14-20 қыркүйекті қорытындылаған апталық бағдарламалардың тақырыптары әралуан болды. “7 күн” мен Apta авторлары тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстау өңіріне сапарын Каспий жағалауында туризмді дамытуға ұштастырса, Basty bagdarlama үй жануарларын азаптайтындардың көбейгеніне сюжет арнады. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде таралып жатқан құс тұмауын Apta бағдарламасы айтса, қалған екі бағдарлама бұл тақырыпты елеусіз қалдырды. Есесіне қаржы пирамидалары мен несиені кешіру туралы көлемді сюжет берді.
Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.
19 қыркүйекте эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасының бір жаңалығы — жүргізуші ауысыпты. Ұзақ жылдардан бері бағдарламаны жүргізіп келген Ринат Думанұлының орнына Дархан Әбдуахит шықты. Бұл уақытша ма әлде ұзақмерзімді ме, мұны алдағы шығарылымдарынан білеміз.
«7 күн» Нұрсұлтан Назарбаевтың жұма күні Маңғыстау өңіріне сапарына 13 минут арнады. Ұзақ сюжетте өңірдің туристік әлеуетін дамытуға арналған жобалар, жоспарлар және Назарбаевтың инвесторлармен кездесуін көрсетті. Тұңғыш президенттің екі жыл бұрын: «Ақтауды қазақстандық Анталияға айналдыру» тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты.
Тұңғыш президенттен басталған бағдарламаның келесі тақырыбы да Назарбаевқа жалғасты. Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстауға сапарынан бұрын Қауіпсіздік кеңесі отырысын өткізіп, коронавирустың екінші толқынын талқылап, қабылдау кездесулерін өткізген. Бұған да бір сюжет арнады.
Назарбаев аптасын тәмам етіп, Қасым-Жомарт Тоқаев кездесулеріне өтті. Мемлекет басшысына премьер-министр Асқар Мамин елдің экономикалық жағдайы туралы есеп бергенін, президент жаңадан құрылған екі агенттік пен бір министрлік басшыларын қабылдағанын айтты.
Биылдың күйіп тұрған тақырыптарының бірі — қаржы пирамидалары. Мақпал Мадиярова қаржы пирамидалары туралы сюжетінде ісі сотқа өткен қаржылық құрылымдар жайында жан-жақты ақпарат берді. Жәбірленушілер оқиғасын айтып, заңгер сөйледі. Әйтсе де мұндай терең тақырыпта ауқымды журналистік зерттеу жүргізілсе, құба-құп еді. Ал сюжетте қылмыстық іс қозғалған нақты ұйымдарды ғана айтты.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттады. Бұған не себеп? Тілші Ақбота Тәңірберген осы сұрақ жауабын іздейді. Саудагерлерден сұрады. Айтуынша, тауар бағасы өндірушілер шығынына тәуелді екен.
Квазимемлекеттік секторларды қысқарту қалай болып жатыр? Тілші Сәкет Сейітханұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысы тиімді екенін сарапшылардың сөзімен дәлелдемек болды. Алайда квазимемлекеттік сектордың нақты атқарар жұмысы, қызметі, шығыны мен кірісі туралы да жан-жақты сараптамаға сұранып тұрған тақырыпты тілші қысқа қайырды.
Қазір талқыланып жатқан Экологиялық кодекс жобасына бөлек бір сюжет дайындаған тілшілер бұл тақырыпты Дүниежүзілік денсаулық күнімен байланыстырыпты. Талқылаудағы жаңа кодекс талаптарын баяндаған тілші: елімізде экологиялық мәдениет төмен екеніне назар аударады. Мұны дәлелдеу үшін көл жағасына барып, жалаңаш қолымен қоқыс теріп, көрсетті.
“7 күн” бағдарламасы биыл 20 қыркүйекке тура келген “Аналар күні” мерекесін айта келе, бала тәрбиесі мен Әл-Фарабидің 1150 жылдығына ойысты. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған салтанатты жиында мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтің сөйлеген сөзін берді. Бұл іс-шаранің өткен уақытын титрда көрсетпеді.
Осылайша “Аналар күні” мерекесінен басталған тақырыптан ҚазҰУ-дағы Әл-Фараби орталығында ойшылдың бұрын-соңды қазақ тіліне аударылмаған трактаттарын араб тілінен қазақшаға тәржімалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын білдік.
Бағдарламаның соңғы сюжеті Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Қызылорда облысының жәрмеңкесіне арналыпты. Бұл тақырып республикалық арнаның емес, облыстық телеарнаның сараптамалық бағдарламасы қозғайтын тақырыпқа көбірек келеді екен.
Basty bagdarlama, “Еуразия бірінші арнасы”
Бағдарлама алғашқы сюжетін «Кредит кешіріле ме?» деген сауалдан бастады. Тілші Әсем Ғизатқызы несиесін өтей алмай, тығырыққа тірелген үш ананың жағдайын баяндап, депутат Айқын Қоңыровтың ұсынысына қоғам пікірін қосыпты. Осылайша, сюжет авторы: “ең бастысы — көпшілік мұңы жоғары билікке жетті” деген тоқтам жасайды.
«Ұр тоқпақ» айдарының бұл аптадағы тақырыбы — Бурабайда салынған мектептің салтанатты ашылу рәсіміне барып, 100 шақты адаммен топтасып суретке түскен БҒМ министрі Асхат Аймағамбетовті нысанаға алыпты. “Әзіл сюжет” десек те, арақашықтық сақталмағаны, мектептің ашылу салтанатын ұйымдастырған компанияға айыппұл салынғаны және министрді жауапқа тарту жайында әлі сөз бола қоймағанын осы айдар жүргізушісі Айдана Үсенбай жақсы жеткізіпті.
Тілші Қайыркен Отыншы Қазақстанда киім өндірісі неліктен кенжелеп қалғанын зерттепті. Қазақстандықтарды қай елдер киіндіретінін графикамен көрсету — елең еткізер шешім болды. Отандық киім тігетін кәсіпорындар шикізатты шетелден таситынын айтқан тілші: «өзімізде жіп иіріп, мата тоқуға болмай ма» деген сауал тастайды. Бұл сауалға сарапшылар тарапынан тұщымды жауап болмады.
Соңғы кезде үй жануарларына зәбір көрсететін адамдар күрт көбейгенін талқылаған соңғы сюжет те тәп-тәуір жасалып, орынды мәселені қозғапты.
Apta бағдарламасы СҚО-да құс тұмауының таралып, құстар жаппай қырылып жатқанынан басталды. Құс тұмауының шығу тарихын баяндаған ұзақ алғысөзден кейін ауладағы қаз-үйрек қалай өліп жатқанын анық көрсетіп, ахуалды жеткізе білген сюжет берді. Құс өсіретін шаруалардың шарасыз кейпін жинақтаған ауқымды сюжет болды. Алайда тілші “мыңдаған құс қырылып жатыр” делінетін құс фабрикаларының өкілдерін сөйлетпепті.
Содан кейін жүргізуші Жайна Сламбек елдегі коронавирус пандемиясына қатысты жалпы статистиканы баяндады. Коронавирус төңірегіндегі жалған ақпараттар таралуын, мұның зиянын айта келе, ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамиттің Instagram парақшасындағы үндеуінен мысал келтірді. Спортшы үндеуінде дезинфекция жасаушыларға шабуылдауға шақырған еді. Ел жиі талқылаған шулы оқиғаға бағдарлама авторлары жеке сюжет дайындамады.
Құс тұмауы мен ковид тақырыбынан кейін позитив сюжетке кезек жетті. Мұнда Каспий жағалауында туризмді дамытудан бастап, Нұрсұлтан Назарбаевтың осында ірі қонақүй ашылуына қатысқанын, Маңғыстау өңіріне сапарын көрсетті. Табиғат сұлулығын көрсетер кадрлері мол сюжет болды.
Nike және Adidas компаниялары Өзбекстанда тігін фабрикасын ашады. Бұл жаңалық «Орталық Азияның «орталығы» кім?» деген сюжеттің негізіне айналыпты. Материал авторы Қазақстан мен Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп саласын салыстырады. Қазақстан бұл салада неліктен артта қалып бара жатқанына жауап іздейді.
Тұп-тура бір жыл бұрын Алматы облысының Шамалған стансасында теміржолға шығып кеткен автобусты пойыз соғып, жолаушылар жарақаттанып, автобус жүргізушісі қайтыс болды. Содан бері не өзгерді? Сюжет авторлары мәселені жан-жақты қамтуға тырысып, бірақ бірізділікті жоғалтып алды. Әуелі Шамалғанда салынған жаңа өткел-көпірді көрсетіп, сосын әлі күнге өткел-көпірі жоқ стансалар мәселесіне өтіп, қайтадан Шамалғандағы көпірге оралды. Бұл көпірде жеделсаты істемейтінін, қарт адамдардың көпірге шығып-түсуі қиын екенін айтты. Сюжет соңында “Теміржол өткелдеріндегі қауіпсіздікке кім жауапты?” деген сұраққа жауап іздеп, өткен жылғы апат видеосын көрсетті. Ақпараты көп, бірақ құрылымы шикі сюжет болды.
Миллениалдар мен зумерлер қуаты күшті алкогольді сусындарға аса қызықпайды, бірақ энергетик сусындарға құмар. Алкоголді ішімдікке тәуелділік, жастардың энергетик сусындарға әуестігі тақырыбындағы сюжет мәселені жан-жағынан ашыпты.
Спорт жаттықтырушыларына да педагогтермен бірдей шарт-жағдай керек. Сюжет Қазақстандағы бұқаралық спорт проблемаларын сараптайды.
Қыркүйектің үшінші жексенбісі — Аналар күні. Бағдарламаның соңғы сюжеті осы тақырыпқа арналды. Сюжет кейіпкерлері — отағасы арбаға таңылған отбасы. Әйелі оған барынша күтім жасайды. Әйтсе де Аналар күніне арналған сюжетте күйеуіне күтім-жасайтын әйел кейіпкерді таңдау тосын көрінді. Мұның орнына мүмкіндігі шектеулі баласын бағып-қағып отырған аналар туралы көрсетсе, не болмаса, Аналар күнінде әйелдерді аялау туралы сюжет қисынға келер еді.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.