ДомойМедиасынСаяси-әлеуметтік тақырыптағы қазақстандық ютуб-каналдар

Саяси-әлеуметтік тақырыптағы қазақстандық ютуб-каналдар

Саяси-әлеуметтік тақырыптағы қазақстандық ютуб-каналдар

Forbes.kz сайты жариялаған ең танымал қазақстандық YouTube-арналар қатарына «Аминка Витаминка», «Ekaterina Saibel», «Rusik TV», «Yuframe», «Fancy smth» және OVT сынды ютуб-арналар енді. Миллиондаған көрермені бар осы танымал влогерлердің негізгі тақырыптары, яғни ютуб-каналдарындағы контент мазмұны: отбасы, техника, тағам, саяхат, футбол және әзіл-қалжыңға арналған.

Ал Baribar.kz сайты кітап оқу, кино көру, тері күтімі сияқты тұрмыстық және өзін-өзі дамыту мазмұнындағы контент ұсынатын қазақстандық 7 видео-блогер тізімін жасапты. Олар: «kerbezful», Марфуға Шапиян, Айдана Аламан, Channel Z, Айжан Аксамбаева, «GK Queen», Іңкәр Садуақасова.

Мұндай тізімге енбесе де қазақ тіліндегі жастар аудиториясына ақпараттық-танымдық қызық дүниелер ұсынып отырған «Mardan Tashbaev», «Askerbek show», «Bul Biz», «Pazl», «Тылсым дүние» cияқты бірнеше ютуб-арна бар.
Бұл ютуб-арналар «Норвегия туралы ең керемет 27 шындық», «Солтүстік Корея туралы 30 қорқынышты шындық», «Мона Лиза суретіндегі қорқынышты құпиялар», «Танымал әндерге орналасқан 7 қорқынышты сублиминал хабарлама», «Kазақстандағы құпия өрнектер», «Ең ерекше мамандықтар», «Қазақстанға түскен беймәлім ұшқыш нысан», «Ғарыштағы ең керемет 8 мин», «Біз неге қартайамыз?», «Зона 51 құпиясы», «Ең сұмдық планеталар», «НЛО қайдасыңдар?», «Бермуд ұшбұрышының құпиясы», «Жасанды сана», «Барлығы күткен The Economist 2020 газетінің құпиялары», «Әлем қалай өзгерді?», «Барлымыздан жасырған құпия», «Олар адамдарды қалай басқарады?» және тағы басқа осы мазмұндас тақырыптарды қамтиды.

Расымен де айналасындағы құпияларды танып-білгісі келетін жастарға қызық тақырыптар. Бұл арналардың авторлары да жастар екенін атап өту керек.
Мәселені әрмен қарай талқылау үшін ең алдымен бұл жерде сұрақтың тікелей жас видеоблогерлер және оның ішінде тәуелсіз медиа өкілі туралы екенін айтып өту керек. Сонымен қатар ютуб кеңістігінен түрлі жас мөлшеріндегі жеке тұлғалардың бір реттік эмоцияға құрылған видеоларын да табуға болады.

Әркім өз қызығушылығына қарай жұмыс жасағанымен де жоғарыда аталған видеоблогерлердің ұсынатын контент мазмұны туралы мынадай заңды сұрақтар туындайды.

Күнделікті айналамызда боп жатқан саяси-әлеуметтік мәселелер, оқиғалар туралы ой айтатын қазақша арналар неліктен аз? Бұл сұрақ тағы бір сауалдың басын ашады. Елімізде қоғам боп талқылауға тиіс тақырыптарды YouTube платформасында еркін әрі интерактив түрде талқыға салатын қазақ тіліндегі ютуберлер бейнесі неліктен қалыптаспай отыр?

Friedrich Ebert Foundation Kazakhstan қорының қолдауымен «Әлеуметтік өзгеріс кезеңіндегі қазақстандық қоғам құндылықтары» атты зерттеу жарияланды. Сол зерттеудің «Азаматтық және саяси құндылықтар» тарауында келтірілген дереккөздерге сүйенсек, Қазақстан халқының басым бөлігі, яғни 64,4%-і телевидение, ал 60%-і принт түріндегі БАҚ-тағы ақпараттарға көбірек сенеді. Демек интернет пен әлеуметтік желілердегі ақпаратқа көзқарас әлі де консервативті болып отыр. Ескеретін жайт, бұл зерттеу 2018 жылы жасалған.

Зерттеу авторларының түйіндеуінше, интернет қолданудың жоғары деңгейіне қарамастан, сондағы қарама -қайшы деректер мен фейк жаңалықтар адамдардың дәстүрлі БАҚ-қа сұранысын әлі жоғалтпай тұр. Бұл жоғарыда қойған сұрағымызға бір балама жауап бола алатын сияқты. Аталған зерттеуден тағы бір мысал келтірсек, қазіргі қазақстандық жастардың саяси белсенділігі посткеңестік мемлекеттер арасында Қырғызстан мен Тәжікстаннан кейінгі соңғы орында тұр екен. Нақты айтқанда, Қырғыстан жастары саясатқа көбірек мән берсе, ал Тәжікстан жастары ұлттық дүниелерге, соның ішінде тарихқа қатты қызығады екен. Ал қазақстандық жастардың қызығушылығы көбіне экономикамен байланысты болып шыққан. Жастардың елдегі саяси өмірге пассивті қарым- қатынасы жоғарыдағы сұрақтың және бір балама жауабы болуы мүмкін-ақ. Әлде бұл тек видеоблогерлердің өз ішкі цензурасының әсері ме?

Ithiel de Sola Pool 1983 жылы жарық көрген «Еркіндік технологиялары» кітабынде адам еркіндігінің жүзеге асырылуында болашақта техникалық құралдардың орны ерекше болатынын айта келе, интернетті еркіндік технологиясы деп атайды. Интернеттің еркіндік құндылықтарын орнатуда, әсіресе дамушы және патриархаттық қоғамда аса тиімділігі байқалады. Мұндай қоғамдағы әйелдер өздерінің маргинал статустарын өзгертуге, өз бойындағы қоғамнан оқшаулану сезімін жеңуге мүмкіндік алады. Интернет осылай капиталистік қоғамдағы еңбек бәсекелестігінің бірден-бір критерийі боп есептелінетін автономия мәдениетін қалыптастырады.

Әйткенмен, бұл үрдіс мүлдем жоқ деуге болмайды, қазіргі бос кеңістікті орыс тіліндегі қазақстандық ютуберлер толтырып отыр. Соңғы кезде құбылыс өте қарқынды жүріп, белсенді шоғырды қалыптастырды. Қазірде Қазақстанда аудиториясы үлкен және қоғамдағы өзекті тақырыптарды ашық талқылайтын сол ютуберлерге қысқаша тоқталайық:

«За нами уже выехали»
Жазылушылар саны — 207 мың
Блог авторы және жүргізушісі: Дмитрий Дубовицкий. Арнаның негізгі мақсаты – қазақстандық жалқау БАҚ қозғауға ықыласы байқалмайтын мәселелерді аудиторияға мейлінше ашық ұсыну.

Life.kz
Жазылушылар саны — 155 мың
Блог авторы және жүргізушісі: Ринат Кибраев. Бұл әлеуметтік-қоғамдық ютуб-арнаның негізгі контенті: қала тұрғындарымен сұхбат. Халықтың кез келген саяси-әлеуметтік тақырыптарға байланысты шын көзқарасын естіп, көріп-білесіз.

«JURTTYŃ BALASY»
Жазылушылар саны – 134 мың.
Блог авторы және жүргізушісі: Мұрат Данияр. Саясаттан бастап, телевидениедегі шоулар, білім, мәдениет саласында боп жатқан түйткілдер мен уақыт талабына жауап бере алмай отырған ұлттық менталитет сияқты түрлі тақырыптарда ой қозғайды.

DIGISTAN
Жазылушылар саны – 60 мың
Блог авторы және жүргізушілері: Бейбіт Әлібек және Әлішер Елікбаев.
Бүгінге дейін Digistan арнасының оннан астам шығарылымы жарық көрді. Негізгі тақырыптар – дәл қазіргі қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелер. Сұхбат форматындағы бағдарламада оқиғалар, пікірлер, көзқарастар емін-еркін талқыланады.

Анатомия Казахской Ментальности
Жазылушылар саны – 25,5 мың
Блог авторлары және жүргізушілері: «Salem Social Media» шығармашылық ұжымы. Бұл арнаның қозғайтын тақырыбы – қазақи менталитет. Шағын комедия жанрындағы фильмдердің әр шығарылымында қазақ халқының дәстүрлі ойлау жүйесіндегі түсініктерге пародия жасайды. Зертханада медициналық тәжірибе жасайтын екі ғалым «ұят», «көре алмаушылық», «жұрттан қалмау», «той жарыс» т.б ұғымдарды талдауға тырысады.

Тимур Азиров
Жазылушылар саны – 8 мың
Блог авторы және жүргізушісі: Тимур Азиров. Бұл арна күнделікті боп жатқан саяси оқиғаларға қатысты пікірлер, әлеуметтік мәселелер, коррупция, бала тәрбиесі, той, жастар сияқты түрлі тақырыптарды қамтиды. Автор өзі қозғаған әрбір мәселеге тараптардың көзқарасын ұсына отырып, мәселені жан-жақты талдауға тырысады.

Пора остаться!?
Жазылушылар саны – 1,78 мың
Блог авторлары және жүргізушілері: Айса Ашим мен Дмитрий Дубовицкий. Бұл арнаның негізгі тақырыбы – елдегі саяси қозғалыстар мен өзгерістер. Бұған дейін аталған арнада журналистер Жанболат Мамай, Марат Асипов және «Oyan Kazakhstan» қозғалысының мүшелері қонақ болды.

Әйткенмен тәуелсіз платформада мәселелерімізді тәуелсіз түрде қазақ тілінде талқылай алатын арналардың ашыла бастағанын да байқаймыз.
Бұған мысал ретінде өте жақында белгілі журналист, қоғам белсендісі Асем Жапишева  ашқан «Тіл кеспек жоқ» ютуб-арнасын айтуға болады. Аталған арна «За нами уже выехали» арнасының қазақша нұсқасы ретінде ашылды. Әзірге 1500-дей жазылушысы бар арна алдағы уақытта қалыптасатын саяси-әлеуметтік тақырыптағы қазақ тілді видеоблогерлер шоғырының басы сенім білдіреміз.

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР