ДомойМедиасынҚазақша реалити-шоулар: жасандылық пен таптаурын

Қазақша реалити-шоулар: жасандылық пен таптаурын

Қазақша реалити-шоулар: жасандылық пен таптаурын

Социология және медианың аражігінде қалыптасқан «медиасоциология» деген ғылым бар. Аталған ғылым белгілі бір медиа-өнімді алып, соның әлеуметтік маңызы, ықпалы туралы зерттеу жүргізеді. Тіпті кейде зерттеу орталықтары қандай да бір әлеуметтік мәселені тәжірибе тұрғысынан талдау үшін осы ғылымға жүгіне отырып, телеарналарда арнайы реалити-шоулар ұйымдастырады. Кез келген медианың өнімі мынадай негізгі екі қызметі атқарады.
Біріншісі, қоғамда қалыптасқан белгілі бір түсініктерді, басым көзқарастарды қайта таратады немесе соған балама ұсынады.
Екіншісі, аудиторияға қандай да бір месседж әкеледі.
Бүгінгі қазақ телевидениесіндегі реалити шоуларға әлеуметтану ғылымы тұрғысынан баға берілмейді. Сол реалити-шоуды жасаушылар да сол телеөнімдерінің қоғам алдында қандай жауапкершілік арқалайтына қызықпайтын да сияқты.
Біздің телевизиядағы реалити-шоулар жоғарыда аталған екі қызметті толықтай дерлік атқарып отыр. Әйткенмен, соны қалай және қандай жолмен атқарып отырғанына кейінірек тоқталамыз.

Қазақша реалити-шоуларға тән ортақ кемшілік

Реалити-шоулар — 1990-2000 жылдар аралығында бөлек жанр ретінде шырқау шегіне жетіп, кеңінен танылды. Сол кезде әлемдік ең атақты шоулардың қатарында “Survivor”, “Idols”, “Big Brothers” болды.
Алдын ала дайындалатын сценарийден бас тартып, кәсіби өнер адамдарын қатыстырмай жасалатын реалити-шоулардың басты мақсаты – қарапайым адамдардың өмірін, не іс-әрекетін, мінез- құлқын бақылап, еш боямасыз көрсету болатын.
Көрерменді мейлінше қызықтыру үшін режиссер белгілі бір оқиғаларды алдын- ала дайындап, қатысушыларға жалпы тапсырма беретін. Бірақ дәл бүгінгі қазақ телевидениесіндегі реалити-шоулар сияқты қатысушылардың аузына сөзін салып, не істеу керегін түгел түсіндірмейтін, қатысушыға нақты бір рөл беріп, ойнатпайтын.
Бұған мысал – КТК телеарнасынан көрсетілетін «Қарапайым-Ханшайым» реалити-шоуы. Аталған шоуға қатысушылардың қала қызы ретінде ауылға, сондай-ақ, керісінше, яғни ауыл қызы ретінде қалаға әкеліп, жаңа ортаға тап болған сәтінен хабар беретін жалған эмоциялары экраннан өте ерсі көрінеді.
Түбі ауылда өскен қыздың қалада біраз өмір сүріп, сосын ауыл өміріне қайта оралғанда, құдды бір басқа планетадан келгендей шошып, ауыл тұрмысын алғаш көріп тұрғандай рөлге енуі – ақылға сыймайды, әсіре сілтеу екені анық байқалады.
Ал «Хабар» телеарнасының «Сені іздедім» реалити-шоуы басы бос, тұрмыс құрмаған қыз-жігіттердің танысуына жол ашатын оқиғаларға құрылған.
Шоу басталғанда ескертпестен, жұмыс орнына іздеп келген түсірілім тобына қатысушылардың реакциясына «бұл не ойын» деп еріксіз күлесіз де қоясыз. Себебі мұның барлығы да алдын ала дайындықпен жасалғанын анық байқайсыз. Қатысушылар ештеңеден хабарсыз кейіпке еніп, жатталған сөздерін айтады, мейлінше «шок болған» эмоция көрсетіп, камера алдында рөл ойнайды.
Егер мұндай алдын ала дайындалатын сахна түсіру керек болса, онда неліктен кәсіби актерлерді тартып, соларды қатыстырмайды екен? Бәлкім, сонда сенімді шығар ма еді? Ал актерлік қабілеті жоқ адамдарды қатыстырғанда, олардың рөлге енгені анық көрініп, бетке ұрып тұрады.
Қазіргі дәстүрлі медиамыздың үлкен тоқырауға ұшырауының бір себебі – мемлекет бақылауында қалып, аса жасандылыққа бой ұрып кетуінен де болып отыр.
Біздегі реалити-шоулардың басым бөлігі – ойын-сауық бағытындағы тақырыптарға құрылған. Мұндайда жасандылыққа ұрынудың қажеті не? Бүгінгі телеэкраннан қарапайым адамдардың шынайын дауысын, риясыз күлкісін есту де біржолата жоғалғанға ұқсайды.
Мұны қалай бағалаймыз? Ішкі цензура мен ішкі комплектен келіп, әбден жасандылық жайлаған қазақ телевидениесінде жай қарапайым шынайылыққа құрылған жанрға кәсіби тұрғыдан қарау жоғалды.

Бүгінгі қазақ телевидениесіндегі телешоулар, соның ішінде реалити-шоулардың барлығы дерлік — көшірме. Мұндайда «неге көшіреді» дегеннен бұрын «нені көшіреді», «неге дәл соны көшіреді» деген сауал туындайды.
Қазақстан жұртына өте танымал шоулар, атап айтқанда, «Сені іздедім», «Әкеме қалыңдық», «Қарапайым-Ханшайым», «Қалаулым», «Кел, келінім» және тағы сол сияқты той-шоулар кәдімгі «Love Island USA», “Temptation Island”, «Холостяк», «Женись на мне» жобаларының көшірмесі.

Міне, осы тұста ағылшын не орыс тіліндегі аудиториялар жиі көретін топ үздік реалити-шоулардың тізімін қарасаңыз, онда о тізімнен тек қыз-жігіт туралы шоуларды көрмейсіз. Шетелдік рейтингтердегі топ реалити-шоулар тізімінен көптеген интеллектуалды шоуларды, кәсіби мамандарға арналған: туризм, тамақтану, спорт тақырыптарындағы реалити-шоуларды табасыз.
Ал біздің телевидение көбіне-көп той тақырыбындағы шоуларға аса қатты қызығады.
Тұлғаның іскерлік, интеллектуалды тұрғыдан дамуына құрылған, кәсіби қабілеттері сыналатын «Кандидат», «Время Миллионеров», «Apprentice» сияқты тележобалардың қазақы нұсқасы жоқ.
Өткен жылдың басында YouTube видеохостингінде аталған бағыттағы «Основатели» атты жобаның басталғаны туралы шағын видеолар көруге болады. Әйткенмен, бұл жоба ешбір телеарнада көрсетілмеді, толық жүрзеге асырылды ма, жоқ па, о жағы да белгісіз. Еш ақпарат жоқ.

Сонымен, қазақ телевидениесіндегі реалити-шоуларда мұндай жағдайдың қалыптасуына не себеп? Телеарналардың жауабы дайын: ол – аудиторияның белгілі критерийлер негізінде анықталған сұранысы осы.

Бастапқы шындықтың дербес көшірмесі

Бұл мәселеге тереңірек бойлау үшін, мақаламыздың басында айтылған «көшірме» сөзін медианың философиясы тұрғысынан қарастырайық.
Әлеуметтанушы әрі мәдениеттанушы Жан Бодрийяр өзінің «Симулякрлар және симуляция» (Simulacres et Simulation) атты ғылыми еңбегінде қазіргі өміріміз, біз өмір сүріп отырған қоғам мен мәдениеттің барлық түрі – шындықтың тек симуляцияға ұшыраған нұсқасы екенін, яғни белгілер мен таңбалар негізінде жүріп жатқаны туралы ойды алға тартады
Симулакрум туралы ең алғаш рет пікір айтқан Платон «көшірме» ұғымына «репродукция», «репрезентация» деген анықтама береді. Демек, Платонның айтуында, «көшірме» дегеніміз – қайта көшіру немесе қайта өндіру.
Бұл теорияны ортағасырлық және Қайта өрлеу дәуіріндегі бейнелеу өнерінде кездесетін құдай, періште, әулиелелер туралы картиналарды талдауда қолданды.
Демек бір шындық туралы ой адамның өз бойынан өтіп, бірақ сол бастапқы шындық қалпында қайта туады.
Ал постмодернистік француз ойшылы Жан Бодрийяр көшірме ұғымын бұлай түсіндіруге мүлде қарсы шықты. Оның пікірінше, көшірменің жаңаша, дербес қалыптасқан шындығы болады әрі ол бастапқы түпнұсқадағы шындықтан мүлде басқа болуы мүмкін. Демек, көшірме де бастапқы шындығынан шығып, өзінше бөлек, жаңа бір мәнге ие бола алады.
Меніңше, қазіргі қазақ телевидениесі тақырып таңдағанда, оны жеткізгенде осы жаңа заман ойшылдарының теориясынан гөрі, ежелгі грек ойшылдарының түсінігі шеңберінде көбірек жұмыс істейтін сияқты.
Мұндай түйің жасауымызға себеп – олар «аудитория сұранысы» деген сылтауды көп айтып, дәстүрлі қоғамның адамзат өркениеті құндылықтарына мүлдем сәйкес келмейтін көзқарастары мен түсініктерін қайта өндіріп, көрерменге ұсынады. Қазіргі қоғамда сол бастапқы шындықтың баламасын ұсынып, жаңа бір шындықты қалыптастыруға ұмтылыс мүлдем байқалмайды.

«Әкеме қалыңдық» реалити-шоуының ерекшелігі?

Жоғарыда аталған реалити-шоулардың ішінде «Әкеме қалыңдық» тележобасын бөлек алып қарастыруға болады.
Бұл шоу қыз-жігіт қарым-қатынасына емес, керісінше, балалары бар, бірақ ажырасқан жалғызбасты кісілердің өздеріне серік іздеуіне құрылған.
Бұл жобаның экранға шығуын әлемдік телевидение тарихындағы мына уақытпен салыстыруға болады: АҚШ-та 60-жылдары азаматтық құқық, теңдік сияқты ұғымдар тек көшедегі қозғалыстарда ғана айтылып ғана қоймай, экранда көрсетіліп, өнердің кез келген түрінде көрініс тауып жатты. Сол кезге дейін АҚШ телевидениесі тек ядролық қару мен толыққанды дәстүрлі отбасы бейнесін дәріптейтін. Кейін экрандағы отбасы образы тұтас өзгеріске ұшырады. Бірте-бірте телеэкранда жаңа және түрлі отбаслыардың бейнесі көрсетіле бастады.
Міне, сол сияқты «Әкеме қалыңдық» жобасының да басқалардан ерекшелігі — дәстүрлі емес отбасылық өмірді телеэкранға шығарды. Ең өкініштісі, сыртқы формасы өзгергенімен, ішкі мазмұны бәз-баяғы қалпында. Бұл шоуда да басқа қазақстандық реалити-шоулар сияқты әйел бейнесі сынға түседі, сыналатын негізгі объект – әйел бейнесі болады. Қатысушылардан бастап түсірім тобы да, көрермендер де сол әйелдің әр қадамын, бар әрекетін бақылауға алады.

Не істемек керек?

Реалити-шоулардың жанрлық ерекшелігі – классикалық үлгідегі студия қағидаларынан шығып, шоуға көрерменді қатыстыру. Демек, телеэкран алдында отырған кез келген адам сол эфирдегі қатысушының орнында өзі де бола алатына сенеді. Себебі, көз алдында отырғандардың ешбірі де жұлдыз емес, танымал өнер адамы емес, бәрі де өзі сияқты қарапайым адам. Міне, сондықтан да реалити-шоулардағы тақырыпқа не әрекеттерге көрерменнің қатысуға ынтасы жоғары болады.
Осы бағдарламалар арқылы жететін идея да, көзқарастар да көрерменге мейлінше өтімді болады. Мұның барлығы жаңа приоритеттер қалыптастыруда өте үлкен күшке ие, деген қорытынды жасауға болады.
Бүгінгі дәстүрлі түсініктерді еш өзгеріссіз, қаз-қалпында қайта өндіріп беруден аспай отырған телевидениемізге ендігі жерде азаматтық қоғам құндылықтарын балама жол ретінде ұсынатын, көрермендерді жаңа түсініктерге дайындайтын жауапкершілікті сезінетін уақыт жетті.

превью сурет «Хабар» телеарнасының

«Сені іздедім» бағдарламасынан скрин

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР