ДомойМедиасынЛатын әліпбиі, фрак киген Назарбаев. 20-27 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Латын әліпбиі, фрак киген Назарбаев. 20-27 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Латын әліпбиі, фрак киген Назарбаев. 20-27 қазан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Өткен аптаның қорытынды жаңалықтар бағдарламасында айтарлықтай шулы оқиғалар аз болды. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында митингке шығу әрекеттері болғанымен, бұл туралы КТК телеарнасы ғана көрсетті, онда да қысқа айтып өтті. Телеарнаның көбі дерлік қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің сиырқұйымшақтанған жайын назарға алды. «Мемлекеттік» телеарналардың барлығы да Елбасының Жапонияға барып, императорды ұлықтау рәсіміне қатысқанын көрсетті. Бұл де бекер емес, әрі ресми, әрі әдемі кадрлар мен қызық деректерге толы оқиға. Әйткенмен де мұндай әдемі кадрларды түсіруге барлық телеарнаның журналистерін бірдей президент пулына қоспағанға ұқсайды.

Аптаның «эксклюзив» материалдары мен тақырыптары ұтымды-ақ. Артық салмақтан зәрезап болған жасөспірімдерден бастап қазақстандық экологтарды да, шекара маңындағы ауыл тұрғындарының мәселесін де қамтыды. Апталық мониторингке КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламалары енді.

«Большие новости», КТК
Бұл аптада КТК телеарнасын сынға ала қоятындай себеп те жоқ.

Бағдарлама өткен сенбіде Алматы мен астанада өтпек болған рұқсат етілмеген митинг жайында қысқа, бірақ мейлінше толымды ақпаратпен басталды.

Келесі блок Тұңғыш президенттің өкілеттігін кеңейту жайына, кім кімді қандай лауазымға тағайындайтыны, соңғы сөзді кім айтатыны жайын түсіндіру барысында шатасқан шенеуніктердің түсіндіру жұмыстарына арналды. Бұл жайында тұтас сюжет жасамағанымен де жақсы әрі ұғынықты жеткізе білді.

Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру сюжеті өте қызық әрі толымды. Материал авторлары бұған қатысты оқиғаларды да еске түсіріп, көрнекі графика жасап, соңғы нұсқаны сынға алған сарапшыны да кейіпкерді де сөйлеткен. Шынтуайтына келгенде, о кейіпкердің дәйектері аздап біртүрлі. Ол қазақ сөздерін ағылшын тілі мәнерімен дыбыстады (шетелдіктердің қазақша жазуларды түсінбейтіні мазаласа керек, бірақ бұл маңызды ма еді?!), бірақ әркімнің де өз пікірін білдіруіне құқы бар.

Бағдарлама авторлары Сириядан елге жеткізілген қазақстандықтардың соты туралы қиын тақырыптың сюжетін асқан жауапкершілікпен жасапты. Елге қайтарылғандар қайбір жылдары ДАИШ тыйым салынған ұйымының қатарына қосылу үшін елден кеткен. Сот залында фотовидео түсірім жасауға рұқсат етіліпті, сондықтан да сотталушылар да қосулы камера алдында жауап берді (яғни, олардың да көзқарасы көрсетілді). Ал Отанға оралған әйелдер мен балалардың бет-жүзі мұқият жабылыпты.

Балалар мен жасөспірімдердің артық салмағы туралы сюжет де тәп-тәуір жасалған. Жарты жылда 16 килограмм салмақ тастаған басты кейіпкер баланың бет-жүзін көлегейлемеді. О бала да оның анасы да мықты екен: салауатты тамақтана бастағаннан кейін нәтижеге жетіп отыр. Мұндай жағдайда баланың бет-жүзін жабудың қажеті не?!

Кадрда қуанып, тамсанып гамбургер жеген балалардың көлегейленбеген бет-жүзі көрсетілген сәттер болды. Бұл видеолардың қайда түсірілгені түсініксіз, бәлкім мұрағаттағы кадрлар ма екен?! Әлеуметтік роликтен алынған кадрлар шығар, бірақ бұл туралы титр жазуы болмады. Бәлкім, Қазақстанда түсірді, онда бұл сыныптастарының кадрдағы баланы «сенің түріңді семіздер туралы сюжетте көрсетті» деп мазақтауына бір себеп болғалы тұр. Есесіне сюжет авторы креативті стендап жасаған. Ол стендапын қисық айнада өзін түр-тұлғасы сымбатты, биік бойлы ететін сәттен бастап толық та талпақ қалыпқа айналғанын көрсетті.

«7 күн», «Хабар»
«Хабар» апталық қорытынды бағдарламасын Назарбаевтың Жапонияға, императорды ұлықтау рәсіміне қатысуға барғаны туралы қызық сюжеттен бастады. Авторлар «ұлықтау» дегеніміздің не екенін түсіндірмеді. Әйткенмен, материал танымдық мазмұнда жасалып, әдемі кадрларға толы болған: жапон дәстүрі хақында молынан баяндап, императорлардың костюмін және тұңғыш президенттің киімін көрсетті (оған фрак жарасады екен). Токиода Назарбаев Зеленскиймен кездесті (қызық), Трамп ұлықтау рәсіміне келмеді (бұл да қызық). Бір кішігірім ескерту: Назарбаевқа Жапонияның ең мәртебелі университеттерінің бірі Цукуба университетінің құрметті докторы деген ғылыми атағын берді. Осыған қатысты көп сұрақ туындайды. Мұндай ғылыми атақты алуға бола ма, не үшін, қай сала бойынша берді, әлде бұл атақ ешқандай мән-мағынасыз, жай беріле сала ма? Оның бұған дейін мұндай құрметті атақтары көп емес пе еді? Сауал көп, жауап аз.

Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконің Нұр-Сұлтан қаласына сапары туралы сюжеттен кейін де біраз сұрақ туындады. Екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтті. Автор бизнес-форумнан мәселелер мен өсу-даму турасында баяндауға жанын салып кірісіп кеткені соншалық, ең маңызды сұрақтарға жауап бермеді. Мәселен, Беларусь еліне экспортымыз 14%-ке төмендеген. Неліктен? Ал беларусь елінен келетін импорты 4,5%-ке өскен. Ненің есебінен? Бизнес-форумда 75 млн доллардың келісімшарттарына қол қойылды. Бұл аз ба, көп пе? Лукашенко Минскке мұнай, мұнай өнімдері, мақта мен металл қажет екенін айтты. Ал бізге Беларусь елінен не керек? Қандай көлемде керек? Бұл сауалдарға жауап жоқ.

Білім саласындағы мәселелерді топтастырған үлкен сюжетті жасауға Көкшетау қаласындағы тарих пәні мұғалімінің даулы сұхбаты себеп болыпты. Бірақ, сюжеттен мұғалімнің нақты не шағым айтқаны сол күйі түсініксіз. Авторлардың ойынша, көрерменнің  бәрі де о видеоны көріп алған. Одан тек принтер туралы үзіндісі ғана еніпті (бір принтер 45 мың теңге тұрады, мұғалімнің оны сатып алуына шамасы жетпейді, бірақ сатып алуына тура келеді. Онда неліктен мұғалім сатып алады, принтерсіз еш мүмкін емес пе?). Жалпы айтқанда бұл сюжетке бэкграунд жетіспеді.

Сириядан қайтарылған қазақстандықтарды соттап жатқаны туралы сюжет толымды әрі тәуір шыққан. Журналистер өте-мөте салалық тақырыпта сөйлейтін арабтанушы-сарапшыны тауып, «мұндай адамдарды неліктен елге қайтарып жатыр» деген сауалға жауап алыпты. (аздаған спойлер: біз кейін оларды әлемнің түкпір-түкпіріндегі түрмелерінен таппас үшін қайтарып жатыр екенбіз).

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарлама басында өткен аптаның тақырыбын пісіріпті. Бензин бағасы (акциздерді көтермейді) мен ет бағасы туралы айтты. Тілші бір бұзауды өсіріп, оны бордақылаудың қаншаға түсетіні, бұдан фермер неше теңге табыс табатыныны туралы тыңғылықты есептеу жасапты. Сюжетте фермер де, мемлекеттік орган өкілдері, сатушылар мен тұтынушылар да бар. Бірақ, ақыр соңында шетелден ет жеткізушілерді еш қисынсыз көрсетіп, бірақ тақырыпты жалғастырып ештеңе айтпады.

Бағдарламаның бұл эфирінде дайджест тақырыптар көп шықты. Аптаның тақырыптары: жемқорлық қылмыстар, браконьерлерді тұтқындау, Алматыдағы су құбырының жарылуы, Нұр-Сұлтанда апатты үйлерді сүріп тастау, сауда үйінің еденіне төселген құлпытас плиткалары, Тоқаевтың тіл мамандарына латын әліпбиіне көшу жайындағы тапсырмалары және тағы басқа тақырыптар туралы видеолар мен пікірлерді жинапты.

Бағдарлама журналистері масаң күйде көлік басқарған жүргізушілердің себебінен болатын жол апаттары, кофені стақандарға емес, өздерінің саптыаяқтарына құйып беруді өтінетін, тістерін тіс пастасымен емес, эфир майлары араласқан ақ топырақпен жуатын экобелсенділер туралы да ақпарат жинапты. Бірақ, бұл деталдардың барлығы да тақырыпқа назар аударту үшін жасалғанға ұқсайды: сюжетте қоқыс сұрыптаудың соны өңдеуге қандай пайдасы барын, өңделген қоқыстан жасалған тауар бағасы қалай арзандайтынын дәлелімен көрсетіп, және мұның экологиялық мәселелерді шешуге қалай әсер ететінін әңгімеледі.

Тұтастай алғанда кейбір тақырыптардың өзектілігіне қарамастан, бағдарлама өте қызықсыз шықты.

Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы авторларының пайымдауынша, аптаның ең басты жаңалығы: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық жазушысы Әбдіжамал Нұрпейісовтің 95 жасқа толған мерейтойы қарсаңында оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беруі болды.

Ал Лукашенконың Қазақстанға іссапары туралы материалдағы іліп аларлық бір дүние – президенттер брифинг беретін залды қалай дайындағаны. Қалғанының барлығы жай ғана телевизиялық «паркет».

Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқыққорғаушы Айман Омаровамен кездескен ақпаратын Ақорданың сайтында жарияланған фотосуреттерді экранға шығарып, диктор сөзімен оқыды. Журналистер бұл тақырыпты Айман Омарованың кездесуден кейін Facebookтегі парақшасында тікелей эфирге шығып, кездесу туралы айтқан видеосын қосып, жандандыруына болар еді. Өйткені, кездесуде ҚР Қылмыстық кодексінің 130 және 174 баптарын декриминализациялау туралы айтылды, тікелей эфирде де соны айтты. Қазіргі таңда журналистердің қызметіне қатысты кедергі туындатып отырған аса даулы баптар. Сонымен бағдарлама авторлары әлеуметтік желі видеоларын принципті түрде қолданбай ма екен (неліктен?), әлде тікелей эфир туралы білмеді ме (мұнысы қызық екен).

Бағдарлама әрмен қарай тағы Тоқаевпен жалғасты («7 күн» жетіліп, Apta эфирі «7 күн» бағдарламасына айналып бара ма) – қазіргі президенттің рейтингі туралы пропаганда сюжетті қазақстандықтардың екінші президент қақындағы мақтауымен толтырды.

Бағдарламада тағы бір министрмен сұхбат шықты: өткен эфирде ауыл шаруашылығы министрімен әңгімелессе, бұл жолы Білім және ғылым министрімен сұхбат құрды. Министр аз сөйлеп, бағдарлама жүргізуші эмоциялы қалыптағы сөздерімен көсілді.

Сосын әлеуметтік тақырыпқа ойысты. Астананы табиғи газға әлі күнге қоса алмай отыр. Мұнда да ньюсмейкер – тағы да Тоқаев, ол астананың газға қосылмауын сынға алды. Сюжет жақсы шыққан. Көмір түтінінен тыныстай алмай, бетперде киген, иіске тұншыққан тұрғындарды сөйлетіпті. Журналистің стендапы да ұтымды: аузы-мұрнын тұмшалап, қолына күрек алып, көмірді шелекке салып, сөйледі. Ал сюжеттің алғысөзі дәстүрлі креатив графикамен көмкерілді.

Шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары басқа жаққа жаппай көшіп жатыр. Бұған шекарашылардың тынымсыз тексерісі де, инфрақұрылымның жоқтығы да себеп екен. Материалда көп тарап бар, бірақ шекарашылардың пікірі жоқ. Сонысымен де баланс сақталмай, толымсыз сюжет болыпты.

Ал QAZAQSTAN телеарнасы қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің қиындығы туралы ләм-мим демеді.

Айта кетейік, «Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты шолу жасайды, апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР