ДомойМедиасынМедиадағы бала бейнесі. Bir toqsan сериалы мысалында

Медиадағы бала бейнесі. Bir toqsan сериалы мысалында

Медиадағы бала бейнесі. Bir toqsan сериалы мысалында

Бала құқығы және медиа-этика тақырыбының жиі талқыға түсінен болса керек, соңғы кезде БАҚ-та бала бейнесінің қорғалуына ұқыпты қарай бастады. Әйткенмен, кейбір ток-шоулар әлеуметтік мәселенің құрбанына айналған бала бейнесін көрсетуде ештеңеден тайынбайды, тіпті ойланбайды. Себеп біреу – оларға шоу керек. Ал мектеп оқушысы, жасөспірімдер тақырыбындағы отандық телесериалдар бала бейнесінің қалыптасуына қандай қарым-қатынас жасап отыр? GAKKU TV телеарнасының Bir toqsan телесериалы арқылы осы мәселенің мән-жайына тереңірек үңіліп көрелік.

Z ұрпағының бет-бейнесі

GAKKU TV телеарнасының YouTube парағында жарияланған Bir toqsan сериалының бірінші эпизоды 2,5 млн көрсетілім жинап, әп сәтте көрерменін тапты.
Бұл сериалға сын айтпас бұрын, ерекшеліктері мен артықшылықтарына тоқталайық.
Сериал жастар аудиториясына арналған. Заманауи әзіл-қалжың, виртуал әлем, инстаграм шеңберінде ойлау, интернеттегі мінез, бар дүниені экран арқылы қабылдау сияқты өзгерістер уақытында өмір сүріп жатқан Z ұрпағының бейнесін өте жақсы көрсеткен.
Тез ауысатын ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатқан ұрпақ, сөз жоқ, интернет әкелген еркіндік технологияларының ықпалында жаңа құндылықтарды қалыптастырып жатқаны анық. Бұл құндылықтардың жақсы не жаман екеніне жауап бере алмаймыз. Дегенмен кешегі Қожаны оқытқан мектеп пен бүгінгі мектепті салыстыруға келмейді. Кешегі сыныпта тәртіпсіз бір ғана Қожа болса, бүгінгі Bir toqsan сериалында сыныптың бәрі – Қожа, яғни, Қожалар сыныбы.
Сериалдан бүгінгі мектеп оқушысының кешегі тәртіпке, кешегі дәстүрлі мұғалім мен оқушы принципіне сүйенген оқыту жүйесіне мүлдем бағынғысы келмейтінін бірден түсінесіз. Мұнда тәуелсіз, еркін, батыл, сенімді бала бейнесін көресіз. Олар шындығында мектептің ескі басқару тәртібін мойындамайды, жаңа жолды, өзгерісті талап етеді. Әйткенмен, ол «бала» болғандықтан да ештеңені өзгерте алмайды. Мәселе осы тұста басталады.
Бұл телесериал қазіргі жасөспірімдердің өте талапшыл образын жасағанымен де түптен келгенде кәдімгі дәстүрлі қоғамдағы балаға деген түсінікті бәрібір жеңе алмайды. Біздің қоғамда бала әлі де сол бәз баяғы орнында, яғни тек тыңдаушы, әлсіз, тәуелсіз әрекет етуге қауқарсыз, өз ойын білдіре алмайтын образда қалып қояды.

Бала бейнесі тыңдаушы рөлінен аса алмай отыр

Bir toqsan сериалындағы 11 сынып оқушыларына сынып жетекшісі тұрақтамайды. Атышулы сынып әдеттегідей тағы бір «қадірлі» мұғалімді ауруханадан бір-ақ шығарады. Ауруханаға түскен мұғалімнің шетелде оқу бітіріп келген баласы жас маман ретінде осы мектепке және анасының кегін алу үшін дәл сол сыныпқа мұғалім боп келеді. Кейінгі бар конфликт жас мұғалім мен оқушылар арасында өрбиді.
Басқа оқытушылармен салыстырғанда балалардың тілін таба білген жас мұғалім ақыр соңында балалармен достасады. Бір тоқсанға жалғасқан кек алу операциясы аяқталады. Жас мұғалім мектепті қимай, сонда жұмысқа қалады.
Сюжеттен байқағанымыздай, оқушылар тәртіпке түсе бастайды, яғни әуелде басқаша тәртіпке талпынған бала бейнесі өз дегеніне жете алмайды. Бәз баяғы «тыңдаушы», «әлсіз тарап» күйіне қайта түседі.
Бұл қазіргі телевидение, жалпы медианың бала образын қалыптастыруда сол баяғы дәстүрлі түсініктерге сүйеніп, содан арыла алмай отырғанын білдіреді.
Дәлірегі бала өз ойын айтуға құлықсыз, белсенді емес, өйткені, қоғам оны тыңдамайды, тыңдаған күнде де бала болғандықтан оның көзқарасын маңызды санамайды.
Bir toqsan сериалы арқылы бүгінгі бала бейнесін көре аласыз, бірақ ақыр соңында тағы да шарасыз күйде қалады.
Егер мектеп тынысы, оқушылар өмірі туралы әлемдік үздік сериалдарды қарап шықсаңыз, онда сондағы оқушылар қоғамның жанды мүшесі екенін, әлеуметтік мәселелердің бел ортасында ересектермен бірге жүретінін көресіз.
Олар ерікті түрде шешім қабылдайды, көзқарастары бағаланады, ата-ана, мектептегі ұстаздары, жалпы айнала қоршаған ортасымен емін-еркін диалог құра алады. Айналасында боп жатқан түрлі қоғамдық мәселеге өз реакциясын білдіреді.

Жасөспірімдер суицидінің және бір себебі

Бала үнінің естілмеуі, еленбеуі – тағы бір жағынан мәселенің екінші ұшы – жасөспірімдер суицидіне әкеледі. Баланың қоғамдағы орны оның психологиясына әсер етеді, өйткені балалар арасындағы суицидтің басым бөлігіне айналасынан төнген психологиялық қысым себеп болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстандағы жалпы суицидтің 51%-і 15-24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар үлесіне тиесілі. Бұл басқа жас мөлшерімен салыстырғанда әлдеқайда көп көрсеткіш. Демек өз-өзіне қол жұмсайтындардың басым бөлігі – жасөспірімдер, жастар болып отыр.
Балалар арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың негізгі факторы саналатын балалар арасындағы зорлық-зомбылық, қорлау әрекеттері Bir toqsan сериалында анық көрсетілмесе де көріністері бар. Және бұл өте бір табиғи, қалыпты жағдай ретінде көрсетіледі. Себебі біздің қоғам оны солай қабылдайды.

2017 жылы жасөспірімдер суицидінің себебін іздейтін «Мәселенің он үш себебі» (13 Reason Why) атты америкалық телесериал шықты.
Сериал желісінде аяқ асты өз-өзіне қол жұмсаған оқушы қыздың неліктен суицидке барғанын досы анықтауға тырысады. Көрермен қыздың өліміне айналасындағылардың қатысы бар екенін түсінеді.
Жасөспірімдер суициді өте көп болатын елдер қатарына жататын АҚШ мемлекеті қоғамдағы осы жағдайдың себебін түсіну үшін салмақты түрде жауап іздеді. Мұнда бұған ең алдымен медиа үлес қосып отыр.
Ал біздің медиа бұл тақырыпты мейлінше сыпайылап, тіпті жасырып келеді.
Осы тұста GAKKU TV телеарнасында Тимур Балымбетовтың «Если честно…» атты өте тамаша авторлық бағдарламасы бар. Сол бағдарламаның 2019 жылғы желтоқсан айындағы эфирінде Тимур Балымбетовтың Светлана Богатыревамен «Ваш ребенок защищен?» атты жақсы сұхбаты шықты.
Соңғы жылдары медиамызда осы тақырып туралды айтып, талқылай бастады. Байқағанымыздай, ашық қозғап, сынауға әлі де қоғам дайын емес сияқты.

Әйел құқығына қырын қарайды

Енді Bir toqsan сериалынан әйел құқығына теріс әсер ететін сәттеріне мысал келтірейік.
Сериалдың 3-эпизодында «Зарина, басыңды көтер, ештеңе етпейді, біздің елде, жалпы осы аймақта әйел адамдарға үлкен қысым көрсетіледі. Ақылдысың ғой, күлші енді. Мен саған за улыбку бес қоям» деген диалог айтылады. (Bir toqsan сериалы, 3 эпизод, 16:14-16:25).


Бұл мұғалімнің оқушы қызға айтқан сөзі. Оқу үлгерімі жақсы, әрі сондай тәртіпті Заринаның бетіне кеше доп тиіп кеткен еді. Бұл жағдай абайсызда болғаны себепті допты лақтырған Арман Заринадан кешірім сұрамады.
Біздегі телесериалдар әйел құқығын ашықтан ашық бұзып, тіпті сондай зорлық-зомбылыққа төзімділік танытуға шақыратын, оның әрмен қарай жалғасуын дәріптейтін этикаға мүлдем жат әрекеттерді көрсетуді қашан доғарады?

Сериалдағы мұндай өрескел сәттен бір мұнымен бітпейді.
9-эпизодта «Менің ойымша, әрбір қыз баласының міндеті, өмірге келген басты мақсаты: ол – отбасын құру, ана атану деп ойлаймын. Мен де сол сияқты, менің өмірдегі басты мақсатым адал жар болып, өмірге балалар әкеліп, ана болғым келеді…» деп айтады. (Bir toqsan сериалы, 9 эпизод, 21:15- 22:13)
Бұл жоғарыда аталған Зарина деген кейіпкердің айтқаны. Ол енді жай ғана бала емес, болашақ анаға айналып кетеді.
Көріп тұрғаныңыздай, бұл сөздерді басқа-басқа, дәл сол үлгілі оқушы, болашағынан үміт күттіріп отырған оқушы қызымыз айтады. Мұндағы мәселе – осы ойдың дұрыс не бұрыс екенінде емес, бар мәселе – дәл бұл сөзді оқу үлгерімі өте жақсы оқушы қызға айтқызу – режиссердің өз көзқарасын кейіпкер аузына салып бергенімен бірдей болып отыр.
Білім қуған қыз баласының да негізгі мақсат-міндетін, болашағын тек отбасылық өмірмен байланыстыруы – таза адамның мүмкіндіктеріне күдікпен қарауға жатады. Мұны «сериалды жасаушы шығармашылық топтың жеке көзқарастарының сериалға араласуы» деп бағалар едім.

Бүгінгі білім жүйесіне әжуа

Бала бейнесі, баланың қоғамдағы рөлі мәселелеріне қарамастан, бұл сериал қазіргі мектептегі білім жүйесі мен тестілеуді өте жақсы әжуалайды. Оқушыға дұрыс жауап беруді емес, тестілеу кезінде қалай көшіру керегін үйрететін мектеп жүйесін ашық көрсетеді. Сонымен қатар, құр жаттан білімнің ешқандай нәтиже бермейтінін ұтымды жеткізеді. Сеиалда білім берудің балама тәсілдері жақсы көрініс табады.

Түйіндей келгенде, бүгінгі телевидениеміз қоғамдағы әлсіз топқа жататын – бала, әйел бейнесін экранға шығарғанда ерекше жауапкершілікті сезінбей отыр. Жауапкершілікті сезінбесе, онда адам құны бағаланатын елге айнала алмайтынымыз анық.

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР