ДомойМедиасынКарантин, қашықтан оқыту, Сириядан оралғандар. 30 наурыз – 5 сәуір қорытынды ТВ-бағдарламаларына...

Карантин, қашықтан оқыту, Сириядан оралғандар. 30 наурыз – 5 сәуір қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Карантин, қашықтан оқыту, Сириядан оралғандар. 30 наурыз – 5 сәуір қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Қазақстанның үш мегаполисінде қатаң карантин тәртібі енгізілді, қашықтан оқыту, пандемия кезінде адамдарды және бизнесті қолдау – өткен аптаның басты тақырыптары осы. Жалпылама барлық телеарнаның тақырыптары ұқсас, айырмашылық бірді-екілі тақырыптан ғана байқалды. Мәселен, КТК телеарнасы балаларды қашықтан оқыту проблемасын айтпай (бәлкім, үлгермеген шығар?), есесіне Сириядан оралған әйелдерді көрсетті.

«Хабар» жүргізушісі тағы да үйінен хабар таратып, әріптестері де үйден байланысқа шықты. Бұрын ресми, бірсыдырғы ақпарат таратып келген телеарнаның оң өзгерістерін бақылау да бір ғанибет.

Дәстүрлі мониторингімізге КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламалары енді.

«Большие новости», КТК

«Большие новости» бағдарламасы тағы да бір жүргізушімен шықты. Бұл жолы студияда жүргізуші Алексей Рыблов отырды. Бағдарлама басында еліміздегі сенбінің кешіне дейінгі коронавирус жағдайын: неше адам қайтыс болғанын, олардың кім екенін және тағы басқа деректерді баяндады. Тілшілер елден ешқайда шықпаған адамдар да індет жұқтырып жатқанын, бір науқас ондаған адамға жұқтыратынына назар аударды. Індет қалай таралатына жеке сюжет жасапты. Сюжетте коронавирус инфекциясы нақты қалай таралатыны түсініксіз екенін білдік. Бір нәрсе анық – сынаманың теріс нәтижесі ештеңеге кепілдік бермейді, ел аумағынан шықпай-ақ коронавирус жұқтыруға болады, тіпті қайтыс болғандар бар.

Мемлекет табысынан айырылған адамдарға қалай көмектесіп жатыр? Осы сұраққа жауап беретін келесі топтамада 42500 теңгені кімдер қалай алуға болатынын, бизнесті қолдау үшін не жасалып жатқанын көрсетті.

Қазақстанда негізгі азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіленді. Әдемі инфографикамен берілген ақпаратты талдап, дамытпады. Мәселен, бұл шектеулер бизнеске қалай әсер етеді (кәсіпкерлер негізгі азық-түлік тізімінің қатарында қымбатқа келетін тауарлар да бар екенін, үкімет мұны ойламағанын, енді бәріне бірдей айыппұл салатынын айтады). Сюжетте кәдімгі күрішті шекті бағасынан қымбат сатып жатқанын көрсеңіз, қайда шағымдануға болатынын да айтпады.

Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларын карантинге жапты. Алматы қаласы әкімінің орынбасары коронавирусқа қарсы лимон мен сарымсақ жеуді ұсынды (ол тек қазақстандық сарымсақ қана қорғайтынын атап өтті). Осылайша, қазір сарымсақ пен лимонды ақылға қонымды бағада сатып алу мүмкін емесіне кім себепкер екені мәлім болды. Келесі сюжетте аймақтарда коронавирус таралмауына қарсы күрес қалай жүріп жатқанын жинақтапты.

Карантин уақытында кәсібін ауыстырып, не басқаша жұмыс істей бастаған адамдардың қызық хикаясын көрсететін материал жақсы жасалған. Мысалы, таэквондо бапкері рекрутерге айналса, тігін цехының иесі киім орнына қорғаныш маскаларын тігеді. Сюжетте жекеменшік наркологиялық клиниканың «жарнама» деп көрсетілмеген жарнамасы да болды.

Басқа елдердегі коронавируспен күреске жеке дайджест-сюжет арнады. Мұндайда интернеттегі комментарийлерді, халықаралық ақпарат агенттіктері таратқан ақпаратты қанағат тұтуға тура келетіні түсінікті. Десе де АҚШ-тағы дәрі-дәрмекке қатысты қиын жағдайды дәрігер емес, сол жаққа көшіп кеткен Питер Жмутскийдің айтып жатқаны түсініксіз-ақ (КТК қызметкерлері түрлі тақырыпта осы адамнан үнемі комментарий алады).

Бағдарлама «Узницы джихада» атты сюжетпен аяқталды. Коронавируске қатыссыз жалғыз тақырып осы. Сириядан оралған қазақстандық әйелдер қалай өмір сүріп жатыр? Сирияда лаңкестердің әйелі боп, қиындық көрген олар қазіргі Қазақстан қоғамына бейімделді ме? Жұмыс тапты ма? Сюжетте ешқандай сараптама жоқ, тек қалыпты өміріне орала бастаған әйелдердің Сириядағы азап өмірін баяндайтын хикаясы, елге әкелген Қазақстан билігіне алғысы бар. Бір сөзбен айтқанда – «Жусан» операциясының әдемі насихаты боп шықты.

«7 күн», «Хабар»

«7 күн» жүргізушісі Александр Трухачев бағдарламаны тағы да үйінен жүргізді. Эфир 19 минутқа созылды.

Статистикадан (елімізде коронавирустан алты адам көз жұмды) басталған бағдарламада әлі бір де бір науқас тіркелмеген аймақтарды санамалай келе екі президенттің коронавииуспен күресіне ойысты: Назарбаев қазақстандықтарды мұқтаж жандарға көмектесуге шақырды, ал Тоқаев дағдарысқа қарсы шараларды көбейтті.

Алдыңғы аптадағы эфирден айырмашалығы кейбір тілшілер де үйде отырып, хабар таратты. Үкіметтің әлеуметтік көмек тақырыбына арналған үлкен отырысын, көмек алуға өтініш тапсыру механизмін оңайлатып, қазақстандықтардың көбі өтініш тапсырғанын айтты.

Үкіметтің соңғы брифингтерінен синхрондардың жаңа түсірілім бе, әлде мұрағат екені түсініксіз. Титрлары жоқ. 3 млн қазақстандық әлеуметтік төлем, тағы 800 мың қазақстандық азық-түлік алады екен.

Дәрігерлер қалай жұмыс істеп жатқанын көрсетті. Алғы шепте қызмет ететін дәрігерлерді індет жұқтыру қаупінен сақтанып, жібермейді, олар қонақүйде жатады. Нұр-Сұлтан қаласындағы төрт жұлдызды қонақүйдің бір орынға шақталған бөлмесінде тұрып жатқан дәрігер өмірін көрсетті. Сюжетте қанша дәрігер алғы шепте еңбек ететінін айтпады. Олардың бәрін қонақүйге орналастыра ма?

Келесі сюжет – онлайн білім беру тақырыбына арналды. Александр Трухачев бұрын уәде етілген формат енді болмайтынын айтып, қалыпты бейнекамерадан веб-камераға ауысты. Дауыс жоғалып, бейне сарғайып кетті. Бұл да бір шығармашылық тәсіл болса керек, өйткені онлайн-оқытуды интернет нашар болғаны үшін тоқтатты.

Тілші қашықтан оқыту өзгерістерін айта келе, оқушыларды оқытпақ болған бағдарлама арқылы байланысқа шықты. Телеарналардан видеосабақтар көрсетеді, төртінші тоқсандағы оқу бағдарламасын толық түсіндіру үшін 3 мыңнан астам видеосабақ түсіру керек. Бұған 200 мұғалім тартылған. Сол мұғалімдердің бірінен сұхбат алыпты. Ол видеосабақ бағдарламасын дайындауға көп уақыт кететінін, ал түсірім кезінде мұғалімдер суфлер пайдаланбайтынын айтты. Не радио, не телеарна жоқ ауылдардың жағдайын да көрсетті. Ол жаққа тапсырманы поштамен жеткізеді екен. Бұл қалай? Қағазға басып, апара ма, әлде флеш-тасымалдағышта жеткізе ме? Ауылда компьютер бар ма? Бір ауылға бір компьютер ма? Сұрақтарға жауап жоқ. Айтпақшы, «мектеп-гимназия» сөзі дефис арқылы жазылады.

Жалпы «7 күн» бағдарламасының ерекше қадамы — үйден эфирге шығуын бақылау қызық.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аналитика» бағдарламасы коронавируспен күресті соғыспен салыстырады. «Алғы шептегілер» мен «тылдағылар» туралы айтып, ауру жұқтырғандар туралы қысқаша хабарлап, сосын полицейдің бір күнін көрсетті. Ол Нұр-Сұлтанда қызмет етеді, отбасы үш аптадан бері үйден шықпаған. Бір адамның хикаясынан елдегі жалпы статистикаға ауысты.

Қазақстан билігі карантин режимі ел аумағында індет таралуын тежегенін айтады. Блокпосттарда тұрған әскерилер де сюжет кейіпкеріне айналыпты. «Қолды жуып, маска ауыстырып, мейлінше үйде отырыңыз» деген тәмсілді жиі қайталады.

«Еуразия бірінші арнасы» журналистері үйден эфирге шықты. «Аналитика» авторлары үйдегі тілшілердің балаларымен, үй жануарларымен кадрға түскен видеолар топтамасын жасапты. Сонымен қатар «Еуразия бірінші арнасының» Қарағанды қаласындағы тілшісі Нұр-Сұлтандағы «Хабар» телеарнасы тілшісінің тікелей эфирдегі тұрмысқа шығу ұсынысына онлайнда «Иә!» деп келісім берді.

Мемлекеттің ел тұрғындарына көмек шараларына бөлек сюжет жасапты. Басты назарды 42500 теңге бірыңғай көмек қаржысына аударды. Сюжетте жәрдем ақшаны ала алмағандарды сөйлетпеді, бірақ неліктен ала алмағанын түсіндірді. Сайтқа көп қолданушы кіріп, сайт жүйесі шыдамаған, жаңа сайт жасапты, енді жағдай оңалып қалар.

Бағдарлама шеф-редакторы Олег Журкевич мемлекет бизнесті қолдауға арналған шараларды: аз пайызбен несие беру, салықтан босату, несие төлемен шегеруді санамалап шықты. Ізінше билік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне шекті баға енгізгенін қосты. Бұл шектеу өндіріс, сауда-саттыққа қалай әсер ететінін кәсіпкерлерден сұрамады.

Бағдарлама коронавирусқа қатыссыз тақырыптардан құралған дайджестпен аяқталды. Бұл «Аналитика» эфирінің дәстүріне айналды. Дайджестте Тараз тұрғындарының ұялы байланысқа шыға алмайтынына (олар түрменің жанында тұрады, сонда байланыс өшіргіш орнатылған), Ақмола облысындағы ескі көпір, Павлодардағы кәріз жүйесі проблемасы, Семейде қарғыбауы жоқ итті өлтірген, Ақтөбеде бұрынғы күйеуі әйелдің бетін пышақпен тілгілеген. Соңғы оқиға аяқсыз қалды: журналистер пластикалық ота жасайтын дәрігерлердің қайырымды ісін хабарламақ болды ма, әлде әйелге ота жасатуы үшін ақша қажет екенін айтқысы келді ме? Түсініксіз

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Шымкентте бір адам коронавирустан қайтыс болған жаңалықтан басталды. Ол — Қазақстанда коронавирустан көз жұмған алтыншы адам. Статистиканы және басқа да соңғы жаңалықтарды санамалап шықты. Сосын Тоқаевқа, дәлірегі оның табысынан айырылғандарға 42 500 теңге жәрдемақы тағайындау жарлығына өтті.

Кемі бес тақырып (42500 теңге төлем алуға өтініш берудің қиындығы, egov, азық-түлік бағасы, XX ғасыр басында испан тұмауының әлемдік экономикаға әсері, мұнай бағасының төмендеуі) біріктірген сюжет мағыналы әрі қызық жасалған. Алайда сюжеттің кейбір тұстары дамытылмай, елеусіз қалып қойды. Мәселен, әлеуметтанушы-сарапшы: «Мемлекет тарапынан көрсетілген көмек 10 млрд долларды құраса, онда 42500 теңгені 3 млн адам алды деген өзінде бұл сол 10 млрд доллардың 3 пайызын ғана құрайды. Меніңше, бір баланс керек секілді», деп айтты. Осы тұста тілші 10 млрд доллардың қалған 97%-ы қайда қалай жұмсалатынын айтпады.

Қазақстандық оқушылар онлайн оқымайды. Сюжетте екі министрлік: білім министрлігі мен цифрландыру министрлігін «соғыстырып» қойды. Біріншісі — нашар интернетті, екіншісі – Білім және ғылым министрлігінің оқыту әдістемесін кінәлады.

Сюжеттегі сарапшы ҚР Білім және ғылым министрінің жауабын «манипуляция» деп атады («Қашықтан оқыту, онлайн оқыту дегеніміз стриминг арқылы сабақ беру деген сөз емес. Сондықтан мен ол кісінің интернетке жаба салуын манипулиция деп есептеймін» – сарапшы сөзі).

Тілші сюжетті «Келесі жолы кімді кінәлаймыз, жауапкершілікке кімге артамыз» деп жауапсыз сұрақтар қойып, аяқтады. Бұл сұрақтың жауабын қазіргі қашықтан оқытудың әуресінен шыға алмай жатқан балалар сияқты көрермен өзі іздесе керек.

Шетелде қалған қазақстандықтарды елге жеткізіп жатыр. Бұл тақырыпқа арналған сюжет Түркияда түсіріліпті. Сюжет «Қазақстан қиын жағдайда азаматтарын шетте қалдырмайтын аз мемлекеттің бірі» дегенді ғана жеткізбек болыпты.

Бағдарламаның жұрт күткен қызық сюжеті – ауруханада коронавирус жұқтырған науқастарды емдеп, үйіне бармайтын дәрігерлер хикаясы туралы сюжет болса керек. Сюжет аңдатпасында осылай айтқан-ды. Алайда үмітті ақтамады.

Сюжет авторы тақырыптан тақырыпқа: аурухананың қабылдау бөлімінен балалар жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерінің синхронына (дәрігермен видеоны мессенджер арқылы жазып алған), сосын жылдам құрастырылатын бөлшектерден салынып жатқан аурухана құрылысына, сосын қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен емханаларға, коронавирус жұқтырған дәрігерлер санына, ақырында дәрігерлердің жұртшылықты үйде отыруға шақырған видеоүндеуіне өтті. Бір бірімен қабыспай жатты. Сюжет емес, қалалық денсаулық сақтау басқармасының жарнама ролигіне ұқсайды.

Аңдатпасында айтылып, қызықтырған кейіпкерлер (үйіне бармай, еңбек етіп жатқан дәрігерлер) хикаясы сюжетте болмады.

Apta бағдарламасы адамдар карантин уақытын үйде  қалай өткізіп жатқаны туралы сюжетпен тәмамдалды.

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды ТВ-бағдарламасына тұрақты мониторинг жасайды және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР