ДомойМедиасынКадр резерві, шетелдік нөмір таққан көліктер. 13-19 қаңтар қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Кадр резерві, шетелдік нөмір таққан көліктер. 13-19 қаңтар қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Кадр резерві, шетелдік нөмір таққан көліктер. 13-19 қаңтар қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Жаман жаңалықтың жоғы – жақсы жаңалық. Барлық телеарна (КТК-дан басқа) «президенттік кадр резерві» тақырыбын азық етті. Жалпы апта тыныш өтті. Bek Air туралы КТК-дан басқасы ұмытыпты.

Кешегі аптаның тағы бір топ-тақырыбы – шетелдік нөмір таққан автокөлік иелері көліктерін Қазақстанда тіркетуге асығар емес, бейнекамералар мұндай нөмірлерді танымайды, ал жүргізушілері жол-көлік қозғалысы ережелерін бұзады. Әйтсе де мұндай автокөліктерді тіркетпеудің және бір себебі бар. Кейбір телеарналар бұл себепті айтпай, үнсіз қалуы – аудиторияға жасаған манипуляциясы болды.

Дәстүрлі мониторингімізде КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК
Bek Air әуе компаниясы таңба кодынан айырылды. Кодты Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) қайтарып алды. Компанияның 300 қызметкері үш аптадан бері жұмыссыз отыр. Олар биліктен тергеу-тексеруді жылдамдатып, бір жағына шығаруды сұрайды.

Осы және 27 желтоқсанда Алматы маңында болған әуе апатының басқа да жай-жапсарын бағдарлама жүргізушілері тізіп шықты. Кадр сыртындағы мәтін де, комментарийлер де бір-бірімен үйлесім тапты.

Автокөлік иелері шеттен алып келген көлігін Қазақстанда тіркетпейді. Тіркетейін десе, өте қымбатқа түседі екен (материал кейіпкерлерінің бірі – шетелден әкелген көлігінің бағасы 2,5 млн теңге екенін, оны Қазақстанда тіркеу үшін тағы да сондай сома қажетін айтады. Цифрлар әрдайым нақтылыққа жетелейді). Армения, Қырғызстан нөмірін жапсырған көліктерді «Сергек» камералары танымайды. Мұны білетін жүргізушілері жаппай жол-көлік қозғалысы ережелерін бұзады екен.

Шетелдік нөмір таққан автокөлік иелері тіркеу үшін төлейтін салықтарды азайтуды өтінеді. Осы тақырыпқа арналған сюжет толымды жасалыпты. Тілші барлық тараптың пікірін көрсетіп, тіпті мәселені шешудің жолдарын да ұсынды. Сюжетке қатысты бір ескерту – сарапшыдан телефонмен пікір алғанда, аудио сапасы нашар жазылса, онда аудиода айтылғанды субтитрде жазып көрсеткен жөн.

Адам денсаулығына қауіп төндіретін стоматология клиникалары туралы сюжеттің алғысөзінде жүргізуші Анна Яломенко: «Елімізде медицинаға табыс көзі ретінде қарауды қашан доғарады?» — деп сауал тастады. Үңіліп қарасақ, мейлінше оғаш сұрақ. Медицина неліктен табыс көзі болмауы тиіс? Дәрігерлер де өмір сүруі керек. «Кез келген емхананың, мейлі жекеменшік болсын, мейлі мемлекеттік болсын, ұсынатын қызметі қауіпсіз болуы міндетті» десе, онда сөз басқа. Мұны біреу қадағалап, жауаптануы керек. Бірақ, бұл мәселенің басқа бір қыры.

Сюжеттен мәлім болғаны – мұндағы «бизнес» (бағдарлама авторы осы сөзді «табыс көзі» тіркесіне синоним қылыпты) дегеніміз – осы салада туындаған мәселе: стоматология клиникасының иесі – жеке кәсіпкер, демек оның бизнесін заң бойынша алғашқы үш жыл тексеруге болмайды. Содан кейін ол қайта тіркету жасатып алады, содан кейін тағы да тексеруге болмайды. Неге екені белгісіз, стоматологтарға лицензияны әкімдіктер береді екен.

Бұл мәселенің екінші жағы да бар: егер тіс дәрігерлерін қалаған кезде тексеруге рұқсат етілсе, онда дәрігерлердің қызмет сапасы жақсара ма? Әлде, дәрігерлер табысының жартысын тексерушілерге бере ме? Журналистер осы сұрақтарға жауап іздемепті.

Материал авторларының пікірінше, стоматология «бизнеске» айналмауы керек. Онда стоматологтары адам өлтірмейтін мемлекеттерде (мұндай бар болса) бұл мәселені қалай шешіп жатыр? Білетініміз – дамыған елдерде тіс дәрігерлерінің қызмет құны өте жоғары. Сондықтан о жақта стоматология — жай бизнес емес, өте қымбат бизнес саналады. Бұл емделушілерге қандай да бір кепілдік бере ме? Қысқасы, мәселе тым ауқымды, қатпар-қатпары көп. Ал сюжет мазмұны — біздегі стоматологтар нашар және қу дегенге саяды. Емделушілердің: «онда қайтпекпіз?» деген сауалына сюжетте жауап бермейді.

«Үлкен саясат» («Большая политика» — түпнұсқа атауы) – айдарының тақырыбы өте қызық: Ресейдегі билік транзиті Қазақстан сценарийі бойынша өте ме? Тақырыпты жақсы ашты. Паралелдер жүргізіп, саясаттанушыларды сөйлетті. Саясаттанушы Екатерина Шульманның асүйде «майкішең», қолына бір шыны шай ұстап отырып, комментарий беруі өте ұтымды шықты. Осыдан кейін саясат туралы әдетте қайда отырып, айтатынымыз бәріне де түсінікті болса керек. Дұрыс-ақ.

Бағдарламаның тағы бір сюжеті – сексуалды құлдыққа түскен қыздар тақырыбы. Сюжеттегі кейіпкер-әйедердің бірі өзін азаматтық күйеуі 20 жылдан бері еркінен тыс қамауда ұстап, үнемі ұрып-соққанын айтады. «Полицейлер әйелдің расымен де қашып кетуге мүмкіндігі болмағанын анықтап жатыр, ал ер адамға қатысты іс қозғалды» деп қорытындылайды жүргізуші Алексей Рыблов. Осылайша ол әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан «екі» деген баға алды. Егер қашып кете алса, онда бәрі дұрыс болғаны ма?

«7 күн», «Хабар»
Осы аптада Нұрсұлтан Назарбаев кіммен кездескені туралы міндетті блоктан кейін бағдарламаның алғашқы сюжеті 300 адамнан құралған президенттік кадр резерві тақырыбына арналды. Кадр резервіне іліну үшін «өз кәсібилігін және мемлекет игілігіне қызмет ететінін дәлелдеуі керек» екен. Мұны қалай дәлелдеуге болады? Осы сауал жауапсыз қалды.

Резервтегілер өздерінің әбден талаптанып, резервке енуге ұмтылғандарын айтты. Көрермендерге резервтегі екі қызды көрсетті: біріншісі, су ресурстарының мәселесіне алаңдайды, ал екіншісі – қамқоршылық органдарында жұмыс істейді, балалар мәселесін ойлайды. Қалған 298-і қандай іспен айналысатыны жұмбақ. Резервке өткен 300 адамның осы резервке өтпей қалғандардан артықшылығы неде? Байқау барысында бір орынға қанша адам таласты? Кімдер іріктеді? Жауап жоқ.

Кадр резерві тақырыбы екінші сюжетте те жалғасты: қызметіне кіріскен резервтегілерді көрсетті. Жоғарыдағы сауалдарға Әсия Кәрібай жауап бергендей болды: презентациялар жасап, эссе жазыпты. Бұл іріктеудің барлық кезеңі ме? Осы түсініксіз. Блок басталғанына 15 минуттан кейін ғана барлығы 13 мың адам үміткер болғанын және іріктеудің кейбір критерийлерін білдік.

Павлодар облысының әкімі «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабымен күдікке ілініп, тұтқындалды. Алматыдағы Алатау ауданының бұрынғы басшысы «бюджет қаржысын жымқырды» деген күдікке ілінді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Шымкенттегі аудан әкімдері мен басқарма басшыларын тергеу абақтысына шақырып, абақтыны аралатты. Бұл шенеуніктерге ескерту шарасы екен. Бағдарламада осы бір қызық тақырыпқа қысқа ғана тоқталды.

«Хабар» эфирі «қарапайым адамдар» мәселесіне тақырып арнады. Бұл жолғы тақырып — азық-түлік бағасының өсуі және шетелде сатып алынған автокөліктерді Қазақстанда тіркеу мәселесі туралы болды. Автокөліктер туралы материал – журналистердің «бұрыс» ақпаратты қалай сүзгіден өткізетіне тамаша мысал. «Хабар» тілшілері кейбір көлік иелері автокөліктерін Қазақстанда әдейі тіркемей жүретінін, осылайша жол-көлік қозғалысы ережелерін емін-еркін бұзатынын айтты. Олар автокөліктерін неліктен тіркемейтінін, өйткені тіркеу құны қымбат, өте қымбат екені туралы ЕШТЕҢЕ айтпады. Мұнда баланс сақтамаудан бұрын, аудиторияға манипуляция жасау анық байқалды.

Мас күйде көлік жүргізетіндердің кесірінен болатын жол көлік апаттары туралы сюжет толымды жасалып, баланс сақталыпты. Материалда көлік жүргізушілері де, «сау жүргізуші» қызметін ұсынатындар да бар. Елімізде мас жүргізушілерге қатысты заң қалай өзгергенінен бастап «сау жүргізуші» қызметінің құны қанша теңге тұратынына дейін баяндады. Осы саладағы шетелдік тәжірибені де көрсетті.

Міндетті медициналық сақтандыру туралы сюжет те жақсы жасалыпты. Емделушілердің хикаясы, шенеуніктердің де, дәрігерлердің де пікірі бар. Тіпті дәрігерлер де бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін әлі жете түсініп кетпейтінін айтты. Бір кемшілігі: тілші сюжетін барлық қазақстандық 1 сәуірге дейін сақтандырылғанын, ал 1 сәуірден кейін жарна төлейтіндер мен төлемейтіндердің арасында анық шекара сызылатынын айтып, қорытындылады. Қандай шекара? Жарна аудармағандардың жағдайы не болмақ?

«Педагог мәртебесі» заңы туралы сюжет сәтсіз шықты. Егер бұл сюжет «түсіндіретін журналистика» жанрында болса, онда авторлар өз мақсатына жете алмады. Өте қиын мәтін, тым тез оқу, қабылдау былай тұрсын, шатастыратын қысқарған сөздерден құралған көп-көп инфографикасы бар сюжет.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

«Мұндай шұлықтар — еркелік еемс. Қатты жақтаулармен қоршалмаған ішкі еркіндіктің символы. «Аналитика» бағдарламасының президенттік кадр резерві туралы сюжеті осылай  басталды. Тілші осындай деталдарды алға шығарып, тақырыпты мейлінше қызықты етіп көрсетуге тырысқанымен де «хабар» стилінен аспады. Аз да болса мағлұмат ұсынғанымен, резервке қатысушылар қандай іріктеуден өткенін, олар неліктен бірегей екенін, және тағы басқасын айтпады.

Парақорлар туралы сюжетті жасауға Павлодар облысы әкімінің тұтқындалуы түрткі болған. Тек ол туралы ғана айтып қоймай, басқа да мысалдар келтірді. Журналист адамдардың неліктен пара алатынын түсінуге тырысыпты: кіші қызметтегі шенеуніктер мұқтаждықтан (айлығы аз), жоғары шенді шенеуніктер — өздерінің азғындығынан (басқа не? Ақшаң көп болса, тағы көбейгенін қалауға болмайды) алады екен. Сюжет тұтастай алғанда қызық шықты. Есте қаларлық стендап (бір қорап конфет ұстаған әже дәрігерге, мұғалімге келеді), жақсы графика (қандайсомаға — әкімшілік жауапкершілік, қандай сомаға — қылмыстық жауапкершілік жүктеледі), хикаялар (шұғыл тергеу қызметкерлері парақорлардың ақшаны қалай шайнап, жұтқанын айтады) бар.

«Аналитика» бағдарламасы шетелдік нөмірмен жүретін автокөліктер мәселесін «7 күн» бағдарламасы сияқты көрсетті: бағдарлама авторлары деректердің жартысын елеп-ескермеді, адамдар автокөлігін Қазақстанда неліктен тіркегісі келмейтінін (өйткені, тіркету қымбат) айтпады (мұның орнына оларға осылайша «Сергектен» сытылып кету оңай екенін баяндады).

«Қатерлі қателік» («Роковые ошибки» — тұпнұсқа атауы) сюжеті украиналық «Боинг» ұшағы апатына арналды. Бір апта бұрын басқа телеарналар қорытынды бағдарламаларында айтқан ақпараттарды қайталады. Сюжетте сарапшылардың «әуеде «өзіміз» не «бөгде» бөлінісі бар, егер нысан әскерилер тілінде «өзіміз» екенінен белгі бермесе, онда дереу бөгде саналып, жойылуға жатады» деген комментарийі бар. Әскери қақтығыс кезінде жолаушылар кемесін не ұшақтарын жойып жіберу туралы басқа да оқиғалардан мысал келтірді. Сюжетте көріп, ақпаратты Иран пайдасына аударғандай (олар кінәлі емес, олар қателесті, бәрі де қателеседі) әсер байқалды. Жалпы алғанда материалды көру қызық, бәлкім, НТВ немесе РенТВ мәнерінде «саржағал» байқалы себепті ме екен?!

Тоқсаныншы жылдары жарқырап көрінген қазақстандық жұлдыздар қазір қайда жүр? Бағдарламаның шымылдығын осы тақырыптағы сюжет жапты. «Бублики» тобының қатысушысы өзінің және басқа әріптестерінің кейінгі тағдырын баяндады. «Асхатымыз ән жазады, Максим егістіктерге ұшақпен химикат шашады, Малик киім тігеді» деп ұзағынан сөйлеген оның сөздерін естіген миллениалдар «бұлар кімдер?» деп сұрайтыны анық. Стендап қызық жасалыпты. Мұнда тілші шашын «алтыншы бублик» мәнерінде жасатады. Сосын өте қысқа (небәрі 20 секунд) уақыт «Рахат Лукум», Рахат Тұрлыханов, «Нұрлан мен Мұрат» дуэті және тағы басқалары туралы айтты. Жалпы алғанда, сюжеттің тең жартысы «Бубликтерге», ал екінші жартысы басқаларына арналды.

Apta, QAZAQSTAN
Президенттік кадр резерві тақырыбын тек КТК телеарнасы ғана елеусіз қалдырды, қалғандарының бәрі айтты. Apta да қалыс қалмады. Сюжет резервке ілінген бір жастың хикаясынан басталды. Ол қолына бір шоқ гүл ұстап тұрып: «Бұл гүлдерді ұжымдастарым жаңа қызметіммен құттықтап, сыйлады» деп айтады.

Президент Тоқаевтың кадр резерві мүшелерімен кездесуіне арналған сюжеттен кадр резерві құрамына кіргендердің кім екені түсініксіз қалды. Есесіне материалда Абай Құнанбаев шығармашылығынан үзінді көп. Тіпті соңында тілші қолына ұлы ойшылдың кітабын ұстап, стендап жасады.

РФ президенті Владимир Путин федералды конституцияға түзетулер енгізу бастамасын көтергені туралы жаңалық Apta бағдарламасына енді. Тек факт түрінде ғана айтылды. Осы туралы қандай да бір сарапшыдан, саясаттанушыдан ешқандай комментарий болмады.
Абай тақырыбына сюжет арнамағанымен де Абай бейнесі басқа сюжеттерде көрінді. Мәселен, балет әртістеріне төлем жасау туралы сюжетте Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі қолына Абай Құнанбаев портреті бейнеленген кітапша ұстайды (оны сәйкесінше ірі планмен көрсетті).

Қазақстандықтар үшін күрделі де шулы тақырып – адам мүшелері мен тіндерінің донорлығы туралы сюжет біржақты жасалыпты. Тілші Денсаулық кодексіндегі өзгерістерді, донорлық қара нарығын, жалпы Қазақстандағы трансплантология мен дәрігерлерге сенім туралы айтты. Сюжетте көптеген деталь, хикаялар, дәрігерлердің Денсаулық министрлігіне сыни пікірлері да бар, бірақ министрліктен ешқандай комментарий жоқ.

Медицина тақырыбын Медициналық сақтандыру қорының жетекшісімен сұхбат жалғастырды. Донорлық туралы сұрақты оған да қойғанымен, жауабы тым түсініксіз шықты.

Жол-көлік қозғалысы ережелерін бұзатын жүргізушілер туралы материалда түрлі тақырыпты әбден араластырыпты. Нәтижесінде, көрермен бір материалдағы түрлі тақырыптың арасында адасып, көрегінен ештеңе есте қалмайды. Apta журналистері шетелдік нөмірмен жүрген автокөліктерді Қазақстанда тіркеуге қоюдың қымбат екенін айтты. Сонымен қатар, 2019 жылы Қазақстанда шетелдік нөмірмен жүрген автокөліктердің қатысуымен неше жол-көлік апаты болғанын да көрсетті. Бірақ, бұл манипуляция боп шықты, өйткені, мұндай цифрларды жалпы статистиканы келтіріп, пайыз қатынасымен беру керек.

Мәселен, КТК телеарнасының көрсеткеніне сенсек, Қазақстанда 200 мың «шетелдік нөмірдегі» автокөлік бар, ал қалғаны Қазақстанда тіркелген. Демек, бір жылдан олардың қанша пайызы жол-көлік апатына ұшырады (нақты көлік иесінің кінәсі дәлелденген жол-көлік оқиғаларын көрсету де маңызды)? Мұның ешбірін айтпады, дерек келтірмеді. Бәлкім, оның барлығын есептегілері келмеген болар?!

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына апта сайын мониторинг жүргізеді және әр аптада жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР