ДомойМедиасынАҚШ-Иран жанжалы, ұшақ апаттары. 6-12 қаңтар қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

АҚШ-Иран жанжалы, ұшақ апаттары. 6-12 қаңтар қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

АҚШ-Иран жанжалы, ұшақ апаттары. 6-12 қаңтар қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Жаңажылдық мерекеде тынығып, қызметіне кіріскен журналистер бұл аптада да әуе апаттары тақырыбын жалғастырды: 8 қаңтарда Иран зымыраны әуедегі жолаушылар ұшағына тиіп, 176 жолаушы қаза тапты. Әлем халқы АҚШ-Иран жанжалы күшейген кезде Иран әуе кеңістігіндегі ұшақ апатында қаза тапқан жолаушыларды аза тұтып жатыр. Кейбір медиалар хабарлағандай екі ел арасындағы кикілжің үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кете жаздады. Ал осы кезде  өткен жылдың 27-желтоқсанында Алматы маңында болған Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы апатының алдын ала себептері айтылды. Ұқсас екі тақырып – кешегі аптаның ең бас тақырыптарына айналды.
Шолуымызда дәстүрлі түрде КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК
Бағдарлама Иран аспанында зымыран атып түсірген Украинаның жолаушылар ұшағы туралы қысқа хабарламадан басталды. Жүргізуші Алексей Рыблев бұл тақырыпты тағы жалғастырып, осы қайғылы оқиға Қазақстанға қалай әсер ететінін айтуға уәде етіп, әрмен қарай қазақстандық әуе апатына ойысты. Алдын ала тексеру нәтижелеріне қарағанда, фюзелажға мұз қатуы, экипаж командирі мен екінші ұшқыштың іс-әрекеті ұшақ апатына себеп болуы мүмкін екен.

Егер Гүлдала елдімекеніндегі құрылыс нысандарын ұшу алаңына жақын салмағанда, мұндай әуе апатының алдын алуға болар еді. Ережеге сай, ұшу алаңы мен құрылыс ғимараттарының ара қашықтығы кемі 4 шақырым болуы керек екен. Бірінші сюжеттің басты тақырыбы осы. Журналистер мәселені жан-жақты зерттепті. Жер мәселесі бойынша заңгер, түрлі деңгейдегі шенеуніктер, елдімекен тұрғындары, Bek Air басшылығы, тіпті авиация ардагерінің де комментарийі бар. Шынтуайтына келгенде, «егістікке арналған жерде әуежайға тақала үй салынуына кім кінәлі» деген сауалға нақты жауап болмады. Бұл жауаптың жоқтығына сюжет авторлары кінәлі емес. Облыс әкімдігіндегілер осы сұраққа нақты жауап бере алмады.

Келесі тақырып – Алматы облысында, дәлірегі Қаскелеңдегі тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде газ жарылу оқиғасы. Екі адам қаза тапты. Оның біреуі – 10 жасар бала. Тағы 6 адам жарақат алды. Материал авторы пәтердегі газ құбырларын және газ плитасын кім тексеретініне жауап іздеді. Газ жарылысы неден болғаны туралы ресми қорытынды жоқ, сондықтан да төтенше жағдайға кім кінәлі екені әзірге түсініксіз. Сөйте тұра материал толымды жасалып, баланс сақталыпты.

«Үлкен саясат» («Большая политика» — түпнұсқа атауы) айдарында АҚШ-Иран жанжалының Қазақстанға әсері қандай болатынын талдады. Жүргізуші мен сарапшы-экономистің әңгімесі Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы қаншалықты төмендеуі мүмкін екенін, бұл кикілжің мұнай бағасына қалай әсер ететінін мейлінше ұғынықты түсіндірді. Сюжетте украин ұшағының апаты туралы да, қазақстандықтан Біріккен Араб әмірліктеріне ұшудан қалай бас тартып жатқанын да айтты.

Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа белгіленетін айыппұл жазасын жазбаша ескертумен ауыстырды. Заңгерлер мен қоғам белсенділері бұған наразы. «Больше деталей» айдарының тақырыбы осы.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарламасы Иран-АҚШ қақтығысынан басталды. Бағдарламаның шеф-редакторы Олег Журкевич архивтегі кадрларды қолдана отырып, Иранның ядролық бағдарламасы, Сүлейманиді өлтіру, Ирактағы АҚШ базаларына шабуыл, Дональд Трамптың не істеп, не істемегені, ақырында жаңа санкциялар салғанын айтты. Сарапшы да, кейіпкер де жоқ материал украиналық жолаушылар ұшағының апатқа ұшырау оқиғасымен қорытындыланып, әрмен қарай Алматы маңындағы әуе апатына ойысты.

Журналист Айгүл Мұханбетова 27 желтоқсанда болған әуе апаты туралы егжей-тегжейлі сюжет дайындапты. Кейіпкерлері де, шенеуніктер де, сарапшылар да, заңгерлер де қатысқан сюжет мейлінше толымды шығыпты.

«Аналитика» бағдарламасы 2020 жылдан бастап күшіне енетін заңнамаларға жеке материалар арнады. Педагог мәртебесі, МӘМС енгізу, шағын бизнесті тексеруге мораторий, жыныстық зорлау, тұрмыстағы зорлық, есірткі тарату және браконьерлік істеріне заң жазасын қатаңдату. Міне, осы өзгерістер қамтылған материал өте толымды жасалған. Кейбір тақырыптар жеке-жеке сюжет арнауға да лайық.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі табиғат апаттары. Аустралиядағы алапат өрттер – 2020 жыл басындағы басты тақырып болып тұр. Редакциядағылар осы туралы айтқысы келсе керек, бірақ әр жылдары әлем елдерінде болған табиғат апаттарын жинапты. Индонезия, Таиланд, Жапония, Гаити, АҚШ және Пәкістан. Аталған елдерде табиғи апаттан қаза тапқандар саны, үрейлі кадрлар және тілшінің үрейлі дауысы. Материал соңына қарай «барлығына бәріміз кінәліміз» деген сарапшылар сөйледі.

Осы тұста кадрда Грета Тумберг пайда болатындай көрінді, бірақ оның орнына «Қазгидрометтің» өкілі шықты. Ол да Грета сияқты «Барлығына бәріміз кінәліміз» деді. Тілшінің теңіз жағалауынан жасаған әдемі стендапында дауыс нашар жазылса керек, дауыс үстінен дауыс басыпты, содан дауыс пен ерін қимылы үйлеспеді.

Бағдарлама бар тақырыпта сөйлей беретін «сарапшылардың» 2020 жылға болжамымен аяқталды: экстрасенс бизнес туралы кеңес айтса, сиқыршы «индиго балалар» дегеніміз кімдер екенін түсіндірді, ал таролог шетелдіктермен көптеген танысу болатынын болжады. Сюжет ортасына қарай 90-жылдары шалғайдағы телеарналарда болатын нәрсе – жұлдызнама көрсетті.

«7 күн», «Хабар»
«7 күн» бағдарламасы Елбасының үкімет басшысы Асқар Маминмен кездесуінен басталды. Аптаның жаңалығы осы. Премьер-министр елдің өткен жылғы даму көрсеткіштерін баяндап, болашақ жоспарларды айтты. 2019 жылы экономикалық өсім 4,5%-ды құрады, әрмен қарай тағы өсе түспек. ҚР Тұңғыш президенті қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қор жұмысы туралы баяндады. Мұнда да бәрі жақсы, әрмен қарай тіпті жақсы бола түседі екен. Назарбаев Елбасы кеңсесімен кездесуінде тұңғыш президенттің жұмыс графигін нақтылады. Апта бойына бүкіл ел боп талқылаған тақырып Назарбаевтың Маминмен кездесуі емес, мүлдем басқа еді. О тақырыпты кейінге ысырыпты.

Желтоқсанда Алматы маңында болған ұшақ апаты туралы сюжетте вице-премьер Роман Скляр Bek Air ұшағының апат себептері туралы алдын ала нұсқаларды хабарлады. Автор оқиғаның өрбу хронологиясын баяндап, жаңа деректерді қалыс қалдырды. Мәселен, КТК телеарнасының материалында ұшақты мұз қатуға қарсы сұйықтықпен өңдеу туралы шешімді экипаж командирі қабылдайтынын айтса, «Хабар» материалында мұндайды кім бақылауы міндетті екені түсініксіз қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев украиналық ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың мемлекет басшыларына көңіл айтты. Иран өз кінәсін мойындады. Сондай-ақ, Қазақстан президенті АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысқа қатысты алаңдаушылық білдірді.

«Дұшпандығы — кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық». Жүргізуші Александр Трухачев ақын Абайдың отыз тоғызыншы қара сөзінен осындай цитата келтіріп, Иран-АҚШ жанжалы тақырыбынан Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына өте сәтті ойысты. Тоқаев мерейтой құрметіне мақала жазыпты.

Президенттің шығармашылық қарымын Ербол Тілешов, Ғарифолла Есім, Жанбота Кәріпбаев, Жабал Шойынбет және тағы басқа сарапшылар талқылап, ұлы ойшыл (Тоқаев емес, Абай) еңбектерінің маңыздылығын және құндылығы туралы ой айтты. Қарапайым тұрғындарға да сөз берді, олар да Абай туралы сөйледі. «Хабар» телеарнасының бұқараны сөйлетуі сирек кездеседі. Міне, сондықтан да болса керек, халыққа сөз беруі тың әрі тосын көрінді.

Абай туралы сюжет челленджден басталды: белгілі адамдар ұлы ойшылдың өлеңдерін оқиды. Челленжді 9-сынып оқушысы бастады, президент жалғастырып, тіпті Джеки Чанға да жетті. Сюжетте Тоқаевтың Абай туралы мақаласын егжей-тегжейлі, әр цитатасын жеке-жеке талдады. Мұның барлығы алғысөзімен қосқанда 17 минут болды.

«Хабарлықтар» тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбына арналған сюжетте Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановты сөйлетті. Оның сұхбатынан заңнамаға түзету енгізгендер нені басшылыққа алғаны аз-кем түсінікті болды.

Әлеумет тақырыбы: Қазақстанда 2020 жылы берілетін атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау басталды. Құжат тапсыру ресімі оңай емес – мамандар барлығын тексеріп, есептеуі керек. Шымкенттегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарында еріктілер көмектесе бастады. Олар адамдарға қайда қалай бару керегін түсіндіреді. Еріктілерді де, құжат қабылдаушыларды да, АӘК-ке мұқтаж жандарды да сөйлетіпті. Атаулы әлеуметтік көмек қаржысы асырау үшін емес, жәрдем ретінде берілетінін айтқан көпбалалы ананың да пікірі бар. Мейлінше пайдалы сюжет жасапты. Әйтсе де мұндай тақырыптағы материалдарда балалардың бет-жүзін көлегейлеген дұрыс болса керек-ті.

Apta, QAZAQSTAN
Бағдарлама АҚШ-Иран қарым-қатынасының шиеленісуінен, дәлірегі Тоқаевтың осы мәселе төңірегінде шұғыл отырыс өткізгені туралы твитінен басталды. Сарапшы-политолог сұхбатында бұл жағдайдың Қазақстанға қалай әсер ететінін айтты. Украина ұшағының апатқа ұшырауы туралы Ирандағы қазақ диаспорасының өкілінен сұхбат алды.

Содан кейін Алматы маңындағы Fokker 100 ұшағының апат себептерін тергеу-тексерудің алғашқы қорытындысы тақырыбымен жалғасты. Мейлінше толымды әрі эмоционалды сюжет болды.

«Шөп қорыған ит». Тележүргізуші Жайна Сламбек Шығыс Қазақстан облысындағы жер иеленушілерді дәл осылай атады. Алдымен, оларды президент Тоқаев солай атаған. Ол өз сөзінде ірі жер көлемін иемденіп, игермей отырғандарды «латифундист» деп атаған болатын. Мәлім болғаны – өңірде жерді игеруге ниеттілер көп, бірақ олардың жері жоқ, ал жері бар адамдар сол жерін игермейді екен. Сюжетте сол ірі жер иеленушілердің басқасының бәріне сөз берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбаев туралы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласын бағдарлама авторлары былай көрсетті: яғни, тележүргізуші сол мақаладан ұзақ-ұзақ үзінділер оқыды. Жалпы Жайна Сламбек тек көркем әдебиет оқып қана қоймай, мақала оқығанды да ұнатады екен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов студияға келіп, АӘК тақырыбында сұқбат берді. Пайдалы әрі жан-жақты түсіндірген сұхбат болды.
«Педагог мәртебесі туралы» заң күшіне енді. Мұғалім оқуына көбіне-көп басқа мамандықтарға баллы жетпеген мектеп түлектері баратынын айтты. Бірақ, мұғалімдерге де, студенттерге де, бітірушілерге де, ата-аналарына да сөз бермеді. Бұл тақырыпта жалғыз спикер – филология ғылымдарының кандидаты сөйледі. Неліктен оны таңдағаны жұмбақ.

Жалғызбасты әкелер туралы сюжет. Дәлірегі, балалардың церебралды сал ауруымен ауыратын үш жасар қызын жалғыз тәрбиелеп отырған астаналық ер адам. Анасы отбасын тастап кеткен. Журналистер осы ер адамның хикаясы негізінде Қазақстанда барлығы қанша жалғызбасты әке бар екенін шенеуніктерден сұрап білмекші болыпты. Жол-жөнекей Қазақстанда жалғызбасты әкелерге көмектесетін орталықтардың жоқ екенін анықтапты (қызығы сол, жалғызбасты аналарға арналған мұндай орталықтар бар ма? Әкелерге арналған орталықтар несімен ерекшеленуі керек?). Сюжетте мемлекет ер адамдардың отбасына, балаларына көбірек көңіл бөлуіне қандай да бір жолмен ықпал етуі қажет екені туралы айтып та өтті. Мемлекет қалай ықпал етеді? Тіпті теориялық тұрғыдан да түсініксіз.

Бәрінен де бұрын, журналистер бұл тақырыпты неліктен қозғағаны түсініксіз. Баланы жалғыз тәрбиелейтін аналар да, әкелер де бірдей мәселелерге тап келеді емес пе? Онда бұл сюжет неліктен қажет болды? Бізде өз балаларын тастап кетпейтін нағыз еркектер бар екенін көрсету үшін бе?

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына апта сайын мониторинг жүргізеді және әр аптада жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР