ДомойМедиасынКоронавирус, Помпео, қалың қар. 27 қаңтар - 2 ақпан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Коронавирус, Помпео, қалың қар. 27 қаңтар — 2 ақпан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Коронавирус, Помпео, қалың қар. 27 қаңтар — 2 ақпан қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Өткен аптаның басты тақырыбы – алғаш Қытайда тіркеліп, әлемге таралған коронавирус инфекциясы болды. «Хабар» телеарнасының апталық-қорытынды бағдарламасы да эфирін коронавирустан бастады. QAZAQSTAN телеарнасының Apta бағдарламасы ғана Қазақстан президентінің қызметін коронавирустан да маңызды санады.

Сондай-ақ, барлық телеарна дерлік Қазақстанның солтүстігіндегі қалың қар түсуіне назар аударды. Бұған қоса, КТК телеарнасының басқасы АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға келуі мен президенттің БАӘ-іне ресми сапарын көрсетті.

Телеарналардың апталық бағдарламада айтылған тақырыптар ауқымы әралуан болды. Кезекті мектеп реформасынан басталып, түрмедегі азаптауларға дейін жалғасты. Сонымен дәстүрлі мониторингімізде КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық-қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Қазақстан Қытайдың коронавирусты инфекциямен күресіне көмектесуге дайын және өз азаматтарын инфекция ошағынан эвакуациялап жатыр. «Большие новости» бағдарламасының басты тақырыбы осы. Журналистер бағдарламаның алғашқы минуттарынан Денсаулық сақтау министрлігін «түйреп өтті»: Елжан Біртановтың ведомствосы күн сайын брифинг өткізеді ,бірақ тілшілердің сұрақ қоюына рұқсат етпейді. Анық ақпараттың жоқтығынан мессенджерлерде фейк тарап жатыр. Полицияның сондай фейк-ақпаратқа қарсы реакциясы да түсініксіз. Бағдарламада айтылған «Денсаулық сақтау министрлігі журналистерге тыңғылықты жауап бергені дұрыс еді» деген ой да әбден қисынға саяды.

Коронавирус туралы арнайы репортаждағы графикада, ұсақ-түйек болып көрінсе де, мейлінше көзге ұрып тұратын бір қате бар. КТК журналистері «Таиланд» (бағдарлама орыс тілінде шығады – ред.) сөзінің қалай дұрыс жазылатынын білуі керек еді. Дегенмен, білмейді екен. Мұндай ұсақ-түйек кез келген БАҚ-тың имиджіне теріс әсер етеді.

Репортаж мазмұнына айтар сын жоқ. Әйткенмен, түсініксіз бір жайт: біздің дәрігерлер коронавирусты анықтай ала ма, әлде басқа барлық вирусты анықтай білгендіктен де «Қазақстанда әзірге коронавирусты инфекция жұқтырғандар жоқ» деген қорытынды жасай ма? Осы тұста Ресейдегі жағдайды баяндап, көршілес елдің ғалымдары коронавирусты 3-4 сағатта анықтайтынын анық айтты.

«Больше деталей» айдарының тақырыбы да өте маңызды: зейнетақы қорындағы жинағын кімдер мерзімінен бұрын шешіп алады? Арнайы жұмыс тобы осы жобаны қарастырып, түрлі нұсқалар ұсынып жатыр. Дегенмен, олардың ұсынған нұсқалары көпшіліктің көңілінен шықпады. Мұнда да бір олқылық бар. Журналистер Қазақстанда оқу ақысы 150 мың теңгеден басталатынын айтады. Бұл айына ма, жылына ма? Мұны өзіміз анықтап аламыз.

Жалпы бұл айдарда баланс сақтау тұрғысынан біраз кемшілік бар. Азаматтарға зейнетақы қорындағы қаржысын білім алуға жұмсауы үшін 2 пайыз үстемемен несиеге алуды ұсынуы мүмкін. Бұған жұртшылық разы емес. Неліктен?
Бір экономист осы сауал төңірегінде жүйе азаматтарға қарсы жұмыс істеп жатқанын, (дегенмен, оларға басқа да нұсқаларын ұсыныпты, пайызы да аз) ал БЖЗҚ-да бір былық болуы мүмкін екенін айтты. Абсолют дәлелсіз мәлімдеме. Әрмен қарай жүргізуші Юлия Яскевич: «адамдар мемлекетке сенбегендіктен, өз салымдарын алғысы келеді» деді.

Солай болсын делік. Әйткенмен, сол азаматтар кейін қартайып, зейнет жасына жеткенде «қордағы ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алуға рұқсат еткен мемлекетті» кінәлап, өмір сүруіне қажет ақшадан айырылғанын айтуы мүмкін екенін де еске салғанда болар еді. Бұл дегеніміз – зейнетақы жинақтары ғой. Дұрысында, мемлекет – кепіл болғандықтан да, бұл ақшаға ешкімді жолатпауы керек. Бағдарламада мәселенің бұл жағын ұмытып кетті. Осылайша, «Больше деталей» айдарында «мемлекет — айлакер және ештеңе ұсына алмады» деген сыңайда көрініп қалды. БЖЗҚ төңірегіндегі дау-дамай айтылмады.

Қазақстанның солтүстігін қар басып қалғаны, Білім және ғылым министрлігінің оқушыларға 100-баллдық өлшеммен баға қою ұсынысы туралы сюжеттер толымды шығып, баланс сақталыпты. Ауа райы мен білім — тәжірибелі журналист көзін жұмып жүріп-ақ жақсы материал жасайтын тақырыптарға жатады.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

Бұл аптадағы «Аналитика» — дайджест стилінде шықты. Коронавирус, мектептегі реформалар, қар басып қалу мен адамдарды құтқару. Қытайда басталып, әлемге таралып жатқан коронавирус туралы материалда түрлі өсек-аяңға қарсы күреске мән беріпті.

Мектептегі реформалар туралы материалда Тараз қаласындағы мектеп әжетханасында оқушы қызды зорлау оқиғасын айтты. Енді мектептердегі бейнебақылау камераларының жазбасын білім мекемесінде емес, бірыңғай орталықта сақтауды ұсынып жатыр.

Қазақстанда қалың қарға байланысты туындаған төтенше жағдай туралы сюжетте жұртшылықтың түсіріп, таратқан видеоларын ұтымды пайдаланған. Ақтау қаласында қар жауғанына қуанған тұрғынның видеосын, басқа өңірлердің өздерігі жауған қарды ақтаулықтарға алып кетуді ұсынған кадрларын, қар астынан құтқарылғандардың  сәті түсірілген видеоларды жинапты. Коммуналшылардың жұмыс сапасына қатысты туындаған сауалдарды тек материал соңында ғана жалпылама сөзбен айтып өтті. Түсірім тобы астанаға жақын маңдағы Талапкер ауылына барыпты. Бұл ауылда биіктігі 2-3 метр қар жауып, ауыл тұрғындары үйінен шығудан қалып, жұмысқа жете алмаған. Ауылдағы мұндай жағдайға кімдер кінәлі? Сюжетте бұл сұрақты ешкім қоймады, оған жауап та болмады.

Синтетикалық есірткімен күрес туралы материал сәтті аналогиядан басталады. Жолда жүйткіген болидті күретамырға құйылған есірткімен салыстырады. Тамырға түскен есірткі асқан жылдамдықпен бүкіл ағзаның жұмысын бұзады. Материалда қызық стендап бар. Корреспондент қабырғаға жарнаманы қалай салатынын көрсетіп, камера объективін де бояйды. Бұл элементтер есірткі таратумен күрес заңнамасындағы өзгерістердің есте сақтап қалуға көмектеседі.

Вирустарды және олардың қалай «әрекет ететінін» зерттейтін сюжет «Вирустарға арналған тәж» деп аталады. Неліктен «тәж»? Өйткені, вирустар – планетамыздың нағыз қожайындары. Тақырыпты осылай түсіндірді. Сюжетте XX және XXI ғасырдың ең ірі эпидемиялары: испан тұмауынан бастап құс тұмауы мен шошқа тұмауына дейін түрлі ақпарат, бұл аурулардың Қазақстанға қалай әсер еткені жайында мәлімет бар. Материалда цифрлар да жетерлік, бірақ барлық санды үйіп-төкпей, рет-ретімен ұсынды. Осылайша, цифрларды қабылдау жеңілдейді. Тосын көрінген бір жайт – сюжетте «антибиотиктер дәуірі аяқталды» деген сөйлем бар (антибиотиктерді жөн-жосықсыз тұтынамыз, сондықтан еш әсер етпейді), алайда сарапшылардың бірі антибиотиктердің вирусқа мүлдем әсері жоғын айтады. Онда антибиотиктердің қатысы қанша?

«7 күн», «Хабар»

«Хабар» телеарнасының да басты тақырыбы – президенттер емес, коронавирустар болды. Материалда өткен аптадағы ескі ақпаратты да (мысалы, бұл инфекция тағам не жолданған заттардан жұқпайды) берді, жаңа ақпаратты да (Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар әзірге жоқ) да қосты.

Осылайша басты тақырыпты жауып, президенттерге ауысты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның келіссөздеріне бөлек сюжет арнады. Материалда елең еткізер ақпарат жоқ, жалпы сюжеттің де не үшін жасалғаны соңында мәлім болды: Помпео «Хабар» телеарнасына эксклюзив сұхбат беріпті.

Президент Тоқаевтың БАӘ-іне ресми сапарына арналған материал кадр тұрғысынан әдемі шыққан. Әдемі кадрлардан бөлек, көптеген қызық ақпарат бар. Қазақстандық делегацияны күтіп алған зәулім сарай және екі ел бірігіп жүзеге асыратын нақты жобалар туралы айтты. Кадрде тек шенеуніктер ғана емес, сонымен қатар араб бизнесмендері де сөйледі.

Әрмен қарай бағдарлама коронавирус тақырыбына қайта оралып, сюжетпен жалғасты. Жақсы сюжет шыққан. Сюжетте бұл аурудың диагнозын қалай қоятынын айтқан қытай дәрігерлері де сөйлейді. «Хабар» журналистері елде медициналық бетперде тапшылығы жоқ екенін айтады (бұған Денсаулық сақтау министрлігі сендіреді). Әйткенмен, КТК телеарнасына сенсек, олардың журналистері дәріхана аралап, тексерді. Тапшылық бар: кейбір дәріханаларда таусылған, кейбірінде бір адамға көбі 10 дана ғана сатады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жемқорлық туралы сюжетте баланс сақталып, толымды жасалыпты. Автор барлық тарапты сөйлетті. Сарапшылар Қазақстанның неліктен мал экспортына тыйым салғанын түсіндірді. Барлық стандарт сақталған, бірақ сюжет қызықсыз. Тілші стандартқа сай сюжет жасай алса, демек назар аудартып, баурап алатын деталдар қосуды үйренеді.

«Қарызға берілген өмір» («Жизнь в долг» — түпнұсқа атауы) сюжеті – тұтынушылық несие тақырыбын қозғайды. Тұтынушылық несиенің жаңа ережелері туралы Несие бюросының атқарушы директоры айтып берді. Мемлекеттің азаматтарға несиесін жабуға көмектесуі олардың енді қайтадан несие ала алмайтынын білдірмейді, тек несие беру шарттары қатаңдатылады. Сарапшылар, қаржы аналитигі адамдардың неліктен несие алатынын талқылады. Жұртшылық арасында сауалнама жүргізді. Олар несие алып, қарызға батқанын айтады. Сарапшы-психолог жағдайға тың баға беріп, «сізге несие алу қажет не қажет емесін қалай анықтауға болатыны» туралы кеңес береді. Өте қажет ақпарат. Жалпы сюжет пайдалы да қызық жасалған.

Бағдарлама Майк Помпеоның эксклюзив сұхбатымен аяқталды. Сұхбат алған журналистің ағылшын тілінде еркін сөйлеп, жақсы-жақсы сұрақтар қойғаны қуантты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta авторлары АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға сапарын аптаның басты тақырыбы етті. Жүргізуші Жайна Сламбек америкалық қонақ кіммен кездескенін тез-тез тізіп шығып, соңында оның өзіне сөз берді. Помпео Тоқаевтың экономикалық және саяси реформаларын қолдайтындарын айтты.

Авторлар мұндай жоғары деңгейдегі шенеуніктің сапары туралы ақпараттарды мейлінше құрғақ баяндады, және сарапшы-саясаттанушылардың комментарийі болмады (бұл тақырып коронавирустан да маңызды болған екен, демек неліктен маңызды екенін сарапшының айтуында түсіндіргенде болар еді). Шынында, жүргізуші  «Кейбір сарапшылар АҚШ-тың Орталық Азияға ықпалы Ресей мен Қытайдың ықпалына жетпейді, дегенмен, қарым-қатынастардың барынша терең болғанына олар да, біз де аса мән береміз, әрине» деп айтып өтті. Ол сарапшылар кім екені, қайдан екенін ашып айтпады.

Келесі тақырып та коронавирустан маңызды боп шығып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарына арналды. EXPO-2020 халықаралық көрмесі Дубайда өтеді. Көрмеге Қазақстан да қатысады. Материал авторы ел бюджетінен осы көрмеге қатысуға неше теңге бөлінгенін айтпады, бірақ біздің павильон қандай болатыны туралы ұзақ синхрон көрсетті.

Өткен жылдың желтоқсанында Қазақстанның EXPO-2020 көрмесіне қатысуға 9 млрд теңге жұмсайтыны туралы ақпарат шығып, бұл қоғамды қызу талқыланды. Содан бері бұл сома өзгерді ме, әлде со күйі қалды ма, мұның ешбірі сюжетте айтылмады. Сюжет корреспонденттің «Бақылаушылар жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан президенттің сапары жемісті болғанын айтады» деген сөйлемімен түйінделді. Ол қандай бақылаушылар, неліктен олар мұны камераға айтпады екен? Бұл да жұмбақ.

Үшінші материал басқа телеарналардың басты тақырыбына айналған – коронавирус болды. Ухань қаласындағы қазақстандықтар эвакуацияланды. Сюжеттегі пайдалы да қызық ақпарат – ел аумағына вирустың өтпеуі үшін Қазақстан тарапынан не жасалып жатқанын көрсету. Тілші бірнеше стендап жасап, тіпті тепловизормен қалай тексеретінін де көрсетті. Арнайы қорғаныш киімін киіп те сөйледі. Соңында: кез келген вирус иммунитеті әлсіз адамдарға үйір келетінін, сондықтан салауатты өмір салтын ұстауға кеңес берді. Аурудың алдын алудың ең оңтайлы да тиімді тәсілі осы болып отыр екен.

Семей өңіріндегі ядролық сынақ полигоны маңайындағы өмір сүріп жатқан тұрғындар аз жәрдемақы алады, оларға мемлекет қолдауы қажет. Осы тақырып төңірегіндегі сюжет эмоционалды әрі түрлі ақпарға толы жасалыпты. Жалғыз сұрақ: президент Семей өңіріндегі жұртшылыққа көмектесуді тапсырды, бірақ үкімет үнсіз отыр. Неліктен үнсіз, осы сауалға жауап болмады.

Оралдағы қатаң режимдегі түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан 246 азамат азаптауларға ұшырағанын айтып, видео жариялады. Сюжетте сол видеодан үзінділер, жазасын өтеушілердің туыстары, құқыққорғаушылар, прокуратура қызметкерлерінің комментарийі бар. Алайда журналистің сол түзету мекемесіне барғаны, түрме басшылығынан пікір алғаны не пікір алуға әрекет еткені жоқ. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінен де пікір жоқ.

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық-қорытынды ТВ-бағдарламаларына мониторингін тұрақты жүргізеді және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР