үй Медиасын Президент жолдауы, зейнетақы жинағы және ЭКО. 31 тамыз - 6 қыркүйек апталық...

Президент жолдауы, зейнетақы жинағы және ЭКО. 31 тамыз – 6 қыркүйек апталық бағдарламаларға шолу

Жолдаудан басталып, жолдауға жалғасты. Қазақстандық телеарналардың кешегі аптаны түйіндейтін бағдарламаларын бір сөйлеммен осылай атауға болатындай. “7 күн” бағдарламасы президент Тоқаевтың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауын түсіндірсе, Basty bagdarlama да аптаның басты тақырыбы – жолдау екенін көрсетті. Apta эфиріндегі өзгешелік – бағдарлама коронавирустан басталып, жолдауға жалғасып, бұдан бөлек тағы бірнеше тақырып айтылды.
Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламаларын қамтыдық.

“7 күн”, “Хабар”

«7 күн» эфирі президент Тоқаевтың жолдауынан басталып, алғашқы сюжеті 10 минутқа созылды. Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Жолдаудан үзінді беріп, мемлекеттік қызмет құрылымына өзгеріс, қысқарту, жер, дәрі-дәрмек, медицина және тағы басқа салаларға қатысты мәлімдемелерді тізіп шықты. Президент ұсынысының тиімділігі немесе орындалу мүмкіндігіне қатысты сарапшылар бағасын, көрермен пікірін ести алмадық.

Жолдаудан кейін іле-шала мемлекет басшысының апта ішіндегі кездесулері мен қатысқан отырыстарына кезек берді. Бұл тақырыптағы сюжет оқиғаны таразылаудан гөрі мазмұндаудан аспады. Президент кіммен кездесіп, не дегенін, қандай тапсырма бергенін айтып қана шықты.

«Өрлеу траекториясы сызылған» жолдау. Президенттің жұмыс аптасынан кейін жолдау тақырыбы қайта басталды. Ауыл әкімдерін сайлау туралы айта келе, Алматы іргесіндегі Бесағаш ауылының мысалында, барлық ауылға тән проблеманы жеткізуі елең еткізді.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың Алматыдағы зиялы қауым өкілдерімен кездесуіне жеке сюжет арналды. Сюжетте тараптардың ұсыныс-тілектерін баяндап, бұл жиын қоғамға қандай пайдасы барын түсіндірмеді.

Президент жолдауында зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу туралы тапсырма берген. Тілші Ақбөпе Тәңірберген: «Зейнетақы қорындағы ақшаның азаматтардың пайдасына жаратудың тиімді тұстары көп. Оның бастысы медицина мен баспанаға қатысты мәселелер азайып, халықтың өмір сапасы жақсарады» деп ұйғарым жасайды. Осылайша ел аузындағы тақырыпта тілшінің сарапшыға айналуына куә болдық. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы президент тапсырмасының іске асырылу шарттарындағы жеткілікті шек мөлшерін қайта қарау керегін айтты. Президент бастамасына қатысты айтылған тың пікір де осы.

Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаевтың пікірі “зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу – баспанаға мұқтаж адамдардың баспаналы болу мүмкіндігін арттырады” дегенге саяды. Сюжетте БЖЗҚ шотынан 720 мың қазақстандық ақшасын алуына болатыны, 20 жастағы азамат зейнетақы жинағының бір бөлігін алуы үшін шотында кемі 1 млн 700 мың теңге болуы керек екені де айтылды. Елімізде зейнетақы шотына мұндай сома жинаған 7 адам ғана бар екен. Осы тұста тілші сюжетінде зейнетақы жинағының бір бөлігі кімнің қажетін өтей аларын, кімдердің мүмкіндігін арттырарын бағамдауды жөн санамаған сыңайлы.

“7 күн” авторлары президент жолдауында айтылған “Аңсаған сәби” жобасын назардан тыс қалдырмапты. Репродуктолог-маман Салтанат Байқошқарова орыс тілінде сұхбат берген. Ол ЭКО-ға берілер квотаның жай-жапсарын айтып өтті. Квота аз екені, оны әйелдер 4-5 жыл күтіп, уақыт жоғалтып алатыны да сөз болды. Алайда сәби сүюді аңсаған отбасылар саны мен ұсынылатын 7 мың квота жетер-жетпесіне жауап болмады.

Бағдарламаның соңғы сюжеті кәсіпкерлерді қолдау шараларына арналыпты. Мұнда да Президент шағын және орта бизнесті қолдауға байланысты қандай тапсырма бергенін баяндады.

Basty bagdarlama, “Еуразия бірінші арнасы”

Президент жолдауы Basty bagdarlama эфирінің басты әрі жалғыз тақырыбына айналып, жолдауда айтылған мәселелерге арналды.

Бағдарлама авторлары: «Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алу – бұқараның бұйымтайы еді, Президент оған құлақ асты» дей келе, “БЖЗҚ-дан ақша алу шарттарына екінің бірі сәйкес келе ала ма” деп сауал тастайды. Сол сауалға жауап іздейді. Сарапшылар пікіріне сүйене отырып, мәселеге әділ баға беруге талпынады. Бұл талпыныс сәтті шыққан.

Ресми статистикаға сенсек, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы перзент сүйе алмайды. Шын көрсеткіш бұдан біршама жоғары болуы мүмкін екен. Basty bagdarlama тілшілері жолдауда айтылған ЭКО квотасы – «Аңсаған сәби» жобасына да тоқталады. Сюжетте квота мәселені тиянақты шеше ала ма, квота бойынша жасалған ЭКО сәтсіз болса, екінші рет пайдалануға мүмкіндік беріле ме, деген сұрақтар жауапсыз қалды.

Жолдауда мұғалімдер мен дәрігерлер еңбекақысын көтеру туралы да айтылған. Basty bagdarlama авторлары бұл тақырыпқа тереңдемей, қысқа қайырды. Әлеуметтік маңызы жоғары сала қызметкерлерінің еңбекақысын көтерудің астарында – қызмет сапасын жақсарту, білікті маман даярлау мәселесі бар еді. Тілшілер бұған терең тоқталуды құп көрмепті.

«Онлайн петиция – еліміздегі проблемалардың шынайы масштабы мен тереңдігін бағалауға мүмкіндік бермек». Бұл – Президент жолдауында айтылған тағы бір бастама. Тілші бұған дейін бұқараның Міндетті вакцинацияға қарсылық петициясын мысалға алып, фактчекер пікірімен негіздеп, петиция халықтың эмоциясына бейімделетін манипуляция құралына айналмай ма, деген сұрақты талдайды.

«Енді әнші, биші, споршыларды парламенттен көре қоймайтын шығармыз, сірә». Basty bagdarlama жүргізушісі праймериз тақырыбының әлқиссасын осылай бастады. «Нұротандықтар нұрлана берудің қызығы таусылды деп түсінсе керек …» дейтін сюжет праймеризді түсіндіруге арналыпты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасының жаңа телемаусымдағы алғашқы эфирі 2020 жылдың 13 наурызы мен 6 қыркүйегі аралығындағы елімізде қанша адам ковид жұқтырғанын, көз жұмғанын санамалаудан басталды. 1 тамыздан 5 қыркүйекке дейін неше адам коронавирусты пневмониямен ауырғанын да айтты. Жүргізуші Жайна Сламбек статистиканы хабарлап шықты. Инфографикасыз, сандардан құралған сөйлемдерт легі болды.

Жүргізуші ресми коронавирус статистикасынан айтып болып, «Әрине, ресми тіркелмеген, осы вирусты жұқтырғаны ресми хатталмаған адамдар бар екені рас. Ал ауылда не болғанын сол ауылдағылар ғана біледі» дейді. Мұндай сөйлемнен кейін ауруханаға бармай, үйінде жатып, емделген адамдар туралы сюжет көрсетсе, қисынды болар еді.

Сюжет орнына 1 қыркүйекке ауысты. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылынан бөлек, жаңа саяси маусым да басталады. Бұл президент жолдауы алғысөз екен.

Жүргізуші президент жолдауына 4 минут арнады. Жолдаудың басты тезистерін айтып, сәйкесінше сюжетке кезек берді. Әдепкі сюжет президент мәлімдемесінен, министр, экономист, сарапшылар синхронынан құралыпты.

Келесі сюжет те жолдаудан алыстамай, экстракорпоральді ұрықтандыру, құқық қорғау органдарын реформалауға арналды.

Үшінші тақырып та жолдауға жалғасып, денсаулық сақтау мен білім саласына қатысты айтылғанды талқылады. Дәлірегі, жүргізуші астаналық дәрігер мен мұғалімнен сұхбат алды.

Жаңа оқу жылының бірінші аптасы да өтті. Қашықтан оқыту қалай жүріп жатыр? Сюжетте интернет байланыс іздеп, тау-қыр асқан оқушылар мен ата-аналарды сөйлетіп, кезекші сыныптарды да, WhatsApp мессенджерінде сабақ оқудың қиындығын да айтып өтті. Мектеп оқитын баласы бар үйлердің барлығына дерлік ортақ проблемаларды көрсете білді.

Қазақстандықтардың экологиялық санасы қай шамада екенін биылғы жазда Көбейтұз оқиғасы дәлелдеді. Жүргізуші Жайна Сламбек Көбейтұзда қоқыс тастап, балшығын алып, көлігімен басып кіргендер туралы айтқаны – экологиялық тақырыптағы сюжет алғысөзіне ұқсады.

Алайда экология тақырыбы ауыл шаруашылығына ауысып, Қызылордадағы қауын өсіретін дихандар проблемасын көрсетер сюжетке ұласты.
Қауынқұрттан зәрезап болған дихандар үкіметтен көмек сұрайды. Бірақ не жергілікті атқарушы органнан да, не министрліктен де комментарий болмады.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қазақ тіліндегі қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
Пожалуйста, введите ваше имя здесь

Cоңғы жазбалар

Covid-19 салдары, Тоқаев жиындары және Бозжыра. 16-22 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
2020 жылғы 17 қараша. Коронавирустың жаңа түрін жұқтырған науқас алғаш тіркелгеніне 1 жыл толды. Apta және “Басты бағдарлама” авторлары кешегі аптаның қорытынды эфирін “Covid-19...

ШЫҰ, Ассамблея отырысы және Таулы Қарабақ. 9-15 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы кешегі апталық қорытынды бағдарламалардың ортақ тақырыбына айналды. “7 күн” редакциясы ҚХА-ның 25 жылдық тарихын баяндаса, Apta авторлары отырыс қалай...

АҚШ-тағы сайлау, коронавирус және есек сүті. 2-8 қараша апталық бағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаның ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары коронавирустан және АҚШ-тағы президент сайлауынан басталды. Сенбіде эфирге шыққан “7 күн” бағдарламасы елде коронавирус індетін қайта жұқтыру жағдайы тіркелгенін айтса,...

“Тәлім TREND”: батыр-полицейлер, қазақы феминизм және дәстүрлі тәрбие

Еліміздің бас телеарнасы – QAZAQSTAN ұлттық телеарнасында "Тәлім TREND" бағдарламасы көрерменге жол тартты. Жаңа жоба экранға шықпас бұрын, жұртшылық арасында қарама-қайшылыққа толы пікірлер айтылды....

Тоқаев кездесулері, Қонаев ескерткіші және абақтыдағы азаптау. 26 қазан – 1 қараша апталық бағдарламаларға...

0
Апталық қорытынды бағдарламалар эфирі коронавирус тақырыбынан басталуы қайта дәстүрге айналды. “7 күн” тілшілері Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина әзірленіп жатқанын, “Басты бағдарлама” мен Apta редакциялары...