ДомойМедиасынКоронавирус, төтенше жағдай, доллар. 9-15 наурыз қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Коронавирус, төтенше жағдай, доллар. 9-15 наурыз қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Коронавирус, төтенше жағдай, доллар. 9-15 наурыз қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Коронавирус және доллар. Қазақстан жұртшылығының кешегі аптада ең көп талқылаған тақырыптары осы. Жексенбіде төтенше жағдай енгізілетіні туралы жарлық шықты. Апталық қорытынды бағдарламалардың басым бөлігі коронавирус тақырыбына арналды. Төрт бағдарламаның екеуі РФ Конституциясына түзету енгізу, Путиннің тағы президент сайлауына қатысуына құқық беретін өзгерістерді көрсетіп, бөлек материал арнады.

Қытайдан тараған коронавирус тақырыбына ең аз уақыт бөлген «Аналитика» бағдарламасы болды. Мас күйінде қылмыс жасау туралы көрсетіп, Қордай оқиғасын да ұмытпады.

Шолуымызда КТК, «Хабар», QAZAQSTAN және «Еуразия бірінші арнасы» телеарналарының қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Сенбі кешкісін эфирге шығатын бағдарламаның басты тақырыбы – Қазақстанда  коронавирус жұқтырғандардың алғаш тіркелуі болды. Мұнысы түсінікті де, өйткені төтенше жағдай енгізілетіні ертеңіне, яғни жексенбі күні хабарланды. Коронавирус бөлімінің мазмұны ақпараттық сипатта жасалыпты. Кімнен қашан инфекция анықталып, оладың қайдан ұшып келгенін және тағы басқасын тізіп шықты. Бағдарлама жүргізушісі жоғарыда айтылған деректерден бөлек, Қазақстан бас санитары Бекшиннің «бізде наконец-то коронавирус шығады» деген сөзі жай болжам екеніне күмәнданды. Жүргізуші өз-өзіне «Бәлкім, сынақ нәтижесі әлі дайын болмаған шығар?» деп риторикалық сауал қойды. Мұндай күмәнді сюжетте журналист те айтты. Тілші жалпы қазақстандықтар атынан Бекшиннің сәуегейлігіне күмән білдірді.

Сюжетте карантиндегі адамдардың жағдайы мен Наурызға арналған іс-шаралардың өтпейтініне де шағым айтқанын көрсетті. Сюжет авторлары сол іс-шараларға қаржы бөлініп қоюы мүмкін екенін де атап өтті. Қаржы туралы шенеуніктерден сұрағанда болар еді.

Жалпы есептегенде «Большие новости» бағдарламасында коронавирус бөлімі 23 минутқа созылды.

Бағдарлама экономикаға жалғасты. Мұнай неліктен арзандап, теңгенің қалай күрт құнсызданғанын азды-көпті түсіндірді. Әйтсе де айтылған ақпараттың барлығын әлемдік экономикалық процесстерді түсінетіндер ғана игере алды. Бағдарлама авторлары мұнай мен теңге төңірегіндегі жағдайды баршаға түсінікті етіп жеткізбеді. Мәселен, біздегі ақша айырбастау пункттері валюта бағамын өз бетінше соншалық көтеріп жіберуге құқылы ма? «Базалық мөлшерлемені 12%-ға көтеру теңгені қатты құнсызданданудан сақтады» деген сөйлемдер жалпыға бірдей түсініксіз. Базалық мөлшерлеме дегеніміз не? Теңгенің құнсызданбауына қандай қатысы бар? Мұны бәрі бірдей түсінбесе керек-ті.

Алайда сюжетте мәлімет көп. Шенеуніктер оң болжам айтқаны (олар әрдайым солай сөйлейді) да, кәсіпкерлердің теңгенің құнсыздануы бағаға қалай әсер ететінін түсіндіргені де бар. Мысалы, торт пісіретін болсаңыз, құрамындағы ұн мен жұмыртқа ғана өзімізде шығады, қалғаны шетелден келеді. Үкімет бағаны ұстап тұруға қанша уәде еткенімен бағаның шарықтамауы мүмкін емес. Сюжетте қаржы сарапшысы Ботагөз Жұманова «базалық мөлшерлеменің» не екенін түсіндіруге тырысты (несие қымбаттайды, ипотека төлемдері ұлғаяды, өйткені базалық мөлшерлеме – ақшаның базалық құны). Бірдеңе түсіндіңіз бе? Соңында «Қазақстандықтардың 80%-і несиеге өмір сүреді» деді. Бұл дерек қайдан алынған? Мұндай айқайлаған сандарды айтқанда, қайнаркөзін міндетті түрде көрсету керек.

«Большая политика» айдары Путиннің президент сайлауына қайта түсуіне құқық беретін өзгерістерге арналып, «Ресей неліктен қазақстандық билік транзиті тәжірибесін қолданбады?» деген сауалмен басталды. Солтүстіктегі көршіміздің саяси жаңалықтарынан бейхабар көрермендерге арналған жақсы материал екен.

«7 күн», «Хабар»

«Хабар» да коронавирустан басталды. Жүргізуші Александр Трухачев соңғы жаңалықтарды: төтенше жағдай енгізілетінін, коронавирус пандемиясын, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар барын қысқа ғана тізіп шықты.

Жүргізушінің мәтінінде пафос сөйлемдер де кездесті. «7 күн» бағдарламасы бағытын бұқараға бұрғалы мұндай пафос сөйлемдер тосын көрінді.

Ал мұнайдың арзандауын айтқанда мұнай мен инсультті салыстырды. «Мұнайды жаһандық экономика ағзасындағы қан десек, онда құрамындағы гемоглобин күрт көтеріліп, тромбоз қаупі туындады, бұл инсультқа, мидың өлуіне әкеледі» («Если считать нефть за кровь, то в результате в организме глобального экономического мироустройства произошло резкое повышение гемоглобина, его стало слишком много, возникла угроза тромбоза, закупорки сосудов, которая может привести к инсульту с риском смерти головного мозга, управляющего всеми процессами жизни и деятельности организма» — түпнұсқа) деді.

Қазақстандағы коронавирус туралы сюжетте «төтенше жағдай режимі» деген не екенін, оны неліктен қанша уақытқа енгізетінін түсіндірді. Өткен аптаның ең шулы оқиғаларын да тізіп шықты. Автобус жүргізушілерінің көлік салонын қалай жуатынын, ойын-сауық-сауда орталықтарының тепловизорлар сатып алып жатқанын, кинотеатрлар жайын, мектеп, жоо, колледж, балабақшалардың жұмыс тәртібін, азық-түлік дүкендеріндегі дүрбелең мен ауру белгілерін, тағы басқасын айтты. Стендапта тілші аурудың алдын алу әдіс-тәсілін көрсетті.

«7 күн» бағдарламасында коронавирус пен экономикалық дағдарыс тақырыптары алмасып отырды. Осылайша аптаның түрлі бағыттағы басты тақырыптарынан құралған көп қатпарлы сэндвич шықты.

Коронавирус сюжетінен кейін тағы да мұнай тақырыбына ойысты: Қытайдың мұнай сатып алу көлемі бұрынғыдан азайды, нарықта мұнай көп, міне сондықтан да баға төмендеді, ОПЕК туралы «олар бір келісімге келе алмады» деді (КТК телеарнасында «бәріне Ресей кінәлі, ал Қазақстан оны қолдады» деп айтқан болатын).

Әрмен қарай тағы да коронавирус тақырыбы басталды. Енді әлемдегі жағдайды баяндады. Италияда тек азық-түлік дүкендері жұмыс істейді, АҚШ-та шетелдіктердің кіруіне тыйым салды, Трамп анализ тапсырды, супермаркеттерде дүрбелең, аласапыран боп жатыр. Толымды, қызық сюжет дайындапты.

Инфекциядан сақтану туралы сарапшыларды сөйлетті. Осылайша, «7 күн» бағдарламасы коронавирус жайында 24 минут айтты.

Әрмен қарай коронавирустан тыс тақырыптарға ойысты: Назарбаевтың қайда барғанын (ММУ-іне барды. Бұрын осы университетте тұрып, ЕАЭО құру идеясын айтқан еді), Тоқаевтың жұмыс кездесулерін көрсетті.

Бауыржан Байбектің өңірлерді аралауы — «7 күн» бағдарламасының тұрақты айдарына айналыпты. Ол бұл жолы Жамбыл облысына барды. Оның Қазақстанды неліктен аралап жүргені әлі күнге түсініксіз. Қаншама жерге барды, бірдеңе бола ма?

Бағдарлама әнші Димаш Құдайбергеновтың шоуына арналған сюжетпен аяқталды. Осы аптада бір жақсы жаңалық болуы керек емес пе? Міне, жақсы жаңалық.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аналитика» да коронавирустан басталды. Алғысөзінде Қытайда дәрігерлердің ауруды жеңіп, бетпердесін шешіп жатқан сәтінен видео көрсетіп, позитив қосыпты. Сюжет Трамптың сынақ нәтижесі теріс боп шыққанын мәлімдеген видеосынан басталды. АҚШ-тағы жағдайды баяндап, Еуропаға өтіп, Қытаймен аяқтады. Ал Қазақстандағы жағдайды баяндауы басқа телеарналармен ұқсас: мектептер, ойын-сауық-сауда орталықтары, кинотеатрлар, елде коронавирустың алғаш тіркелуі, төтенше жағдай жариялануын тізіп шықты. Жалпы «Еуразия бірінші арнасы» коронавирус тақырыбына небәрі 11 минут уақыт бөлді.

Қаржы дағдарысы сюжеті сауалнамадан басталды. Зауыт директорынан, электроника дүкенінен және базар сатушысынан пікір алды. Кадрлары әдемі. Алайда «Хабар» телеарнасы дағдарыстың басталғанын тәптіштеп жеткізген еді. Есесіне «Аналитика» авторлары банк мөлшерлемесінің өскенін толымды түсіндірді. Көп сарапшыны, шененікті сөйлетті. Тыңғылықты әрі көлемді сюжет.

Қордай оқиғасының тергеу нәтижелері қандай? 11 адам тергеліп жатыр, бұл тек басы ғана екен. Ауыр заң бұзушылықтар бойынша әлі ешкімді тұтқындамады. Басқа телеарналар коронавирус фонында Қордай оқиғасын мүлдем ұмытып кеткен еді. «Аналитика» бағдарламасының мұнысы ұтымды көрінді.

Алкоголь ішімдік ішіп, мас күйінде қылмыс жасау. Масаң күйде көлік жүргізіп, жол апатын жасаған атышулы оқиғалар. Бұрын маскүнем болған адам, анасыз қалған отбасылардың хикаясы бар. Журналистер қарапайым тәжірибе де жасапты. 20 жастағы жігітте алкоголь ішімдік алып келуге дүкенге жіберді. Ешкім де жігіттен құжат сұрамады. 20 жастағы жігіттің орнына 15 жастағы жігітті жібергенде дұрыс болар еді.

Әлеуметтік азық-түлік жиынтығы туралы сюжетте кімге қандай азық-түлік қанша көлемде қалай жеткізілетінін көрсетті. Позитив сюжетте азық-түлік қорабын ашып, қуанған отбасылар мен балалары бар. Мәселелерді де жасырып қалмай, кейбір азық-түліктің сақтау мерзімі өтіп кеткенін, қаңтарда берілуі керек жиынтықты енді беріп жатқанын, оның тек жартысы жеткізілгенін де айтты.

Бағдарлама коронавирус профилактиасы бойынша үш минуттық нұсқаулық видеомен аяқталды.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай енгізілген ақпараттан басталды. Жүргізуші Алматыдағы тілшімен тікелей байланысқа шықты. Алматыдағы тілші медициналық мекемелерде не болып жатқанын баяндады. Эфирге қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілін шақырғанын, ол келуге уәде етіп, кейін бас тартқанын да айтты.

Қазақстандағы және әлемдегі коронавирус пандемиясы туралы сюжет толымды жасалыпты. Қытайда оқыған журналист (Аспанасты елінде вирус қалай тарағанын айтты), Италияда қызмет ететін қазақстандық ғалым пікір берді.

Мұнай 30%-ға арзандады. Қазақстан қайтпек? Тоқаевтың төрағалығымен өткен шұғыл отырыстан басталған сюжетті экономист, саясаттанушылар комментарийі және жұртшылықтың сауалнама-жауабымен толықтырыпты. Сюжет авторлары «жағдай тұрақталған соң, біздің билік экономиканы мұнайға тәуелдіктен арылту туралы ойланатын шығар» деп үміт етті.

Apta бағдарламасының басым бөлігі коронавирус тақырыбынан құралды. Бұл тақырыпқа 45 минут эфирдің 35 минутын арнады. Қалғаны РФ конституциясы мен Путиннің президент мерзімін қайта бастау туралы жаңалық және тағы басқа экономикалық тақырыптар болды.

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты мониторинг жасайды және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР