Кешегі аптада “7 күн” және Apta бағдарламаларының басты тақырыбы — ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысуы болды. “Басты бағдарлама” авторлары 2021 жылдан бастап ЕАЭО аумағында мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасатынын, мұның бензин бағасына қалай әсер етерін талдады. Үш бағдарлама да алдағы 10 қаңтарда өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау тақырыбын қамтыды.
“Жеті күндіктер” коронавирус пандемиясының кәсіпкерлерге теріс салдары мен үкіметтің отандық бизнеске қолдауына сюжеттер әзірлепті. Apta редакциясы TikTok әлеуметтік желісінің балалар мен жасөспірімдерге әсерін зерттейді. Ал “Басты бағдарлама” тілшілері “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасының игілігін бағамдайды.
Дәстүрлі мониторингімізде “Хабар”, “Еуразия бірінші арнасы” және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.
Жүргізуші Ринат Думанұлы бағдарламаны Абай Құнанбаевтың “Достық туралы” даналық сөзін тәпсірлеуден бастап, «…бұл пандемия кезінде ушыға түскен сенім дағдарысын емдеп алуда ең басты қағида» деп тоқтады. Ол бұл пікірін 2 желтоқсанда өткен ҰҚШҰ сессиясына байланысты айтты.
Барлығы алты мемлекеттің басшылары онлайнда бас қосқан сессияға Тоқаев та қатысты. “Ортақ мүдде” деп аталатын сюжетте Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан мәселелерге тоқталып, сөйлеген сөзінен үзінділер берді. Елішілік емес, еларалық жиын болған соң, сессияның жалпы тақырыптары мен көтерген мәселелерін қамту үшін басқа мемлекет басшыларының да ұсыныстарын баяндағанда толымды болар еді.
1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш президенті күніне арналған сюжеттің алғысөзінде жүргізуші Ринат Думанұлы желтоқсан айының қазақ халқы тарихындағы мән-маңызын санамалап шықты. Ал сюжетте 1 желтоқсанда «Хабар» телеарнасынан алғаш көрсетілген «Штрихи к портрету» документальді фильміндегі Нұрсұлтан Назарбаев сұхбатынан үзінділер, тарихи кадрлер, әлемге белгілі тұлғалардың пікірлері бар. Сюжет соңы Тұңғыш президент күніне шетелдік белгілі адамдардың құттықтау жеделхаттарына жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект және деректерге талдау жасаудың өзекті мәселелеріне арналған «Artificial Intelligence Journey» атты онлайн конференцияға қатысуы үшінші сюжетке арқау болды.
Сюжеттен кейін жүргізуші әлемнің коронавирус алдында қауқарсыз екенін айтып, Абайдың достық туралы сөзінен тағы үзінді келтірді. Сол сәтте студиядағы үлкен экранда дәрігерлер, емделушілер мен жедел жәрдем қызметінің жұмысынан видео көрсетті.
Мемлекет басшысының апта ішіндегі қабылдауларына Ақорда таратқан ресми мәлімет негізінде шолу жасап, коронавирус тақырыбына қайта оралды. Тілші Рауан Мыңбаев сюжетінде шетелдегі және елдегі коронавирус ахуалды жалпылама шолып, елімізде өндірілетін вакцина туралы да айтты.
Пандемияның кәсіпкерлер жұмысына зардабы мен оларды тексеретін мониторинг топтың жұмысына қатысты пікірлерді жинақтаған сюжетте мағлұмат мол. Сыни мәселелерді қозғаған мазмұнды сюжет болды.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы алдағы Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауға бақылаушыларды қатыстыру жөніндегі талаптарға өзгеріс енгізді. “7 күн” тілшілері осы талаптарды баяндайтын сюжет дайындапты.
Отандық бизнесті қолдауға мемлекеттік бюджеттен 800 млрд теңге бөлінген. Бағдарламаның соңғы сюжетінде пандемия кезеңінде үкіметтің бизнесті қолдау шараларына шолу жасады.
“Басты бағдарлама”, “Еуразия бірінші арнасы”
2021 жылдан бастап ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттер мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығына өтеді. Бұл өзгеріс елдегі бензин бағасына қалай әсер етпек? “Басты бағдарлама” эфирі осы сауалдан басталды. Сюжетте қандай қиындықтар туындайтынын санамалап, мұнай өнімдерін қымбаттатпау жолдарын іздейді.
“Ұр тоқпақ” айдарының тақырыбы — жыныс ауыстыруға рұқсат беру мәселесі. Бұл тақырып әлеуметтік желілерде жиі талқыланған болатын.
“Қағазсыз Қазақстан” деп аталатын сюжет елдегі цифрландыру саласына жалпылама шолу жасапты. Сюжеттегі бір дерек — 2018-2022 жылдарға арналған “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасына 310 млрд теңге қаржы бөлінген. Тілші “Осы қаржыдан қандай игілік көрдік?” деген сауалдың жауабын сарапшылардан сұрайды. Әйтсе де сюжетте 310 млрд теңге қалай игеріліп, қандай жобалар жасалғаны айтылмады.
Алты баласымен үйден қуылған әйел оқиғасын баяндаған сюжетте әлеуметтік жауапкершілік, этика жайы ұмыт қалған. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел мен жылаған балаларының да бет жүзін ашық әрі анық көрсетті. Тілші балалардан сұхбат алады. Әкесі ұрғанын айтып, жылаған баладан “Сендерге қол көтеретін бе еді, неге қол көтерді?» деп сұрайды.
“Басты бағдарламаның” кешегі эфирін алдағы сайлау тақырыбы түйіндеді. Сарапшылар сайлауға қатысатын бес партиясының қайсысы парламенттік оппозиция болатынына болжам жасайды.
Бағдарлама Covid-19 статистикасынан басталып, рейдтер мен вакцина жаңалықтарына ұласты.
Бірінші сюжет президент Тоқаевтың ҰҚШҰ отырысына қатысуына арналып, Тоқаев синхрондарынан құралды.
Сюжеттен кейін эфир желісі алдағы сайлау тақырыбына жалғасты. Қазақстандық саясаттанушылардың әлеуметтік желілерде жариялаған посттары мен түрлі сұхбаттарда айтқан пікірлерінен үзінділер берді. Цитаталардың дені ҚР ОСК-ның тәуелсіз бақылаушыларды сайлау процесіне қатыстыру талаптарына енгізген өзгерістеріне арналыпты. Осы өзгеріске қарсы тараптардың пікірі жетіспеді.
Өңірлердегі апатты үйлер мәселесін көтерген сюжетте елең еткізер бір оқиға бар. Атырау қаласындағы апатты үй құжат бойынша 2014 жылы сүрілген екен. Шын мәнінде үй сүрілмеген, үйде адамдар тұрып жатыр. Үйлерінің 2014 жылы сүріліп кеткенін әкімдіктен естіген тұрғындар да мәселенің мән-жайын біле алмай жүр. Тілшілер әкімдіктен сұрамады ма әлде әкімдік жауап бермеді ме, бұл жағы да түсініксіз. Есесіне қанша апатты үй бар екенін, қанша тұрғын басқа үйге көшірілгенін айтты. Әбден ескірген апатты үйде тұратын отбасындағы балалардың да бет-жүзін ашық көрсетті.
“Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ Бас директоры Питер Гриффитс Apta бағдарламасына сұхбат беріпті. Ол Түркістан әуежайын пайдалануға беру, BekAir ұшағының апат себептері, елдің әуе тасымалы нарығының жалпы жағдайы туралы сұрақтарға жауап берді.
ҚР-ның мемлекеттік шекарасын қорғау туралы сюжет Қордай шекара бекетінің жұмысын көрсетуден басталды. Нұрсұлтан Назарбаев КСРО тарағаннан кейін Қазақстан шекарасын қалай бекітіп алғаны туралы тарихи кадрлерді де көрсетті.
Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар саны өсіп жатыр. Назарбаев университетінің мамандары аутизмді ерте анықтау туралы зерттеу жүргізіпті. Сюжет үш баласы да аутизмге шалдыққан ананың оқиғасынан басталады. Балалардың бет-жүзі мұқият бұлыңғырланып, жабылған. Сюжетте ата-аналар, дәрігер-психиатрлар мен ғалымдар аутизмді анықтаудың қиындығы, өңірлердегі ахуалдың нашарлығы мен дәрігерлердің біліктілігін көтеру туралы да айтты. Жап-жақсы түсіндірмелі сюжет.
TikTok-тың балалар мен жасөспірімдерге әсері, пайдасы мен зияны туралы сюжет бағдарламаны қорытындылады. Аталған әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынған елдер мен осы платформадағы танымал трендтерді әңгімеледі. Қазақстандағы танымал тиктокерлер TikTok видео түсірудің қызықтарын айтты. Тілші сондай кейіпкермен видеролик те түсірді. Тартымды әрі көңіл көтерер сюжет болды.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.