ДомойМедиасынЛомбард дауы, Оңтүстік Кореядағы коронавирус. 24 ақпан - 1 наурыз қорытынды ТВ-бағдарламаларына...

Ломбард дауы, Оңтүстік Кореядағы коронавирус. 24 ақпан — 1 наурыз қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Ломбард дауы, Оңтүстік Кореядағы коронавирус. 24 ақпан — 1 наурыз қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Осы аптада көптеген қорытынды бағдарлама бірін бірі «қайталады». Етістік сөзді тырнақшаға алып жазуымыздың да себебі бар. Кешегі өткен жеті күннің ең шулы жаңалығы – қаржы пирамидасы сияқты жұмыс істеген бірнеше ломбардтың жабылуы. Бұл тақырыпқа барлығы эфир арнады. Алайда бәрі бірдей толымды сюжет жасамады.

Коронавирус өршіді. Бәрі де коронавирусты көрсетті. КТК телеарнасы коронавирустың екінші ошағына айналған Оңтүстік Кореядан өте жақсы репортаж берді. Бұдан бөлек, өзекті де аз айтылатын тақырып – жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынас туралы сюжет дайындапты.
Қыста қар қалың түсті, көктем келді, су тасқыны қаупі жақындады. Қазақстан көктемгі су тасқынына дайындалып жатыр. Телеарналар бұл жағдайды да күн тәртібіне шығарды.

Дәстүрлі шолуымызда КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Бағдарлама аңдатпасы лексикалық құрылымы екіұдай ой қалдыратын сөйлемнен басталды: «Балалар ата-анасымен жыныстық қатынас туралы айтудан неліктен ұялады?» («Почему дети стесняются говорить о сексе с родителями?» — түпнұсқасы). Мына сөйлемді қандай екпінде айтсаңыз да, инцест ойымызға оралады. «Балалар ата-анасына жыныстық қатынас туралы айтудан неліктен ұялады?» («Почему дети стесняются говорить с родителями о сексе?» — түпнұсқа) десе де дұрыс болатын еді.

Қазақстанда «күмәнді ломбардтарды» жаппай жауып жатыр. «Ломбард 24» және «Выгодный займ» ломбардтарының басшыларын тұтқындады. 42 мың адам осындай ломбардтарға барлығы 5 млрд теңге ақша беріпті. Адамдар алаяқтар мен қаржы пирамидаларының қармағына неліктен түседі? «Большие новости» бағдарламасының басты тақырыбы осы. Тақырыбы қызық, спикерлері мықты, кейіпкерлері сай табылыпты.

Тек бір сұрақ туындады. Адамдар мұндай батпан құйрықтан үміт етер алдын ойлануы керек. Бірақ, кейбір салымшылар (оларды көрсетті) болған жағдайға шенеуніктерді кінәлап, «осындай мекемелердің жұмыс істеуіне рұқсат берерде қайда қарадыңдар» деді. Расымен де шенеуніктер қайда қараған? Бұл сұраққа не билік жауап бермеді (жауап бермесе, айту керек еді), не бұл сұрақ оларға жетпеген. Тәртіп сақшылары құрғақ деректі: кім тұтқындалғанын, не тәркіленгенін ғана айтты.

Коронавирус туралы соңғы жаңалықтарға арналған бөлім жақсы дайындалған. Қазақстандағы және әлемдегі жаңалықтарды жинапты. Бағдарламаның редакторы әрі журналисі Юлия Яскевич еңбек демалысында Оңтүстік Кореяға барған екен (оның сапары «бұл ел коронавирустың екінші ошағы» деп жарияланғанға дейін басталған). Сеулдегі жағдай қалай екенін көріп, қызық деталдарға үңілген. Барған-жүрген жерін, көргенін шама-шарқынша телефон камерасына түсіріпті. Содан дайындаған сюжеті өте әсерлі шыққан. Журналист жұмысының жарқын мысалы. Нағыз кәсіби маман тіпті еңбек демалысында да бей-жай жүрмейді.

Қазақстандық жасөспірімдерге 16 жасынан бастап дәрігерге өздері баруына рұқсат етеді (қазір 18 жасқа толғанша ата-анасымен бірге баруы керек). Жасөпірімдер ҚР денсаулық сақтау министрінен осыны өтінді. Маңызды тақырыпты ашық талқылаған, мораль оқудан ада сюжет. Жасөспірімдердің бет-жүзін көлегейлеп жапқан. Бір томпақ тұсы – жасөспірімдерді жыныстық тәрбиелеуге қарсы пікірін отбасылық психотерапевт айтты. Шынымен қарсы адамның пікірін білгенде болар-ақ еді.

Мемлекет ешқандай жеңіс әкелмейтін кәсіби футболшыларға айлық төлеуге миллиардтаған теңге жұмсайды. Неліктен? Ал кейбір мектептерде төрт сыныптың оқушылары дене шынықтыру сабағын бір залда бірге өткізеді. Өйткені, зал жетіспейді. Осы тақырыпқа арналған сюжет журналистің дене дайындағы мықты, шымыр екенін дәлелдеуімен есте қалды. Ол стенапында арлы-берлі жүгіріп, кермеге де тартылды. Еш ентікпеді.

Сондай-ақ, азаматтық белсенді Дулат Ағаділ тергеу абақтысында көз жұмғанын «Большие новости» ғана айтты. Қалған үш бағдарлама ләм-мим демеді.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарлама Елбасының кездесуінен басталып, бұған 9 минут арнады.

Авторлар Қордай ауданындағы жағдайды назарда ұстайды. Дәлірегі, Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданына аттанып, өзі көрді. Журналистер де барды. Президент ауыл тұрғындарымен кездесті. Тілшілер де ауыл жұртымен сұхбат құрыпты. Бәрінің де айтары бір: бейбіт өмірді қалайды. Содан кейін материал желісі спортқа ойысты: ауылда спорт кешені бар екен, оқушылар футбол ойнайды. Керемет-ақ. Сюжет желісі тағы да өзгеріп, қайта Тоқаевқа ауысты. Президенттің дүнгендермен кездесуін көрсетті. Дүнген жұрты кешірім сұрады. Президент мұның барлығы өткен шақта қалуы керек екенін, мұнда билік құрылымдарының да қатесі барын, әрбір халықтың мәдениетіне құрмет көрсетіп, балаларды достыққа үйретуді айтты. Контрабанда туралы да сөз қозғады. Президенттің сөзінше, екі контрабандашылар тобы кірістерін бөлісе алмағанға ұқсайды. Осы тұста жаңалықтан хабарсыз адам таңырқап, не болғанын сұрайтын еді. Бэкграунд жоқ.

Аптаның басты тақырыбына айналған ломбардтар және соның төңірегіндегі қулық-сұмдықтарға үшінші тақырыпты арнады. Сюжетте алданған адамдар, Ақтөбе полиция департаментінің өкілдері бар. Күдіктілердің қалай жұмыс істегенін айтып, ломбардтардың тарихын баяндап, психологтан комментарий алып, өнер жұлдыздарының видеосын қосқан. Олар осы ломбардтарды жарнамалағаны үшін кешірім сұрайды. Жалпы қызық та жақсы сюжет дайындапты. Алайда «билік қайда қараған, мұндай мекемелердің жұмыс істеуіне қалайша рұқсат еткен» деген сұраққа тағы да жауап болмады.

Келесі екі тақырып та «Большие новости» тақырыптарымен ұқсас шықты («әдейі солай жасады» деп ойламаймыз, «Хабар» телеарнасы соңғы кездері расымен де өзекті тақырыптарға назар аудара бастады). Коронавирус және спорттың дамуына кедергі болатын мәселелерді көрсетті.

«Он-лайн трафик» сюжетінде Оралдағы нашақорлықты көрсетті. Қымбатты редакторлар, сюжет «Онлайн трафик» деп аталауы керек, өйткені солай жазылады. Материалда ақпарат тым көп, есірткіге тәуелді кейіпкер, дәрігерлер, сарапшылар және полицейлер бар. Ақпараттың көп болғаны соншалық, тіпті есірткіні қайдан тауып, қалай сатып алуға болатынын да айтты. Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан күмәнді-ақ.

«Большая вода» сюжеті шығысқазақстандық 10 жасар Сашаның хикаясынан басталады. Ол үйінен аялдамаға дейінгі жолды қардан аршиды. Үйді шатырына дейін қар басып қалған. Тілші тұрғындардың қар астынан қалай шығып жатқанын көрсетті. Жұртшылық су тасқыны болуын үрейлене күтіп отыр. Сюжеттің мән-мағынасы, айтпақ ойы біреу: егер үйіңізді су ала бастаса, мемлекет сізді шығарып алып, палаткаға жайғастырып, тамақтандырады, психолог көмегін ұсынады.

«7 күн» бағдарламасы 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған сюжетпен аяқталды. Бұл мерекені 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып, бекітілген. 1 наурызды тойлату – бұл елдегі барлық этностардың бір-біріне құрметін білдіреді. Позитив тұнған әп-әдемі сюжет.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

Коронавирус сюжеті «Миссия невыполнима» фильмінің кадрлерінен басталды. Фильмнің түсірім тобы Италиядағы жұмыстарынан кейін карантинге жабылды. Басқа бағдарламаларда болмаған қызық деталь. Бағдарлама шеф-редакторы Олег Журкевич материалын: кеңестерге құлақ түріп, рекомендацияларды орындап, өсек-аяңға сенбеу. Міне, мұның барлығын да орындауға болады, деп аяқтады.

«Аналитика» Қазақстандағы митингтер тақырыбын қозғады. Бұл тақырып өткен аптада талқыланған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев твит жазған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасын әзірледі. Бағдарлама жүргізушісі заң жобасын қоғамдық талқылау жүріп жатқанын айтқанымен материалда қоғам өкілдері жоқ. Материал Tengrinews.kz сайтының 29 ақпанда Алматыда өткен тығыз құрылыс салуға қарсы рұқсат етілген митингінен түсірген фотосуреттері мен мұрағаттағы кадрлерден құралыпты. Алайда «Аналитика» бағдарламасы 1 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтанда және тағы бірнеше қалада рұқсат етілмеген митингтер өтіп, белсенділер тұтқындалғаны туралы ештеңе айтпады.

Ломбард төңірегіндегі дау-дамай тақырыбындағы сюжеттен «Мемлекет алаяқтардың адамдарды алдауына қалай жол бергені» жөнінде сұраққа жауап бар. Сарапшылардың түсіндіруінше, ұйымның ломбард жұмысын жүргізуге лицензиясы болған, бірақ клиенттеріне көп табысты уәде етіп, басқа операциялармен айналысқан. Сюжетте көрерменге кеңес те бар: құжаттарын тексеріңіз, заңгерлермен ақылдасыңыз және күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз.

Атырау облысындағы перинаталды орталықта болған сұмдық жағдайды көбі ұмытып кетсе керек. Осы арада сот бірінші шешімін шығарыпты. Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасын басқарған экс-шенеунік Мәншүк Аймұрзиеваны «Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық» бабы бойынша кінәлі деп танып, 5 млн теңге айыппұл салды. «Аналитика» авторлары ұмытылуға айналған тақырыпты ұмытпады.

«Жаңа жылға 305 күн қалды. Мұны не бізге, не сізге емес, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке арнап есептедік» деді бағдарлама жүргізушісі. Министр жыл соңына дейін халық саны 250 адамнан асатын барлық елдімекенді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге уәде берген. Бұл «Аналитика» бағдарламасының министр уәдесін бақылауға алып, ұдайы тексеріп, нәтижесін жария етіп отыратынын білдіре ме? Түсініксіз.

Бағдарлама соңында Тоқаевтың Қордай ауданы тұрғындарымен кездесуін көрсетті. Материалды жасауға Алғыс айту күні түрткі болыпты. «Хабар» эфирінен айырмашылығы, мұнда контрабандашылар арасындағы талас нұсқасы жайында егжей-тегжейлі айтты. Демек, осы нұсқа негізгі негізгі боп есептеледі.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама авторлары Тоқаевтың Қордай ауданына барғанын аптаның басты тақырыбы санапты. Тілшінің айтуынша, мұнда ақпан айында «жаппай тәртіпсіздіктер» болған. Сюжет алғысөзі президенттің сөздерінен құралды. Материал мейлінші тірі шыққан. Мемлекет басшысының айтқан өткір сөздерін қиып, берді. Ол жергілікті шенеуніктер дүнген кәсіпкерлерінен үнемі ақша алып отырғанын, контрабандашылар жайын да айтты. Президенттің айтқан нұсқасы тағы да бэкграундсыз болды. Парақорлық пен контрабанда туралы кәсіпкерлерден де, тұрғындардан да, жергілікті шенеуніктерден де, полицейлерден де ештеңе сұрамады.

Қаржы пирамидасына айналған ломбардтар туралы сюжет толымды жасалыпты. Кейіпкерлер сөйледі, сарапшы-экономисттер, психологтар, заңгерлер және тағы басқасы пікір айтты.

Коронавирус туралы блокта Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандық блоггер елдегі жағдайды баяндады. Оның мәтіні алдын ала құрастырылып, бағдарлама авторларымен келісілгені байқалды. Десе де «жатыр», «жатыр» сөздері әрбір үшінші сөйлемде қайталанды.

Астананың коммуналды қызмет жұмысшылары туралы сюжет өте әсерлі шыққан. Мұндай тақырып әрдайым әсерлі болады. Қала тазалаушылардың көптеген синхроны бар. Олар жұмыс ауыр, жалақы аз екенін айтады. Шенеуніктерден де комментарий алыпты.

Су тасқыны туралы сюжетті Қарағанды облысынан дайындапты. Мұндағы жеті ауданда су тасу қаупі бар. Сюжет тым ұзақ, жеті минутқа созылады. Бірақ сюжетте айтқанды 2 минутқа сыйдыруға болар еді.

Қазақстандық әншілер неліктен фонограмманы пайдаланады? Қызық сауал. Бірақ, бұл сауалға көбіне көп жанды дауысты ән айтатындар жауап берді. Олардың тек жанды дауыста ән шырқайтынын қалай ғана тексерді екен? Сюжетте «фонограммамен ән айтатын» әншілердің видеосын көрсетті. Әйткенмен, олардан неліктен фонограмма пайданатынын сұрамады? Жауап бергенінің де сөзі екіұдай шықты.

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолуын тұрақты жүргізеді және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР