ДомойМедиасынОңтүстікте топан су, қырыққабат дағдарысы және нашар жолдар. 27 сәуір – 3...

Оңтүстікте топан су, қырыққабат дағдарысы және нашар жолдар. 27 сәуір – 3 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Оңтүстікте топан су, қырыққабат дағдарысы және нашар жолдар. 27 сәуір – 3 мамыр қорытынды ТВ-бағдарламаларына шолу

Телевидениеміздегі коронавирус тақырыбы үстемдігі де аяқтала бастады. Төрт қорытынды бағдарламаның үшеуі коронавирустан тыс тақырыптан басталды. Сенат спикері Дариға Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылуы және Қазақстан оңтүстігіндегі елдімекендерді басып қалған топан су — топ-тақырыптар болды.

Эксклюзив тақырыптар алуандығы қуантты. Мәселен, КТК телеарнасы қазақстандық дихандар өсірген қырыққабат неге сатылмай жатқанын және саяжайдағы жағдайды зерттепті. «Хабар» телеарнасы саяжай керек етпейтін зейнеткер туралы сюжет жасапты. Ол үйінің шатырын бақшаға айналдырған. «Еуразия бірінші арнасы» жол сапасының сын көтермейтініне кім кінәлі екенін анықтаса, QAZAQSTAN телеарнасы шұғыл емге мұқтаж, бірақ пандемияға байланысты шетелге шыға алмай, ота жасатуы кейінге шегерілген адамдарға алаңдайды.

«Большие новости», КТК

Бағдарлама ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілеттігі тоқтатылғанынан басталды. Мемлекет басшысының Twitter-дегі аккаунтындағы хабарламаны ғана оқып берді.

Содан кейін Түркістан облысындағы топан су туралы толыққанды сюжет дайындапты. Осылайша, «Большие новости» бағдарламасы соңғы бірнеше аптада алғаш рет коронавирустан тыс тақырыптан басталды. Бәлкім, медиадағы COVID-19 дәуірі де соңына жетті ме екен?! Бұл соның белгісі болар?!

Өзбекстанда «Сардоба» су қоймасының бөгеті бұзылып, қоймаға жиналған су сол маңдағы елдімекендерді, тіпті Қазақстандағы ауылдарды, егістік алқаптарын басып қалды. Сюжетте жергілікті тұрғындар түсірген әуесқой видеолар мен су басқан аумақты тікұшақпен айнала ұшқанда түсірілген видеоларды пайдаланыпты. Жағдайды бейнелейтін әсерлі кадрлер.

Алайда мәтіні мінсіз емес. Тілші «Су түн жарымда келе бастады» деп айтады. Қай күннің түн жарымы? Түсініксіз. «Барлығы таңертең басталды» деп жалғастырады. Тағы да қай күні екенін айтпайды. Жүргізуші алғысөзде төтенше жағдай «жұмадан сенбіге қараған түні болғанын» хабарлаған, бірақ сюжет – бөлек материал. Міне, сондықтан сюжеттегі ақпарат алғысөзге байланбай, түсінікті болуы шарт. Басқа қырынан сюжетке сын жоқ. Тілші өзеннен стендап жасайды, беті жабық. КТК телеарнасы қызметкерлеріне бренд бетперделер бергенін көреміз.

Топан судан кейін коронавирус тақырыбына жалғасты. Сенбі күні кешкісін жеткен мәлім фактілер мен сандарды хабарлады.

Бірінші сюжет – тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа арналды. Төтенше жағдай кезінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық саны 4 есе өскен. QAZAQSTAN телеарнасының Apta бағдарламасы сәуір айының ортасында тап осындай тақырыпта сюжет көрсеткен. «Большие новости» бағдарламасы сюжетін Нұр-Сұлтан қаласындағы оқиғамен байланыстырыпты: еркек бұрынғы әйелін баспалдақта пышақтаған. Қызғаныштан солай жасапты. Мұның карантинге не қатысы бар екені түсініксіз?! Бұдан да салмақты себеп бар еді. Осы аптада қазіргі Сенаттың ендігі экс-спикері Дариға Назарбаева тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшырағандар проблемасына назар аударған.

Қызық дерек: полицейлер тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына 102 нөміріне хабарлауды ұсынғанда үйдегі зорлықшыл күдіктенбес үшін: «Бетперде мен антисептик келді ме» деп жасырын сұрақ қоюды айтады екен. Журналистер бұл ақпаратты қайдан алған (дереккөз жоқ) және соны потенциалды жәбірленушілерге қалай таратқан? Бұл рас болса, онда жүргізуші Алексей Рыблов мұны бүкіл елге хабарлады. Оны үйдегі зорлықшылдар да естіді.

Сюжет авторлары тақырыпты әлеуметтік жауапкершілікті сақтай отырып, сюжет жасамақ болыпты. Бірақ, кемшіліктері болды. Өгей әкесі ұрып-соғып, ауруханаға түскен баланың анасын ашық көрсетті. Бетін бұлыңғырламады. Күйеуі баланы бұған дейін де ұрып-соққанын, бірақ әйел ешқандай арыз-шағым жазбағанын да айтты. Оның көршілері бұған дейін жағдайдан хабарсыз болып, енді хабардар болса, «осындай ананы» жазғыруы мүмкін. Қақтығыс жәбірленушісі журналистермен әңгімелесуге келіссе де, журналистер жағдайдың мүмкін салдарын бағамдауы міндетті. Сюжетте «Бетперде мен антисептиктер келді ме» деген жасырын сұрақ туралы айтпады. Бұл сұрақтың қайдан шыққанын да көрсетпеді. Сюжетте полиция өкілдерінен комментарий жоқ. Тек жәбірленушілер мен құқыққорғаушылар ғана бар.

Қазақстан оңтүстігінде қырыққабат мол жиналды, бірақ ешкімге қажетсіз боп қалды. Сұраныс жоқ. Неліктен? Адамдар қырыққабат жемейтін болғаны ма? Мұны түсіндірмеді. Тележүргізуші ақ қауданды қырыққабат балалар үйі мен аз қамтылған отбасыларға беріп жатқанын айтты. Демек, олар қырыққабат жейтін болғаны ғой.

Әйтсе де қырыққабат та, басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік те қымбаттады (қымбаттатпауға уәде берген еді, бағаның өсуін қадағалайтын болған, неге қымбаттағанын сұрамады?). Сонымен «дихандар қырыққабатын сата алмай жатса, неліктен қымбаттайды?» деген сұраққа жауап болмады.

Билік тарапынан тек алаңдаушылық (мұнда да Дариға Назарбаева) және сөз жүзінде жоспары ғана бар: дихандардың өнімін сатып алатын тарату орталықтарын салу, сосын оны лезде дүкендер мен мейрамханаларға тарату. Алыпсатарларды осылай жеңеміз. Бірақ мұның барлығы жоспар ғана. Ал қазір қырыққабатты қайтпек? Барлық өнімді балалар үйі мен аз қамтылған отбасыларға тарату үшін сатып ала ма? Қандай бағада сатып алады? Тележүргізуші айтқандай, келісін 10 теңгеден бе (баға соншалық түскен бе)? Егер 10 теңгеден сатып алса, онда дихандар шығынға батпай ма? Билік айтқандай, шетелге шығарып сатуға шекара ашық болса, онда дихандар қырыққабатын неліктен сонда сата алмайды? Алмай ма? Неге? Бұрын сатып алып келді емес пе? Қырыққабат коронавируспен ауырмайды, азық-түлік дағдарысы бәріне қауіп төндіре ме? Ештеңе түсініксіз.

Қазақстандықтардың саяжайға баруына рұқсат етті, бірақ сол жаққа жету оңай емес. Қазір саяжайға бару да кеш. Бақша егудің уақыты өтіп, жер телімдерін арамшөп басып кетті. Билік өкілдері мен саяжай иелерінің пікірі бар. Бағдарламадағы сұрақ туындатпайтын жалғыз сюжет осы.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарлама аптаның басты тақырыптарын тізіп шығудан (Төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары арасында әуе қатынасы ашылды, шаштараздар жұмысын қайта бастады) және Тоқаев пен Елбасының 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесімен құттықтауынан басталды.

Бірінші топтаманы көбімізге таныс Әмір Сәменбетов ашты. Карантинге жабылған үйде екі апта отырған тілшінің арыны қатты, жұмысы өнімді. Қайта-қайта сюжет жасап жатыр. Ол бұл жолы көпқабатты үй шатырын бақшаға айналдырған зейнеткерді көрсетті. Зейнеткер сурет те салады. Тілшінің және бағбанның айтуынша, көршілері оның үй шатырын бау-бақшаға айналдырғанына қарсы емес екен. Тіпті шатырға шығып, көмектеседі. Зейнеткер бақшадағы өнімін де көрсетті. Ал көршілерді көрсетпеді. Оларды да көрсеткенде болар еді. Расымен де қолдай ма? Оларға кедергі болмай ма? Осы тұста заңгерден пікір алыпты. Ол шатырды пайдалануға кім рұқсат беретінін (жалпы бұл қауіпсіз ба) айтады.
Тамаша сюжетті жүргізуші Александр Трухачевтің үй киімін киіп, шағын жылыжайында жүрген кадрлерімен толықтырыпты. Жалпы «7 күн» бағдарламасының командасына үйде қалып, үйден жұмыс істеген тиімді сияқты. Сюжеттері бірінен бірі қызық шығып жатыр.

«Қауіпсіз шаш қырқу» сюжетінде шаштараздардың жаппай ашылуын көрсетіпті. Сюжетте барлығы: вайн да, әуесқой видео да (адамдар үйде бір-бірінің шашын қырқып жатыр), комментарийлер, сарапшы пікірі, әлемдегі қызықты шаш қырқу тәсілдері, креатив стендаптар, пайдалы графикалар, тіпті онлайн-сауалнама да бар. Тамаша сюжет.

Келесі сюжет алдыңғы сюжеттің жалғасы іспеттес. Мұнда басқа салалардың жұмысын қайта бастағанын көрсетті. Бірақ барлығын президент үндеуі арқылы берді.

Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату туралы қысқа, тек бірнеше сөйлеммен айтты. Сарапшы комментарийі жоқ.

Елдің оңтүстігіндегі ауылдарды топан су басқанын Қазақстан және Өзбекстан президенттерінің әңгімелесуі арқылы берді. Сюжет болмады.

«Аналитика», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарлама коронавирус хроникасынан басталды. Жүргізуші сөзін бос көшелер, ковидке дейінгі уақыттың мұрағат кадрларымен және президент Тоқаевтың дәйексөздерімен сүйемелдепті. Материалдың басты айтпақ ойы – Төтенше жағдай аяқталады, алайда өмір бұрынғыдай болмайды.

Коронавирус дайджесті саяси оқиғаларға ұласты. Мәжіліс депутаттары президенттің Төтенше жағдай кезіндегі өкілеттігін кеңейтті, Сенат спикері Дариға Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды. Президент өкілеттігін кеңейту мен спикер өкілеттігін тоқтатудың бір-біріне қандай қатысы бар екенін түсіндірмеді.

«Аналитика» журналистері жолдың нашарлығына кім кінәлі екенін тауыпты. Жол жөндеуге жақсы ақша бөлінеді, бірақ алғашқы қар жауғанда төселген асфальт «еріп кетеді». Қостанай облысынан мысал келтіріп, проблеманы нақтылады: жол жөндеу технологиясы дұрыс таңдалмаған, жол «қалқып жүреді».

Сосын жолды жөндемес бұрын геологиялық зерттеу жүргізетін Нұр-Сұлтан қаласына ауысты. Бірақ, оны құрылысшылар емес, әкімдік тапсырмасына сәйкес мердігерлер жасайды. Журналист әкімдік қызметкерлерінің зерттеуді тексеретін, салыстыратын білімі жоқ екенін айтады. Содан кейін осындай проблема байқалатын Батыс Қазақстанға ауысады. Шығыс Қазақстан облысында да қар үстіне асфальт төсейді екен.

Жол активтерін бақылау ұлттық орталығының директоры Замир Сағынов «жергілікті желіде маман отырмағанын» айтады. Әңгіме не туралы екенін түсіндірмейді. Қайтадан Нұр-Сұлтан қаласына ауысамыз. Мұнда көшеде инженерлер (мердігер компаниянікі ме, әкімдіктікі ме, түсініксіз) жол сапасын тексереді. Астанада жол белгісін салған жерге жөндеуді бастапты. Бұл жемқорлық тақырыбына кетіп тұр.

Журналист осы салада «көп ақша» айналып жатқанын айтқан әлдебір сарапшылардың сөзін келтіреді. Сосын ауыр жүк көліктерінің қозғалысы рұқсат берілетіні, сөйтіп олардың жолды бұзатыны сөз болады. Бәлкім, Алматы облысындағы жолдардың бұзылғанына солар кінәлі шығар. 11 минутта бес аймақтың проблемасын көрсетті, бәріне «желіде отырғандар» кінәлі екенін білдік, алайда олар кім, мұның қашан аяқталатыны түсініксіз.

Карантин кезінде дәстүрге айналған қылмыс оқиғалары дайджестінде «Еуразия бірінші арнасы» жаңалықтарының бір бөлігі қайталанады. Телеарна журналисі соққыға жығылған кішкентай қыздан сұхбат алады. Қыздың бет-жүзін бұлыңғыр етіп, жауыпты. Осылайша жаңалықтардағы олқылықтың орнын толтырған. Алайда журналистің бала жанына ауыр тиетін әңгімесін сол күйі қалдырыпты.

Келесі материал еріктілерге арналған. Сюжетте шын кейіпкерлердің жан тебірентер мысалдары бар. Алайда журналистің тым ресми мәтіні жанға жағымды хикаяны есеп материалға айналдырып жіберді.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында елдімекендерді топан су басқанына арналған сюжеттен басталды. Су астында қалған елдімекендерді, тұрғындарын қайда қалай эвакуациялағанын көрсетті. Тұрғындар мен әкімдік комментарийі бар.

Тілші сюжетті: «Жүздеген тұрғын үйсіз, мал-мүліксіз қалды. Мұның шығынын Өзбекстан өтей ме, жоқ па? Жоқ шығар» деп аяқтады. Мұндай түйін жасауға не себеп? Тілші осы мәселеде сарапшы ма? Әлде, сарапшылар айтты ма? Егер сарапшылар айтса, онда неліктен сюжетте сол сарапшыларды сөйлетпеді?

Тақырыпты Жайна Сламбек жалғастырды. Ол биыл Қызылорда облысында қуаңшылық болжанғанын хабарлады. Сосын «Өзбекстанда су сыймай, бөгеттің жарылғанын естігенде суды сақтай алмайтындай көп, өте көп мөлшерде ұстағандары ғой, деп ойладық» деді. Мұнда да сарапшы пікірі, сандар немесе билік комментарийі жетіспеді.

Соңынан Қызылорда облысындағы жағдайды баяндайтын сюжет шықты: биыл облыста күріш алқаптарының көлемін азайту жоспарланыпты, өйткені Сырдарияда су аз, Шардара су қоймасына да жылдағыдан аз су жиналған. Үлкен сюжет толымды жасалып, баланс сақталыпты.

Дариға Назарбаеваның Сенаттан кеткенін қысқа хабарламамен жеткізді.

Сосын коронавирус тақырыбына кезек жетті. Елдегі соңғы жаңалықтарды хабарлап, «Төтенше жағдайдан кейін не болады?» деген сауал төңірегінде сұхбат жасады. Сұрақтарға сенатор Мұрат Бақтиярұлы жауап берді. Жауаптары қызық әрі шынайы, оптимизмнен ада екен. Мемлекеттік телеарна эфирінен мұндайда жиі естімейсіз.

Apta бағдарламасының эксклюзив сюжеті коронавирус себебінен ұмыт қалған кейбір ауруларға арналады. Шекара жабық, шетелдік клиникаларда жасалатын отаны кейінге шегеруге тура келіпті, ал науқастар ұзақ күте алмайды. Кейіпкер хикаялары шынайы да әсерлі. Денсаулық сақтау министрлігінің комментарийі (пандемия аяқталса, проблема шешіледі) бар.

Иранға емделуге барып, шекара жабылған соң, елге қайта алмай, сонда қалып қойған кейіпкер хикаясына комментарий жетіспеді. Кейіпкердің айтуынша, барлығы 23 адам Иранда қалып қойған. Олар сондағы елшіліктен көмек сұрапты. Алайда Сыртқы істер министрлігінен бұл туралы комментарий болмады.

Қашықтан оқыту ақиқатқа айналды. Қашықтан оқыту қандай болуы керек? Мұғалімдер қалай жұмыс істеуі керек? Елдегі білім беру жүйесін қалай реформалайды? Осы тақырыптағы сюжет қызық шыққан. Мұғалімдер, сарапшылар, мектеп директоры, шетелдік мамандардың комментарийі бар. Ал Білім және ғылым министрлігі комментарий беруден бас тартыпты.

Apta бағдарламасы карантин кезінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық көбеюі туралы сюжетті басқа телеарналардан бұрын көрсетті. Ал өткен аптада КТК телеарнасында пандемиядан кейінгі туризм жағдайына арналған сюжет шықты. Осы аптада QAZAQSTAN телеарнасы бұл тақырыпта сюжет дайындапты. Мұнда назарды ішкі туризм және оның проблемаларына арнады (мысалы, жолдардың әлі аяқталмауы).

«Жаңа репортер» қазақстандық телеарналардың қорытынды ТВ-бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізеді және апта сайын жариялайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР