үй Медиасын Қашықтан оқыту, президенттер және бала қауіпсіздігі. 7-13 қыркүйек апталық бағдарламаларға шолу

Қашықтан оқыту, президенттер және бала қауіпсіздігі. 7-13 қыркүйек апталық бағдарламаларға шолу

Қыркүйектің екінші аптасында ел талқылап, елең еткізер ресми жаңалықтар аз болды. Әйтсе де қазақстандық телеарналар күз басталғалы ел назарынан түспей келе жатқан бірнеше тақырыпты тағы да апталық қорытынды бағдарламасына шығарды. “7 күн” авторлары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу жайына қайта оралса, Apta редакциясы қашықтан оқыту – қиын оқытуға айналғанын тағы айтып өтті. Basty bagdarlama қашықтан оқытудың қызығы аз, шыжығы көп екенін көрсетіп, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу жайын да таразылады. Осылайша кешегі аптаның қорытынды бағдарламалары қыркүйек басындағы тақырыптарынан шабыттаныпты.

Бір айта кетерлігі, “7 күн” мен Basty bagdarlama авторлары бала құқығы мәселесін қозғады.

Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

Тұңғыш президент Назарбаев пен екінші президент Тоқаевтың апта ішіндегі шаруасын назардан тыс қалдырмайтын “7 күн” авторлары бұл жолы да әдетінен жаңылмады. Нұрсұлтан Назарбаевтың “Астана бас жоспары” ғылыми-зерттеу ғылыми-зерттеу жобалық институтына барғанын егжей-тегжейлі көрсетті. Астаналықтардың бітпеген құрылыс, мектеп жетіспеушілігі мен қыста қар тазаланбауынан зардап шегетінін айта келе, Елорданың бас ауруына айналған – LRT құрылысын елеусіз қалдырды.

Президент Тоқаев Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысына барды. Мемлекет басшысының солтүстік өңіріне сапарына екі сюжет арнаған авторлар егін алқабы, бітік шыққан астық жайынан ақпарат беріп, еліміздің оңтүстік облыстарынан солтүстікке қоныс аудару туралы құрғақ статистиканы тізіп шықты.

Назарбаев та, Тоқаев та Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрін қабылдады. “Жеті күндіктер” бұл кездесулерге бір сюжет арнады.

Жүргізуші Ринат Думанұы екі президент апта бойына не істегенін баяндап, сюжеттерін көрсетіп, содан кейін бұқара талқылауындағы жаңалықтарға, дәлірегі зейнетақы жинағының бір бөлігінен мерзімінен бұрын алу тақырыбына ауысты. Еске салсақ, “7 күн” бағдарламасының 5-қыркүйекте шыққан эфирінде де осы тақырып айтылған еді. Ал 12-қыркүйекте тілші Ақбөпе Тәңірберген БЖЗҚ сайтына кіріп, қордағы жинақты тексеру тәсілін көрсетті. Әйтсе де егжей-тегжейлі нұсқаулық жетіспеді. Зейнетақы жинағындағы қаражатын мерзімінен бұрын алғанда, 10 пайыз салық төлеу қаншалық дұрыс екенін заңгерден сұраған екен. Маман жақсы түсіндірді.

Қыркүйектің екінші жексенбісі – “Отбасы” күні. “7 күн” тілшілері “отбасы базары – бала”, ал бала қауіпсіздігі қаншалықты сақталады, деген сауалға жауап іздейді. Тілші Ерболат Қайыржан бала өміріне әсер етер проблемалар мен балаға қауіпті жайттарды жинақтаған екен. Сюжеттегі әр тақырып – бөлек сюжет, жеке сараптаманы қажет етеді-ақ.

“Біздегі әр бала ай сайын буллингке ұшыраса, әр бесінші бала – кибербуллинг  құрбаны». Келесі сюжетте осындай дерек айтылды. Алайда тілші Мақпал Мадириярова бұл мәліметтің дереккөзін атамады. Телеарнаның Ұлыбританиядағы тілшісімен бірлесіп, британиялық балалардың интернет буллинг туралы пікірін қосып, графикалық шешімдер қолданып жасалған бұл сюжет тартымды шыққан. Цифрлы сауат жайын да қозғаған сюжеттің әлеуметтік желідегі қауіпсіздік туралы пайдалы ақпараты мол болды.

Бағдарламаны ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған сюжет түйіндеді. Органикалық өнім шығарудан бастап ауылшаруашылық саласындағы ғылыми қызметкерлердің аз екеніне дейін айтқан сюжетті жасауға президент Тоқаевтың 1 қыркүйекте жариялаған жолдауы себеп болса керек. Сондықтан да жолдаудың орындалуын баяндайтын есепке көбірек ұқсады.

Basty bagdarlama, “Еуразия бірінші арнасы”

Өткен аптадағы эфирін тұтастай президент жолдауына арнаған Basty bagdarlama бұл жолы онлайн оқу түйткілдерін теруден бастады. Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы ауылдарды аралай жүріп, оқушылар қашықтан қалай оқып жатқанын көрсеткен талпыныс тартымды-ақ. Online-mektep порталына жасалған DDos-шабуылды, шатырға шыққан балаларды көрсетіп, СЭС мамандарының дәстүрлі оқу форматына көшуге неліктен қарсы екенін де талдады. Бағдарламаның алғашқы 12 минуты осы мәселеге арналды.

Зейнетақы жинағынан мерзімінен бұрын ақша алу мәселесін Basty bagdarlama тағы қаузады. Тілші Гүлмира Тасболатқызы 720 мың адамның зейнетақы жинағын пайдалануы үй бағасының шарықтауына, инфляцияға ықпал етпей ме, жинағынан тиын да ала алмайтындар не болмақ, деген сұрақтарды талқылайды. Тек 720 мың салымшы зейнетақы жинағының бір бөлігін алуына болатыны әуел баста мәлім еді. Сондықтан бұл тақырыпқа тағы бір сюжет арнаудың қажеті бар ма, деген сауал туады.

Балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлығына алып, құлдыққа салу жиілеп барады. Бағдарлама тілшілері осы проблемаға жеке сюжет дайындапты. Нақты кейіпкері бар сюжетте әлеуметтік жауапкершілік сақталып, бойжеткеннің бет-жүзін камерадан жасырған. Сюжетте айтылар әрбір оқиға бойынша дәлел, құзырлы мекеме мен қажет мамандар пікірі бар. Сол себепті сюжет те сенімді шыққан. Әйткенмен, сюжетте балаларды психологиялық диспансерлерге әдейі жатқызатынын айтқан тілші осы турасында диспансер мамандарын сөйлетпеді.

Бағдарлама Қазақстанда да COVID-19-ға қарсы вакцина жасалып жатқаны, вакцинаны сынап көруге 600-ден астам адам ерікті түрде ниет білдірген ақпаратпен аяқталды. Отандық ғылым саласындағы осынау маңызды жаңалыққа тереңірек тоқталып, жеке сюжет арнауға да болар еді.

Apta, QAZAQSTAN

Аpta эфирі өткен тәуліктегі коронавирус және коронавирусты пандемия статистикасынан басталды. Сосын жүргізуші Жайна Сламбек қашықтан оқытудың қиындығына, депутаттар дәстүрлі оқытуға оралуды ұсынғанына тоқталды. Соңғы тоғыз жылда білім саласын цифрландыруға 72 млрд теңге бөлінсе де, еш нәтиже жоқ екенін айтып өтті.

ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Сыртқы істер министрін қабылдады. Аспанасты елінен келген жоғары мәртебелі қонақпен президент Қасым-Жомарт Тоқаев та кездесті. “7 күн” авторлары осы кездесулерді экономикалық тақырыппен ұштастырып, таратып, тарқатып берсе, Apta авторлары кездесу болғанын, не айтылғанын хабарлаумен ғана шектелді.

Айтпақшы, 13 қыркүйекте – Алматы мен тағы бірнеше қалада несиеге рақымшылық жасауды талап еткен, “Қытай экспансиясына” қарсылық білдірген рұқсат етілген митинг өтті. QAZAQSTAN да, “Еуразия бірінші арнасы” бұл оқиға туралы ләм-мим демеді. Ал “7 күн” бағдарламасы митинг өтерден бір күн бұрын, яғни 12-қыркүйекте эфирге шықты.

Екі президенттің шетелдік қонақпен кездесуінен кейінгі тақырып Тоқаевтың Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына сапарына ойысты. Президент орыс тілінде сөйлеген сәттің қазақша аудармасы жазылған титрлер әрең-әрең көрінді.

Өмірді сақтандыру нарығындағы ахуал қалай? Күтпеген тақырыпты қаузаған сюжет қызық та мән-мағыналы жасалыпты.

Apta авторлары жастар жұмыссыздығы және университеттерде маман даярлау ісіне де сюжет арнады. Ақпараты мол, сарапшысы көп сюжет болыпты.

Ұлттық эпидемиология орталығы соңғы бірнеше жылда ешқандай жобаға қатыспаған, ал қызметкерлері ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Қаржы тапшылығынан осындай күйге душар болған ғылыми орталық мысалында Қазақстанда ғылымға инвестиция салынбайтынын көрсетті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
Пожалуйста, введите ваше имя здесь

Cоңғы жазбалар

Covid-19 салдары, Тоқаев жиындары және Бозжыра. 16-22 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
2020 жылғы 17 қараша. Коронавирустың жаңа түрін жұқтырған науқас алғаш тіркелгеніне 1 жыл толды. Apta және “Басты бағдарлама” авторлары кешегі аптаның қорытынды эфирін “Covid-19...

ШЫҰ, Ассамблея отырысы және Таулы Қарабақ. 9-15 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы кешегі апталық қорытынды бағдарламалардың ортақ тақырыбына айналды. “7 күн” редакциясы ҚХА-ның 25 жылдық тарихын баяндаса, Apta авторлары отырыс қалай...

АҚШ-тағы сайлау, коронавирус және есек сүті. 2-8 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары коронавирустан және АҚШ-тағы президент сайлауынан басталды. Сенбіде эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасы елде коронавирус індетін қайта жұқтыру жағдайы тіркелгенін айтса,...

“Тәлім TREND”: батыр-полицейлер, қазақы феминизм және дәстүрлі тәрбие

Еліміздің бас телеарнасы – QAZAQSTAN ұлттық телеарнасында "Тәлім TREND" бағдарламасы көрерменге жол тартты. Жаңа жоба экранға шықпас бұрын, жұртшылық арасында қарама-қайшылыққа толы пікірлер айтылды....

Тоқаев кездесулері, Қонаев ескерткіші және абақтыдағы азаптау. 26 қазан – 1 қараша апталық бағдарламаларға...

0
Апталық қорытынды бағдарламалар эфирі коронавирус тақырыбынан басталуы қайта дәстүрге айналды. “7 күн” тілшілері Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина әзірленіп жатқанын, “Басты бағдарлама” мен Apta редакциялары...