ДомойМедиасынКоронавирус, Тоқаев пен үкімет. 20-26 қаңтар қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Коронавирус, Тоқаев пен үкімет. 20-26 қаңтар қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Коронавирус, Тоқаев пен үкімет. 20-26 қаңтар қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Бұл аптада қазақстандық журналистер екі тақырыпты назарға алды: Қытайдан басталып, әлемге таралып жатқан коронавирус және президент Тоқаевтың  ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысын өткізуі. Тоқаев еліміз үшін маңызды тақырыптарды күн тәртібіне шығарды. Ал қауіпті инфекция, кісі өлімі — әрдайым аудитория назарында.  Міне, сондықтан да таңдау оңайға соқпады. «Аналитика» бағдарламасы Нұр-Сұлтанды қалың қар басуын аптаның басты жаңалығы санады. Ал кейбір телеарналар «коронавирус қайда, біз қайда» деп ойласа керек-ті.

Жалпы алғанда, апталық қорытынды бағдарламалар тақырып алуандығымен қуантты: жер сілкінісін,  мал экспортына тыйым, Қазақстан қатысқан рейтингтер туралы көрсетті.

Дәстүрлі мониторингімізде КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Коронавирус Хайнань курорт аралына да жетті. Ал Ухань қаласында 98 қазақстандық студент оқиды. Оларды Отанға ешкім эвакуацияламайды. Дәрігерлердің айтуынша, мұның пайдасы жоқ. Бағдарлама басында — қытайлық пневмония туралы егжей-тегжейлі материал көрсетті: неше оқиға тіркелді, қанша адам көз жұмды, қайда болды, Қытайда қорғаныш бетперделер неліктен тапшы, Аспанасты елі коронавируспен күресте қандай іс-шаралар атқарып жатыр? Міне, осы сұрақтарға жауап дайындапты. Ал қазақстандықтар Хайнань аралына бару жолдамаларынан бас тартпапты. Вирустың геномын анықтапты, вакцинасы таяуда даяр боп қалады. Сюжет авторы коронавирустың түрлі заттар немесе жеміс-жидек арқылы жұқпайтынын айтып тыныштандырды. Материалда бұл аурудың симптомдары қандай екені туралы мәлімет жетіспеді. Кәдімгі ОРВИ-ден айырмасы қандай? Инкубациялық кезеңі қанша уақытқа созылады? Осы сауалдарға жауап бермеді.

«Большие новости» бағдарламасының сирек қонағы – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. «Үлкен саясат» («Большая политика» — түпнұсқа атауы) айдары Тоқаевтың кеңейтілген отырысқа қалай қатысқаны, министрлерден қандай есеп алғаны, не айтқанына арналды. Бағдарлама авторлары кеңейтілген отырыста айтылған ең маңыздыларын: бағаның өсуін, халықтың несиені көп алатынын, шетелдік нөмірмен жүрген автокөліктерді тіркеуді және тағы басқасын қарапайым, түсінікті тілмен айтып берді.

Снюс дегеніміз не және оның қаупі қандай? Келесі сюжет авторлары осы сауалға жауап іздепті. Снюстің бір дозасындағы никотин көлемі үш қорап темекідегі никотин көлеміне тең екен. Ресейде снюстан 12 жасар жасөспірім қайтыс болған. Сюжетте снюсті қайдан сатып алуға болатынын да көрсетті. Бұл материалды мейлінше толымды етіп, «снюстер – қауіпті у» деген ойды бейғам көрерменге де жеткізе білді.

Бұл аптада алматылықтар үш жер сілкінісін сезінді. Барлығы 18 зілзала тіркелді. «Больше деталей» айдарының алғысөзінде жер сілкінісін қалай болжайтыны, біздің сеймологтарға неліктен аз қаржы бөлінетіні, жер сілкінсе, қайда қашу керегін, кімдер келіп құтқаратынын айтып беруге уәде етті

Сейсмологтар «Периодты теориясын» негізге алып, таяу уақытта қуатты жер сілкінісі болуы мүмкін екенін айтады. Болжам жасауға басқа да құрал-жабдықтары жоқ болса керек (сосын ғалымдарымыз қандай жағдайда қандай құрылғыларды қолданып, зерттеу жүргізетінін егжей-тегжейлі түсіндіреді). Аталған айдардың мәтініне сүйенсек, периодты теория тек статистикаға негізделеді екен.

Мынадай сұрақ туындайды: әлемнің қай түкпірінде сенімді болжам жасай алады екен? Ең озық сейсмолог-ғалымдар Жапонияда десек, олар қандай да бір болжам жасапты ма? Бұл сауалдарға жауап жоқ. Алдағы уақытта ғалымдарымызға жаңа құрылғылар берілсе, жағдай өзгере ме, жоқ па, мұны білмейміз. Жаңа құрылғылар неліктен берілмей келе жатқанын да біле алмадық. Олардың құрылғыларын соңғы рет 2003 жылы жаңалапты.
Қазақстандық биосейсмологтар жануарларды қалай қолданатынын білу қызық-ақ еді. Әйтсе де сүйкімді жануарлардың видеосын көрсеткенімен «бұл жануарлардың жер сілкінерден бұрын мазасызданған кезі болды ма, олардан қандай да бір пайда бар ма, ғылыми негіздемесі қандай» деген сауалдарға жауап жоқ. Қаржы аз бөлінетінін тағы да қайталады.

Дабыл жәшігінде қандай заттар болуы керек? Жауабын интернеттен іздеңіз, өйткені, эфирде сөмкесін ақтарып, төлқұжаты мен консервілерді шығарған мазасыз алматылық әйелді ғана көрсетті. «Өлімнен қатты қорқамын» деген әйелдің бұл сөзінде мәнді ақпарат жоқ.

Авторлар астананы қар басып қалғаны туралы «Большой репост» айдарында баяндады (бұл айдар интернетте көп талқыланған апта жаңалықтарына арналған). Аталған айдар әдемі жасалыпты: Нұр-Сұлтанда боран боп жатқанын бәрі біледі, бірақ астаналықтардың қар тазалайтын техникаға қалай жалбарынғанын, немесе әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың күректі әрлі-берлі сермеп жатқанын көбі көрмесе керек.

«Аналитика», «Первый канал Евразия»

«Аналитика» бағдарламасы Елорданы қар басып қалудан басталды. Нұр-Сұлтанда 23 қаңтардан бері қарлы боран соғып жатыр. Бағдарламада төтенше жағдай қызметкерлерінің қар басып, жол жабылған соң перзентханаға жете алмаған жүкті ананы қалай құтқарғанын, автобусты орнынан итерген жанашыр тұрғындарды, қар тазалауға көмектесіп жүрген волонтерлерді көрсетті. Әкім орынбасарының хабарлауынша, барлық бригада жұмыс істеп жатыр, қар қалың түскен. Неше бригада екенін, неліктен жетіспейтінін, қай жерді қардан тазартып жатқанын, қай жерде тазартпай жатқанын сараптамады. Есесіне жұмыс уақытының қысқаруы, қалада қасқырлар жүргені туралы ақпараттың фейк екенін, мұндай ақпаратты таратқандар жазаланатынын ескертті.

«Үкіметтің қазіргі құрамы сынақ мерзімінде жүр». Бағдарлама авторлары министрлер кабинетінің кеңейтілген отырысында Тоқаевтың қорытынды сөзін осылайша тәпсірледі. Президент азық-түлік бағасының өсуін, жаппай несие беруді, мемлекеттік мекемелердің қымбат автокөліктер сатып алуын айтып, семинарлар, конференциядар, форумдар өткізуіне мораторий енгізуді ұсынды, экономиканы цифрландыру сынды жайттарға назар аударды. «Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек»,-деді президент.

Оның бұл айтқанын шеф-редактор Олег Журкевич іліп әкетті. Ол мал экпортына тыйымды осындай реформаның бір мысалына балады. Бұл тыйым ет бағасын арзандата ма? Материалда автордың не айтқысы келгені түсініксіз: «реформаларды тізеге басып отырып жасау» дегеніміз жақсы ма, жаман ба?

Балаларға қатысты қылмыстар, зорлық, есірткі тарату, браконьерлік қылмыстарға жазаны қатаңдатуға үлкен материал арнады. Өлім жазасы қарастырылған елдерді мысалымен көрсетті. Суретті бұлыңғыр еткенімен, басты қалай кесіп жатқаны ашық көрінеді. Бәлкім, «Еуразия бірінші арнасының» этикалық нормалары мұндай кадрлар көрсетуге рұқсат ететін шығар?!

Эльмира Ишмухаметова тұтынушылардың құқығы туралы материал дайындапты: киімді шақтап киіп көру, тауарда көрсетілген құнын төлеу, ақау шыққан техниканы кепіл мерзімі аяқталмай қайтару, сапасыз тауар не қызметке өтемақы алу құқықтары. Сюжетте өз құқығын дәлелдеу үшін көптеген инстациядан өтуіне тура келген тұтынушының хикаясы, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйым сарапшыларының комментарийі, электронды шағым кітабын жасау туралы ақпарат және киім шақтап кию бөлмесінен түрлі киім ауыстыратын стендап бар.

Бағдарлама түрлі рейтингтер туралы материалмен аяқталды. Мұндай материалды жасауға US News басылымының «Балаларды қайда тәрбиелеген дұрыс» деген сауалнамасы түрткі болыпты. Сұлулық рейтингтері, ең үздік шаңғы курорты рейтингілерін атап өткен автор «мұндай рейтингтерді кімдер және қалай жасайтыны түсініксіз» деген қорытындыға келеді.

Айтпақшы, өткен аптада Жемқорлықты қабылдау индексі жарияланып, Қазақстан 113 орынға Филиппин, Замбия, Непал мемлекеттерімен бір қатардан орын алды. Бұл рейтинг туралы бағдарламада ештеңе айтпады.

«7 күн», «Хабар»

«Хабар» апталық қорытынды бағдарламасын президенттің министрлермен кездесуінен бастады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанын түгел көрсетті. Сюжет форматы да «Хабар» мәнерінде дайындалған. Тоқаевтың синхрондарын қойып, ара-арасында кадр сыртындағы мәтінде журналист сөзімен толықтырады. КТК шет қалдырған тақырыптарды: кадр резерві, бюрократия, шығындарды қысқарту, имидждік іс-шаралар, баяу цифровизация және тағы басқасын айтты. Үкіметтің кеңейтілген отырысы 3 сағатқа жуық созылса, «7 күн» бұл отырысқа 20 минут арнады.

Өткен мониторингімізде бағдарлама авторларын шетелдік нөмірмен жүрген автокөліктер тақырыбында  мұндай көлікті тіркеуге қоюдың қаншалық қымбат екенін айтпағаны үшін сынаған едік. Бұл жолы журналистер мәселені жан-жақты көрсетпек болыпты. Сюжетте ақша үнемдеу үшін автокөлікті шетелден алып, сол жақта тіркеткен адамдарды көрсетті. Олар мұндай көлікті Қазақстанда тіркету құны автокөлік құнына пара-пар болғандықтан да тіркетпеген. Енді, Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін мұндай автокөлікті Қазақстанда тіркетуге бір жыл уақыт берілді. Автокөлік иелерінің комментарийі тағы да жоқ.

Коронавирус туралы қысқа ғана, онда да Тоқаевтың халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырмасы негізінде ғана айтып өтті. Қазақстандықтарға уайымдайтын еш негіз жоқ екеніне сендерді. Сөзге сенеміз, өйткені ешқандай нақтылық жоқ.

Павлодар облысының ендігі бұрынғы әкімін тұтқындау туралы материалда тұтқындау операциясы қалай жүргенін баяндады. Сот залынан да сөз келтірді. Әкімді кепілмен неліктен босатпайтынын да түсіндірді (ол куәгерлерге қысым жасап, тіпті тергеуден жасырынуы да мүмкін екен). Бұрынғы әкім өзіне қатысты күдіктерді терістесе, адвокаттары оның денсаулығы нашар екенін айтады. «Бақауов тақырыбы павлодарлықтар арасында талқыланды»,-деген тілшінің сөзі екіұдай шығып, тек сөз жүзінде қалды. Кадрда павлодарлықтардан ешқандай пікір сұрамады. Сюжетте көптеген қызық деталдар, баланс бар: тек бір жақты пікір алып қана қоймай, Бақауовтың жұмысын жоғары бағалайтындарды да сөйлетіпті.

Кадр резерві туралы тағы бір сюжет. Бұл жолы (өткен аптадағыдай емес) іріктеу механизмі жайында әңгімеледі. Сингапур, Ресей және тағы басқа елдердің «потенциалы бар адамдарды қалай табатынын»н зерттеп, халықаралық тәжірибеге сүйенген екен. Кейбір елдерде болашақ мемлекеттік қызмет басшыларын дайындайтын оқу орындары бар екен. Ооқуын бітірген соң олардың қызметте өсуіне қолдау көрсетеді. Осы тәжірибені зерттеген саясаттанушыларды, көптеген сарапшыны, Назарбаев университетінің шетелдік профессорын сөйлетті. Осы сюжетте өткен аптадағы «7 күн» бағдарламасында көрсеткен резервшілер туралы сюжетпен біріктірсе, онда толыққанды материал, тіпті деректі фильм шығады.

Apta, QAZAQSTAN

APTA бағдарламасы да Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек сюжетке ұзақ та күрделі құрмалас сөйлемдерден құралған алғысөз оқып, «прогресс, регресс, парадигма» сынды терминдерді қосты. (Мысалы: «Прогресс қаншалықты екенін, регресс қалай шаршатқанын, әрбір отбасы әрбір азамат өз тіршілігіне қарап, дәл бағалайды», «Қасым-Жомарт Тоқаевтың «…Реформаларды тізеден басып отырып істеу керек, жағдай өте күрделі. Егер бәсеңдетіп алсақ, оның ішінде цифрландыру реформасын, онда шаң қауып қалғанымыз қалған» дегені — жаңа парадигмаларды түсіну бар да, оның шарттарын орындау барына , ал мемлекеттік қызметшілердің менталитет пен стилі кәдімгідей күрделі мәселе екеніне нұсқағаны сияқты»). Біз жүргізушінің мұндай сөз орамдарын жиі қолданатынын бұған дейінгі бағдарламаларынан да білеміз.

Нәтижесінде, алғысөзі түсініксіз шықты. Сюжет те әдепкі таптаурыннан аспады. Президенттен бөлек, сарапшылар да болғанымен, адамдарға, яғни бұқараға орын табылмады. Есесіне, сюжетте Абай Құнанбаев бар (айта кетсек, соңғы кездері Абай есімі Apta бағдарламасының әр материалында аталады). Бұл жолы тілші Абай Құнанбаевтың шығармашылығынан дәйексөз келтіріп, экранға портретін шығарды.

Бағдарлама авторлары коронавирус тақырыбын да президенттің қазақстандықтарды инфекциядан қорғау тапсырмасы туралы твитімен бастады. Жеке сюжет болмады. Осылайша, QAZAQSTAN журналистері де коронавирустық инфекцияның симптомдары қандай екенін айтпады.

Сот төрелегі академиясының сегіз магистрантын оқудан шығарып, оларды оқытуға және Германиядан тағылымдамадан өтуге жұмсалған мемлекет қаржысын қайтаруды талап етті. Олардың ойын-сауық кешінен түсірілген видеосы әлеуметтік желілерге таралып, соңы дауға ұласты. Оқиға апта бұрын өтті. Сюжетте оқудан шығарылған магистранттар, оқу орны басшылығы мен қоғам белсенділерінің комментарийі бар. Міне, сондықтан да тепе-теңдік сақталған. Көптеген деталдарды қосып, түсінікті дайындаған. Әйткенмен, сюжетті неліктен «Біздің уақыттың диссонансы» деп атағаны түсініксіз. Мұнда қайдағы диссонанс? Студенттер көңіл көтергені туралы сюжет атауына осындай термин сөзді қолданудың себебі неде?

Мал экспортына тыйым. Сюжетте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл шешімін қолдайтындар да, қарсы шыққандар да бар. Келтірген аргументтері толымды. Әйтсе де корреспондент: қазақстандық шаруалар малын тірідей экспорттағанды құп көреді, неліктен етін сатпайды, деген сауалды ортаға тастады. Сарапшылар мұның себебін Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп, өңдеу кәсібінің дамымағанымен түсіндіреді. Неліктен, дамымаған? Осы сауалға ауыл шаруашылық министрлігі не тағы басқа да салалық министрліктің өкілдері жауап бергенде болар еді. Журналистер олардан сұрамады немесе олар жауап бермеді.

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолуын апта сайын тұрақты түрде жүргізеді және жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР