ДомойМедиасын«Ақиқат астарына» жасырынған отбасы құндылықтары

«Ақиқат астарына» жасырынған отбасы құндылықтары

«Ақиқат астарына» жасырынған отбасы құндылықтары

«Тастамашы, анашым», «Әкемнен аулақ», «Ене мен келін егесі», «Өз балам өгей болды», «Жас келіннің ажалы», «Ойрандалған отбасы», «Енені қуған келіндер», «Әйелім жүргіш» тақырыптары телебағдарламаларда қазақ тілінде жиі талқыланады. Бұл бағдарламада «әркімнің өз ақиқаты» ашылады. Әрі халық көмегіне мұқтаж болып отырған кейіпкерге мүмкіндігінше бағдарлама соңында материалдық, құқықтық көмек беріледі. Сондықтан да экран алдында отырған дәл осындай мәселесі бар кез-келген адам бойында студия кейіпкері болуға қызығушылығы оянады. Сөйтіп Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған көрермен хабарласады. Бағдарламаға керегі де осы. Бұл – жай ғана қарапайым манипуляцияның түрі.
Бағдарламаның 90% осындай отбасылық кикілжіңдерге арналатын «Астарлы ақиқат» ток-шоуын мысалға алып, бұл тенденцияның себебіне үңіліп көрейік.

Осы жерде танымал америкалық The Ellan show ток-шоуын мысал ретінде салыстырып қарасақ болады. Бұл шетелдік бағдарламаның отбасы тақырыптарына арналған арнайы шығарылымдары бар. Әрі ол жерде де дәл солай белгілі бір отбасы мәселесі бар кейіпкерлерге қаржылай үлкен көмек көрсетеді. Бірақ сол көмекті беру үшін олар кейіпкерлерді сахнаға шығарып, жылатып, айқайлатып, дауластырып ешқандай «қойылым» қоймайды. Тек кейіпкердің оқиғасы не қиын мәселесі жазылған хатты студияда көрермендер алдында оқиды да, сол кейіпкердің өзін ортаға шақырады және ешкім бұл адамның жеке өмірін жерден алып жерге салмайды. Тек қошамет көрсетіп, арнайы дайындаған көмек береді. Сондағы қуанышты эмоциялар көрерменге позитивті көңіл-күй сыйлайды.

Ал біздің бағдарламада бірін-бірі кемсіту, жәбірлеу арқылы мәселенің ақиқатын ашу, ауыр жағдайды көрсету үшін баланың құқығын таптай отырып, баланың жүзін факт не дәлел ретінде пайдалану әрекеттері, шындығында, медиа этикасына еш сай келмейді. Нақты мысалдар:

The Ellan show бағдарламасын көрермендер халықаралық деңгейге шығарды. Рейтингі өте жоғары. Ал, біздегі ток-шоулар сол рейтингке жету үшін сахнаны соншалықты театрландырып, кейіпкерлерді жылатып- жұлыстырып, содан «пиар жасауға» ұмтылатындықтары таңғалдырады.

Сонымен, «Ойрандалған отбасы» тақырыбы неге экранда алдыңғы орынға шығып отыр? (бұл жерде «Астарлы ақиқаттан» өзге «Қарекет», «Ниет», «Бір сұрақ» сияқты бағдарламалар да бар екенін атап өту керек)

Бұл бағдарламалардағы басты кейіпкерлер толықтай дәстүрлі отбасы құндылықтарын сіңірген орта өкілдері немесе сол дәстүрлі отбасы құндылықтарынан зардап шегушілер. Бірақ соған қарамастан, олар жаңа отбасылық құндылықтарды саналы түрде қабылдаушылар да емес. Сонда олар осы екі аралықтағы қақтығысқа толы хаостың құрбандары болғаны ма?

«Friedrich Ebert Foundation Kazakhstan» қоры «Әлеуметтік өзгерістер кезеңіндегі Қазақстан қоғамындағы құндылықтар» атты жоба аясында әлеуметтанушы Ботагөз Ракишеваның отбасылық құндылықтар тақырыбындағы зерттеуін жариялады. Ғылыми еңбекке назар аударсақ, біраз нәрсені аңғаруға болады.

1 диаграмма. Бүгінгі Қазақстан қоғамында қандай құндылықтар ең маңызды боп отыр?* (% №=1600)

 

2 кесте. Сіз үшін қаншалықты маңызды…? Жетібалдық жүйемен бағалаңыз, 1 – мүлдем маңызды емес,  7 – өте маңызды (орташа балл, N=1600)

Бірінші диаграммаға сүйенсек, Қазақстан азаматтары үшін ең басты құндылықтардың ондығында отбасы тұр. Ал екінші кестедегі сандар біздің қоғам үшін ең басты құндылық отбасы екендігін тағы да айқындай түседі.

Сонымен, үлкенді құрметтеген, кішіні аялаған дәстүрлі құндылықтарымыздың бізді әлі билеп тұрғанына қарамастан неге экранда ойрандалған отбасы тақырыбы ушығып тұр? Себебі дәстүрлі құндылықтар азаматтық қоғам өкілінің қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге қауқарсыз.

Бұл жерде дәстүрлі құндылықтарды жаман немесе қажетсіз деп шешім айтуға болмайды. Қарттар үйінсіз, жетімдер үйінсіз, түрмесіз және тек сенімге құрылған экономикаға сүйенген дәстүрлі қоғамда біз өмір сүріп көрдік. Бірақ сол дәстүрлі құндылықтарға сүйенген қоғамда адам құны заттанып кетеді. Әйел – күтімді қажет ететін нәзік және пайдалы зат. Бала – ертеңгі әулет мұрасына ие болушы және ол сақтаушы, жалғастырушы, яғни баланың құны заттанып отыр.

Бұл жағдай туралы 1977 жылы саяси- әлеуметтанушы Рональд Инглхарт «The silent revolution» деген зерттеуінде өте жақсы түсініктеме береді. Ғалым бұл жайтты соғыстан кейінгі ұрпақтың материалистік құндылықтардан постматериалистік құндылықтарға аяқ басуымен байланыстырады. Яғни қазіргі постматериалистік құндылықтар дәуірінде заттардың аман сақталуынан гөрі, еркіндік, теңдік, құқық және өзін жүзеге асыру сияқты ұғымдар басты мәнге ие. Сондықтан да қазіргі қазақ қоғамы уақыт талабы бойынша жаңа құндылықтармен бетпе-бет келе отырып, белгілі бір деңгейде ықпалына ұшырап отыр. Бірақ соған қарамастан, біздің қоғамның адамзат дамуының жаңа сатысына саналы түрде өтуге әлі толықтай дайын емес екендігі телеэкрандағы «ойрандалған отбасы» оқиғаларынан көрінеді.

Адамдардың бойында өзінің қоғамдағы және отбасындағы құны туралы экзистенциялы сұрақтар туып, бейсаналы түрде мазалауда. Бір қызығы, телеарналарда көрсетілетін қазақстандық телесериадар негізінен ұйып отырған әулет бейнесін өте көп насихаттайды, тіпті ажырасқан кейіпкерлердің өзінің өте сыпайы, өте тиімді себептері көрсетіледі.

Әлемдік отбасылық құндылықтар өзгерісі туралы зерттеулерге сүйенсек, ядролық отбасы (nuclear family) яғни дәстүрлі толық отбасы құрылымы айтарлықтай өзгерістерге ұшырап отырғандығын байқауға болады. Оның орнына заманауи дәстүрлі емес отбасы түрлері пайда болуда: аралас неке (blended family), қайта отбасын құрған отбасы (stepfamily), еркін неке (family of choice), аналық негіздегі отбасы (matrifocal family), тек әке немесе ана негіздегі отбасы (single parent family), асыранды балалардан құралған отбасы (adoption), баласыз отбасы (childless family).

Егер америкалық телевидение тарихына назар аударсақ, 60- жылдардан бастап Америкадағы азаматтық, нәсілдік, гендерлік қозғалыстардың экрандағы ықпалының жемісті болғандығының нәтижесінде, жаңалықтардан бастап бағдарламалар, ток-шоулар мен ситкомдардың контекстік мазмұны тұрғысынан толықтай стереотиптерден шығып, үлкен трансформацияға түскендігі белгілі.

Қазіргі біздегі «Астарлы ақиқат» сияқты бағдарламалар халықтың күйінішінен шоу жасап, сол арқылы рейтинг көтеруге ұмтыла берудің орнына бұл тақырыптардың қоғамдағы құндылықтар өзгерісіндегі орын алып жатқан үлкен деградацияның көрінісі екендігін сезініп, соған қарай әр шығарылымның жауапкершілігін түсіну керек сияқты.

Әрі бүгінгі кейіпкердің мәселесіне ұқсас айтары, бөлісері бар экран алдында отырған мыңдаған кейіпкер үшін бұл бағдарлама қоғамдағы құндылықтар өзгерісінің мәнін терең ашуға және соны өз кейіпкерлері мен көрермендеріне кәсіби мамандарымен біріге отырып, түсіндіруге және сол арқылы қоғамдық келісімге, түсіністікке, толеранттылыққа жетуге тырысуы керек сияқты.

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР