аяқталмаған күрес туралы материалдарға келіңкірейді.

Sparklines (болған және болуы мүмкін жағдаяттар)

Бұл концепция болған жағдайда және болуы мүмкін сценарийді салыстыра отырып баяндауға құрылған. Бұл тәсіл жарнамалық роликтерде жиі қолданылады. Немесе бірдей жағдайдағы әртүрлі топтардың тәжірибелерін салыстыра отырып контрастіні көрсетуге ыңғайлы.

Соңынан баста

Бұл тәсіл “реверсивті драматургия” деп те аталады, киноиндустрияда көп қолданылады. Белгілі бір жайтты басынан өткерген кейіпкер оқиға орнында немесе содан соң қайта өткен шаққа оралып бәрінің қалай басталғанын баяндап береді. Мұнда оқырманды бірден кульминацияға апарып тастайды да, ақырындап жағдайдың қалайша осыған жеткенін суыртпақтап айтып отырады. Бұл тәсілді қолданғанда барлық детальдерді бірден жайып тастамаңыз, оқырманды қызықтыратын жайттарды біртіндеп шығарып отырамыз.

Фальстарт

Бұл оқиға кәдімгі мамыражай, күнделікті күйбең сәттерден басталады. Кенет… Бір қараса, әлем астан-кестең. Осы жерде кейіпкер де, оның өмірі де кілт өзгереді. Нағыз оқиға басталады. Оқырман не күтерін де білмейді. Фальстарт тәсілін қазіргі танымал сериалдар жақсы қолданады. “Тақтар ойыны” сериалының қалай басталғаны есіңізде шығар, Эддар Старктің баянды өмірінен басталып, отағасының басы шабылғанда көрерменді есеңгіретіп, әрі экранға одан әрі телмірткен жоқ па еді?

Сторителлинг жазатын кезде оны баяндау техникасына назар аударыңыз. Дегенмен техникамен қатар журналистке мықты дайындық керек. Бұл туралы келесі сабағымызда айтылады.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. 4 Articles You Must Read That Will Turn You Into A Fan Of Narrative Journalism
  2. Анархист, арестант, начальник разведки
  3. Михаил Хенкин. “Золотой ключик инфосторителлинга”

 

Тақырып бойынша тапсырма:

Журналист Аян Қалмұраттың «Анамды сағынбауға тырысатынмын» мақаласындағы бір кейіпкерді таңдап, оның оқиғасын On the clock off the clock әдісін қолданып баяндап көріңіз. 

 

АЛДЫҢҒЫ 1-МОДУЛЬ САБАҚТАРЫ: Сторителлинг құрылымын жоспарлау

КЕЛЕСІ САБАҚ: 2-модуль. 2-сабақ. Сторителлингке дайындық кезеңдері

Дархан Өмірбек
Дархан Өмірбек
Азаттық радиосының редакторы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде саясаттану бойынша, Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде журналистика бойынша білім алған. Жергілікті басылымдарда бірнеше жыл редактор болып қызмет атқарған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР