ДомойМедиасынБАҚ-тағы вакцинация тақырыбы: біржақты пікір, дабыра қарсылық

БАҚ-тағы вакцинация тақырыбы: біржақты пікір, дабыра қарсылық

БАҚ-тағы вакцинация тақырыбы: біржақты пікір, дабыра қарсылық

Қазақстанда міндетті екпе және ерікті екпе жасату төңірегінде дау-дамай толастар емес. Бұған дейін оқтын-оқтын айтылып, қайта басылатын тақырыптың тағы да өршуіне парламентте қаралып жатқан «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы себеп  болды. Қоғамды әрі-сәрі еткен кодекс талқылауынан медиа да тыс қалмады. Медиасыншы Меруерт Хусаинова қазақ тіліндегі медиа екпе жасату жөнінде не жазып, не көрсетіп жатқанына шолу жасады. 

Мемлекеттік БАҚ-тағы біржақтылық

Мемлекеттік БАҚ таратқан ақпарат көбіне ресми, құрғақ деректерге құрылған. Мәселен, Aikyn.kz порталында «Министр: екпені мәжбүрлемейміз, бірақ міндеттейміз» деген тақырыптағы мақала жарияланды. Мақалада Денсаулық сақтау министрінің әлеуметтік  желідегі жазбасын қазақ тіліне аударып қана беріпті. Бас дәрігеріміздің пікірімен қатар дәл осы вакцинаның зардабын тартып, сау баласы мүгедекке айналған ата-ананың жанайғайы қатар берілсе, біраз дүние айқындала түсер еді. Мәселен, таяуда ғана екпе салуды міндеттеуге байланысты 100 мыңнан астам ата-ана қол қойып, арнайы петиция дайындалды. Ата-аналар не себепті вакцинацияға қарсы екенін осы мақалада министрдің пікірімен қатар берсе, екпе  сапасына қатысты шындық та ашылары сөзсіз. 

Соңғы уақытта “екпеден кейін балалардың денсаулығы нашарлап, тіпті ауыр дертке  ұшырауының бірден бір себебі — сапасыз, арзан екпе” деген пікір жиі айтылады. Бұған дейінгі екпе сапасының сын көтермейтінін министр өзі де жоққа шығармайтынын  жаңа кодекске енгізілген заң тармақтары көрсетіп тұрғандай. Бұл Aikyn.kz сайтындағы мына  мақаладан байқалады.

Мақалада «Бұдан былай, жаңа заң бойынша адам денсаулығына жеңіл зиян келтіруі мүмкін вакциналарды әкелу, сатып алу, тасымалдау және сақтау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартудағы әкімшілік айыппұлдар 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды» деген сөйлемдер бұған дейінгі екпенің сапасы талапқа сай болмағанына дәлел емес пе? 

“Екпені мәжбүрлеу мен міндеттеудің айырмашылығы бар ма” деген  сұрақтың жауабын бұл сайттан таппадық. Тақырыптағы «мәжбүрлеу» мен «міндеттеудің» ара-жігі мақалада ашылмаған, анықталмаған. Министрдің әлеуметтік желіге жариялаған осы жазбасының қазақ тіліндегі аудармасын Egemen Qazaqstan газетінің сайты да жариялады. Тақырыбы — «Министр Қазақстанда қолданылатын вакциналардың сертификаттаудан қалай өтетінін айтып берді».

Вакциналар талай сүзгіден, тексеруден өтетініне оқырманын сендіретін тақырып. Мәтіні тұтас сол қалпы, біржақты  жарияланған, қарсы тарап пікірі жоқ. 

Мемлекеттік БАҚ анықтамаған «міндеттеу» мен «мәжбүрлеу» сөзінің мағынасын Malim.kz сайтындағы мақала анағұрлым айқындапты. 

Дәрігер, балалар невропатологы Қ.Конеевтің сұхбаты жаңа заңдағы көп шикілік пен екпені міндеттеудің зиян тұсын қамтиды. «Екпе салдыруды міндеттеу — дұрыс емес» деген дәрігер қарсылық ретінде, тіпті митингке шығатынын да мәлімдейді. Мәселен, осы сұхбатта дәрігер: «Балалар невропатологы ретінде екпе егуді қолдаймын, ол ауыр инфекциялардан қорғайды. Бірақ екпе егуді міндеттемеу керек. «Оны айналып өтемін» деген ата-ана басқа амал іздей бастайды. «Екпе егуге болмайды» деген жалған медициналық қағаз немесе жалған вакцинацияға жүгінеді. Қысқасы, мұның бәрі жемқорлыққа жол ашуы мүмкін. Ең жаманы, біз екпе егілгендер мен егілмегендер жайлы шынайы ахуалды білмей қаламыз», – дейді. 

Телеарналардағы екпе тақырыбы тым солғын

Екпе тақырыбын отандық телеарналарымыз да айналып өтпеді. Өкінішке қарай, вакцинаға қатысты берілген хабарлардың басым бөлігі екпе салуды міндеттеуге шақырады.  Мысалы, «31 арна»  бұған дейін екпе туралы бірнеше хабар көрсеткен. Алайда «Информбюро» бағдарламасының таяудағы шығарылымында арнайы мамандардың салмақты пікірімен қатар берілген екпеге қарсы ата-ананың уәжі өте сенімсіз шықты. Семейлік Гүлжан: «Екпеге сенбеймін, өйткені екпе алған соң баламның дамуы тежеліп қалды» деп айтады.

Баласының қай жаста, қандай екпе алған соң денсаулығына зиян келгені, бұл жағдай нақты дәлелденгені туралы  ешбір дерек айтылмайды.

Дәл осындай көрініс QAZAQSTAN телеарнасындағы Apta  бағдарламасында да ұшырасты. Сюжетте ата-ана Толғанай Тұрымбетова: «Жатыр мойны обырына қарсы салынатын вакцинаның салдары қыздарымызды болашақта бедеулікке алып келеді» дейді.

Әйтсе де, осы вакцинадан кейін бедеулікке ұшыраған әйел немесе статистикалық көрсеткіш туралы дерек айтылмайды. Бағдарлама авторлары ата-аналардың екпеге қарсылығын экраннан көрсетуді ғана мақсат еткен сияқты. Әйтпесе, эпидемиолог, вакцинолог Сәкен Әміреев 11 жастағы қыздарға жасалатын бұл вакцинаны министрлік соңғы он жылда уақытша тоқтатқанын Apta тілшісіне айтты. Журналист бұл вакцинаның не себепті тоқтатылғанын сұрамады.  

Еске салсақ, 2013 жылы Павлодар облысының Майқайың ауылында 12 жасар екі қыз осы екпеден кейін ауруханаға түсіп, үш күн бойы ес-түссіз жатып, төртінші күні ғана тілге келген-ді. Осы екпеден кейін өзін жайсыз сезінген басқа да аймақ қыздары туралы ақпараттар тарады. Содан кейін жауапты мекеме: “вакцинаның құрамы мен сапасын тексеру қолға алынды, бұл екпені жүргізу Қазақстан бойынша  уақытша тоқтатылды”  деп ресми мәлімдеме жасаған. 

Ақындар мен спортшылар жазбасын көшіретін сайттар

Мемлекеттік ақпарат құралдары екпе туралы осылай бұра тартып, хабар таратып жатқанда, кейбір интернет сайттар ақындар мен спортшылардың екпе туралы бір жақты хабар таратып жатыр. Мәселен, Stan.kz сайты айтыскерлердің екпеге қарсы пікірін алғашқылардың бірі болып жариялады.

Айтыс ақыны Балғынбек Имашев Instagram парақшасында “Коронавирусты “әншейін ғана грипптің бір түрі” деп сенімсіздік білдіріп, «Мен тек Құдайдан ғана қорқамын, барлығы тек құдайдың ғана қолында” деп, егер екпе салуды міндеттесе, азаматтықтан бас тартатынын ескерткен жазба жариялады.

Stan.kz сайты сол жазбаны мақала етіп жариялады. Сондай-ақ, тағы бір ақын Жандарбек Бұлғақовтың «екпеден бала зардап шексе, жауапкершілікті дәрігер мойнына алсын» дегені де осы мақалада көрсетілген. Екі ақын азамат әрі әке ретінде екпенің баласы үшін зиян екенін айтқысы келгені анық. Десек те, не ақындар жазбасында, не ақпараттық сайт мақаласында сапасыз екпе салдарына тоқталмайды. 

Дәл осы тектес, бірақ бұл жолы спортшының вакцина туралы қарсы пікірін  жариялаған сайттар бар. Танымал спортшы Қуат Найманның әлеуметтік желідегі жазбасын  nur.kz  және caravan.kz сайттары жариялады.

Тақырыбын  «Қарапайым халықты өлтіруді доғарыңдар!»  деп, спортшының жазбасын көшіріп берумен ғана шектелген. Вакцинадан қарапайым халықтың қалай қырылуы мүмкін екенін спортшы біле бермес. 

Қаншама жұқпалы аурулардың алдын алу осыған дейін вакцинация арқылы жүзеге асырылды. Алысқа бармай- ақ, өткен ғасырда сәбилерді қынадай қырған шешек, қызылша секілді індеттің бетін екпе қайтарғаны мәлім. Сонымен қатар соңғы 10-15 жылда елімізге әкелінген екпелердің сапасы мен құрамы көңілге күдік ұялатты. Бұған бүгін екпе алған сау баланың ертең науқасқа айналғаны туралы ақпараттар да себеп. 

Сондықтан да осы екі үлкен мәселеге қатысты отандық БАҚ-та жан жақты сараланған, маман пікірлері мен түрлі зерттеуге негізделген танымдық ақпараттар болмауынан оқырман дұрыс шешім жасай алмай жатыр.

Мемлекетке тиесілі БАҚ-тағы құрғақ ресми ақпарат пен кейбір интернет сайттарындағы вакцинаға мүлде қатысы жоқ ақын, спортшылардың қарсылық пікірі жарияланады. Бұл қазақстандықтардың “екпе салдырған жөн бе әлде бас тарту керек пе” деген сұрағына нақты жауапты бермейді. Дәл қазіргідей құрғақ ресми ақпар мен долбар-пайымға құрылған пікірлер жиынтығын медиада мақала етіп тарату оқырманды да адастырады, құзырлы мекемелер қызметіне де көлеңке түсіреді. 

Меруерт Хусаинова
Меруерт Хусаинова
Медиасыншы, журналистика саласында 12 жылға жуық уақыт қызмет етіп келеді. Алғашқы журналистикалық тәжірибесі «Apta.kz» газетінде басталып, одан кейін «Діл», «ДАТ» газеттерінде жұмыс істеді. Соңғы жеті жыл бойы Республикалық «Жас Алаш» газетінде саяси, әлеуметтік тақырыптарға қалам тербеген. Сонымен қатар, «Ратель.кз», «Адырна» ұлттық порталдарында журналистік қызмет атқарған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР