ДомойМедиасынМасаншы, қара қар және «Паразиттер». 10-16 ақпан қорытынды ТВ бағдарламаларына шолу

Масаншы, қара қар және «Паразиттер». 10-16 ақпан қорытынды ТВ бағдарламаларына шолу

Масаншы, қара қар және «Паразиттер». 10-16 ақпан қорытынды ТВ бағдарламаларына шолу

Бұл аптада Қазақстанда ірі апаттар болмады. Сондықтан болса керек, апталық қорытынды бағдарламалардың көбі Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданындағы Масаншы ауылының қазіргі жағдайын көрсетті. Мұнда өткен аптада жаппай қақтығыс болған еді. Шу басылған соң мемлекет шығындарды есептеуге кірісті. Журналистер жергілікті тұрғындармен сөйлесті. Ресми түрде «тұрмыстық қақтығыс» деп баға берілгенімен, билік ұлтаралық достық туралы көп айтып жатыр.

Апталық бағдарламаларда түрлі тақырыптарға эксклюзивтер шықты: несиеге белшесінен батып қалудан бастап студенттер үйінің адам шошырлық күйін де, Теміртаудың экологиялық мәселесі мен қазақстандық кедей отбасылардың өмірін (неге екенін, олардың жай-күйіне «Оскар» сыйлығын алған «Паразиттер» фильмі негізінде назар аударды) көрсетті. Мониторингімізге КТК, «Еуразия бірінші арнасы», «Хабар» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Бағдарлама Қордай ауданындағы қақтығыс оқиғасы туралы жаңалықтан басталды. «Елдімекендер қалпына келтіріліп жатыр». Журналистер 185 адам жапа шегіп, 39 үй жанып кеткенін айтты. Полицейлер жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 25 қылмыстық іс қозғапты. Бағдарлама авторлары қозғалған істер қатарында ұлтаралық араздықты қоздыру бабы жоқ екенін айтады. Министр Дәурен Абаевтың «Билік кінәлілерді қазақтар мен дүнгендерге бөлмейді» деген дәйексөзін келтірді. ІІМ күдіктілердің нақты санын айтпады.

КТК тілшілері апта бойына Қордайда болып, сюжет жасапты. Жергілікті тұрғындармен: куәгерлер, зардап шеккендер, көз жұмғандардың туған-туыстарымен сөйлесті. Шамамен, қақтығыстың басталуына себеп болуы мүмкін оқиғаны (негізінен, осы оқиғаға қатысушылардың бірінің синхроны арқылы) айтты. Сюжет түрлі ақпаратқа толы және мейлінше бейтарап жасалған.

Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын бастады. Алайда адамдар шын мәнісінде барлығы алдын уәде етілгендей жақсы болмай отырғанын айтады: емханаларда қажет мамандар жоқ, тегін процедураларға ұзын-сонар кезек, тіпті айлап кезекте тұруға тура келеді. Нәтижесінде, адамдар екі рет шығындалады: сақтандыру жарнасын аударады және тегін болуы міндетті қызметтердің ақысын төлейді. Медсақтандыру қоры 1406 нөміріне хабарласып, қызметақысын төлеуге мәжбүрлеген емханаларды атап көрсетіп, шағымдануға болатынын айтады. Ал жұртшылықтың сөзінше, тіпті дәрігерлер де қай қызметтің тегін, қай қызметтің ақылы екенін білмейді.

АҚШ азаматтығын алғалы жатқан бұрынғы қазақстандық Питер Жмутский Америкада медсақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейтінін айтып берді. Ұғынықты әрі толымды сюжет. КТК журналистерінің өздері де бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін (теория жүзінде қалай болуы керегін) енді түсініп, Медсақтандыру қоры басшылығының көмегімен бізге түсіндірді.

«Больше деталей» айдарының тақырыбы – қазақстандық студенттер үйінің жағдайы. Айдар жүргізушісі Юлия Яскевич сөзін «Мұнда студенттер өмір сүрмейді, тек ілдәлап күнелтеді» деп бастады. Nur Otan партиясының жастар қанаты – жасотандықтар жатақханаларға тексеру жүргізіпті. Студенттер бөлмесінің адам шошырлық жай-күйін баяндайтын кадрлар. Сюжетте мейлінше толымды ақпарат бар. Әйтсе де түсініксіз тұстары да ұшырасады: мәселен, сюжеттен мемлекеттің жатақхана салып беруге міндетті емес екенін білеміз. Десе де жатақханалар салуды жоспарлап жатыр, шынымен де сала ма? Егер міндетті болмаса, онда неге жоспарлайды? Сөйте тұра мұндай құрылысты жүргізуді мемлекеттің қалтасы көтермейтінін, ал инвесторлар бұл іске ақша салуға әлі дайын емесін айтады. Әлде бәрі де ЖОО-ның қандай меншікте екеніне байланысты ма? Түсініксіз нәрсені түсіндірмеді. Ақыр аяғында, кімнің кімге не салып беруге міндетті екені сол күйі ашылмай қалды.

Қазақстандықтардың несиеге белшесінен батуы туралы сюжет толымды жасалып, баланс сақталған. Несие құрсауынан шыға алмай қалған адамдардың хикаясын көрсетіп, депутаттар мен сарапшылардың пікірін білді. Олардың кейбірі «азаматтарымыздың несиесі көп» деуге келмейтінін, елімізде жағдай қалыпты екенін, орташа есеппен бір адамның несие қарызының мөлшері екі айлық орташа жалақыдан аспайтынын айтады. Сюжет авторлары осы тұста қазақстандықтардың көбі айына 204 мың теңге жалақы алмайтынын еске салады (статистика көрсеткендей, қазіргі таңда Қазақстандағы орташа айлық жалақы мөлшері осы).

Аймақтардағы экологиялық ахуал қазақстандықтарды қалай шошытатыны туралы топтамада экологиялық ахуалды «экология» деп тағы да атады. Өрескел қате емес. Дегенмен де «Большие новости» сияқты сапалы бағдарламаға қойылар талап та жоғары. Ал видеолары экологиялық ахуал жайын сондай ашық та айқын көрсетті.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарлама Масаншыдағы қақтығыс оқиғасы туралы материалдан басталды. Авторлар оқиға тізбегін түзіп, содан кейін не болғанын көрсетуге уәде берді. Сюжеттің басты ойы — «түрлі ақпараттар тұрмыстық қақтығысты адам қырғынына айналдырған». Сюжетте қырғынқа қатысқандардың қандай да бір этникалық тегі айтылмайды, бірақ әлеуметтік желілердегі өлтірген, үй өртеген, тонаған туралы арандатушылар ақпарына үнемі сілтеме жасайды. Ал кейбір жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұлардың оқиға болған ауылға ешқандай қатысы жоқ екен. Оқиға орнына барған блогер Азамат Ерғали жемқорлық туралы, билік азаматтардың талап-тілегіне құлақ аспағаны жайында айтады. Алайда «Аналитика» авторлары бұл тақырыпқа терең бойламады, арандатушылардың кім екенін түсіндірмеді.

Тілшілер еліміздің мектептеріндегі буллинг мәселелеріне үлкен материал дайындапты. Бұған соңғы аптада Қазақстанда өте қызу талқыланған мектеп оқушыларының жаппай төбелес видеосы себеп болса керек. Әйткенмен нақты сол оқиғаны атамады. Авторлар мектептердегі қудалаудың психологиялық себептеріне үңіліп көрді. Полицейлер бұл мәселені жалғыз өздері шеше алмайтындарын айтады. Мұғалімдер мен ата-аналардан комментарий жоқ. Есесіне, мектепте буллингті басынан өткеріп, қазір психолог болып, жастарға көмектесіп жүрген кейіпкер бар. Сюжетте айтылмай қалған ой мен журналистің «кейіпкер қиындықты еңсеріп қана қоймай, сабақ алғаны» туралы стендапы – ересектердің балаларды қорғауы міндетті екенін балаларды өзін қорғауға үйретумен араластырып жіберді.

Экология тақырыбындағы материал толымды жасалып, баланс сақталған. Виктой Цойдың «Белый снег, серый лед» әні тақырыпқа терең бойлатады. Әнде айтылатын аппақ қар Теміртау тұрғындарының қол жетпес арманына айналған. Мұндағы қар көп жылдан бері қап-қара боп тұрады. Журналистер биліктің пікірін, бірнеше экологтың түрлі комментарийін берді. Негізгі ластаушы «АрселорМиттал» компаниясы мамандарының түсіндірмесін жазып алды. Осылайша Теміртаудағы ахуалды жіліктеп-жіліктеп көрсетіп берді. Алматыны тұмша жапқан қала ретінде көрсетіп, еліміздің ең үлкен мегаполисіндегі мәселені қалай шешуге болатынын айтпады. Жүргізуші алғысөзінде «экология» дегеніміз ғылым» деп тіке айтқанымен мәтінде «қоршаған орта жағдайы» тіркесінің синонимінен аспады.

Қазақстанда ауылшаруашылық өнімдеріне субсидия беруді тоқтатты. Тауық жұмыртқасын өндірушілер дабыл қағып жатыр. Жұмыртқаның өзіндік құны нарықтағы дайын өнім бағасынан жоғары. Материалда тауық жұмыртқасын өндірушілердің де, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің де комментарийі бар. Әйтсе де жұмыртқаның өзіндік құны неден құралатыны, қандай субсидиялар әлі де берілетіні, және мұның нені білдіретіні сол күйі түсініксіз боп қалды.

«7 күн», «Хабар»

Осы аптаның қорытынды бағдарламасы да алдыңғы аптаның басты тақырыбы – Қордай оқиғасын жалғастырады. Әуелде авторлар Қауіпсіздік кеңесінің Қордайдағы қақтығыс туралы отырысына арналды. Нұрсұлтан Назарбаев отбасыларға көңіл айтып, себептерін талқылады, өткенді еске түсірді. Елбасының сөздері тілшінің тәуелсіздік алған жылдар қандай ауыр болғанын баяндайтын кадр сыртындағы мәтіндерімен бірге берілді. Мұндағы қисын: бәріміз бірге қиындық еңсердік, енді бәріміз достықта өмір сүрейік, дегенге саятын сияқты. Тағы айтып өтсек, Қордайдағы оқиғаға этникалық емес, «тұрмыстық қақтығыс» деп ресми баға берілді. Қауіпсіздік кеңесі отырысында коронавирус туралы да аз-кем айтылды.

Қақтығыс аймағында қазір не боп жатқанын келесі – Масаншы туралы сюжетте баяндады. Тұрғындар үйлеріне оралып, өмір жалғасып, инфрақұрылым қалпына келтіріліп жатыр. Адамдардың хикаясын әңгімелеп, бизнесі тып-типыл болған жергілікті тұрғынды көрсетті. Олардың шығынын өтей ме?

Бұл сұраққа қаржы министрі жауап берген болатын, бірақ бағдарламады мұны айтпады. Есесіне зардап шеккен полицейлер туралы айтып, біреуінен сұхбат алды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары күшейтілген тәртіпті жұмыс істеп, жоғалған құжаттарды ресімдеп жатыр. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы «бізге көп араласып, жиі әңгімелесу керек, баларымыздың тәрбиесінде жіберіп алған олқы тұстарымыз бар», деп комментарий береді. Осы сюжетте тергеу қалай жүргізіліп жатқаны туралы толығырақ баяндағанда болар еді. Бірақ, баяндамады.

Масаншыдағы оқиға туралы жалған ақпарат таратқан адамдарды қалай іздеп тапты? Мұны да көрсетті. Жалған ақпар таратқандар эмоцияға ерік беріп, рас-өтірігіне көз жеткізбестен хабар таратқандарын мойындайды.

Медиасауат туралы қызық топтамада жүргізуші Александр Трухачев аналогия келтірді: адамдар қолын жууды, азық-түлік таңдауды, өзіне қарауды үйренді, енді ақпарат гигиенасын үйренуі керек. Сюжетте әбден «сақалы шыққан» фейктерді – кинотеатр орындықтарындағы ВИЧ-инелер, спам-алаяқ, маньяктар фотосын еске түсіріп, жаңадан шыққан фейктер, мәселен коронавирус туралы тарап жатқан жалған ақпараттарды айтты. Тілші фейк-жаңалықты рас ақпараттан қалай айыру керегін де баяндады. Психологтар: шенеуніктердің сенімді ақпаратты жылдам бере алмай, дерек жинап жатқанында, «мемлекетке шығын келтіруді көздейтін адамдар жалған ақпарат таратып», фейктер пайда болатыны, деп комментарий берді. Билік өкілдерінің «жалған ақпарат таратқандарға қандай жаза тағайындалатыны» жөніндегі ескертулерін көп айтты. Тұтастай алғанда пайдалы материал.

Волонтерлер жылы туралы сюжетке Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан волонтерлер қозғалысының құрметті елшісі мәртебесі берілгені түрткі болыпты. «Өз адамымыз – билікте, өз адамымыз – мемлекеттің бірінші басшысы» («Свой человек во власти, свой человек — первое лицо государства»-түпнұсқасы),-деді Трухачев. Қызықты материалда волонтерліктің түрлерін айтып, көп хикаялар баяндады. Сюжетте волонтерлер де, олардың көмегіне мұқтаж жандар да, шенеуніктер де, пайдалы ақпарат да бар.
Тағы бір жақсы сюжет – Нұр-Сұлтанның кейбір аудандарындағы қар тақырыбына арналған. Биыл көп қар жауды, енді су тасқыны да болуы мүмкін. Әзір басталып та кетті. Әлеуметтік тақырыптағы сюжетте Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылы шенеуніктерді су тасқынына байланысты бір сілкіп алған сәтін де көрсетті. Тұрғындардың да, «Қазгидромет» сарапшыларының да комментарийі бар. Әйткенмен жағдайды қалай реттейтіні, қалай алдын алатыны сол күйі түсініксіз боп қалды. Бәлкім, мұны ешкім де жөнді білмейтін сияқты.

Өткен жылғы қаржы саласындағы заң бұзушылықтар туралы қорытынды сюжетте сарапшылар да, аналитиктер де, пайдалы ақпарат та (салық жеңілдіктері, мұның бюджетке салдары, және тағы басқасы) бар. Бірақ кәсіпкерлер хикаясы жоқ.

Apta, QAZAQSTAN

Эфир басында газдалған тәтті сусындар мен Қазақстандағы жұпыны тұрмыс кешіп жатқан отбасылар туралы екі сюжетке аңдатпа көрсеткенімен, бағдарлама ресми хабардан басталды: Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясына қатысып, халықаралық ұйым жетекшілерімен және бизнесмендермен кездесті. Сюжет президент пулында болған тілші Ербол Мәндібектің Мюнхен қаласына және тұрмысына тамсанған стендапынан басталды. «Біріншісі, мәдениет пен құндылықтардың өте жоғары бағалануы. Екіншісі, отбасылық кәсіп. Содан соң мұнда мемлекетіне міндетсінген немесе билігіне бұлданған бір де бір немісті байқамадық. Мүмкін жақсы өмірдің нышаны осындай болу керек шығар. Оған аса қатты бас қатырмадық та. Ал енді жаңағы отбасылық бизнеске қайта оралып, сюжеттің әлқиссасын содан бастаймыз» деген тілшінің «мемлекетіне міндетсінген», «билігіне бұлданған» тіркестерін неліктен қолданғанын түсіну қиын. Өзі де ашып айтпады. Бәлкім, бұл ешқандай мағынасы жоқ, тек бас әріптері ұқсас сөздердің тіркесі ғана ма екен?!

Сюжет әдепкі қалыптан аспады. Хаттама кадрлардан, хаттама мәлімдемелерден құралған. Нақтылық, деталдар жетіспеді. Мәселен, тілші: «Ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылар да Қазақстанның ұтымды дипломатиялық ұстанымдарына қатысты сұрақ қойып, тұщымды жауап алды» деп айтқанымен, кім қандай сұрақтар қойғанын, Тоқаев не жауап бергенін көрсетпеді. Олар президенттен не сұрауы мүмкін? Қызық. Есесіне, материалда Тоқаевты мақтаған сөздер тілші тарапынан да, түрлі спикерлер тарапынан да төгіліп жатты.

Осылайша апталық сараптамалық бағдарлама Тоқаевтың Мюнхен сапары өткенін айтқанымен, қалай өткенін жасырып қалды.

Қытайдан эвакуацияланған студенттердің карантиннен шығарылғаны туралы жаңалықты қысқа топтамада көрсетті. Мұнда республикалық телеарнаның қорытынды бағдарламасына лайықсыз қателікке жол берді. Тележүргізуші өз сөзінде: «Карантиннен шығарылған студенттер Алматы, Ақтөбе, Ақтау және Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары» деді. Мұндағы Оңтүстік Қазақстан облысы атауының 2018 жылдың ортасынан бері жоқ екенін ескермеді.

Президентіміз аталатын тағы бір сюжет волонтерлерге арналды. Сюжетте мүгедектігі бар волонтерді, 80 жастағы волонтерді сөйлетті. Әйткенмен, «волонтер» дегеніміз кім, «волонтерлік» деген не екенін түсіндірмеді. Материалда негізінен азық-түлік, тамақ тарататын қайырымдылық іс-шараларынан түсірілген кадрларды көп көрсетті. Тақырыптан хабары жоқ көрермен волонтерлікті тамақ, киім, дәрі-дәрмек тарату деп түсініп қалуы әбден мүмкін екенін ескермеді.

Ақтөбе облысында мектеп оқушылары, студенттер арасындағы төбелес болып, пышақтасуға ұласып, кісі өлімімен аяқталды. Осы оқиғаны арқау еткен сюжетте бірнеше хикая бар. Оқу орны өкілдеріне, полицейлерге, көз жұмған оқушының атасына, жоғары сынып оқушылары сөз берді. Сонымен мұндай зорлық-зомбылыққа кім кінәлі? Бір ардагер-ұстаз «әкелердің бала тәрбиесімен айналыспауынан» деп білсе, ауған соғысының адрагері интернетте зорлық-зомбылық видеоларының көп таралуын кінәлайды. Мұнда мамандардан: психологтан не психиатрдан, тым болмағанда әлеуметтанушыдан пікір алғанда болар еді. Ал жоғарыда пікір айтқандардың сарапшы мәні жоқ: бәлкім, сауда дүңгіршегінде отырған әжеден пікір алуы керек пе еді. Ол да кім кінәлі екенін айтып берер еді.

Газдалған тәтті сусындар туралы сюжет толымды әрі жақсы жасалған. Бұл сюжетті дайындауға Дүниежүзілік даму банкінің осындай сусындарға салықты өсіру ұсынысы себеп болыпты. Еліміздегі әрбір үшінші бала газдалған тәтті сусындар ішеді, әрбір жиырмасыншы бала артық салмақтан зардап шегеді. Материалда пайдалы деректер, стендаптар, сарапшылардың, шенеуніктердің комментарийлері, түрлі тәжірибелер (тілші мал бауырының бір тілімін таза суға және екінші тілімін газдалған сусынға салып, сегіз сағаттан кейін не болғанын көрсетеді) бар. Сондай-ақ, авторлар мектептерде және әлеуметтік желілерде сауалнама жүргізіпті.

Бағдарлама ең қызық сюжетпен түйінделді. Оңтүстік Кореяда түсірілген «Паразиттер» фильмі «Оскар» сыйлығының бірнеше жүлдесін жеңіп алды. Фильмде қу әрі кедей отбасының бай да аңғал отбасыны қалай алдап, заттарын жымқыратыны көрсетіледі. Apta авторлары Қазақстанда тұрмыс жағдайы төмен отбасылар қалай өмір сүретінін көрсетпек болыпты. Байлар сюжетке түсуден бас тартқанын, кедейлер келіскенін айтты. Бұдан біздегі кедейлер қу емес, есесіне ақкөңіл екенін жеткізбек болған сияқты. Сюжет кадрлары керемет: расымен де өте жұпыны тұратын отбасыларды тауыпты. Жағдайды жақсы жеткізіп тұр.

Материал авторлары осы материал арқылы «Кореяда кедейлік көргенсіздік тудыратынын, ал байлар керісінше жомарт та кеңпейіл болатынын, ал Қазақстанда керісінше екенін» айтқысы келгендей көрінді. Мұны тікелей айтпайды, бірақ сол ойға жетелейді. Сюжет соңы «Сонымен «Паразиттер» кімдер? Ішерге ас, киерге киім таппай жүргендер ме, жоқ әлде халықтың қаржысын шайнамастан жұтатындар ма? Әңгіме, еңбекпен келген малының қызығын көретіндер туралы емес» деп аяқталады. Қызық ой, талқылайтын тұстары бар.

Бір ескерту: мұндай сюжетте балалардың бет-жүзін көлегейлеп жабуды ұсынамыз.

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты шолу жасайды және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР