ДомойМедиасынДәрігерлер, 42 500 теңге, тұрмыстағы зорлық-зомбылық. 6-12 сәуір қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Дәрігерлер, 42 500 теңге, тұрмыстағы зорлық-зомбылық. 6-12 сәуір қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Дәрігерлер, 42 500 теңге, тұрмыстағы зорлық-зомбылық. 6-12 сәуір қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Кешегі аптада коронавирус жұқтырғандар саны тіпті көбейді. Кейбір журналистер Қазақстанда коронавирустан бөлек маусымдық проблемалар да бар екенін ұмыт қалдырмады. Мәселен, су тасқыны, қарлы боран.

Енді бір әріптестерге коронавирус пандемиясы туралы материал жасағанда әлеуметтік жауапкершілікті ұмытуға болмайтынын айтқымыз келеді. Осы вирустан туындайтын ауруды «қытай пневмониясы» деп атауға болмайды. Сіз — Дональд Трамп емессіз ғой! Бұған қоса көрермендерге «індеттен емдейтін дәрі-дәрмек табылды» деп айтуға да әлі ерте.

Apta бағдарламасы авторлары ерекше мақтауға лайық. Олар Қазақстанда коронавирусқа қатысты не боп жатқанын баяндап қана қоймай, басқалары елеусіз қалдырған тақырыптарды қозғады: карантин кезінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық өршиді, жабайы аң-құс етінен әзірленетін тағамның зияны қандай (көбі пандемияны сол жабайы аң-құс таратты, деп есептейді).

Дәстүрлі шолуымызда КТК, «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN ұлттық телеарнасының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

«Большие новости», КТК

Студиядағы тағы да жалғыз жүргізуші. Эфирді Алексей Рыблов жүргізді. Анна Яломенко эфирге шықпады. Бағдарлама басталғанда COVID-19 жұқтырғандар туралы соңғы ақпаратты хабарлап, кейін “Мамырға дейін үйдеміз” («Сидим до мая» — түпнұсқа атауы) сюжетін көрсетті.

Карантиндегі ел өмірі қалай өзгерді? Міне, осы сұраққа жауап беретін сюжет аймақтардағы меншікті тілшілердің дайындағанын топтамасынан құралыпты. Павлодарда кафелер, сауда орталықтары жұмыс істеп тұр. Ақтөбеде зейнеткерлер де көшеде серуендеп жүр. Семей мен Өскеменде түрлі-түсті рұқсатнама алып жатыр (Адамдар рұқсатнаманы кезекке тұрып алады. Ал тілшілер биліктен адамдар неліктен кезекте тұратынын, пандемия кезінде мұның қауіпті екенін, оларды кезекке тұрғызып қоюға кім жауап беретінін сұрау керек еді. Билік жауап бермеген бе, әлде журналистер сұрамаған ба?). Ал Алматыдағы тілші маска киіп, стендап жасады.

Коронавирус жұқтырған дәрігерлер туралы топтама толымды жасалыпты. Барлық тарапты сөйлеткен, баланс сақталған. Алайда авторлар әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан өрескел қате жасады: Қазақстанға келген қытайлық мамандардың «қытай пневмониясымен» күресетінін айтты. Синофобияны өршітудің тамаша мысалы.

Журналистерге сөз ойнату қатты ұнаса керек-ті. Олардың сөзінше, қытайлар елімізге өздерінің жұқпалы ауруымен күресуге келіпті-міс. Құр қол келмей, «COVID-19 ауруын емдейтін дәрі-дәрмегін де ала келіпті». Демек, КТК авторларының айтуынша, коронавирустан емдейтін дәрі-дәрмек бар болғаны ғой. Шын мәнісінде, мұндағы айтпағы — коронавирус симптомдарын жеңілдететін вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер шығар (өйткені, қазір коронавирус жұқтырғандарды солай емдейді). Сөз қолданғанда абайлаған жөн.

42500 теңге алғысы келіп, алғаш рет БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлеген, бірақ әзірге 42500 теңге түспеген (түскендері де бар) адамдар туралы сюжетте түрлі кейіпкер, өзекті проблема, ащы шындық бар. Өтінішті онлайн жіберуге арналған сайт ашылды, бірақ жүктемені көтере алмай жатыр. Осы тұста ескерусіз қалған бір жайт:  БЖТ төлеу керек екенін жұртшылыққа бұған дейін қаншама рет айтты (өзін-өзі жұмыспен қамтитындар айына небәрі 1 АЕК көлемінде БЖТ төлейді). Төлемесе, мемлекеттен қандай да бір көмек ала алмайды. Алайда төтенше жағдай енгізілгенге дейін мұны көбі ойламады. Бәрі де мемлекеттен көмек алғысы келеді, алайда мемлекет заңдарына бағынып, өмір сүргісі келмей ме? Мұны кейіпкерлерден де, шенеуніктерден де сұрамады.

Оқушыларды қашықтан оқыту сюжетінде мектеп оқушыларын да, мұғалімдерді де сөйлетіпті. Мұғалім WhatsApp арқылы сабақ тексеру қиын екенін, смартфон экраны шағын, көз тез шаршайтынын айтады. Мұғалімнің жанында ноутбук тұр. WhatsApp мессенджерінің компьютерге арналған бағдарламасы бар екенін мұғалімдерге ешкім айтпаған ба? Ұстаздар жұмысын жеңілдету үшін оларға не үйретеді? Бұл сюжеттен тілші Ксения Поляницаның креатив стендапын атап өтуге әбден болады: журналист қашықтан оқытатын мұғалім рөліне де, қашықтан оқитын оқушы рөліне енді.

КТК Қазақстанның солтүстік өңірлерінде су тасқыны қаупі барын ұмытпады. Көктемнің өзекті проблемасын еске салды. Алайда өткен қыста қар қалың түссе де аса бір қауіп жоқ екен. Су тасқыны қаупінен бөлек, кешегі аптада солтүстік облыстарда күшті жел соқты. Бірақ авторлар бұл туралы ләм-мим демеді.

Бағдарлама карантин кезінде әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру бойынша жасалған сюжетпен аяқталды. Әскери жиындар жұмыссыз қалғандарға бір мүмкіндік болғалы тұр. Жақсы түйін.

«7 күн», «Хабар»

«7 күн» бағдарламасының ұжымы үйден жұмыс істеп, салыстыра қарағанда әлеуемттік жауапкершілігі жоғары екенін байқатып-ақ жатыр. 30 минуттық бағдарлама аптаның ең басты тақырыптары – Төтенше жағдай режимін ұзарту және шектеу шараларын күшейтуден басталды.

Мұны бәрі де білсе керек. Есесіне, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі отырысының қалай өткенін көбі біле бермейді. Онлайн-форматта өткен отырысқа қатысушылар құрамы да шектеулі болды. Коронавирусты талқылады. Отырысты премьер-министр өткізді, Елбасы халықты қолдау мақаласын жазды. Бағдарламада сол мақаладан бірнеше дәйексөз келтіріп, жұмыс кездесулері туралы айтты (Назарбаевтың синхрондарын қосты).

Қауіпсіздік мәселесіне жинақтаған бөлек топтамада төтенше жағдай режимін созуға не себеп болғанын баяндайды. Тілші «Елімізде 15 млрд теңгенің азық-түлік қоры бар екенін, картоп екі айға жететінін, сосын биылғы егін пісетінін айтып», сабырға шақырды.

Үйден хабар таратын «7 күн» бағдарламасының бір ұтымды сәті: ол — бағдарлама жүргізушісінің негізгі камерадан вебкамераға ауысуы. Осы камерадан камераға ауысу сапасын техникалық тұрғыдан жақсы жасапты. Кескін мен дауыс сапасы аса өзгермейді. Өткен аптада осындай тәсілмен онлайн оқыту тақырыбына алғысөз жасаса, бұл жолы карантинге жабылған үй тұрғындарының өмірін көрсетті.

«7 күн» тілшілерінің бірі карантинге жабылған үйде тұрады екен. Төтенде жағдай режимін ұзарту үй тұрғындарына ауыр тиіпті. Басқа қазақстандықтар азық-түлік алу үшін сирек те болса сыртқа шығады. Ал карантиндегі үй тұрғындары төрт қабырғаға қамалып отырады. Сыртқа шыға алмайды. Сюжетте карантинге жабылған облыс-қала әкімдерінің сұхбаттары, министрлік өкілдерінің синхрондары, тіпті әскери жиынға қатысу үшін медициналық комиссияға келіп тексеріліп жүрген жігіттердің сөзі де бар.

Дәрігерлерге берілетін үстемеақы не боп жатқанын да баяндаған сюжетте бас дәрігерлер ақшаны мемлекеттен, ал дәрігерлер ауруханадан алғанын айтады. Жүргізуші Александр Трухачев сюжет соңында әріптесінен жабық үйдегі өмір қалай екенін сұрады (осы сұрақ сюжет басталған сәттен қызықтырып еді): азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу тұрғысынан еш проблема жоқ екен, ал үйде қамалып отыру азабына шыдауға тура келеді.

Тілші бағдарлама соңында бәрібір де үйінен шығуына (барлық қауіпсіздік ережесін сақтап) тура келді. Үйінен шығып, сыртта күзетіп тұрған полицейлерді көрсетті. Александр Трухачев оператор жіберілмегенін, видеоның барлығы смартфонға түсірілгенін айтты. Полицейлерден қалай бақылау жасайтынын («Сергек» камералары арқылы), қандай жағдайда күш қолданатындарын(мас жүргізушілер болса), жалпы жағдайлары қалай екенін (шаршапты) және тағы басқа түрлі қызық мәліметтерді сұрайды. Сюжет мазмұны қызық-ақ. Ұзақ уақыт оқшауланудан кейін сырттағы «емін-еркін» жүрген адамдарға қарау да бір ғанибет. Кадрде полицейлер көлігінде кемі үш адам отырғаны байқалды. Олар бір-бірінен диагональ отырмағаны да анық. Бәлкім, құқыққорғаушылардың қорғану тәртібі басқаша шығар.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аналитика» бағдарламасы коронавирус бойынша ахуалды және президенттің жаңа тапсырмаларын (Төтенше жағдай режимін ұзарту, бірыңғай әлеуметтік төлем төлеу, коронавирус сынағын тапсырғандар қатарын көбейту) қысқаша айтып өтті. Президент тапсырмаларының қатарында жөнді жұмыс істемейтін электронды жүйелерді ретке келтіру де бар.

Кешегі аптаның ауа райы Қазақстанның біраз бөлігінде коронавирус тақырыбын екінші орынға ысырып тастады. Көкшетаудағы дауыл үй шатырын ұшырып, көршілес үйді зақымдады. Журналист зақымдалған үй тұрғындарымен телефон арқылы сөйлесті. Kokshetau.asia порталының журналисі үй шатырының неліктен ұшып кеткені жөнінде ойын айтты. Ол: Мұндай жұмысты әкімдік қалай қабылдаған?, деп сұрақ қойды. Алайда өзі де, «Аналитика» журналистері де бұл сұраққа жауап таппады.

Ауылшаруашылық өнімін өндірушілер дизель отынды нарық бағасынан 15% арзанға сатып алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді. Алайда барлық шаруа қожалығында мұндай арзан отын сататын орын жоқ. Дихандар дизель отын көлемі дұрыс есептелмегенін, әрдайым сапалы бола бермейтінін айтып шағымданды. Журналист өңірдегі дихандармен де, министрліктегілермен де сөйлесіпті. Мұнай бағасы төмендесе, дизель отын қалай арзандайтынын да көрсететін есептеулерін ұсынды. Журналист азық-түлік бағасы дизель отын бағасына тәуелді екенін айта келіп, алыпсатарларға ойысты. Дихан мәселені атап айтса да тақырып әрмен қарай дамымады. Коронавирус тудырған мәселеге өтіп, астықты сатып алу алгоритмі жоқ екеніне тоқтады. Осылайша, дизель отынды жеткізу тақырыбындағы сюжет «дихандардың да проблемасы шаш-етектен» деген сюжетке айналып шыға келді.

Бағдарлама соңында әлемде коронавируспен қалай күресіп жатқаны және өткен аптада Қазақстан мен әлемде пандемиядан басқа тағы қандай жаңалықтар болғанына шолу жасады.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы да коронавирус жаңалықтарынан басталды. Президент «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын сынағанын, дәрігерлерге қорғаныш киімдері мен заттары жетіспейтінін айтып, короавирус Нұр-Сұлтан мен Астанадан асып, ауылдарға жеткенінен басталды. Мәселен, Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар 100 адамнан асты. Жүргізуші Қызылордадағы тілшімен тікелей байланысқа шықты. Тікелей эфирдегі тілші әңгімесі тұщымды болды. Мысалы, Қызылордадағы бір ауыл ауру ошағына айналған. Ауыл әкімін қызметінен алыпты, өйткені ауылдастарының той жасап, думандатқанына көз жұма қараған. Тіпті өзі де той жасаудың басы-қасында жүріпті

Жамбыл облысының Меркі аудандық ауруханасының екі дәрігері Денсаулық министрлігіне үндеу жолдады. Олар қорғаныш киімдерін тігіп киетіндерін, науқастарды оқшаулар тәртібі бұрыс екенін айтты. Толымды сюжетте барлық тарапты сөйлеткен. Тіпті комментарий беруден бас тартқандарды да атап көрсетті.

QAZAQSTAN телеарнасынан басқа ешбір арна айтпаған тақырып – карантин кезінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың көбеюі. Бәрі үйінде отыр. Зорлықшыл күйеудің тепкісінен ешқайда қашып кете алмайды. Apta авторлары бірнеше әйел хикаясын баяндады. Тұрмыста теперіш көрген әйелдерді қамқорына алатын дағдарыс орталықтары да жабық. Тек бірнешеуі жұмыс істейді. Естігенді шошытар хикаяларды баяндаған сюжетте психолог та, әлеуметтанушы да, заңгер де, ІІМ өкілі де бар. Сюжет авторларына алғыс.

Бағдарламада экслюзив тағы бір сюжет болды. Бағдарлама авторлары мұндай тақырыпта сюжет түсіруі орынды-ақ. Мақтауға лайық. Қазір көбі коронавирус жабайы аң-құс етінен адамға жұғып, таралғанын айтады, өйткені әлдекімдер жарқанат сорпасын ішіпті. Сюжетте бізге мұның рас-өтірігін, жалпы әлемде және Қазақстанда жабайы аң-құс етін жеп, сорпасын ішу қаупі қандай екенін көрсетті.

Карантин кезінде сұраныс артып, тапсырысы молайған бір қызмет болса, ол – курьер қызметі. Карантинде үйіне қамалған жұрт тапсырған тауарды жеткізетін курьерлер туралы сюжетте жарнама элементтері байқалды. Қазақстанда зат жеткізу қызметін ұсынатын компаниялар көп-ақ. Сөйте тұра сюжетте зат жеткізетін бір ғана компанияны көрсетті. Мұның жарнама сюжет екені туралы белгі де болмады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың апталық қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жасайды және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР