Мәдени деколонизация, жалпы қоғамдық санадағы деколонизация процессін жүзеге асыру үшін медианы басты құрал ретінде пайдаланып келеміз. Соның ішінде телевидениеге ерекше міндет жүктелген. Тәуелсіздік алғалы 30 жылға жуықтады. Міне, осы тұста «ал нәтижесі қандай болды?» деген сауал туындайды.
Әлем дата колонизация ұғымы төңірегінде таласты бастап кетті. Дата-колонизациямен бетпе-бет келуге қаншалық дайынбыз? Осындай қиын да күрделі кезеңде телевидениеміз ақпараттық сауат мәселесіне бей-жай қарап отырғаны ойға қонбайды. Сонымен осы сауалдар төңірегінде аз-кем талдау жасалық…
Бүгінде Қазақстан медиасына сырттай қарасақ, мемлекет бақылауындағы дәстүрлі телевидение мен ат төбеліндей ғана жеке медиа арасында көрермен назарына үлкен талас жүріп жатқанын көреміз. Соңғы уақытта YouTube платформасында түрлі видеоподкаст көбейді.
Мәселен, Salem Social Media арнасының «Пайымдау» бағдарламасындағы сұхбаттардың мазмұны әдепкі қазақи шоу-бизнес өкілдерінің әңгімесінен өзгеше. Сұхбат беруші сол саладан болса да басқа тақырыпта әңгіме-дүкен құрады.
Ал енді сол жеке медиа жасап жатқан сұхбатты көріңіз де, «Хабар» телеарнасының «Ережесіз әңгіме» не тағы басқа сол сияқты бағдарламаларын қараңыз.
Бір уақыт, бір қоғам, бір тіл, тіпті бір саланың, көбіне-көп шоу-бизнесте жүрген адамдар. Әйтсе де қозғайтын, айтатын, талқылайтын тақырыптары бір-біріне қарама-қайшы, айырмасы жер мен көктей.
Біз наным-сенімі мен ұстанымы өте күрделі де көп қатпарлы қоғамды өмір сүреміз. Сондықтан мұндай тақырып алуандығын қалыпты санайық, тіпті шарасыз бақылауда отырған мемлекеттік телеарналар басшылығына, шығармашылық құрамына «сіз мына тақырыпты неліктен бұрмаладыңыз, неліктен бұл туралы ашық айтылмайды» деп сұрақ қоюдан бас тартайық. Десе де адам мүмкіндіктеріне күмән келтіріп, күдіктенетін, кейде тіпті мойындамайтын стереотип образдағы бағдарламалар туралы айтпай, көз жұмып отыруға да әсте болмайды.
QAZAQSTAN ұлттық телеарнасында «Әулет ары» атты жаңа сериал көрсетіп жатыр. Сериал идеясы да әдепкі: дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу. Күйеуі қайтыс болған әйел отбасын сақтап қалу үшін әмеңгерлік жолмен қайын інісіне тұрмысқа шығады. Осылайша, сериал қазақи әмеңгерлік салтын сақтау және соны бүгін де жалғастыруға болады деген ойды сіңіргісі келеді.
Дәл осы тұста мәселені тереңірек қазбалап көрелік.
Біз постколониал мемлекет ретінде әуел баста-ақ медианы қоғамдық деколонизацияны жүзеге асыратын басты құрал ретінде пайдалануды мақсат еттік. Тарихта ұтылған, көп дүниесін жоғалтқан, есесі кеткен ел ретінде тәуелсіздік алған сәттен бастап қоғамды қазақи құндылықтармен байытуға, өзімізді қайта жаңғыртуға тырыстық. Негізгі күшті соған бағыттадық. Сөйтіп, нағыз қазақ (бұл тіркестің иесі кімдер екенін де білмейміз) болуға ұмтылып жатырмыз.
Әрине, бұл барлық постколониал мемлекеттер өткен өте табиғи жол, іштен туындайтын өзін-өзі қорғау талпынысы. Жақсы-ақ. Осы жолда барымызды түгендеп, жоғалтқанымызды тауып, сенімімізді түзеткіміз келді. Соған апаратын бірден бір жол ретінде тарихымызды мақтана отырып тануға және ұлттық дәстүрлі құндылықтарымызды насихаттауға күш салып жатырмыз.
Сөйтіп бірінен соң бірі тарихи фильмдер түсіріліп жатыр. Тіпті соңғы жылдары ерекше қарқынмен көбейіп келе жатқан сериалдарымызға да осы идеяны таңып қойдық.
Кез келген сериал жасаушы топқа әмеңгерлік сияқты дәстүрлердің экранда көрініс табуын, қызымызды тектілікке, ұлымызды бастық не жауынгер болуға тәрбиелейтін идеяның болуын міндеттедік.
Болашақта бізді жауынгер жігіттеріміз емес, білімді, зерек әрі зейінді, интеллектуал азаматтар ғана аман алып қалатынын ескермедік. Ең өкініштісі – көгілдір экраннан қыз тектілігі мен қыз ар-ұяты, отбасы құндылықтары туралы айтып жатсақ та елімізде ажырасу, зорлық -зомбылық пен тастанды балалар саны тарихымызды болмаған деңгейге жетті.
Біз мұны күтпедік ғой. Толыққанды бақытты отбасы мен арлы қыздар, батыр ұлдар тәрбиелеуді мақсат еткен едік, бірақ неге екенін, қазір мүлдем қарама- қайшы, теріс нәтижеге қол жеткізіп отырмыз.
Ұлтты тәрбиелеу бағытымыздың біздің қоғамға мүлде қарсы жұмыс істеп жатқанын байқап отырмыз. Әрине, бұл постколониал халыққа тән қорсыну: «өзіне тән» деп танылып, белгіленген заттарды (осы ұғымға кейде әйел де кіріп кетеді) қызғыштай қорып, қорғау. Өйткені, тағы да есе жіберіп алудан, барын жоғалтудан қорқады.
Мұндай ауыр жарасы бар қоғамға алдын ала зерттелмеген, терең байыппен жоспарланбаған бағдар беру өте қауіпті.
«Ұлттық дәстүрлі құндылықтарымызды медиада дәріптеу арқылы бәрін шешеміз» деген ой өте аңқау сенім. Себебі біз мүлдем басқа уақытта өмір сүріп жатырмыз.
Иә, сол дәстүрлі ұлттық құндылықтарымыз өз уақытында өз қажетіне қарай туындады және дәл сол уақытта өте тамаша жұмыс істеді. Ал енді осындай басқа уақыт пен кеңістікте өмір сүру талаптарына негізделген құндылықтар мен салт-дәстүрді қазіргі уақытқа әкеле алмаймыз ғой. Бұл мүмкін емес.
Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекет тарпынан медиаға жүктелген ұлттық құндылықтарды дәріптеу «қасиетті» парызының орындалуы барысында бүгін мүлдем басқа нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Бұдан шығар жалғыз жол — жасанды міндеттемелерден арылып, сақтап қалғымыз келген құндылықтарымызды уақыт талабына сай қайта өңдеп, таңдап-талғап, іріктеу.
Біздің қоғам өз медиасының өзіне қарсы жұмыс істеп жатқанын енді түсініп отырғанда, әлем халқы дата колонизация туралы талдауды әлдеқашан бастап кетті.
Біз соған қаншалықты дайынбыз? Бұған жауап беру өте қиын, өйткені қазір де ақпараттық соғыста еш дәрменсіз күйде отырмыз. Халықтың ақпараттық сауаты туралы сөз айту тіпті қиын.
«Вирусқа ем болады» деп кітап ішінен табылған қылды қайнатып ішетін санаға не айта аласыз?
Сондықтан да қазіргі қазақ медиасы, соның ішінде әлі де абыройы жоғары телевидениенің бұл мәселеге өте салмақты қарайтын уақыты жетті. Жалпылама айтқанда, медиасауаттылық соншалық маңызды тақырып боп көрінбеуі мүмкін. Бірақ адам еркіндігі тағы сынға түскелі тұрған уақытта бұл тақырып өте өзекті.
Дата-колониализм кезеңінде сіздің жеке бас дерегіңіз алтыннан да құнды болады. Мұндағы басты назар аударатын нәрсе: ол – халықтың медиасауаттылығын көтеру.
Тәуелсіз медиалар, үкіметтік емес ұйымдар осы бағытта өте жақсы жобалар жасап жатыр. Ал телеарналарда медиасауат, медиасауаттылықты арттыру туралы сапалы бағдарламалар, хабарлар жоқ. Кибершабуыл, хакерлер туралы аз-кем репортаждар шығады.
QAZAQSTAN телеарнасында «Елдің баласы» атты жаңа телехикая жарыққа шықты. Басты рөлдегі ауыл баласы өскенде программист болуды армандайды. Бұған себеп – ауылында интернет байланысы өте нашар.
Мектеп бітірген соң it-маманы боп, ауылын осы қиындықтан құтқарғысы келеді.
Дәл осындай идеяға жетелейтін шынайы және заманауи қажет құндылықтарды дәріптейтін, жаңа заман адамының бейнесін, арман-тілегін көрсететін сериалдардың көбеюі өте маңызды.
Алдағы уақытта отандық телеарналар медиасауат тақырыбында бағдарламалар дайындап, көрсететіне үміттенеміз.